Жаңалықтар

Шұбайқызылды көруге Швейцариядан келген жұп

«Қызыл кітапқа» енген Грейг қызғалдағы өсетінін естідіңіз бе? 
Шұбайқызылды көруге Швейцариядан келген жұп
Фото: Фотосуреттерді түсірген автор 27.04.2017 14:53 16969

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында Шұбайқызыл атты төбе бар. Жыл сайын сәуір айында бұл өлкені алқызыл қызғалдақтар көмкеріп, кілемдей құлпырып жатады. Қызылды-сарылы қызғалдақтар бар-жоғы екі апта ғана ғұмыр сүргеніне қарамастан келушілерге қуаныш сыйлап, ерекше әсер қалдырады. Аяғыңның астындағы сұлулықты таптап кетпейін деп, қадамыңды аңдап басып, аялай қарайсың.  Көз алмай, тамсана қарап отыра бергің келеді.

Бұл шоқтығы биік төбе ұзақ жылдар бойы «Красная горка» есімімен аталып келген. Көкке шығып, бой жазып, демалуға келгендер қызғалдақтарды аяусыз жұлып, армансыз таптап, жаншуға көшкен. Жазушы Мархабат Байғұт бұл жағдайға бей-жай қарамай, табиғаттың әдемі перзентін қорғау туралы мәселені жиі көтеріп жүрді. Шұбайқызыл атауын қайта қалпына келтіру үшін де тер төкті. Осылайша бұл сұлу өлкеге «Шұбайқызыл» атауы қайта оралды.

Шыны керек, Оңтүстікте, тіпті Түлкібаста тұрып Шұбайқызылға бармағандар көп. Ал Ян мен Анна Россет қызғалдақтың отанын көруге Швейцариядан арнайы келіпті.

– Біздің жасымыз 64-те. Зейнеткерміз. Қаржы жинап, жыл сайын әр елдің тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен, табиғатымен танысуды мақсат тұтқанбыз. Қазақстанға бірінші рет жолымыз түсіп отыр. Байқоңырды көрдік. Сосын «Ақсу-Жабағылы» қорығы мен қызғалдақтарды көруге келдік. Ғажап. Әлемнің қаншама елінде болдық. Бірақ табиғи қызғалдақтарды, мұндай сұлулықты бірінші рет көруіміз. Мұндай әдемілікпен туристерді көптеп тартуға болады. Және көздің қарашығындай сақтау керек, - дейді Ян Россет.

Өкініштісі сол, жыл сайын қызғалдақтар азайып келеді. Содан кейін бе, көрген жанның көзін тойдыратын табиғаттың осы бір әдемі өлкесін сақтап қалу, қорғау аясында түрлі фестивальдер, шаралар ұйымдастырылады. Біз кеше «Шырайлым Шұбайқызылым» атты сондай фестивальдің біріне куә болдық. Оқушылар Шұбайқызыл шоқысына жыр арнады, табиғат аясында сурет салды. Соңында жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар үлестірілді.

– 1977 жылдан бері бұл жер мемлекеттің қарауындағы аймақ болып саналады. Жыл сайын облыстық орман шаруашылық инспекциясы мен ұлттық парктің өкілдері, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері бұл жерде қорғау жұмыстарын жүргізеді. Әр адамның қаперінде жүрсінші, қызғалдақтың баданасы 5 жылда бүр жарса, жұлынған қызғалдақ 8-10 жылға дейін өсіп-өнуін тоқтатады. Сондықтан Шұбайқызылға келушілерден қызғалдақтарды жұлмауын өтінеміз. Егер бір тал гүлді жұлса 0,5 АЕК , яғни 1 134 теңге айыппұл төлейсіз, - дейді «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының қызметкері Эльмира Жұманова.  

Біздің елімізде қызғалдақтың 30-дан астам түрі бар екен. Ал Шұбайқызылда гүл ашатын Грейг қызғалдағы тіпті «Қызыл кітапқа» енген. Шұбайқызыл сияқты қызғалдақтың шоғырын сақтап қалуды тек іс-шарамен шектемей, айналасын қоршап, жүйелі жұмыстар жүргізудің уақыты жеткендей. Бұл алқапты арнайы қоршап, келушілерге қатаң талап қоймасақ, 20 гектардай жерде ғана қалған қызғалдақтардан айырылып қалар түріміз бар.

Осы біз қолда барды бағалауды қашан үйренер екенбіз?

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға