Қандастар Ассамблея

Айдана Түлкібек: Шымкентте бұқаралық спортты дамыту – басты мақсатым

Айдана Түлкібек – жеңілатлетикадан халықаралық сертификатталған балалар мен ересектердің жаттықтырушы. Алыс-жақын қашықтыққа жүгіретін марафоншы. Шымкентте бұқаралық спортты дамытуға бар күшін салып жүрген жас маман. Жақында Айданамен жолығып, жүгіру, жүгірудің пайдасы және бұл спорт түрінің Шымкентте қалай дамып жатқаны туралы әңгімелескен едік.

 

– Айдана, сіз спортқа қалай келдіңіз? Жүгіруге деген құштарлық бала кезден болды ма?

–  Иә, мен бала кезден спортқа жақын боп өстім. Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылында 5-6 сыныптан бастап волейбол, баскетбол, шахмат сынды секцияларға қатыстым. Мұғалімдер әртүрлі жарыстарға қатыстыра беретін. 8 сыныпта ұстаздарым «жүгіруден аудандық жарыс өтеді, соған қатысасың» деді. Жүгірудің техникасын ешкім үйретпеген. Ауылда мал қуып, соның соңынан жүгіретінім болмаса, жүгіріп көрмегенмін. Бірақ сол аудандық жарыста 800 метрге жүгіруден жеңімпаз болып қана қоймай, рекорд орнаттым. Сол жарыстан кейін Шымкентке, оқушылар арасындағы облыстық жарысқа алып келді. Оған дейін мені «мешітке дейін жүгіріп барып кел, пәленшенің үйіне дейін жүгіріп қайт» деп дайындады. Облыстық жарысқа қаладағы спорт мектептерінің оқушылары, күнделікті жаттығып жүрген балалардың бәрі қатысты. 1500 метрге жүгіруге старт берілді. Оқ бойы озып шығып, бірінші орын алдым. Елдің бәрінің назары маған ауды. Жаттықтырушылардың өздері «мына қыз қайдан шықты?» деп аң-таң болды. Біздің мектепте денешынықтырудан сабақ беретін Қуаныш Оңалбеков ағайыма басқа да өтетін жарыстарға қатыстырып тұруды сұрады. Солай жарыстардан қалмай, жүлделі орын алып жүрдім. 11 сыныпта ұстаздарым «қайдағы жарыс? ҰБТ-ға дайындалмайсың ба? деп ұрысатын. Таңдау пәні ретінде биологияны таңдадым. Бағытым медицина еді. Алматыға төртінші белгілеген мамандық бойынша грантқа түстім. Бірақ үйдегілер үлкен қалаға жібергісі келмеді. Ағам «сенің спорттық жетістіктерің көп, неге денешынықтыруға тапсырмайсың?» деді. Сөйтіп, Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде спорт және туризм мамандығы бойынша ректордың грантымен төрт жыл тегін білім алдым.

 

–  Кәсіби түрде жүгірумен айналысқанға студенттік шақта бет бұрған сияқтысыз ғой?

– 1 қыркүйек, университеттегі салтанатты шарадан кейін Қажымұқан атындағы орталық стадионға қарай асықтым. Алып-ұшып жетсем стадионда ешкім жоқ. Шаңқай түс еді. Күзетшілерге байланыс нөмірімді қалдырып кеттім. Кейін Сабыр ағай хабарласты. Содан кейін жаттығуды бастап кеттім. Кейін Нұрлыбек ағайға, кейін Петр ағайға бардым. Петр ағай спрингті көреді, техниканы қалыптастырады. Аз уақыттың ішінде стадионда бұрыннан жаттығатын, нормативті орындап тастаған қыздарды оза бастадым. Ең қиыны бір ауыз орысша білмейтін едім. Түсінбеймін. Ал жаттықтырушылар мен жүгіретін қыз-жігіттердің бәрі орыс. Жаттықтырушы ағайлардың берген тапсырмасын ұқпаймын. Қыздардың жасағанын қайталаймын. Арасында Фариза деген қазақ және орыс тілін білетін қыз бар еді. Соның қасынан қалмаймын. Тренер не айтып жатыр, аударып берші деп. Үш айдың ішінде түсіне алатын деңгейге жеттім. Қайтып Нұрлыбек ағайға ауыстырды. 2014 жылдың қаңтар айында 3 шақырым қашықтық бойынша республикалық жарысқа іріктеуге қатыстым. 1 шақырымды 3.40 уақытпен жүгіріп өттім. Кілең басқа ұлттың өкілдері еді. Аяғымнан шалды. Кейін республикалық жарыста 5 шақырымда екі рет бірінші орын алдым. Осылайша өзімді жүгіре алатынымды дәлелдеп, жарыстарға қатыса бастадым. Валерий деген федерацияның атқарушы директоры болатын. Жеңілатлетикалық спорт манежінде жеңілатлетика бөлімі бар. Диплом алған соң сол жерге жұмысқа алатынын айтты. Сол жерге жұмысқа кірдім.


– Содан

–  Содан екі топ алдым. Әр топта 12 баладан болды. Бірінші жылы, яғни 2017-де алған айлығым 25 700 теңге. Басында бұл айлыққа мен қалай жұмыс істеп жүрмін деп ойладым. Ол кезде жарыстарға қатысып одан көп ақша ұтып алатын ем. Сосын тренерім «бізде кезінде сондай аз ақшаға жұмыс істегенбіз, шыда» деді. Бір жылдан кейін 50 мың теңге ала бастадым. Солай-солай көтерілді. Тобымда өте талантты қыздар мен жігіттер болды.

 

–  Ата-аналар балаларын қанша жастан бастап жүгіруге алып келуге болады?

– Біз жүгіруге 10 жастан бастап қабылдаймыз. 12-13 жастан бастап жарыстарға қатыса бастайды. Біздің ата-аналардың көбі ұл-қызын бокс, күрес, футболға бергісі келеді. Жай мектептерге барып талантты, жүгіруге ебі бар балаларды іздеп жүреміз. Бақылаймыз. Көзімізге түсе қалса «сен жеңілатлетикадан биік шыңдарды бағындыра аласың. Кел. Қатыс» деп шақырып жүреміз. Ата-анасының телефон нөмірін жазып алып, хабарласып, жалынып жүріп, баланы жүгіруге алып келеміз. Кей жағдайда жүгіре алмайтын баланың өзін қызығушылығы болса үздіксіз жаттығу арқылы дайындап шығаруға болады. Менде 4-5 бала болды. Өте дарынды. Жеңіл атлетикада биіктікке секіру бар. Бір қызым ешқандай дайындықсыз, жаттығусыз келді де 12 жасында 135 см-ге секірді. Тренерлердің бәрі таңқалды. 15-16 жасында 180 см секіретін еді, әкесі жібермей қойды. Тағы бір баламды талабы болса да ата-анасы қатыстырудан бас тартты.

 

–  Неге? Мүмкін жеңілатлетиканың насихаты аз шығар?

– Мүмкін. Баландин Рио Олимпиадасының жеңімпазы болғаннан кейін бассейнге адамдар көп бара бастады. Жеңілатлетикаға да сондай бір серпіліс керек. Бізге орыстың балалары көп қатысады ғой. Олардың ата-анасы каникул кезінде де жаттығудан қалма, стадионға бар деп жібереді. Ал біздікілер баласын демалыста ауылдағы ата-әжесінің үйіне немесе басқа қалаларға қыдырып келсін дейді. Сөйтіп бала формасын жоғалтады. Қанша уақыт жасаған нәтижең 0-ге бірақ түседі. Бір группада 10 бала болса, соның кемі 5-і орта жолда тастап кетеді. Оларға ата-анасының, айналасындағы достарының пікірі қатты әсер етеді. Пандемия басылған соң Шымкентте балалар арасында 500,1000, 200, 3000 м қашықтыққа жарыс ұйымдастырып, дәстүрге айналдырғым келеді. Сол жарысты ұйымдастыруға қолдау керек.

 

–  Жалпы, бізде жеңілатлетикамен кәсіби айналысуға қаншалықты жағдай жасалған?

– Жаңылмасам жеңілатлетикалық манеж еліміздің 4-5 қаласында ғана бар. Соның біреуі біздің Шымкентте. Жоқтан бар. Бірақ талапқа сай емес еді. Бір бұрыштағы виражды түсіріп, 200 м-ге туралады. Бізде жарыс боп жатады. Өзі кішкентай үш жолақтық жол. Ал басқа қатысушылар ортада дене қыздыратын жаттығулар жасап жатады. Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкентке бір манеж аз. Жаңадан бой көтеріп жатқан, шет жақтағы «ШымCity», «Тұран» шағынауданы жақтан үлкен арена болмаса да төрт-бес қатар трибуна орнатып, жүгіретін жол жасап берсе қуанатын едік. 2018 жылы көктемде Өскемен қаласына біліктілікті арттыру курсына бардым. Германиядан келген маман оқытты. Өскеменде жеңілатлетикамен айналысуға жасап тастаған жағдайды көріп қуандым. Бәрі қолжетімді. Шымкентте өте талантты жастар көп. Тек оларды қолдау аз. Сосын бізде жүгіруден балалар арасында жарыс аз ұйымдастырылады. Әріптестерім Нұрсұлтан, Әзиз үшеуміз ортадан өз қалтамыздан ақша жинап, сол ақшаға 50-70 балаға медаль жасатып, диплом дайындап, үш топтың балалары арасында жарыс өткізіп тұрамыз. Өз арамызда. Соның өзінде балалар мәз боп қуанады. Олар үшін бұл күн мереке. Былай жарыстарда демеушілік жоқ. Балаларға сыйлықтар жоқ. Кейде балалар не үшін жүгіріп жүргенін де білмейді. Дайын тұрған баланы нормативті орындап тұрса да кейде республикалық жарысқа, жаттығуларға апармай тастап кетеді. Біздегі 2002-2003 жылғы жасөспірімдерге жасалып жатқан жағдай мен Алматыдағы осы жастағы қыз-жігіттерге жасалып жатқан жағдайды салыстырсаңыз жер мен көктей.

–  Сіз қандай жаттықтырушысыз?

– Кейде қатал, кейде жұмсақ. Адамдардың уақытына қараймын. Егер жазылған уақытта келе алмай қалса, басқа жаттықтырушылар секілді менде келмеген уақытты сызып тастауыма болады. Мен олай жасай алмаймын. Басқа, өзіне ыңғайлы уақытқа ауыстырамын, келіп жүгіріп кетсе деймін. Таңғы алтыда жүгіруге бір жас жігіт келеді. Сол бір адамға бола таңғы алтыда стадионға барамын. Кешкі 21.00-22.00-ге дейін стадионда жүремін.

   

– Жүгіру, жалпы спорт сізге не берді?

– Көп нәрсе берді. Ата-анам спортпен айналысуыма, жүгіруге қарсы болмады, әркез қолдау танытты. Ол кісілерге алғысым шексіз. Жүгіргеннің арқасында қарапайым ауылдан шығып, еліміздің әртүрлі қалалары мен басқа елдерді көрдім. Дос арттырдым. Жүгіргенде ойларың сан-саққа кетеді. Мен ұзақ қашықтыққа жүгіргенді жақсы көремін. Жүгіру – ең қолжетімді спорт түрі, ыңғайлы аяқ киімің болса болды. Үйден шығып, кез келген саябақ, көше, стадионға шығып жүгірсе болды. Жүгірумен айналысқан адам үнемі сергек жүреді, жұмысы, ойлары жүйеленеді. Енді Шымкентте бұқаралық спортты дамытқым келеді. Сол себепті демалыс күндері адамдарды стадионға кеп жүгіруге, жаттығулар жасауға шақырып жүремін. Дұрыс жүгірудің техникасын үйретемін.


– Жүгіруден бөлек, әр демалыс күндері жаныңызға адам жинап, тауға шығатыныңызды, Оңтүстіктің әдемі, ғажап табиғатын насихаттап жүргеніңізді білеміз.

– Өзім таудың қызымын ғой. Сондықтан демалыс күндері қаланың тынымсыз тірлігінен тауға, табиғат аясына шығып кетуге асығамын. Өзім ғана емес, қала тұрғындары немесе қалаға қонақтары да сол ғажайыпты көрсе деймін. Әйтпесе біздікілердің демалыс күндері той, қонақ күту, одан қалса, үй тірлігімен өтетінін білесіз ғой. Сол үшін санаулы адам болса да уақытын өзіне арнап, денсаулығын нығайтып, сұлулыққа куә болса деймін. Сайрам-Өгемдегі төменгі және жоғары көлді, Сусіңген мен Ақсу шатқалын көрген адамдар арасында «Оңтүстікте осындай тау бар ма?» деп таңғалатындар бар. Былтыр өзіме Сусіңгенді аштым. Сөйттім де бір маусымда үш рет бардым. Жолы өте ауыр. Жаныңдағы адамдардың физикалық жағдайына қарай жаяу 12-15 сағатта көтерілесің. Сусіңген көлінің суы маусым айының орталарына қарай жерге сіңіп жоқ боп кетеді. Сол себепті оған дейін барып үлгеру керек. Ал биыл Shymkent Ran клуб мүшелерімен бірге тоғыз сағатта Сусіңгенге жүгіріп-барып келдік. Бұған дейін мұндай аз уақыт ішінде Сусіңгенге дейін ешкім барып келмеген.

 

–  Шымкентте сізге ұнайтын дүниелер, соңғы жылдары сіз байқаған өзгерістер?

–  2019 жылдан бері қыс мезгілінен басқа уақытта тек велосипедпен жүремін. Ол кезде велосипедпен жүруге жағдай жоқ еді. Қазір веложолдар салына бастады. Бірақ кей көшелерде салынған веложолдар сапасыз, жүруге ыңғайсыз. Бұрын жоқ еді, енді бар деп шүкіршілік етесің. Маған «анау жақсы емес, мынау жақсы емес» деп бәрін сынап-мінеп, жылап отыратындар ұнаймайды. Қаланы өзгерткің келсе, өзіңнен баста. Қоқыс тастама. Әркім өз жұмысын жақсы істесе дамимыз ғой. Қазір қалада велосипед тебетін, спортпен айналысып, саябақта, көшеде, стадионда жүгіріп жүретін адамдар көбейді. Үш жыл бұрын досым Артем Орланский екеуміз Shymkent Ran клубты құрып, төрт адаммен бірге бастағанбыз. Қазір аптаның бар күнінде кестем толы. Қазір жүгіргім келеді, денсаулығыма көңіл бөлгім келеді дейтін адамдар көбейіп келе жатыр. Жыл сайын 20-30 адамды Алматы, Нұр-Сұлтан, Ташкент қалаларында өтетін марафонға бастап барамын. Сондықтан қалада жай-жай болса да бұқаралық спорттық дамып келе жатқаны қуантады. Ал Шымкентте ұнайтын дүние көп. Адамдары қонақжай, ашық-жарқын, еңбекқор. Ауа райы ыстық, қысы да жылы. Әзірге бұл қаладан басқа жаққа көшкім келмейді.

Фотосуреттер Айдана Түлкібектің жеке мұрағатынан алынды


Ұқсас материалдар