Жаңалықтар

14 желтоқсан кинопремьералары

Қандай киноға барасыз?
14 желтоқсан кинопремьералары
14.12.2017 16:44 5414

Әйгілі «Жұлдыздар соғысы» кинодастанының жаңа эпизоды, отандық «Неделимое» қылмыстық комедиясы, Болливудтың «Қазақфильммен» бірігіп түсірген «Туған үйім – тірегім» отбасылық драмасы, Англия патшайымы Викторияның өз қызметшісі Абдулмен достығы туралы баяндайтын тарихи драма, «Полуночный человек» хорроры, Ресейден келген «Новогодний переполох» және «Девушка с косой» жаңажылдық комедиялары және Австралияда түсірілген «Мой любимый динозавр» отбасылық фэнтезиі.

«Звёздные войны: Последние джедаи» - «Star Wars» киноғаламының үшінші трилогиясына кіретін екінші фильм. Яғни хронологиялық ретпен санасақ – сегізінші эпизод. Сюжеті 2015 жылы шыққан «Пробуждение силы» фильмінің оқиғасын жалғастырады. Дэйзи Ридлидің орындауындағы басты кейіпкер Рей - өз бойындағы күшті оятады және тәлім алу үшін соңғы джедай Люк Скайуокермен кездеседі. Ал әкесін өлтірген Кайло Рен Бірінші орденде жоғары атаққа ие болады. Оның анасы - Қарсылық лидері Лея одақтастарымен бірге зұлымдыққа қарсы жаңа миссия бастайды.

Айта кетелік, франшизаның басты персонаждарының бірі – Лея Органаны соңғы рет көреміз. Оны ойнап келген актриса Кэрри Фишер былтыр қайтыс болды.

Қосымша оқыңыз: «Жұлдыздар соғысының» мәдени мұрасы

Олжас Ахметов есімді жас режиссердің алғашқы толықметр жұмысы – «Неделимое» Азиз Бейшеналиев, Берік Айтжанов, Нұржан Садыбеков, Шыңғыс Қапин, Асан Мәжит, Ерден Телемісов, Ербол Семқұлов секілді отандық жұлдыздардың басын қосып отыр. Камералы кино бағытына жататын туындыда инкассация машинасын тонаған қылмыскерлер туралы баяндалады. Қашып келе жатып олар жол бойындағы кафеге тоқтайды. Олар бұл жерде күтпеген ортаға тап болады. Мәселенің бір жағына шықпаса - жағдай ушыға түспек.

«Туған үйім – тірегім» - қазақ тіліне дубляждалған үнді фильмі. Өйткені картинадағы оқиғаның бір бөлігі Алматыда өтеді. Сюжет бойынша үлгілі үнді отбасының шаңырағында туған Хуши есімді бойжеткен, ата-анасының қарсылығына қарамастан, биден дәріс беретін Раджа есімді жігітке ғашық болады. Қос ғашық жасырын үйленіп, шаңырақ көтереді. Алайда, кенеттен бәрі де өзгереді. Сүйіп қосылған күйеуі танымастай өзгеріп, Хуши далада қалады. Уақыт өте жақындарының қолдауымен бойжеткен Алматыға келіп, жұмысқа орналасып, биіктерден көрінеді.

«Виктория и Абдул» - шынайы оқиғаға сүйенген британ драмасы. Тарихи фильмде 18 жасынан бастап ел басқарған, Ұлыбританияның, Ирландияның патшайымы, Үндістанның императоры болған Виктория мен оның қызметшісі Абдул арасындағы қарым-қатынас айтылады. Патшайымды ағылшын актрисасы Джуди Денч ойнайды. Фильмді Стивен Фрирз түсірген. Актриса мен режиссер осыған дейін «Филомена» драмасында істес болды.

«Полуночный человек» - тылсым күш иесін шақыратын ойын туралы. Осы ойынды Алекс есімді бала әжесінің үйінен тауып алады. Ол достарымен бірге ойынның көмегімен Түнгі адам деп аталатын тіршілік иесін шақырады.

Фильмде жас актерлерден бөлек, хоррор кинотуындылардың жұлдызы – актриса Лин Шэй ойнайды.

«Новогодний переполох» - Ресейдің отбасылық комедиясы. Басты кейіпкер - бірбеткей, жалғызбасты, отставкадағы генерал Григорий Морозов. Бір өкініштісі сол, қария отбасы мүшелерін сирек көреді. Жаңа жыл қарсаңында оның көмекшісі ұл-қыздардың бәріне Морозовтың атынан хат жіберіп, сырқатқа шалдыққанын жеткізеді. Генералдың мұрасына үмітті туған-туыстың бәрі жиналады, тіпті он бес жыл көрмеген ұлы Дмитрий де келеді.

Бұдан бөлек «Девушка с косой» деген жаңажылдық комедия да шықты. Бірақ көрсетілімдер тек Алматыдағы «Silk Way Cinema» кинотеатрында ғана жүріп жатыр.

«Мой любимый динозавр» ‒ Австралияның отбасылық, қызық оқиғалы фэнтези жанрындағы драмалы картинасы. Фильмге режиссер болған, сценарий жазған және продюсерлік міндетті атқарған Мэтт Драммонд үшін бұл кинодағы дебют болып отыр. Сюжет бойынша сәтсіз болған биологиялық эксперименттің нәтижесі таңғажайып тіршілік иесі дүниеге келеді. Оны жасөспірім тауып алып, үйінде жасырып ұстайды. Мақұлық тез өсіп, қалада біраз шу тудырады. Әскерилер оны құрықтамақ болады, алайда жануарды қорғауға бір топ жасөспірім шығады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға