Жаңалықтар

Құлақ ауруларын қалай емдеуге болады?

Дәрігер отоларинголог Бек Мункубаевтың кеңестері
Құлақ ауруларын қалай емдеуге болады?
Фото: © El.kz 24.05.2021 16:37 291997

 

 

Құлақ не үшін ауырады деген сауал баршамызды жиі мазалайды. Оның себебі әр түрлі болуы мүмкін. Есту мүшелерінің ауруларына бей-жай қарауға болмайтындығын ескере отырып, арнайы маманның кеңесіне жүгінуді жөн санадық. Құлақты қалай тазалау керек? Мақталы таяқшаның зияны мен пайдасы, құлақ ауруларының түрлері, салдарлары мен белгілері және емі жөніндегі маңызды сұрақтарға отоларинголог Бек Мункубаев жауап берді.

 

Жалпы құлақ сыртқы, ортаңғы және ішкі бөліктерден тұрады. Құлақтың құрылымына: құлақ қалқаны, құлақтың шеміршек үсті қабаты, сыртқы және ішкі есту жолдары, барабан пердесі жатады.

 

Cтатистикалық мәліметтерге назар салсақ көбіне еңбекке қабілетті адамдар құлақ ауруларымен жиі ауырады екен. Адам жасы келе қан айналымының нашарлауынан, мойын омыртқасының остехондрозы салдарынан, есту жүйесінің невриті аурулары жиі пайда болады.

 

   Жиі кездесетін құлақ аурулары

 

Құлақ ауруларының себептері мен дамуы әр түрлі болуы мүмкін. Солардың ішінде жиі және сирек кездесетін құлақ аурулары болады. Құлақ қалқанындағы шеміршек үсті қабатының қабынуы перихондрит ауруы деп аталады. Ол – сыртқы құлақ қалқаншасының ауруы. Перихондрит жұқпалы аурулардың салдарынан да болады. Ол кезде құлағыңыз домбығып, құлақ қалқаны қызарады.

Құлақ ауруларын қалай емдеуге болады?

 

Сонымен қатар құлаққа суық тиюдің әсерінен туындайтын сырқаттар бар. Ол отогематома деп аталады. Отогематома құлақ қуысында қанның жиналуы, қан тамырларының жарылуы салдарынан орын алады. Ал сыртқы есту жолдары бездерінің аурулары көбінесе адамның құлағынан бөлініп тұратын құлықтың жиналуынан (серная пробка) пайда болады.

Құлақ ауруларын қалай емдеуге болады?

 

– Ішкі құлақтың да өзіндік аурулары болады. Барабан пердесінің қабынуы салдарынан отит ауруы пайда болады. Отит жедел, іріңді, іріңді шырышты болып бөлінеді. Отит кейде барабан пердесінің тесілуі нәтижесінде немесе тесілмеуінен де болу мүмкін. Егер науқас дұрыс емделмесе, барабан пердесінің тесігі бітелмей қалған жағдайда отит созылмалы түрге айналады. Созылмалы отитті емдеудің бірден бір жолы – жедел ем. Ол үшін барабан пердесін жамау керек. Оны тек ота жасау арқылы бітей аламыз. Адам жиі суға түседі, шомылады және бассейндерге барады. Оның салдарынан созылмалы іріңді мезотимпанинт пайда болады. Ол барабан пердесінің, яғни ортаңғы құлақтың созылмалы сырқаты болып саналады, – дейді отолоринголог Бек Мункубаев.

 

Құлақ ауруларының симптомдары

 

Құлақ ауруларының симптомдарына ең алдымен науқастың шағымы, құлақтың, құлақ маңының ауруы, құлақ қалқаншасына қол тигізгенде ауруы байқалуы жатады. Егер құлақтан ірің немесе іріңді шырышты сұйықтық бөлінсе, есту қабілеті төмендесе, асқынулар пайда болып құлақ ауруларына әкеліп соғуы мүмкін.

Құлақ ауруларын қалай емдеуге болады?

 

– Құлақтың артында анатомиялық белгісі бойынша мастоидид пайда болуы мүмкін. Ол құлақтың қабынуы болып табылады. Отит созылмалы және жедел іріңді түрде кездесе береді. Мастоидид кезінде ми ішіне қарай іріңнің таралып кетуінен үлкен хирургиялық жолмен емделетін болғандықтан науқасқа ауыр тиюі мүмкін. Мастоидид болған жағдайда науқасқа шұғыл ота жасатуы керек, – дейді ЛОР дәрігер.

Құлақ ауруларын қалай емдеуге болады?

 

Мастоидид кезінде адамның басы ауырып, дене қызуы жоғарылап құлақ қалқаны ісінеді. Құлақ инфекциясын уақытылы және толыққанды емдеу аталған аурудың қаупін азайтады.

 

Құлақ ауруларының емі

 

Құлағымыз ауырғанда көбінесе ауырсынуын басу үшін өздігімізден дәрі-дәрмек ішіп, құлаққа арналған тамшылар алып, тамызып жатамыз. Ол дұрыс емес. ЛОР дәрігері Бек Ақылбайұлының айтуынша құлағы ауырған науқастар ең алдымен арнайы маманның кеңесіне жүгінген дұрыс.

Құлақ ауруларын қалай емдеуге болады?

 

– Науқас уақытылы кеңес алса, оны жазып шығу дәрігерге де, науқасқа да жеңіл болады. Егер уақыт созып дұрыс емделмеген болса, оның асқынулары өте көп. Негізінен құлағы ауыратын адамдардың тыныс алу жолдарын да тексеру керек. Өйткені мұрынмен жақсы демалатын адамның құлақ ауруы күрт төмендейді. Егер мұрын қуысында, мұрын пердесінің қисаюы, полиптер, созылмалы гайморит болса, ұзақ емделеді. Науқас отитпен ауыратын болса, мұрын қуысындағы тыныс алу жолдарынан біріншіден қалпына келтіріп алу керек. Барабан тесігінің бітеуіне кірісуіміз керек. Сол кезде ғана науқастың құлағы да естиді. Мұрын да демалады,– дейді ЛОР дәрігері.

Құлақ ауруларын қалай емдеуге болады?

 

Қазіргі   кезде құлаққа тамызатын тамшылар мен антибиотиктердің түрлері өте көп. Оларды дәрігердің кеңесінсіз пайдалануға болмайды.

 

– Спирті бар тамшыларды құлаққа тамызуға болмайды. Егер құлақта тесік болатын болса, антибиотиктерді қолдануға болады. Құлақтан ірің аққан жағдайда, құлақта тесік болуы мүмкін деген күдік бар. Егер де құлағы қатты ауырып тұрып, бірден ауырсынуы азайса, барабан пердесі тесіліп, кеткеннен ірің шығып кетуі мүмкін. Кейбір науқастар құлағының ауырсынуын басу үшін тамшыларды қолданып жүре береді. Ол дұрыс емес. Дер кезінде маманның көмегіне жүгініп, тиісті ем-дом алмаса, өз бетінше емделсе науқас керең болып қалуы мүмкеін – дейді дәрігер отоларинголог Бек Мункубаев.

 

Құлақ ауруларының басқа да ауру түрлерімен байланысы болады. Дәрігердің айтуынша адам дұрыс сіңбірмесе, мұрын қуысындағы сұйықтық құлаққа өтіп кетуі мүмкін.

 

Қандай жағдайда дәрігерге көрінуді кешуілдетпеу керек?

 

Егер құлағыңыз қатты ауырып жедел шағымдар болса, тез арада ЛОР дәрігерге қаралу керек. Шағым жоқ болған жағдайда 3-4 айда бір рет арнайы маманға қаралып тұрғаныңыз абзал.

Құлақ ауруларын қалай емдеуге болады?

 

– Кейбір науқастар ақырындап құлағының ішінде құлықтың жинала беретіндігін біле бермейді. Одан кейін ол құлықтың жиналуына (серная пробкаға) әкеледі. Бұлықтың қатып қалуы салдарынан оны шығару дәрігерге де, науқасқа да қиын болады. Кейбір науқастарға   бұлық тез пайда болады,– дейді ЛОР дәрігері.

 

Дәрігердің айтуынша құлақ ауруларына әскер қатарында жүрген артерелистер жиі шалдығады екен. Сондықтан мамандар атыс кезінде қауіпсіздік шараларын қолданбаса, ауру пайда болатындығын ескертеді.

 

– Негізінен көбінесе суық жерде, суық ауада кез келген ауру асқынады. Құлақ аурулары басқа барлық сырқаттар сияқты мезгіл талғамайды, – дейді дәрігер Бек Мункубаев.

 

Құлаққа ота жасаудың жаңа тәсілдері

 

Қазіргі кезде медицинаның дамуына құралдардың жақсаруына байланысты есту жолдарына түрлі ота түрлері жасалады. Диагностика жүргізу жағынан да қиындықтар жоқ. Құралдардың жаңашылдығына қарай бүгінде науқастар дәрігермен бірге өздерінің құлақтарының барабан пердесін бірге көре алады. –Бүгінде еліміз бойынша Нұр-Сұлтан қаласында №1, №2 қалалық ауруханаларда, Президент ауруханасының ЛОР бөлімшелерінде ота жасалып жатыр. Ота портал арқылы және ақылы түрде жүргізіледі, – дейді ЛОР дәрігері Бек Мункубаев.

 

   Мақталы таяқшалардың зияны мен пайдасы

 

Құлақты тазалауға өте мұқият болу керек. Әр адамның құлағы анатомиялық ерекшелігіне байланысты сыртқы және ішкі құлақ жолдары әр түрлі болып келеді.

 

– Кейбір адамдарда сыртқы құлақ жолдары табиғи туылғаннан бері тар болып келеді. Сондықтан жиналған құлықтың шықпай қалуы да мүмкін. Құлықтың шықпауы, тығыздығы да әр түрлі болады. Бұлық кей адамдарда сұйық, қоймалжың немесе қатты болуы мүмкін. Түсі де сары, қоңыр түрде өзгеше болып келеді. Кей адамдар сары сұйық құлықтарды ірің ағып жатыр деп ойлап қалуы мүмкін. Ол адамның табиғи құлығы болып саналады. Ал құлақты тазалауға келетін болсақ, үйде көп науқастар өздері тазалаймыз деп мақталы таяқшамен ары қарай бұлықтарын итеріп алуы мүмкін. Егерде бұлықты ары қарай итеріп, барабан пердесіне барып тұрып қалатын болса, оны шығару өте қиын. Сондықтан мақталы таяқша тиген сайын бұлық ісіне бастайды. Ол адамның жүйке жүйесіне әсерін тигізіп, құлағын ауырта бастайды, Сол кездерде өзіңіз бұлықтың ары қарай жылжығанын білсеңіз ЛОР дәрігердің өзі тазалап бергені дұрыс,– дейді дәрігер.

 

Негізі адам сөйлегенде, тамақ ішкенде төменгі жақ сүйегінің қимылдауы сол вибрация арқылы бұлықтың өзі норма кезінде шығып тұрады екен. Егер де құлақты сіріңкемен, арнайы таяқшалармен тазаласаңыз инфекция түсуі мүмкін. Тіпті дәрігерлердің айтуынша кейде сыздауық пайда болуы мүмкін. Сондай жағдайларға жеткізбеу үшін, құлақты арнайы маманға тазалатыңыз.

 

Құлақ гигиенасы

 

Құлаққа да арнайы күтім қажет. Үнемі тазалап, ішкі және сыртқы қабатын жуып отыру керек. Бірақ құлақтың ішіндегі тері қабатына зақым келтіруге болмайды.

 

– Құлаққапты көп тағудың үлкен зияны бар. Оның салдары қазір білінбесе де кейін зардабын тигізуі мүмкін. Үнемі қатты дыбысты музыка құлақтың барабан пердесін үнемі тербеліске әкеліп тұрғаннан кейін ортаңғы құлақ арқылы есту жүйесіне кері әсерін тигізеді. Салдарынан адамның құлағына зақым келіп, құлақта шу пайда болады. Ол шу адамның дұрыс жұмыс істеуіне, дұрыс ұйықтауына әсерін тигізеді. Кей жағдайларда құлақтың есту нервін кесіп тастайын жағдайлар да кездесіп жаады. Сондықтан құлаққапты керек кезде ғана тағу керек,– дейді Бек Мункубаев.

 

Құлақтың бітелуі аурудың белгісі ме?

 

Кейде құлағымыз бітеліп жатады. Бірақ адамдар оған мән бере бермейді.

 

– Құлақтың бітелуі аурудың белгісі болып саналады. Құлақ сырт жақтан, немесе мұрын жақтан бітелуі мүмкін. Себебі мұрын дұрыс демалмай түтікше арқылы ауа құлаққа бармаса, онда құлаққа белгілі бір мөлшерде ауа бөлінбейді. Ауа бармайтын болса, құлақ бітеледі. Кейде ұшақпен ұшқан кезде құлақ бітеледі, ауырады. Ол мұрынның желдету функциясы бұзылғаннан болады. Соған жеткізбеуіміз керек. Әрбір құлақтың бітелгені бір сырқатттың белгісі болып келеді. Сондықтан ондай кезде ЛОР дәрігердің кеңесіне жүгіну керек, – дейді маман.

Құлақ ауруларын қалай емдеуге болады?

 

Дәрігердің айтуынша адам кенеттен керең болып қалуы мүмкін.

 

– Кенеттен пайда болатын кереңдік адам ешқандай сырқатпен ауырмай жүріп, орын алуы мүмкін. Ол адамның ішкі құлағына қан құйылып кетуі салдарынан пайда болады. Қан құйылу қатты күйзелістің салдарынан туындауы мүмкін. Мұндай жағдай менің тәжірибемде кездескен. Алматыда әскери госпитальде жұмыс істеп жүргенімде бір солдаттың аяқ астынан керең болып қалған жағдайы болған. Тексеріс жүргізіп, компьютерлік томография жасағанымызда құлағына қан құйлғандығы анықталды. Жап-жас жігітпен болған жағдайда ешқандай ем жоқ. Кереңдік кезінде есту аппараттарының да көмектері болмайды. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі, – дейді ЛОР дәіргер Бек Мункубаев.

 

Құлақ неге шыңылдайды?

 

Құлақтың шыңылдау себебі өте көп. Отолоринголог дәрігерлер құлақтың шыңылдауын неврапотолог, кардиолог дәрігерлерімен бірге емдейді.

 

– Артериялық гипертанзия ауруымен ауыратын науқастарда және қан қысымының көтерілуі, түсіп кетуі салдарынан құлақ шыңылдауы мүмкін. Кейде кейбір дәрілердің токсикалық әсері, мойын омыртқасының остехандрозы да құлақтың шыңылдауына әсер етеді, – дейді ЛОР дәрігері.

 

Бүгінде құлақ ауруларының ауырлығын зерттеу тәртібін, барабан қуысын зерттеу үшін аудиометрия, темпанометрия әдістері арқылы зерттеу жүргізіп, ем тағайындалады.

 

 Есту аппараттары

 

Бүгінде есту аппараттарының түрлері көп. Нарықта шығып жатқан көптеген аппараттардың басым бөлігі Дания, Швейцария және Ресейден шығарылады. Олардың сапасына қарай бағасы да әр түрлі.

 

– Құлаққа киетін аппараттар құлақтың сыртқы бөлігіне тағатын және ішкі бөлігіне киетін аппараттар болып бөлінеді. Құлақтың ішкі бөлігіне киетін аппараттар қымбаттау болады. Олардың бағасы өндірілген елге және қанша каналды екендігіне байланысты. Каналдың көптігі сырттағы дыбыстардың көптүрлілігін жыратуға арналған, – дейді ЛОР дәрігері.

 

Бүгінде дәрігерлердің айтуынша генетикалық аурулардың ішінде туа біткен кереңдігі (кохлеарное имплантация) бар балалардың ауруы көбейіп келеді. Ол үшін құлақтың артындағы сүйекке ота жасау арқылы емдеу шаралары жүргізіледі. Имплантациядан кейін дыбыстың есту, дыбыс толқындарын қабылдау жағдайы жоғарылайды.

 

 

– Есту аппараттарын киместен бұрын аудиометрия жасаймыз. Құлақ қалқаншасы, сыртқы есту жолдары, барабан пердесі, ортаңғы құлақтың ішіндегі үш сүйек, солардың сырқаттары кезінде дыбысты өткізгіш жолдар деп аталады. Және де дыбысты қабылдау жолдары бар. Оған жүйке, мидағы дыбысты қабылдау орталығы жатады. Соған байланысты төрт дәрежедегі кереңдік деп бөлеміз. Одан кейін толық кереңдік деп бөлінеді. Алдыңғы 1,2,3 дәрежеде науқастарға жылына 2 рет амбулаторлық ем қабылдатамыз. Дәрумендер қабылдап, физио ем тағайындаймыз. Аппарат киетін адамдар да үнемі тұрақты түрде ем қабылдауы керек. Себебі жүйке жүйесін үнемі дәрілермен,дәрумендермен қамтамасыз етіп отыру керек. Аудиометрияны жылына 2 рет жасап тұрған дұрыс. Өткен жылғы аудиометриясымен салыстырамыз. Және де сурдолог дәрігерлермен бірге науқастарды қадағалап отырамыз,– дейді Бек Мункубаев.

Құлақ ауруларын қалай емдеуге болады?

 

Дәрігер сұқбат барысында үй жағдайындағы ем қабылдауға болмайтындығын ескертті. Халық арасында жаңа босанған ананың сүтін тамызу және басқа да дәстүрлі ем түрлерін қабылдау құлағыңызға зиянын тигізуі мүмкін.

 

– Құлақта кездесетін онкологиялық аурулар болды. Олар өте сирек кездеседі. Ол ішкі және ортаңғы құлақтың терісінде, қан тамырларында кездесуі мүмкін. Қазақстан бойынша бұл аурулар өте сирек кездеседі. Ол аурулар аневризма, гемангиома деп аталатын сырқаттар, – дейді дәрігер.

 

Сөз соңында айтарымыз құлағыңыз ауырса, шуылдап, бітелген жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз. Аяқтан, денеден өткен суық құлаққа жетеді. Сондықтан құлағыңыз ауырса, құлықсыз қарамаңыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға