Жаңалықтар

«Құтыдағы бақыттың» құны қанша?

«Аңсаған сәби» бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?
«Құтыдағы бақыттың» құны қанша?
Фото: © El.kz 23.04.2021 15:41 5588

 

Ресми деректерге сенсек, елімізде жыл сайын 20 мыңнан аса жұпта бедеулік мәселесі бар екені белгілі болады. Орта есеппен олардың 8 мыңы қосымша технологияның яғни экстракорпоралды ұрықтандыру шаралардың көмегіне жүгінеді. Әдетте мұндай әдістің көмегіне табиғи жолмен бала сүю мүмкіндігінен айырылған жұптар жүгінуге мәжбүр.

«Құтыдағы бақыттың» құны қанша?

 

Бүгін де өткір мәселеге айналған бедеулік проблемасын мейілінше шешу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Бұл үшін бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, квота саны 7 есеге ұлғайған еді. Бағдарлaманың мaқсaты – қoсaлқы репрoдуктивті технoлoгиялардың көмегімен отбасылық-демогpафиялық прoблeмаларды шешуге жәрдемдесу. Себeбі, бала сүйе aлмaу – мeдицинaлық қaна емeс, әлeумeттік мәcеле, oтбaсылық мәселе.

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті берген мәліметке сүйенсек, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында, экстракорпоралды ұрықтандыруға 7 000 квота ұсынылып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде сатып алу жоспары бойынша ЭКҰ циклдерінің жалпы сомасы 6 277 381 мың теңгені құраған. Мұндағы мамандардың айтуынша, республикамыздың 17 өңіріндегі фертильдік жастағы әйелдердің санын ескере отырып, облыстар мен қалалар арасында экстракорпоралды ұрықтандырудың 7000 циклын ретімен бөлу жүргізілген.

Елімізде жасанды жолмен ұрықтандыру бағдарламаларына квота бөлу 2010 жылдан бері жүзе асып келе жатыр. «Осы жылдар аралығында қанша адам тегін квотаның көмегіне жүгінді?»,- деген сауалымызға Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті келесідей жауап беріпті. Ондағы деректерге назар салсақ, 2010 жылдан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен қосалқы репродуктивтік технологиялар әдістерімен бедеулігі бар пациенттерді емдеудің мемлекеттік бағдарламасын енгізу денсаулық сақтау саласындағы маңызды жетістік. 2010 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде 9050-ге жуық ерлі-зайыптыға қосалқы репродуктивтік технологиялар әдістері бағдарламасы бойынша қаржы бөлінді, нәтижесінде 3000-нан астам бала дүниеге келген.

 

Қазіргі таңда Қазақстанда 85 000-ға жуық ерлі-зайыпты қосалқы репродуктивтік технологиялар әдістерімен емделген. Мамандардың айтуынша, емдеу тиімділігі орта есеппен 15%-дан 42%-ға дейін өскен. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша «пробиркадан» 22 500-ден астам бала дүниеге келген.

 

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының деректеріне сенсек, экстракорпоралды ұрықтандыруға бағдарламасы аясында емделуге мұқтаж пациенттердің саны 12 877 әйел және 91 ер адам.

 

«Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында, экстракорпоралды ұрықтандыруға 7 000 квота ұсынылып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде сатып алу жоспары бойынша ЭКҰ циклдерінің жалпы сомасы 6 277 381 мың теңгені құрап отыр.

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы ұсынған мәліметке сенсек, бірінші тоқсандағы деректер бойынша, экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасымен емделуге 1704 әйелге жолдама берілген.

  

 

Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті мамандарының айтуынша қазіргі таңда елімізде экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламасын жүзеге асыратын 27 медициналық орталық жұмыс істейді. Оның 19 міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмек көрсетуге әзір.

   

2021 жыл елімізде экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасы бойынша кезекте тұрған жұптар үшін құтты жыл болмақ,- дейді Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтының директоры, жоғары санатты акушер-гинеколог Тамара Жүсіпәлиева. – 5000 аса жұп жылдар бойы кезегін тұрып тұрғанын ескерсек, мемлекет тарпынан 7 есеге ұлғайған квота саны іңгәлаған сәбидің үніне зар болып жүрген қаншама отбасына үміт сыйламақ.

 

Алматы шаһарындағы Репродуктивті медицина институтына жыл сайын 10 мыңға жуық жұп көмек сұрап баратын көрінеді. Тамара Жүсіпәлиеваның айтуынша, олардың 60% бедеуліктен сәтті емделіп шықса, қалған 40% қосалқы репродуктивтік технологиялардың әдістерінің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Осы жылдар аралығында «шыны құтының» көмегімен жарық дүниеге келген сәбилердің алды бүгін де өздері ата-ана атанып үлгеріпті.

  

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры мамандары берген деректерге назар салсақ, биыл тек елордаға «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 486 квота бөлінген. Қазір олардың 276-сы емшара алып, сәбилі болуға дайындалып жатыр. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасын 2018 жылдан бері қаржыландыруды жүзеге асырып келеді. Аталмыш мекеменің баспасөз қызметі берген дерекке сүйенсек, 2020 жылы 1105 жұпқа ЭКҰ қызметі көрсетіліпті.

  

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне назар салсақ, репродуктивті технологияны қолдану арқылы жүзеге асқан шаралардың нәтижесінде әйелдердің 45-60% бала көтеруге қауқарлы. Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандырудың тиімділігі орта есеппен 15%-дан 42% -ға дейін өскен. Бала туу (take baby home) фактісі бойынша емдеу тиімділігінің көрсеткіші 30% құраған, бұл еуропалық ең жақсы деген емханалардың көрсеткішіне пара-пар.

  

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі берген мәліметке сенсек, Нұр-Сұлтан шаһарында бедеулік бойынша есепте тұрғандардың саны – 1331.

 

Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық көпбейінді аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары Сәуле Ибраеваның айтуынша, аталмыш ауруханадағы әйел денсаулығы бөлімшесі қосалқы репродуктивті технологиялар қызметін көрсету бойынша – экстракорпоралды ұрықтандыруға дайындау жөніндегі үйлестіру орталығы болып табылады. Қазіргі таңда 276 квота өз кезегін күтіп жүрген жұптарға беріліп, пациенттер маңызды қадамға дайындалуда. Биыл бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары бұрын есепке тұрмаған және жеке медицина орталықтарына қаралған бедеулік көрсеткіштері бар пациенттерді анықтап, белсенді жұмыс жүргізуде.

 

Омарбек Байкенже мен жары Жаңыл Отарбайқызы 2013 жылы шаңырақ көтерген. Бір балаға зар болып жүргендеріне биыл 8 жыл.

– Былтыр жолдасым екеуміз Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтына барып, толық тексерістен өттік,- дейді кейіпкеріміз Жаңыл Отарбайқызы. – Көптеген сараптамалар тапсырып, репродуктолог маманның қабылдауында болдық. Ондағы мамандар нақты бір кінарат барын дөп басып айтқан жоқ. Балалы болуға үмітіміз барын айтып шығарып салды. Алланың берері бар шығар деп үмітімді үзбей күтумен жүрдім. Алайда уақыт сырғып өткен сайын уайым басып, көңілге күдік ұялай береді екен. Биыл Мемлекет Басышысының тапсырмасына орай «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асатынын естіп, Екібастұз қаласындағы №3 қалалық емханаға барып, тіркелдім. Ондағы мамандар алдымен қайтадан толыққанды тексерістен өтіп, нақты квотаға зәру жұп екенімізді дәлелдегеннен кейін ғана кезекке қоятындарын айтты. Бұрын-соңды мемлекеттік квота арқылы қосалқы репродуктивтік технологиялардың әдістеріне сүйенуге болатынын білмейтінмін. Кезекке ертерек тұруым керек еді деген де өкінішім бар. Десе де осы бағдарламаның көмегімен бала сүйсек деген үмітім басым.

 

Қазақстандағы репродуктивті медицина ассоциациясының деректеріне сенсек, елімізде 15% некелескен жұп немесе 20 мыңнан аса отбасында бедеулік мәселесі бар. 15% дегеніміз – әрбір алтыншы отбасында бала сүю көрсеткіші өте төмен деген сөз. Статистика комитеті берген мәліметке назар салсақ, 2018 жылы 137 797 жұп шаңырақ көтерсе, солардың 20 мыңы табиғи жолмен бала сүйе алмаған. Десе де бұл нақты көрсеткіш емес. Неге десеңіз қазір Қазақстанда бірыңғай бедеуліктің тізілімі жоқ. Былтыр қазақстандық репродуктологтар бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа ұлттық бедеулік тізілімін құру туралы ұсыныс тастағаны белгілі.

 

Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева өткен жылы қазан айында денсаулық туралы жаңа кодекс аясында еліміздегі 25 жастағы ерлердің 16% импотент деген ақпарат айтқан еді. Ал, коронавирус пандемиясы басталғанда қытайлық ғалымдар COVID-19 вирусы ер адамдарды бедеулікке шалдықтырады деген мақала жариялаған болатын. Десе де бұл негізсіз ақпар екенін factcheck.kz сайты дәлелдеп, коронавирустың ерлердің бедеулігі еш әсер бермейтінін жазған еді.

 

Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының басқарма төрағасы, жоғары санатты акушер-гинеколог Дианара Мірзахметованың пікірінше, әйелдерді бедеулікке әкелетін бірнеше факторлар бар. Бірінші мәселе – әйел адамның жатыр түтігінің бітелуі. Жатыр түтігіне салқын тиген жағдайда немесе әдейі түсік жасатқанның салдарынан жатыр түтігі бітелуі мүмкін. Ондай жағдайда аналық без бен сперматозоидтың түйісуіне еш мүмкіндік болмайды.

 

Екінші себеп – әйел денсаулығында гармондық бұзылыстар болуы мүмкін. Көп жағдайда ондай мәселе туа бітті қалыптасуы мүмкін. Болашақ анада поликистоз немесе гармондардың өз функциясын дұрыс атқармауына байланысты ақаулар туындауы бек мүмкін.

Тағы бір өзекті мәселе – уақытылы овуляцияның болмауы. Әйел денсаулығындағы эндокринді себептер овуляция процессінің болуына дұрыс мүмкіндік бермейді. Онсыз ұрықтану мүмкін емес.

Жатыр факторы да маңызды рөл атқарады. Жүктілік болуы үшін жатыр қуысы да мінсіз болғаны жақсы. Эмбрион жақсы орналасуы үшін жатырдың тазалығы, беріктігі маңызды. Егер жатырда полип, синехия, миома, эндометриоз сынды аурулар болатын болса жатырдың ішкі қабатын зақымдайды. Салдарынан бедеулік мәселесі шығады.

Иммундық бедеулік деген түсінік те бар. Сперматозоидтың иммундық көрсеткіші нашар болса аналық безбен түйісу мүмкіндігі жоқ деген сөз. Бұған қоса сперматозоидтың анти денесі болса, ол өзін-өзі өлтіріп отырады. Кесірінен ұрық аналық жұмыртқаға ене алмайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға