Жаңалықтар

Вейп: еліктіру ме, еріктіру ме?

Электронды сигареттің бұл түрінің зияны көп
Вейп: еліктіру ме, еріктіру ме?
16.09.2019 11:36 19215

Бұған дейін «вейп» сөзін естіп пе едіңіз? Ал көшеде  қолындағы құрылғысын құшырлана тартып, бу үрлеп жүргендерді көрген боларсыз. Иә-иә, олар қаптап жүр. Сонымен, «вейпинг» дегеніміз не? Ол ағылшынның «vapе» - «буды жұту және шығару» сөзінен шыққан.

Вейп – аккумулятор және буландырғыштан тұратын электронды сигареттің бір түрі. Шылымқорлар бұл аппаратты денсаулыққа ешқандай қаупі жоқ деп есептегенімен, жақында АҚШ-та алғашқы вейпердің өлімі тіркелді. Содан кейін тағы вейп-қолданушы төрт адам ажал құшты. Бірнешеуі белгісіз аурудың кесірінен аурухана төсегінен бір-ақ шыққан. Ендігі, АҚШ билігі барлық электронды сигареттің түрін қолдануға тыйым салуды көздеп отыр. Мұхиттың ар жағындағы мұндай жан түршігерлік оқиғалар біздің елге жеткен жоқ. Алайда, «жеткен жоқ» деп, одан әрі хош иістендірілген буды жұтып отыра беруге бола ма?

Вейптің құрамы қандай?

Біріншіден, вейп құрамында тұрмыстық химия заттарында кездесетін пропиленгликоль бар. Оның адам ағзасына зиян келтірмейтіні туралы бірде-бір дәлелденген ақпарат жоқ екен.

Екіншіден, онда глицерин кездеседі. Алайда, ол жанған кезде денсаулыққа қаншалық әсер ететіні жөнінде зерттеулер жүргізілмеген. Адам не жұтады? Одан зиянды нәрселер бөліне ме?

Үшіншіден, вейптің құрамына аллергия шақыруы мүмкін хош иістендіргіштер кіреді.

Вейп – девайстардың келесі ұрпағы. Оны қолдану үшін арнайы сұйықтық құйып, дәмі мен қаттылығын нақтылап қойсаңыз жеткілікті. Прибор сыртынан қарағанда сигараны немесе темекі тартатын түтікшені еске салады. Оны көбінесе шылыммен алмастыру үшін немесе есірткі заттарсыз хош иістендірген буды жұтуды қалайтындар қолданады.

Вейп өзіне қалай тартады?

Әлеуметтік желіде Самат есімімен отыратын вейпер шылым шегуді доғару үшін осы құрылғыға көшкендігін айтады.  «Одан кейін темекі иісінен құтылғым келді. Менің естуімше, вейптің адам денсаулығына ешқандай зияны тимейді, себебі одан шайыр бөлінбейді». Тағы бір вейпер бұл құрылғымен бу жұту 95% зиянсыз дегенді алға тартады.

Саматтан басқа да электронды бу жұтуды қалайтындар көңіл көтерудің «зиянсыз түрін» дәл таптық деп мәз. Сол сияқты кейбірі қызықты әңгіме-дүкен құру кезінде және шоу көрсету мақсатымен пайдаланатын болып шықты. АҚШ-та вейпингтің танымалдылығы сондай оның жаңа бағыты «клаудчейсинг» өмірге келген. Бұл – түтіннен әртүрлі пішінде бұлттар жасайтын өнердің бір түрі. Клаудчейсингтен жиі-жиі фестивальдар мен батлдар ұйымдастырылып, кәсіби вейперлер сынға түсіп жатады.

Ағзаға қалай әсер етеді?

Пульмонолог Анна Жарылғапова вейпті қолданатындарды екі топқа бөліп қарастырады. Біріншісі – темекі тартуды мүлде тоқтатып, вейпке көшкендер. «Бұл жағдайда шеттен тыс қолдана бермесе, уронның ағзаға тигізер зияны азаяды» дейді ол. Ал екіншісі – бұрын шылым шекпеген, сәнге еріп, вейп қолдануды бастағандар. Ол көбі ойлайтындай организмге залалсыз елірткіш емес. Вейп этикеткасында никотин туралы бірде-бір сөз болмаса да, құрамында ол кездесуі мүмкін. Одан бөлек, қысым көтерілгенде және электронды құрылғының қуатына байланысты отыздан аса уландырғыш заттар (формальдегид, ацетальдегид, акролеин, ацетон) бөліне бастайды.   

Дәрігер вейп буында темекі түтініндегі өкпенің эптелий жасушаларын құртатын күйе мен шайыр жоқ болғанымен, сұйықтық тамшысы дем алатын жолдарда тұрып қалып, оның жұмысын қиындатуы мүмкін екенін ескертеді. Қанға аз оттек түсіп, гипоксия (оттектің жетіспеуі) туындайды.  Нәтижесінде ішкі жасушалық процесстер бәсеңдеп, қартаюға алып келетін процесстер жұмысын күшейте түседі. Вейпті көп пайдаланған сайын, сілекейдің бөлінуі күшейіп, бронхта микробты қақырық жинала бастайды. Әрине, оның денсаулыққа алып келер пайдасы шамалы.

 Жалпы, вейп зияны соңғы уақытта көбірек анықталып отыр:

- Ғалымдар хош иістендіргіштерді зерттей отырып, олардан 75% диацетил токсинді химикатының кездесетінін анықтаған. Ол өлімге жетелейтін «попкорнды ауруды» дамытатын болып шықты. Диацетил көптеген хош иістендіргіштерде (жемісті хош иістендіргіш, кондитерлік тағамдардың иісі, кәмпит) кеңінен қолданылады. Осындай азық-түліктердің май иісіне пайдалану бронхиолиттің дамуына соқтырады.  Бұл ауру попкорн өндіретін компанияның қызметкерлерінде кездесіпті. Яғни, диацетилді тағамдарға қосуға рұқсат болғанмен, оны көп уақыт бойы иіскеп жүру – дертке шалдықтырады. Тыныс алу жолдарында артық проблемаларға жолыққыңыз келмесе, диацетилден сақ болған жөн;

- Пропиленгликоль ағзада жинала келе, аллергиялық реакция тудырады. Тіпті, іріңге ұласып, бауыр мен бүйрек жұмысына аса зақымын тигізеді;

- Акрелеин көздің шырышты қабаты мен тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, жас ағуына, мутагендік сипатқа әкеледі. Ал формальдегид орталық жүйке жүйесіне әсер етеді;

- Сұйықтықтағы хош иістендіргіштер аллергиялық дерттер тудырып, демалу жолдарынан бастап, бронхты демікпеге дейін жеткізіп жатады;

- Сұйықтықтағы никотин өзіне тәуелді етіп, рак ауруына апаруы ғажап емес;

- Түтінді тарту ауыз қуысын құрғатып жібереді;

- Никотині бар буды ішке жұту: бас айналдырып, жүрек айнытып, бас ауыртып, сілекейді көп бөліп, іш ауруын тудырып, диаррея мен жалпы әлсіздікке апаруы мүмкін;

- Корея елінің ғалымдар вейп сұйықтығына зерттеу жүргізіп, оннан аса токсиндердің түрін анықтаған;

- Жай темекіден электронды құрылғыға көшу «шылымды қоямын» деген мақсатқа жеткізбеуі мүмкін;

- Аккумулятордың қызып кетуіне байланысты құрылғы жарылып кеткен оқиғалар кездеседі;

- Бір құрылғыны көпшіліктің пайдалануы гепатит пен туберкулезге шалдықтыруы ықтимал;

- Вейпті қоғамдық орында пайдалану басқаларды да өзіне баурап әкетуі мүмкін. Яғни, темекі шекпейтіндердің өзі оны қолданып көруге ұмтылады;

- Вейпті тарту психологиялық тәуелділікке алып келеді.

Кімдерге электронды сигаретті пайдалануға болмайды?

- аяғы ауыр әйелдер;

- аллергиясы бар жандар;

- 18 жасқа толмағандар;

- шылым пайдаланып көрмегендер.

Әрбір электронды құрылғыны пайдаланатындар білуі тиіс:

- Шегуге арналған мұндай құрылғылар кәдімгі темекінің баламасы емес;

- Электронды сигарет рак, жүрек пен өкпенің ауруларын тудыруы мүмкін;

- Электронды құрылғыларды шегу никотинге тәуелділіктен арылтпайды.

Қауіпсіз сұйықтықты қайдан алуға болады?

Елордалық вейп-шоп дүкенінің сатушы-кеңесшісі сұйықтықты дистрибьюторлар арнайы АҚШ, Ресей, Малайзия елінен әкелетіндігін айтады.

«Біздің дүкенде арзанқол сұйықтықтар немесе қытайлық құрылғылар сатылмайды. Тек өндіруші компаниялардан делдалдар арқылы алдырамыз. Сол сияқты ол елдердің өнімдері де ішінара сапасы жағынан ерекшеленеді. Біреулердікі 500-1000 теңгедей қымбат келеді. Біз сатылып жатқан өнімдерге толық кепілдік береміз. Әлі күнге дейін «сіздердің сұйқтықтарыңыздан осындай ауруға ұшырадым» деп ешкім шағым түсірген емес», – дейді сатушы-кеңесші.

Ол арнайы никотин қосылған сұйықтықтардың да келетінін айтады. «Кейде сатып алушының өтінішіне қарай, таңдаған дәміне никотин қосып береміз», дейді.

«Қазір вейп қолданушылар өте көп. Алдымыздан адам үзілген емес. Жалпы, сұйықтықты осындай арнайы дүкендерден алу керек деп есептеймін. Алғанда бірден этикеткасына қарап, жарамдылық мерзіміне назар аудару керек. Содан кейін құрамы мен өнім шығарушының мекенжайына, техникалық қызметтің нөмеріне көз жүгірткен дұрыс» – дейді вейп-шоп дүкенінің кеңесшісі.

Ол сұйықтың сақталу орнына да мән беру керектігін алға тартып отыр. Құтыны күн сәулесі түспейтін, қараңғы жерде сақтау керек.  Айтпақшы, бұл дүкен – +18.

Ал вейп құрылғы мен сұйықтықтардың бағасы қандай?

Базалық үлгілері 5 мың 13 мың теңге аралығында тұрса, жартылай кәсіби түрлері 15 мың 25 мың, кәсіби үлгілері 40 мың 100 мыңға дейін жетеді екен. «Ал сұйықтықтар 2 мың теңгеден басталады. 25 мыңға дейін сапалы жақсы өнімдер таңдауға мүмкіндік бар» дейді сатушы-кеңесші.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға