Қаламқас толымбекқызы

Мен білетін йога

Йогамен шұғылдану сәнге айналған заманда "соның не пайдасы бар?", "секта емес пе осы?", "біздің қазақи болмысымыз жат емес пе?" деген сияқты сұрақ, пікірлерді жиі естимін. Әдетте жақсы болсын, жаман болсын жаңа дүние сансыз сұрақ тудырады. Сол сұрақтардың азды-кеміне жауап беру мақсатында біліп-түйгеніммен бөлісіп, өзімнің бірнеше жылдық жеке тәжірибем мен одан алған әсерімді, йога жаттықтырушысы ретіндегі байқағандарымды, йогаға қатысы бар деген медицина саласындағы мамандардың сұхбатын жинақтап, ұсынуды жөн көрдім.
Йога тарихын түгендеу қиын. Дегенмен ғалымдардың айтуынша Инд өзені алқабында табылған және Инд өркениеті кезеңіне қатысты (б.э.д 3300-1700 жылдар) жазбаларда медитация немесе йога позаларында отырған фигуралар анықталған.
Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда Йога күні 2015 жылдан бастап өткізіліп жүр. Бірақ қазақстандықтардың йогамен таныстығы он жылдан астам уақытпен есептеледі. Өз басым йогамен Астанадағы фитнес-клубтардың бірінде сол кезеңде таныстым.

Алғашқыда өзге мәдениетке деген қызығушылық жетелеп апарғаны рас. Бірақ йоганың жағымды әсері көп күттірмей байқалды.

Дененің иілгіштігі артады, бұлшықет созылып, омыртқаға "жан біткендей" сезім пайда болады, арқаны тік ұстау деген әдетке айналады. Бұл мәдени трендтен бөлек, адам денсаулығына тигізер пайдасы көп екеніне көз жетті.
Йога және фитнес
Йоганың көптеген физиологиялық процестерді қалыпқа келтіруі миф емес. Адам ағзасы сағат механизміндей қызмет ететіні белгілі. Егер өзіміздің биоырғағымызға бағынып, уақытылы ұйықтап, үйлестірілген (балансталған) тағам ішетін болсақ, ағзаға ешқандай да қосымша реттеу жұмыстары қажет болмас еді.
Алайда, қазіргі стресске толы кезеңде дұрыс режимді сақтап жүргендер сирек болар. Осыдан кейін адам денсаулығына көмек ретінде қосымша құралдардың қажеттілігі туындайды.
Әрине, бұл үшін жалғыз ғана йога көмекке келе алады деу астамшылдық. Йога панацея да емес. Әркімнің өзінің жанына жақын, лайықты құрал таңдаудағы еркі өзінде. Менікі, өз көргенім мен байқағаныммен бөлісу ғана. Сонда да йога "Ақыл мен Тән" жүйесін қалыптастыруда оңтайлы жолдардың бірі. Зат алмасу процестері реттеліп, маусымдық тұмау аурулары азайып, иммунитет күшейіп, ауа-райына тәуелділіктен құтылу, қимыл-қозғалыс жеңілдеу сияқты өзгерістер байқалып, денсаулықтың түзелетінін тез арада көрінетін өзгерістер. Жаттығулардың, йога тілінде асаналардың, тыныстау техникалары - пранаяманың көмегімен осындай жетістіктерге жетуге болады.
Бастапқыда йоганы фитнес түрі деп қабылдау заңдылық болмаса да айғақ.
Нұржанарға йоганың әсері
Нұржанардың йогаға қатысқанына көп бола қойған жоқ. Дегенмен, әсері байқалады дейді ол.
Йога және психология
Йоганың адам психикасына әсері туралы.
Йоганың физиологиялық әсерінен кейінгі келесі байқалатын құбылыс - өзіңді байқау, терең зер салу, психикаңа талдау жасау, ой-сезімдерді, олардың ассоциациалық байланысын, эмоцияларыңды ажырата білу. Бұның бәрі өзіңнің мақсаттарыңды, армандарыңды, олардың орындалуын тежеп тұрған психологиялық шектеулеріңді тануға, ішкі процестер мен сырттағы өмірмен байланысын жете түсінуге көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, сезімталдық пен байқампаздық артады.
Бұл деңгейдегі йога адамның санасын өзгертуіндегі мықты психологиялық құрал екендігі айқын. Олай дейтінім, өмірімнің бір қысылтаяң кезеңінде тап болған йога психологиялық қолдаудың түрі болды. Көбіне йогаға келетін адамдардан түсетін өтініш - жүйкені қалыпқа келтіру, мазасыз ойлардан арылу, жеңілдену.

Йога денеге бағытталған психологиялық ем ретінде қарастырылса, ол адамдың тәні арқылы ақыл-сананы, түрлі өмірдің сынақтарынан қайсарлықпен өтуіне шынықтырады.

Йога эмоцияларыңды тануға және олардан қашпай, қайта оларға үңіле назар аударуға үйретеді. Қаптаған мазасыз ойлар жаулаған қара басыңнан басқа денеңнің бар екендігін, оны да күту керектігін, оған да мән беріп тыңдауға бейімдейді. Бас пен дененің байланыстырудағы ролі өте
зор. Саналы түрде дем алу, мантраларды айту арқылы мазасыз мидың жұмысын бір сәтке тыныштыққа бөлеп, байсалдылыққа жетелейді.

Мантра демекші, бұл да бір дәстүрге не дінге берілгендік емес, мантраны әндетудің технологиясын дұрыс сақталса, бұл эндорфиндердің бөлінуіне оң әсер етеді. Ал, эндорфин дегеніміз бақыт, ләззат, қуаныш гормоны. Бұл кезекте баяғыда осы ата-бабамыз йогасыз да, мантрасыз да бақытты бола білген шығар деген қарсы пікірлер де болады. Оған да келісемін. Ата-бабаларымыз да құр қарап отырмай, киіз басып, текемет тоқып, мал бағып жүрген. Демек, алдында жұмысы, аузында әгугайы болған. Қазіргі таңда той-томалақта болмаса, ән айтып, ішіндегі шерін дыбыс әлемі арқылы босатқан жанды кездестірмеппін. Сол себепті йогада бұның да қамтылғаны бекер емес.

Соңғы зерттеулер нәтижесінде, йогамен шұғылдану барысында адамның миында күшті антидепрессанттардың қасиеттеріне сай келетін табиғи зат бөлінетіні анықталды. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, депрессияға шалдыққандар саны жылдан жылға асып барады. Көптеген ғылыми зерттеулердің барысында бұл ауруды орталық жүйке жүйесінің маңызды нейромедиаторы мен реттегіші болып табылатын gamma-aminobutyric acid (қысқартылғанда GABA) затының деңгейінің түсуімен байланысты екені дәлелденді. Айтылған зерттеу жұмыстары нәтижесінде йоганың әртүрлі бағытымен айналысқан топ қатысушыларының GABA нейромедиаторының деңгейі 27%-ден 80%-ға дейін көтерілген.
Психолог, Алла Рожкова:
Мен үшін йога мен психология шектесіп жатқан бағыттар. Адамның өзін тануға, зерттеуге және өзіне көмектесуге септігін тигізеді. Менің тәжірибемде вегетативтік-тамырлы дистония деген диагнозы бар клиенттерім йогамен айналысады. Олардың өзгеру динамикасы айқын. Олардың ерікті симптомдары азайып, сабырлылыға артты. Маман ретінде өзім де клиенттеріме стресс алған жағдайларда йогаға баруға кеңес беремін. Өйткені йогадағы жүйелі түрде дұрыс тыныс алу, жаттығулар жасау барысында қауіпсіз, тыныш жағдайда болатын бір-бір жарым сағат ішінде ми тынығады. Қаладағы өмір өте серпінді қозғалыста өтетіндіктен, йогадағы тыныш орта жағымды әсерін береді. Йога мен психотерапияны қатар алып жүрген жандардың өзгеруі тез байқалады. Қорқыныш-үрейлері бәсеңсіп, адам өз өмірінің маңыздылығын, дәмін сезініп, нені ұнататындығын, нені ұнатпайтындығын ұғына бастайды. Баяулай түседі.
Психология мен йога
Кәсіби психолог Анна Рожкова йога туралы.
Йога және сана
Адамның дәл осы сәтке зейін қоюы - бұл йоганың тағы бір артықшылығы. Бұған әкелетін йоганың компонентерінің бірі - ол медитация. Бір сөзбен айтқанда, бұл ақыл-ой гигиенасы. Қазіргі уақытта табысты, жетістігі мол деген әйгілі адамдардың басым көпшілігі туралы ақпарат оқысаңыз, екінің бірі медитациямен айналысады. Психологиялық тренингтердің ішінде міндетті түрде медитацияның болуы бүгінгі күнде қалыпты жағдай. Медитацияны жүйелі түрде қолданатын адамдардың есте сақтауы, мәселелерді тез шешу қабілеттілігі артады. Олардың бөгде ойларға беріліп кетпеуі бұған да себепші болар.
Қазіргі қым-қуыт тіршілік, бастан асып жатқан жұмыс, тығыз график, мұның барлығы стресс себепкерлері. Кейде болмашы нәрсеге ашуланып, сабамызға түсе алмайтын кездер болып тұрады. Йогадағы тыныс алу жаттығулары осындай сәттерде көмек бере алады. Ол үшін көзіңізді жұмып, бір сәтке бар зейініңізді екі көздің ортасындағы "үшінші көз" аймағына аударуға тырысыңыз. Бұл кезде тыныс алу іш арқылы жүруі керек. Қарын қуысыңызға ауаны жинаңыз, сонда кеудеңіз керіледі. Ал ауаны жіберген кезде, кеуде қайта қусырылады. Деміңізді қадағалап отырыңыз. Дем жұтқанда салқын ауа ағынын сезініңіз. Демді шығарғанда жылуды сезінесіз. Бұл кезде басыңызға түрлі ойлар ағыны келе береді. Бірақ сіз ойларды назардан ажыратып, бар зейініңізді тынысыңызға бөліңіз. Алғашқы кезде ұзақ отыру қиынға түседі. Сондықтан 2 минуттан бастап, медитацияны бірте-бірте 15 минутқа жеткізіңіз.
Йога және жүйке жүйесі
Невропатолог Ғалымжан Жылқыбаев Йоганың жүйке жүйесіне әсері туралы
Йога және косметология
Тағы да бір йога туралы қалыптасқан пікірлердің бірі ол қартаю процесінің тежелуі. Қартаюды шашқа ақ кіруі, бетке әжім түсуі деп түсінсек, йогамен айналыссаңыз да, айналыспасаңыз да, бұл ертелі-кеш келетін өзгерістер. Бұл тұрғыдан адамның жасы оның омыртқасының иілгіштімен өлшенеді. Ал йоганың кез келген түрінің жаттығулары барлығы дерлік омыртқаға арналған. Дегенмен де, өзімнен йоганың косметологиялық әсерін байқаймын. Денені бос ұстау - бұл да йогада үйренетін тәсілдердің бірі. Әжім дегеніңіз бұлшықеттердің түйілуі, құрысуы болса, ал денені босату қыртыстардың тегістелуіне, ол жердің оттекпен қанығуы әбден мүмкін нәрсе. Ол жөнінде косметолог маманның пікірі.
Йога - өмір салты
Суреттер Mяtа массаж және йога студиясының галереясынан алынды
Видеоны түсірген: Қаламқас Толымбекқызы