Қандастар Ассамблея

Қалқанша безінің аурулары туралы не білеміз?

Дәрігер эндокринолог Ләззат Жанұзақовамен сұқбат

Адам  ағзасы дұрыс жұмыс істеуі үшін күніне кемінде 200 мг йод қабылдауы тиіс. Оның көп бөлігі ауа мен судан алынады. Бүгінгі таңда йод жеткіліксіздігі мен йод тапшылығы мәселесі тұрғындар арасында жиі кездеседі. Оның салдары қалқанша безінің ауруларына шалдықтырады. Қалқанша безінің аурулары қалай пайда болады, оларды емдеу және алдын алу тақырыбы төңірегінде дәрігер эндокринолог Ләззат Жанұзақовамен әңгімелескен болатынбыз.


— Ләззат Жұмағазықызы, соңғы уақытта қалқанша безі аурулары жиілеп кеткендігі байқалады. Жалпы қалқанша безі аурулары неден пайдан болады? Себептеріне тоқталып кетсеңіз.
— Ең әуелі қалқанша безі ауруларына тоқталмас бұрын, қалқанша безі қандай ағза екендігін қысқаша айта кетсем. Қалқанша безі — адам ағзасындағы ең маңызды мүшелердің бірі. Қалқанша безінен гормондар бөлінеді. Гормондар адам ағзасының жұмысын реттеп отыратынын ескерсек, 80-85% қалқанша безі жауап береді. Жалпы қалқанша безі ауруларының пайда болуының себептері көп. Оның ең бірінші себебі — тұқым қуалау. Екінші — адамның жүйке жүйесіне психикалық эмоционалдық күш түсу. Оған көп жағдайлар әсер етуі мүмкін. Үшінші — дұрыс тамақтанбау. Ағзаға керекті дәрумендер мен минералдар түспеген жағдайда сондай-ақ нашар экологиялық ахуал да әсерін тигізбей қоймайды. Қазір адамдардың көпшілігінде созылмалы аурулары бар. Сол аурулардың да әсері болады. Және ағзаға йод жетіспегенде қалқанша безі аурулары пайда болады. Радиациялық, химиялық зауыттарда жұмыс істейтін адамдар қалқанша безі ауруларына жиі шалдығады. Оларға жұмыс істейтін ортада токсин арқылы зиян беріліп, қалқанша безінің жұмысын тежеп тастайды.

— Қалқанша безінің ағзамызда атқаратын қызметі қандай?

— Қалқанша безі ағзадағы, тіндегі жүйке жүйесін реттеп отырады. Екінші мәселе кей кездері ағзамыздағы психикалық процестердің әсерінен қышқылдардың орнына келуі дұрыс болмайды. Соны қалпына келтіріп, зат алмасуға да әсер етеді. Жүктілікті жоспарлаған әйел адамдардың (репродуктивті денсаулығына) бала көтеруіне бірден-бір әсерін тигізетін маңызды фактор деп айтуға болады. Осы орайда әр аурулардың түрлеріне қарай жеке тоқталып жіктеп айтуға болады. Ең бастысы жүкті әйелдер минералды, құрамында йоды бар тағамдарды қажетті мөлшерде қолданбағаннан кейін дүниеге келген сәбиде йод жетіспеушілігі байқалып жатады. Балалардың бойлары өспей, жасына сай дамымайтын жағдай да осы себепті болуы мүмкін.

Қалқанша безі аурулары қандай болады? Оның ішінде ең көп кездесетін ауру түрлері

— Адам ағзасында йод жетіспеушіліктен немесе йод мөлшері көп болғаннан жиі ауруларға шалдығады. Соның бірі —  гипотиреоз деп аталады. Ол қалқанша безінің қызметінің төмендеп, ағзада йодтың жетіспеуінен туындайтын ауру. Ал екінші түрі —  гипертиреоз. Ол қалқанша безінің йодтың мөлшерден тыс бөлінуінен туындайтын қалқанша безінің ауруларының бір түріне жатады. Ағзада йодтың көп мөлшерде бөлінуі де ауру болып табылады. Ол кезде адам салмақ тастайды, қан қысымы көтеріледі. Үнемі тершең болады. Бұлшық еттерінде әлсіздік пен тітіркену болады. Ауыз құрғайды. Іші өтеді. Жүрегі айнып, құсады. Ұйқысы бұзылады. Көздері үлкен болып шарадан шығып тұрады. Үшінші жиі кездесетін түрі —  зоб ауруы. Оның клиникалық белгілеріне қан қысымының төмендеуі, психикалық ауытқу жатады. Адам аллергияға бейім болып, үнемі тоңғыш келеді. Әйел адамдарда етеккірі бұзылады. Тыныс алуы төмендеп, жалпы әлсіздік орын алып, басы айналады. Тағамға тәбеті болмайды. Есте сақтау қабілеті төмендеп, жұмысқа деген қабілеті азаяды. Теріде өзгерістер болып, салмақ қосады. Зобтың түрлері көп. Диффузды, түйінді, эндемиялық және киста болуы мүмкін. Біздің еліміз йод жетіспейтін аймаққа жататындықтан эндемиялық зоб түрі жиі кездеседі.



— Қалқанша безінің ауруларына кімдер жиі шалдығады?

— Қай түрінен болса да көбіне әйел адамдар шалдығады. Себебі әйел адамдарда етеккірі бұзылады. Климакс алды және климакстан кейінгі кезең болады. Жүктілік кезі, босану және бала емізетін кезеңдер бар. Осының барлығы гормондарға әсер етеді. Медицинада оны үйлесімділіктің бұзылуы (дисгормония),  теңгерімсіздік (дисбаланс) деп атап айтып жатады. Сосын жасөспірім балалар жиі ауырады. Өйткені жүктілік кезінде ақауы бар анадан туылатын бала көбіне ауруға шалдығады. 70  жастан асқан кісілер қалқанша безінің ауруларына жиі шалдығады. Олардың сүйектеріндегі кальцийдің мөлшері мен гормондардың жұмысы азаяды. Үлкен кісілер тісі жоқ болғаннан кейін құрамында йоды бар тағамдарды көп жей алмайды. Микроэлементтер бұрынғыдай сіңбейді. Сол себептен әйел адамдар мен үлкен кісілер көп ауырады.

— Қалқанша безінің аурулары қаншалықты қауіпті?

— Қалқанша безінің аурулары өте қауіпті. Оны біз асқындырып алмас үшін алдын алып отыруымыз керек. Гипертиреоз, гипотиреоз дедік. Қалқанша безінің бұл ауруларын асқындырып алмас үшін емделу керек. Науқас дер кезінде емделмесе, гипотиреоздық комаға әкеліп соғуы мүмкін. Ол қалқанша безінің ісініп, адам денесінде сұйықтықтың пайда болуына әкеліп соғады. Сол себептен жүректің қызмет етуі де әлсірейді. Жүрек ақаулары пайда болады. Уақытылы ем қабылдамаған науқастарда көздері шарасынан шығып кетеді. Зоб кезінде түйіндер емделмейтін болса өседі. Және де  обыр  ауруына әкеліп соғуы мүмкін.


(Суретте: Дәрігер эндокринолог Ләззат Жанұзақова)

— Қалқанша безі ауруларының алдын алу жолдары туралы айта кетсеңіз

— Ең бастысы әр науқас дәрігер эндокринологтың берген кеңестеріне жүгініп, дұрыс ем қабылдауы керек. Уақытылы дәріні ішіп, дәрігердің бақылауында болуы керек. Күйзеліске түсуге болмайды. Құрамында йод бар тағамдарды қолдану. Одан басқа уытты заттармен (токсиндермен) жұмыс жасаудан алшақ болу қажет. Ағзаға дәрумендер мен микроэлементтердің уақытылы орынды түсіп отыруы маңызды рөл атқарады.

— Қалқанша безі ауруларын қалай емдейді? Маман ретінде кеңесіңіз

— Қалқанша безінің аурулары медикаменттермен, хирургиялық жолмен және радиациялық түрімен емделеді. Науқастар гормонды арнайы кесте бойынша қабылдайды. Микроэлементтерді көтеретін препараттарды тағайындап отырады. Түйін обыр ауруына айналса, ота жасалып хирургиялық түрде алып тасталынады. Бұрын науқастарды Ресейге, Өзбекстанға ем қабылдауға жіберіп отыратынбыз. Қазіргі кезде өзіміздің елімізде Семей қаласында радиоизотопты орталық ашылды. Науқастар сол жаққа арнайы жеңілдікпен (квота) жіберіліп, радиоизотопты емді алып жатыр.


— Қалқанша безінің ауруларының алдын алу үшін адамдардың барлығы йод ішуі керек пе?
— Адамдардың барлығы йод ішуі қажет емес. Жоғарыда айтып кеткенімдей  йодтың шамадан көп кездесетін түрі және йод жетіспеушілігі болады. Сондықтан ем тағайындау арқылы анықтаймыз. Бізде биологиялық белсенді қоспаларды ішетін адамдар көбейіп кетті. Олардың құрамында да йодтар бар. Кейде қалқанша безінің ауруларын асқындырып, үлкейтіп алып келіп жатқан науқастар да бар. Сондықтан оның барлығы дәрігердің кеңесінен кейін ішілуі керек.

— Қалқанша безі ауруларымен ауыратындардың жас ерекшеліктері
— Жас ерекшеліктерін айту өте қиын. Өйткені бізде 12-13 жастан шалдыққан науқастар бар. Нақты мына жас аралығында деп айта алмаймын. Ауру жас талғамайды.

коллаж 8.jpg

— Cізге ем қабылдауға қалқанша безінің қандай ауруларымен ауыратын науқастар келеді? Тәжірибеңіздегі болған оқиғалармен бөліссеңіз

— Бірінші орынға гипотиреоз ауруын қояр едім. Яғни қалқанша безінің қызметінң төмендеуі. Екінші орынға зоб. Үшінші орынға гипертиреозды жатқызуға болады. Салыстырмалы түрде әйел адамдар, ер адамдар және жасөспірімдер жиі келеді. Жүкті әйелдер  өте көп.
Тәжірибемдегі оқиғалардың бірімен бөлісе кетейін. Менде  М есімді науқас бар. Қазіргі таңда ол кісі 42 жаста. 34 жасында маған қабылдауға келіп, тіркеуге тұрған болатын. Маған келген кезде ауырып жүргеніне 8-9 ай болған еді. Бірақ емделмеген. Ер адамдар онша емделмейді, қатты көңіл бөле бермейді. Өте тершең, көзі шарадан шығып кеткен. Ол қалқанша безі ауруының асқынған түрі еді. Содан біз осы науқасты үш жыл бойы бақылауға алдық. Кейін Ресейдің Омск қаласына барып, ота жасатқысы келмеген соң, радиоизотопты ем алды. Ол кезде біздің елімізде ондай ем жасалынбайтын еді. Қазіргі кезде жағдайы жақсарды.
— Сұқбатыңызға рақмет!

Ұқсас материалдар