Қандастар Ассамблея

Шаштың қатты түсуіне қандай факторлар әсер етеді?

Шаштың уыстап түсуі – қазір қыз-келіншектердің арасында үлкен мәселеге айналды. Әсіресе ковид вирусымен ауырғаннан кейін көпшілік арасында шаштың шамадан тыс түсуі көбейген. Шаш – адам өміріндегі маңызды органдар қатарына жатпаса да, ол да тірі организм. Шашқа да дәрумендер мен минералдар керек, күтім қажет. Шаш түсуінің себеп-салдары неде? Оған қандай факторлар әсер етуі мүмкін? Шаштың түсуімен қалай күрескен абзал? Осы сауалдарға мамандармен бірге жауап іздеп көрдік.

Жоғары санатты эндокринолог, D-доктор, сондай-ақ балалар эндокринологы Гүлжан Аманбай Нұр-Сұлтан қаласындағы өте білікті мамандардың бірі. Біз Гүлжан ханымнан «Шаштың түсуіне қандай факторлар әсер етуі мүмкін?» деген сауалды қойған едік.


– Шаштың түсуіне көптеген факторлар әсер етеді. Қазіргі уақыттағы басты проблема – стресс. Күйзелістің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Эмоционалды стресс болады, физикалық стресс, аксидативті стресс, тотығу стрессі деген бар. Егер эмоционалды стресске келетін болсақ, ол көбінесе әйел адамдарда басымырақ. Себебі әйелдер ер адамдарға қарағанда күйзеліске тез беріледі. Стресс кезінде картизол деген гармон бөлінеді. Картизол бөлінген кезде барлық тамырлар жиырылады. Адам күйзеліске түсіп, денесі жиырылған сәтте жүгіру керек, сол кезде картизол ыдырап кетеді де, ағзаға еш зиян келтірмейді. Жиырылудың салдарынан шаштың түбіне баратын қан тамырлар қысылады, сол кезде қан айналымның жұмысы бұзылады. Қан бармағаннан кейін шаш еріксіз түседі. Бұл тек бір фактор,- дейді Гүлжан Мұратқызы.

Дәрігер ханымның айтуынша, қазақстандықтарда 100 пайыз анемия бар. Эндокринологқа емделуге келетін пациенттердің басым көпшілігі қан аздықтан зардап шегушілер көрінеді.

«Анемия деген деген ол оттегі жетіспеушілік деген сөз. Яғни 100 пайыз әйел адамдарда анемия бар, себебі ай сайынғы етеккір күндері бар, күйзеліс бар. Қан аздық кезде шаш өсіретін фоликулды клеткаға ауа жетпей қалады. Ауа жетпегеннен кейін шаш түседі. Ағзаға ауа бару үшін, гемоглобин сапалы болуы тиіс. Біздің ағзамызда маңызды органдар бар, олар жүрек, бүйрек, өкпе. Оттегінің бәрі сол жаққа кетеді де, шаш, кірпік, тырнаққа жетпей қалады. Бірақ оған көпшілік адам мән бермейді. Себебі, адам баласы тақырбас болса да, өмір сүре береді. Шаш түссе ағазада оттегі жетіспеушілігі бар деген сөз»,- дейді білікті маман.


Гүлжан ханымның пайымынша, шаштың шамадан тыс түсуінің тағы бір себебі – эндокринді қалқанша безінің жұмысының төмендеуі. Гипотериоз яғни иод жетіспеушілік кезінде шаш көп түседі. Одан кейін қалқанша безінің әсерінен зат алмасу баяулағандықтан, тағы да клеткаларға ауа бармайды, тамақ бармайды сол кезде шаш түседі.

Тағы бір себеп – В тобындағы дәрумендердің жетіспеушілігі. Олар үлкен топ – В1, В2, В3, В4, В5, В6, В12 деген сияқты. Аталған дәрумендер азайған кезде тағы да шаш түседі. Себебі В тобындағы дәрумендер жетіспеген кезде тағы да қан аздық мәселесі туындайды. Айналып келгенде көп себеп – қан азыдыққа әкеледі.

Білікті дәрігер келесі бір себеп деп – ұйқының дұрыс болмауын алға тартады. Егер әйел адам түнгі сағат 12-ден кейін ұйықтайтын болса, ол әйелдің шашы міндетті түрде түседі. Ерте жатуды әдетке айналдыру керек.

– Біз ұйықтамаған кезде картизол гармоны бөлінеді. Ол көп бөлінгенде қан айналымды нашарлатады. Картизол біздің ішегіміздегі пайдалы бактерияларды өлтіреді. Әрбір адамның ағзасында 2-3 кг бактерия бар. Олар жақсы және жаман түрге бөлінеді. Осы бактерияларды картизол жойып жібереді. Сондықтан тек қана шаш емес, қалқанша безінің жұмысы бұзылады, артық салмақ қосылады, адам екі есе тез қартаяды,- дейді білікті дәрігер.


Гүлжан ханым Дженнифер Лопес, Анжелина Джоли сынды әлемге әйгілі жұлдыздарды мысалға ала отырып, олардың сұлулықтарының құпиясын оқысаңыз, бәрі сапалы ұйқы туралы айтатынын тілге тиек етті. Дәрігер ұйқының сапалы болуы маңызды екенін айтады. Уақыт пен режимнің сақталуы әдетке айналуы тиіс. Ұйқы сапалы болмаса шаша түседі. Стресстің қай түрі болса да картизолдың көп бөлінуіне әкеледі. Ол шаштың түсуіне себепші болады.

Дәрігердің айтуынша, тағы бір маңызды себеп – ағзаға коллагеннің жетіспеушілігі. Коллаген деген ақуыз. Ол әсіресе шашқа, теріге, тырнаққа аса қажет. Жас ұлғайған сайын адамда коллаген азаяды. Азайғаннан кейін әжім түседі, шаш түседі, шаш азая береді. Қартайған сайын ағзада қышқылдану процессі көбейеді. Уақытында ұйықтап, стресс болмаса да қартайған сайын ағза бос радикалдарды көп шығарады. Сондықтан адамның жасы өскен сайын ерте ұйықтап, аз атамақ ішіп, көп қозғалу керек.

– Шаш климаксқа да байланысты түседі. Прогестерон гармоны циклдың екінші фазасында бөлінеді. Негізі ол жүктіліктің гармоны. Жүктілік кезінде көп бөлінетіндіктен, жүкті әйелдер бақытты болып жүреді. Сол прогестерон гармоны жетіспеген кезде шаш түседі. Шаштың түсуіне өте көп факторлар әсер етеді. Бір ғана фактор себеп болады деп айта алмаймыз,- дейді маман.


Гүлжан Мұратқызы тәтті көп жеген жерде міндетті түрде шаш түсуі бар екенін айтады. Өйткені, тәтті көп жерде В тобындағы дәрумендер жойылып кетеді. Оның жетіспеушілігі тағы шаштың түсуіне алып келеді. Қысқаша айтқанда уақытында ұйықтау, тәттіні шектеу, көбірек жасыл шөп тұтыну, смузи ішу керек. Негізі біздің ата-бабаларымыз өте ақылды болған. Қазақта «Ет етке, сорпа бетке» деген сөз бар. Сол сөз тегін айтылмаған. Сорпа – сүйектің нәрі бөлінген таза коллаген, таза кальций. Дәрігер ханым қыз-келіншектерге бір ай бойы үзбей күнде-күнде сорпа ішіп, тәтті жемей, уақытында ұйықтауды әдетке айналдыруға шақырады. Шаш қалыңдағанын байқауға болатынын айтады.

Білікті маманның айтуынша, тағы бір себеп – ағза қартайған сайын фиброз деген нәрсе күшейеді, яғни қатаю процессі. Мысалы, төбедегі шаштың құйқасы жабысып қалады. Күнделікті құйқаға массаж жасау керек. Шашты еппен тарту керек. Күнде-күнде ерінбей шашты тартып, құйқаға серпім беру керек. Егер құйқа фиброз болып жабысып қалатын болса, шашқа қан айналым дұрыс бармайды, механикалық кедергі пайда болады. Осының салдарынан қан дұрыс айналмай тағы шаш түседі.

Гүлжан ханым тәтті, газды сусындар, энергетик сусындардан аулақ болуға үндейді.

– Анда-санда ішсеңіз де, энергетикалық сусындар өте қышқыл болғандықтан ішектегі бактерияларды жояды, ағзаны қышқылдандырады. Қышқылданған жерде қабыну процессі болады, қабынған жерде фиброз пайда болады. Уақытынан бұрын қартайып, тері солады. Біздің күнделдікті жейтін етіміз қышқылдандырады. Жасыл шөптің ішінде фолий қышқылы көп, В9 дәрумені бар. Маған емделуге келген науқастардың 100 пайызында (бала болсын, ересек адам болсын) В9 дәрумені жетіспейтіні анықталады. Д дәрумені жоқ, ферритин жоқ болып шығады,- дейді дәрігер Гүлжан Аманбай.


Білікті маманның айтуынша, әртүрлі тері аурулары бар. Мәселен, дерматит. Ол аллергиялық, атапиялық дерматит болып бөлінеді. Оның бәрі қабынудан кейін көрініс беретін сырқат. Псориаз аутоиммунды тері ауруына жатады. Ол басқа шықса шаштың түсуіне әсер етеді.

– Шаш негізі тірі орган. Тағы бір себеп деп – шашқа тыным бермейтінімізді айтар едім. Бояймыз, бұйралаймыз, феннің ыстығы, тұтынып жүрген сусабының сапасы дер едім. Шашқа жағатын кондиционерлердің құрамында зиянды заттар өте көп болатынына мән бермейміз. Улы заттар, аромотизаторлар болуы мүмкін. Жуған кезде бастың терісіне тиген зиянды компонент 25 секундтың ішінде қанға түседі. Қаннан бауырға барады. Осылайша біздің ағзамыз уланады. Уланған жерде тағы да стресс болады. Стресс болған жерде картизол бөлінеді. Жоғарыда айтқанымыздай картизол өз міндетін мінсіз атқарады. Сондықтан шашыңызды жуып жүрген сусабынның құрамын мұқият оқып, мейілінше табиғи, органикалық таза құрамдысын алуға тырысыңыз. Қазір дүкен сөрелерінде сульфатсыз сусабындар табуға болады,- дейді білікті дәрігер.

Гүлжан ханым бас қалада судың сапасы көңіл көншітпейтінін тілге тиек етті. Судың құрамында құрамында хлор көп. Тағы бір фактор деп – экологияны алға тартады.

«Ауа дұрыс емес, су дұрыс емес. Ішкен су, жұтқан ауа ағазаға барады. Сол үшін үнемі детокс керек. Ағзаны үздіксіз зиянды қалдықтардан тазалап отыру керек. Сізде тіпті ешқандай ауру жоқ болса да, сіз тауда, таза бұлақтың суымен басыңызды жуып жүрген жоқсыз. Бұл жерде мультифакториялды себеп деп алуға болады. Стресске жол бермеу керек, жоқ дегенде стресстік деңгейді төмендетуге тырысу керек. Медитация, дұға оқу, өзіңнің сүйікті ісіңмен шұғылдану секілді дүниелерге мән берген абзал»,- дейді маман.

Шаштың түсуін анықтауға көмектесетін маңызды анализдер:

Қан анализі, фолий қышқылы, В12 дәрумені, ферритин, жалпы ақуыз сараптамасы. Дәрігер маманның айтуынша, ақуыз қалыпты жағдайда болуы керек. Әйелерде ақуыз деңгейі 70-75-тен жоғары болуы керек. Егер сізде белок жетіспейтін болса, керацин, коллаген, гемоглобин жетпейді деген сөз. Мысалы барлық витаминдер жақсы болып тұрып, белоктың мөлшері төмен болса дәрумендер байланыспайды, өзінің жұмысын дұрыс атқара алмайды деген сөз.

Гүлжан ханым міндетті түрде қалқанша безінің гармоны ТТГ, Т4 сияқты анализдер тапсыру керектігін айтады. Егер ТТГ 4-5 мөлшер көрсетсе, қалқанша безі дұрыс жұмыс істемейді деген сөз. Зат алмасу дұрыс емес, артық салмақ, циклдың бұзылуы сынды мәселелерге алып келеді. Шаршағыштық, әлсіздік, шаштың түсуі, іш қатуы сынды ұзынсонар мәселе шығады.


– Асқазан-ішек жолы жұмысының бұзылуына байланысты шаш түседі. Оның түпкі тамыры – ішек. Кез-келген ауру содан басталды. Міндетті түрде әсерін бермей қоймайды. Асқазанға түскен тамақ қорытылса да, сіңірілу процессі ішекте жүреді. Егер өтіңіз дұрыс жұмыс істемей тамақты қорытуға көмектесетін жақсы бактерияларыңыз жойылып кеткен болса, ол да әсер етеді. Мәселен тамақты көп ішсе де салмақ жинамайтын адамдар болады. Көбінесе жасуынық, шөп-шалам, қызылша, сәбіз, ашытылған қырыққабат, жаңғақ жеу керек. Ұн тағамдарын азайту керек, мүлде шектеген дұрыс. Менталитетті өзгерту керек,- дейді дәрігер эндокринолог.

Маманның айтуынша, егер шаш түссе, шаш ағарса, ағзада энергия азайды деген сөз. Шаш бізде минераладардың жинақ қоры.

«Шашыңызға ақ ерте түссе, қордан керек дәруменді ерте алып жатырсыз деген сөз. Асылында ол қор ертең қарттығыңызға керек минерал болатын. Бірақ сіз ерте ала бастадыңыз. Шашты бояп, елді алдауға болады, ағзаны алдай алмайсыз»,- дейді маман .


Ковидтен кейін шаш түседі. Гүлжан Мұратқызының айтуынша, ковид өте ауыр вирус. Ағзада дәрумендер мен минералдардың қоры бар. Сол қор ковид вирусын жұқтырғанда жойылып кетеді. Ағзаны сақтап қалу үшін қорды жұтып қояды. Сондықтан кез-келген вирустық аурулардан кейін адам өз ағзасын қалыпқа келтіру керек. Минералдар, дәрумендер ішу керек. Детокс жасау керек.

– Витаминді омега, қан аздық бар ма, жоқ па тексеріліп отыру керек. Витаминдерді тұрақты тұтынуға кеңес беремін. Профилактикалық мақсатта дәрумен ішіп жүру – ешкімге зиян келтірмейді. «Передозировка» деген мүмкін емес нәрсе. Қазіргі заманда дәруменді шектен тыс қабылдау жоқ. Қай тағамды, жеміс-жидекті алсаңыз да жеткілікті деңгейде дәрумен ағзаға бармайды, сіңбейді,- дейді білікті маман.

Әрбір әйел біліп жүруі тиіс қағидалар:

Әйел адам отбасының ұйытқысы. Дәрігер ханымның пайымынша, баласы, отбасы не ішіп жейді ол әйелге байланысты. Әйелдер көп стресске ұшырайды. Неге? Себебі жұмысбасты, бала бар, отбасының тамағы бар, кірі бар, үй жинау керек. Тізе берсек бұл тізім ұзара беруі мүмкін.

–Жұмысбасты әйел адамдарға айтар кеңесім бар,- дейді Гүлжан ханым. – Біреу келіп сізге көмектесіп, үйіңізді жинап берсін. Барлық нәрсені мойынға ала беруге болмайды. Өйткені өзіңді өзің жақсы көру керек, күтіну керек. Спорт, массаж, монша, жандүниеңді тыныштандыратын ермек болуы тиіс. Тек қана физикалық емес, психикалық денсаулық, рухани денсаулық бар. Физика ол төменгі қабат, психика мен рухани ол жоғарғы қабат. Олар бір-бірімен тығыз байланысты. Позитивті ойлау, адамға қайырымдылық жасау, мейірімді болу керек. Неге комплимент айтуға сараңбыз? Әйелдер мейірімдірек болған сайын, стресстік гармондар төмендейді. Құшақтасу өте пайдалы.

Ағзаға аса қажет дәрумендер

Білікті дәрігер Гүлжан Аманбай Д дәруменінен бастағанды жөн көреді. Сапалы омега, иод керек екенін айтады. Минералдар мен иодты дәрігердің кеңесімен ішуге кеңес береді. Егер өмір сүру салтын өзгертпесе, ерте жатуды әдетке айналдырмаса, күні бойы ішкен дәрумендер түнде жойылып кетеді. Сондықтан салауатты өмір салтына бет бұрған дұрыс. Сағат 22:00-де ұйықтап қалу керек. Өмір сүру сапасын өзгерткен абзал. Әрбір әйелде «менің уақытым» деген уақыт болуы тиіс. Спортқа уақыт арнау, моншаға, спа-ға, сұлулық салонына баруды қолға алған жөн.

Ал, жетекші дәрігер-трихолог Ғалия Бекназар шаштың түсу проблемасын анықтау біренеше қадамнан тұратынын айтады.


Аталмыш салада 15 жылдай еңбек етіп жүрген дәрігер соңғы жылдары шаштың шамадан тыс көп түсетіндігіне шағымданатын қыз-келіншектердің саны көбейгенін алға тартады.

– Шаштың типі майлы, қалыпты, аралас сондай-ақ құрғақ болып төрт түрге бөлінеді. Шаштың типін қалай ажыратамыз деген сауалға келсек, майлы шаш сырттай қарағанда жылтырап, сау шаш сияқты көрінуі мүмкін. Егер ашып тексерген жағдайда шаштың жабысқақтығы, май безінің өте көп мөлшерде бөлінуі, шаштың бір күнде ластануы байқалады. Бұл белгілер майлы шашқа тән. Құрғақ шаштың керісінше сырт бейнесі реңсіз болады. Түс жылтырлығын жоғалтады және шашты жумасаңыз да майлылығы жоқтың қасы болып тұрады. Ластанған сайын қайызғақ көбейеді. Бұл құрғақ шашқа тән белгілер. Ал, аралас типке келер болсақ, шаштың түп жағы майлы болады да, ұшы құрғақ және шашақталған болып келеді. Оны аралас тип деп айтамыз,- дейді трихолог маман.

«Сізге келетін емделушілерден шаш түсудің қандай себебін анықтап жатасыз?»- деген сауалымызға Ғалия Бекназар ханым келесідей жауап берді.


«Шаштың түсуіне экзогенді және эндогенді екі фактор әсер етеді деп айтар едім. Көп жағдайда күтімнің жоқтығынан, шамадан тыс химиямен улау, күйдіру, түзулеу сынды себептерден шаш түседі. Және тағы бір себеп – эндогенді факторлар, гармоналдық дизбаланс, маусымдық ауысым, стресстік жағдай, шамадан тыс гармондық препараттар қабылдау, антибиотиктерді көп қолдану, тұқым қуалаушылық себептер әсер етруі мүмкін»,- дейді Ғалия Бекназар.

Трихолог маманның айтуынша, шашты сусабынмен екі қайтара жуған дұрыс. Алайда шаштың типін білген абзал. Егер шашыңыз майлы түрге жататын болса, шашты екі қайтара жуған дұрыс. Бірінші рет көпіршітіп алып, 2-3 минутқа қалдырған дұрыс. Неге десеңіз құйқаның астындағы бастың эпидермис қабаты бір жуғаннан кірден, майдан арылуы мүмкін емес. Сол себепті екі рет жуған дұрыс. Құрғақ шаштарда тез қайызғақ түсіп, қабыршақтанып кететінін ескерсек, екі рет жуған абзал. Бір нәрсені қатты ескеру керек ол – құрамы дұрыс сусабын таңдау. Майлы шашты майлы шашқа арналған сусабынмен жуу керек.


– Әр жолы шаш жуған сайын маска қолдану дұрыс емес. Аптасына 1 немесе екі рет қана қолдану керек. Масканы тек шаштың ұшына ғана жағу керек. Шаш тірі және өлі болып екі түрге бөлінеді. Тірі деп терінің астында тұрған бөлігін айтсақ, өлі деп сырттағы шашты айтамыз. Шашқа арналған маска, май түрлерін тек ұшынағ ғана жағу керек. Қандай маска, қандай май керегін маманның көмегімен айқындап алған дұрыс дер едім,- дейді трихолог.

«Сусабынның жақпайтынын қалай ажырата білу керек?»,- деген сұрағымызға жауап келесідей болды.

«Сусабынның құрамы сульфатсыз, сульфатты болып келеді. Егер шашыңыз майлы болса міндетті түрде сульфатты шампуньмен жуу керек. Сульфатсыз шампуньмен жуатын болса, шаштың майлылығы бұрынғыдан да өршеленіп кетеді. Ал, егер сіздің шашыңыз құрғақ болса, сульфаты бар сусабынмен жуатын болсаңыз, қайызғақ шамадан тыс көбейіп кетеді. Сусабын таңдарда сыртындағы құрамын оқыңыздар деп айтқым келеді».


– Емделушілерге қандай анализдерге жолдама бересіз?

– Маған келген емделушілердің шашын трихоскоппен қараймын. Үш күн бойы шашын жумау керек. Әйтпесе шаштың құрамы, болмысы дұрыс анықтай алмаймын. Ең маңызды анализ деп жалпы қан анализін айтар едім. Биохимиялық қан анализі оның ішінде ферритин қордағы темірдің мөлшерін білу үшін сараптама тапсыруы тиіс. Д витамині, қалқанша безінің гармондарына тапсыру керек. Осы анализдердің қорытындысымен маған келеді. Маған келгеннен кейін торихоскоппен қарап, қандай ақау барын білуге тырысамыз. Қосымша мамандарға жолдама беремін сондай-ақ қосымша тағы сараптамалар жасау керек болса соған бағыт беремін. Сосын ғана ем тағайындаймыз. Тұқымқуалаушылық факторлар, иммундық ауытқулар болса, әйел адамдарда гинекологиялық эндокринді бұзылыстар болатын болса эндокринологқа, гинекологқа жолдама беріп, соларға қаралуға жіберемін. Біріге отырып, ем-шара жүргіземіз,- дейді дәрігер ханым.

«Тарақты қаншалықты жиі ауыстыруға болады?»- деген сұрағымызға трихолог ханым: «Тарақтың түрлері көп, ағаштан, пластиктен, сүйектен жасалған тарақ болуы мүмкін. Күнделікті қолданыс үшін массажды тарақтар дұрыс. Жастықшасының іші ауаға толы тарақпен тараған уақытта бастың қан айналымы жақсара түседі. Көлемі үлкен болы керек, массажды әсері болса, бас құйқасының эпидермис қабатының қабыршақтанып кетпеуіне көмектеседі. Шаш әлі сулы немесе дымқыл болса, тік тарақпен тараған жөн. Тісшелері үлкен-үлкен арасы ашық болуы тиіс әрі ағаштан жасалса тіптен керемет. Тарақты бір айдан әрі кетсе тек үш айға дейін қолданып, ауыстырып отыру керек. Күнде міндетті түрде жуып, тазалап отырған дұрыс. Тағы бір ескерте кететін кеңес – шашты су кезінде тарамаған абзал. Шашты кептіріп барып тарасаңыз көп түспейді».


Білікті трихолог маман ковидпен ауырған адамдардың арасында шаштың уыстап түсуі жиілеп кеткенін айтады. Себебі жаңа вирусты біздің ағзамыз қабылдай алмай жатыр. Вирустың салдарынан емделушілердің арасында ошақты алопецияға шалдыққандар саны өте көбейіп кетті. Ошақты алопеция дегенміз әр жерден дөңгелек-дөңгелек болып шаштың ойылып түсіп қалуын айтамыз.

– Тағы бір шаштың ауруы деп қабыршықты (себорейный) дерматитті айтуға болады. Майдың шамадан тыс бөлінуінен қабыршақтар жиналады. Оған да әсер ететін фактор көп. Шашты табиғи жолмен кептірмейміз, фен, шаш үтіктейтін құрылғыларды қолданған сайын шашқа зақымы көп болады. Жоғарыда айтқан анализдерді тапсырғаннан кейін ағзаға жетіспей тұрған деффициттерді толтыруға тырысамыз. Егер де қабыну процессі немесе гармоналды жетіспеушілік болатын болса, эндокринолог маманмен бірге емдейміз. Шашқа керек деп бейберекет бад-тар ішіп жатады. Ол біздің шашымызға керек пе, керек емес пе оған бас қатырған ешкім жоқ. Анықтау үшін тапсырылатын спектралды анализ бар. Шаштың белгілі бір бөлігін түбінен кесіп алып, Ресейге жібереміз. Сонан келген қорытындаға қарап, тек ағзаға ғана емес, шашқа қандай дәрумен мен минералдың жетіспей тұрғанын анықтаймыз. Анықтағаннан кейін ғана шашқа қажетті бад-тарды тағайындаймыз. Бұған қоса плазмалифтинг, мезотерапия сондай-ақ қажетіне қарай лосьондар тағайындауға болады,- дейді Ғалия ханым.

Шаш күтімі

Көбінесе трихологқа келетін емделушілер «Менің шашым неге уыстап түседі? Ештеме көмектеспей жатыр. Себебін анықтап беріңізші» деген шағыммен келеді екен. Дәрігер келушілерге қандай да бір сусабын түрін қолдануға кеңес бермес бұрын, себебін-салдарын анықтауға тырысады. Сосын ғана ем-шара тағайындап, шашының типіне қарай қандай сусабын қолдануына болатынын айтып, бағыт береді. Дәрігердің айтуынша құрамы жақсы сусабын арзан бағада болмайды.

– Сау ағза – сұлулықтың айнасы десем келісерсіз. Ішкі құрылыста қандай да бір ақау болса шаштың түсуіне әсер етеді. Мәселен сіздің бауырыңыз ауырып, дәрі ішсеңіз, тұмауратып антибиотик ішсеңіз шаштың түсуіне себеп болады. Шаш түсе бастады ма, мәселе фолликулада емес, ішкі ағзада деген сөз. Сол себепті біз бірнеше маман болып жұмыс жасаймыз, мәселені жан-жақты қарастырып, тиісті ем-шара тағайындауға тырысамыз. Мен маған келген емделушілерге «Мен сізге қазір плазма салайын, мезотерапия жасайын. Бірақ бұл тек уақытша ғана нәтиже беретін тиімсіз жол. Егер барлық мәселе іштен туындап тұрса, сізге плазма да, мезо да көмектесе алмайды. Әуелі себебін ішкі ағзадан іздеп көрейік, анықталса ем-шара аласыз, жетіспей тұрған минералдар мен дәрумендерді қабылдайсыз. Сосын ғана бастың құйқасына жасалатын емдік шараларды қабылдауыңызға болады» деп үнемі айтамын,- дейді трихолог маман.

Дәрігер маманның айтуынша шаштың өмірлік циклдары болады. Дәл бас терісіне арналған емнің мақсаты – сол кезеңдерді ұзарту. Егер де біз гармондарды қалпына келтірмей, деффициттерді толтырмасақ ол емнен еш пайда жоқ. Сол себепті бірнеше маман болып, бірге емдейміз,- дейді Ғалия Бекназар.

Трихолог маманның пікірінше, шаштың түсуі шаш кезеңдеріне байланысты. Аноген, катагон, телоген деп бөлінеді. Аноген – өсу фазасы, катоген – демалыс кезеңі, телоген – түсу фазасы болып келеді. Осы кезеңдер физиологиялық тұрғыда жүретін болса, күніне 60-тан 120-ға дейін шаш түссе, ол қалыпты процесс. Ал, енді кезеңнен бұрын шаш қашан түседі? Ол ағзада деффицит болған жағдайда түседі. Аногеннің өмір сүру уақыты 2 жыл мен 4 жыл, 4 жыл мен 6 жылдың арасы болатын болса, екі жылға жетпей аногенді шаштар түсіп қалуы мүмкін.

Бас терісіне жасалатын массаждың пайдасы

Маманның айтуынша бас терісіне массаж керек. Тек қалай жасалатынын білген жөн. Массаждың мақсаты – қан айналымын жақсарту. Тырнақты батырмай, саусақтың ұшымен ғана қан айналымы жақсы жүретін самай, желке тұсы, бастың сүйегі айналасына істеледі.


Ғалия Бекназар шашты емдегіңіз келсе, өмірге маңызды органдарыңыз сау ма, қабыну жоқ па соны анықтап алған дұрыс деген пікірде. Дәрігер ханымның айтуынша, егер ішкі органдар сау болса, бәрі дұрыс болса шашты емдеу оңай. Ал, енді асқазан, бүйрек, бауыр аурулары анықталып жатса, шашқа сыртынан қанша ем қолдансаң да, шаштың түсуін азайтқанмен, тоқтату мүмкін емес. Шаштың негізігі қызметі – жылуды ұстау. Термоизолияция. Шаш – жазда құйқа терісінің күйіп қалуынан, қыста тоңып қалуынан сақтайды. Жазда шаш қалыңдайды, себебі күннен нәр алады. Күз, қыс, көктем айларында шаш көбірек түседі. Себебі адамдар да түлеу процессі жүреді.

Ұқсас материалдар