Жаңалықтар

Жасаған отаның саны емес, нәтижесі маңызды

Балалар нейрохирургы Мұхтар Ибрагимовпен сұхбат
Жасаған отаның саны емес, нәтижесі маңызды
20.02.2019 13:55 6262

Қазіргі уақытта отандық нейрохирургия саласында жаңалық жетерлік. Оның ішінде ми ісігі, бас сүйегі  мен омыртқа, жұлын жарақаттарына жасалынатын қиын да қауіпті оталар заманауи әдіс-тәсілдердің арқасында отандық медицина жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Осы салада он жылдан аса қызмет етіп келе жатқан білікті дәрігер Мұхтар Ибрагимовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Мұхтар Ибрагимов – Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғарғы санатты дәрігер. Ол сонымен қатар, оңтүстік астанамыздағы перзентханалар мен ауруханаларға шұғыл кеңес беріп, оталарға қатысып, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Өткен жылы Мұхтар Дарханұлы Алматы қаласының әкімінің «Ең үздік дәрігер» алғыс хатын алды. Әрине, бұл номинация артында қаншама төгілген тер, жұмсалған күш жатыр.

– Мұхтар Дарханұлы, меніңше адам өзге кәсіпті атқарады, қызмет етеді, ал медицинаға келген адам бұл мамандыққа өмірін арнауы керек. Сіз бұл мамандықты неліктен таңдадыңыз?

– Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, медицина саласына қатты қызықтым. Бала кезде өзіңіз білетіндей кез келген баладан сұрасаңыз дәрігер не мұғалім боламын дейді ғой. Бірақ олардың тек бірен-сараны ғана айтқанында тұрып, сол екі мамандықты таңдайды. Мен өз арманыма берік болдым. Орта мектепті бітірген соң, ата-анаммен ақылдаса келе, Алматы мемлекеттік медицина институтына (қазіргі Қазақ ұлттық медициналық университеті) педиатрия мамандығына оқуға түстім.

– Медицина өз алдына қиын сала, оның ішінде неге өте күрделі нейрохирургияға қызықтыңыз? Қашаннан бері нейрохирург болып жұмыс жасап келесіз​?

– Расында медицина маманы болу үшін, білім мен біліктілік керек. Әсіресе, нейрохирургияға кіретін бас миы ішінен, ми қабыршағынан туындайтын орталық жүйке жүйедегі ісіктер, жұлын миы мен омыртқаның ісіктері, бас ми бағанасындағы әртүрлі жарақаттар, мишықтың ісіктері, міне осы секілді дерттермен бетпе-бет келіп, оларға шұғыл шара қолдану уақыт пен тәжірибенің арқасында келетін күрделі жұмыс. Өзім интернатураны балалар хирургиясы бөлімі бойынша тәмамдағам. Институтта оқып жүргенімде, теорияны тәжірибемен қатар алып жүру мақсатында №1 қалалық клиникалық балалар ауруханасына мейіргер ретінде жұмысқа тұрдым. Кейін өз біліктілігімді көрсетіп, оқуымды аяқтаған соң, хирургия мен травматология бөлімшелерінде дәрігер ретінде қызмет атқарып, қиынды да қызықты сала нейрохирургия бөліміне ауысам деп шештім. Себебі, мен жұмыс жасаған ауруханада жедел түрде қосарланған бас миының жарақаттарымен, аяқ-қолдың сынығымен балалар өте көп түсетін. Сол үшін нейрохирургия бойынша білімімді арттырып келдім. Міне, бұл салада жүргеніме он үш жылдан асып жатыр.

– Балалар мен ересектер нейрохирургиясының ерекшелігі қандай? Сәбилерде қандай патология жиі кездеседі​?

– Балалар мен ересектер нейрохирургиясы айтарлықтай ерекшеленеді. Кейде баладағы патологияны ересектерде мүлде кездестірмейсіз. Балалардағы туа біткен патологияға заманауи нейрохирургия араласпаса, бүлдіршіннің организмінде айтарлықтай кемшіндер болып, ол қоғамға дұрыс бейімделмеуі де мүмкін. Мәселен, бас мидағы ми жұлын сұйықтығының шамадан тыс жиналуы – гидроцефалияны айтуға болады. Бұл проблеманы дер кезінде шешсе, бала өз қатарластарынан қалмай дамып, жетіледі. Сол сияқты балалар арасында кездесетін инсультті ерекше айтып кетер едім. Бала мен ересектердегі инсульттің айтарлықтай айырмашылығы бар. Бұл жерде невролог емес, білікті нейрохирургтың көмегі керек. Сонымен қатар, туа біткен орталық жүйесінің ақауларымен, омыртқа жотасының аномалиясымен, жұлын бас миының жарықтары, бас ми жарақаттары, ми қан айналымының бұзылыстарымен көп түседі. Тағы бір ерекшелік – бала өзінде болған жайсыздықты, симптомдарын ашып айта алмауы. 

  «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісісіз. Бөлімнің жылдық өліммен аяқталатын оқиғалар көрсеткіші қандай​?

– Бөлімнің жылдық өліммен аяқталатын оқиғалары емделіп кеткен науқастардың 0,2% - 0,3%-ын құрайды. Бұл төмен көрсеткіш, десе де әрбір науқастың аяқтан тұруы біз үшін өте маңызды. Олардың жазылып, қатарға қосылулары үшін қолымыздан келгенінің бәрін жасаймыз.

– Медицина жылдам қарқынмен дамып жатыр, оның ішінде сіздің салада нендей жаңалықтар бар? Қандай жаңа технологиялар келіп жатыр?

– Қазіргі уақытта нейpoxирypгиялық диaгнocтикaның негiзгi тәсiлдеpi – кoмпьютеpлiк, магниттi-pезoнaнcты тoмoгpафия және aнгиoгpафияның, микpoхиpypгиялық тәсiлдеpдiң, oпepaциялық микpocкoптapдың дaмуы бaccүйeк, мидың зaқымдaнy дәpeжеciн aнықтaп, бұpын қoл жeтпeгeн ми iciктepiн aлып тастау мүмкін болып отыр. Сол сияқты әлемдік тәжірибелерге байланысты шетелдік технологиялармен толығып жатырмыз. Оның қатарында нейронавигация, эндоскопия, микроскопиялық эндоскопиялар бар. Нейронавигацияның арқасында инсультқа әкелетін ісіктерді миды зақымдамай, жақын жолмен алып тастауға болады. Және бұл отаның ұзақтығының азайтып, одан кейінгі асқынулардың алдын алады. Жалпы, бас, ми, жұлынға операция жасау заманауи құрал-жабдықтарсыз мүмкін емес. Мәселен, көлемі 7-8 миллиметрге жететін омыртқа аралық жарықты лазер арқылы күйдіреміз.

– Өте сирек кездесетін аурулар болып тұра ма? Оларға ем қолдану қиындық туғызбай ма?

– Ілгеріде айтып кеткенімдей, науқастар түрлі дертпен келіп жатады. Біз жедел топтағы және жоспарлы науқастармен жұмыс жасағандықтан, әртүрлі жарақат алған балаларды қабылдаймыз. Білікті мамандар мен жаңа технологиялардың арқасында барлық дерлік ауруға шипа боларлық шара қолданамыз.

– Алғашқы операцияңызды еске түсірейікші...

– 2006 жылы қабылдау бөлімінде жұмыс жасаған кезімде алғашқы операциямды өткіздім. Алдыма екінші қабаттан құлап кетіп, бас сүйегін сындырып, миының ішіне қан құйылған бес жасар бала келді. Әрине, толқыныс пен қорқыныш бойымды кернеді. Десе де, отам сәтті өтіп, науқас көп ұзамай үйіне қайтты.

– Бүгінге дейін 900-ден аса операция жасапсыз, оның ішінде жиі жасайтын отаңыз қайсы?

Нейрохирургия өте ауқымды сала. Мұнда бір бас миының өзінде бірнеше түрлі патологиялар болып жатады. Әртүрлі жарақаттармен науқастар келеді. Сол себепті, бір операция көп қайталана бермейді. Алайда, жасаған операцияның саны емес, олардың сапасына аса мән беру керек.

– Отандық медицина саласының даму деңгейі қандай?

– Отандық медицинаның даму қарқыны өте жоғары. Қаншама дәрігерлер шетелдік мықты оқу орындарын тәмамдап, жоғары жетістікке жетіп жүрген ауруханаларда тәжірибе алмасуда. Олардың біліктілігін арттырғаны отандық медицинаның дамып-жетілуіне өлшеусіз үлес қосуда. Сол сияқты заманауи технологиялар да қолжетімді болып отыр. Десе де, бұл жағдайлардың барлығы облыс орталықтары мен ірі қалаларда орын алуда. Ал шеткі аудандардағы медицинаның халі мүшкіл. Сол себепті жергілікті тұрғындар ем іздеп, қала мен облыс орталықтарына ағылуға мәжбүр. Мұның барлығы уақыттың ағымымен өз қалпына келеді деп ойлаймын. Себебі, білікті жастарды аудан-ауылдарға жіберу үшін де қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Оған қоса, медицина университетін тәмамдаған көп жастар жалақының аздығына көңілдері толмайтынын айтып жатады. Медицина қызметкерлерінің тұрмыстық жағдайы жақсаратын болса, бәсекелестік те өсіп,  жастарымыз білімін тереңдетіп, ізденіп, қызығушылықтары арытар еді. Жақында ҚР Денсаулық министрі Елжан Біртанов орташа жалақы 142 мың екенін айтып кеткенін білесіз. Жылдан жылға өсім барын да ашып айтты. Әрине, осы қалыптан таймаса, медицинамыз одан әрі дами түседі.

– Сіздің жұмысыңыз эмоциналды тұрғыда өте ауыр. Әрдайым маңызды шешімдер шығаруыңыз керек. Сіздің әр шешім, әрекетіңізге адам өмірі байланысты. Стресспен қалай күресесіз?

– Нейрохирургия саласына бет бұрғаныма ешқашан өкінген емеспін. Жұмыс ауыр, өзіңіз айтып отырғандай, стрестік жағдайлар жиі болып тұрады. Бірнеше сағаттап ота жасайтын кездеріміз де көп. Осының бәріне ұстамдылықпен қарап, сабырлы қалпымыздан таймауға тырысамыз. Ең бастысы – эмоциямен күрес емес, ота жасалған, ем қабылдаған бүлдіршіндердің айығып шығуы.

– Сұхбатыңызға көп рақмет.

(Суреттер дәрігердің жеке мұрағатынан)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға