Жаңалықтар

Әрбір бала өз отбасында тәрбиеленсе...

«Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының заңгері Данияр Тариховпен сұхбат
Әрбір бала өз отбасында тәрбиеленсе...
27.05.2019 12:42 5602

Бала – ел болашағы. Кез келген бала бақытты балалықты басынан өткеруі керек. Олай болмағанда, оны өмірге алып келген ата-ана мен мемлекет атына үлкен сын.

Қазіргі қоғамда қайырымдылық жасауды ойлап, оның қайтарымын естен шығарғандар жетіп артылады. Хелен Келлердің «Мемлекет жетімсіз болуы керек» деген сөзінен демеу алатын Данияр Тарихов бүгінде «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет етеді. Оның негізгі мамандығы ­– заңгер.

Данияр І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін тәмамдаған, заң саласының магистрі. Оның айтуынша, заңгер мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Кейде бұл қызмет саласындағылардың қолында адамдардың ғана емес, кәсіпорынның, тіпті бір мемлекеттің тағдыры тұруы мүмкін. Ал кей кездері жіберген кішкентай қателігіңнің бағасы қымбатқа соғып жатады. Қазірде заңгер дипломын ала салу еш қиындық тудырмайды, ал бірақ оның қиын да күрделі жұмысына шыдас беретіндер сирек, – дейді ол.

Білікті заңгер «Қамқорға» дейін  Ұлттық банктың бір филиалында қызмет жасапты. Өкінішке қарай, ол жерде ұзақ тұрақтау мүмкін болмаған.

– Оның үлкен себебі бар. Өзіме берілген тапсырмаларды ойдағыдай атқарып жүргем. Мені орнымнан түсіру біреулерге керек болған шығар. Не десек те, ол оқиғадан үлкен сабақ алдым. Жұмыс іздеп біраз уақыт сабылып қалсам да, бұл күндері тағдырымның осы бағытқа қарай бұрғанына еш өкінген емеспін.

«Қамқор» орталығы 3-18 жас аралығындағы мүгедек балалардың кейбірінің уақытша, ал кейбірінің тұрақты үйіне айналған. Мұнда дәл қазір 107 бала тәрбиеленіп жатыр. Талдықорған қаласында орналасқан ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілгендей, «Арнайы әлеуметтік қызмет» көрсетеді.  Орталық тәрбиеленушілеріне  ақыл-ой кемтарлығына ұшырағандар мен қимыл-тірек аппараты бұзылған балалар кіреді.

­– Әрбір бала өз отбасында тәрбиленуге, ата-анасымен бірге тұруға, олардың қамқорлығында болуға құқығы бар. Тек бұған белгілі себептермен олардан бас тартатын оқиғаларды жатқыза алмаймыз. Алғаш осында жұмысқа келіп, әр баланың өмірбаянымен таныса бастағанымда, мені «неге бала өз анасынан, әкесінен жырақта жүр?» деген сұрақ мазалады. Әрине, оған негізгі жауап ­– балалардың денсаулығындағы кінәрат. Бала – ата-ананың бауыр еті, жалғасы. Біз оларды өмірге әкелген соң, оған деген жауапкершілікті сезінуіміз керек емес пе?

Даниярдың орталыққа келуімен 9 бала өз отбасына оралған. Әрине, бұл жаңалықты айта салу оңай болғанымен, сол балалар ата-ананың аялы алақанына жетуі үшін қаншама жұмыстар атқарылды.

– Дерекқорды ақтарып, көбісінің ата-анасы бар екенін байқадым. Осыны негізге ала отырып, сол кісілірді іздеуге кірістім. Бұл қадамға әрбір бала өзінің әкесі, анасымен бірге тұрып, солардың аялы алақандарын көріп өсуге міндетті деп есептегендіктен барғаным рас. Оның үстіне балаларға қуаныш сыйлап, жүздерінен күлкі көруге асықтым. Осылайша, балаларды бізге өткізгенде жазылған мекенжайлар бойынша іздеу жүргіздім. Алайда, оның барлығы көрсетілген жерде тұрмайтын болып шықты. Заң жүзінде атқарушы органдарға іздестірілу бойынша көмек сұрағанымда, олар маған қажетті ақпараттар бере алмайтынын айтты.

Ауыр диагноздың кесірінен ата-анасының қамқорынсыз қалған балалардың тағдырына алаңдаған Данияр діттегеніне жетпей қоймайды. Ол заң қызметіндегі достарының көмегіне жүгіне отырып, бірнеше ата-ананың үйін тапқан.

– Оларға перзентханада-ақ ұлының не қызының осындай қиын дертпен туылғанын ескертіп, ұзақ өмір сүре алмайтыны бірден айтып, «Қамқор» секілді арнайы орталықтардан ақпар берген. Әрине, бұл кез келген ата-ананың естігісі келмейтін ең ауыр сөзі. Қанша жаны қиналса да, өз ішінен шыққан перзентін осындай орталықтардың қарамағына қалдыруға мәжбүр болған. Біз есігін қаққан кей ата-аналар өз баласының әлі тірі екеніне шын таң қалып, көздеріне жас алып жатты. Себебі, олар әр жұма сайын «баламыз о дүниелік болып кеткен» деп, "рухына" құран бағыштап жүрген екен.

Жанарларына жас алып, баласының әлі де бар екенін біліп, оларды тез арада үйіне алып кеткендер саны бар болғаны тоғыз болған. Ал қалғандары... Даниярдың айтуынша, перзенттері туралы мүлде естігісі келмейтіндер де табылған.

– «Жоқ баланы айтып, енді қайта есігімізді қақпа» деген қатыгездер де болып жатты. Олардың «жүректерінің орнында не тұр?» деген сауалға жауап таба алмадым. Ал кейбір ата-аналар көп балалы екендерін алға тартып, біздің орталықта тәрбиеленуші ұлын не қызын асырауға мүмкіндігі жоқтарын ашып айтты. Әрине, бұл жерде оларды кінәлай алмайсың. Олар орталықта өтетін әрбір іс-шараға белсенді қатысып, балаларының өнерін тамашалауға келіп тұрады. Жиі кездесіп, жағдайын барынша бақылауда ұстауға тырысып келеді.

Данияр іздеу жұмыстарына кіріскен 2016 жылы «Қамқорда» 120 бала бар-тын. Олардың 35-сі «ата-атанасының қамқорлығынсыз қалған» және «жетім» статусына ие болса, қалғандарының «ата-анасы бар» деген мәртебесі болыпты.

– Іздеу жұмыстарына көп уақытымды жұмсап, 9 баланы өз отбасына табыстағаныма қуаныштымын. Олардың көбісі кәмелеттік жасқа жетіп қалған еді. 18 жасқа жеткен балаларды біз мүгедектер үйіне жібереміз. Осы тұста олар өз отбасына оралып, туыс жандардың жылулығын сезініп, өмірге деген көзқарастарын өзгерткендеріне сенімдімін. Ілгеріде айтып кеткенімдей, өз ішінен шыққан перзентін естіп-көруге ниетсіздердің кесірінен 14 бала ешқашан «шын отбасы» бақытын сезіне алмайтын болды. Өкінішке қарай, олардан үзілді-кесілді бас тартты. Сот үкімі бойынша бірнеше ата-ана «ата-аналық құқығынан» айырылды. Алимент төлеу – енді олардың иығына артылған өмірлік жүк болады.

Даниярдың айтуынша, сот шешімімен «ата-аналық құқықтан айырылғандардың» бірлі-екілісі, өз қателіктерін түсініп, алиментті үзбей төлеп, баласының жағдайын сұрап, орталыққа жиі бас сұққанының арқасында қайта құқығын қалпына келтіріпті.

– Кейде балалар «менің анамды әлі таппадыңыз ба? Іздеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр ма?» деп, сұрап жатады. «Оны көргенде не айтасың? Ренішіңді білдіресің бе?» десем, «Жоқ, жай жүзін көріп, қауышып, қатты қысып құшақтар едім» дейді. Әрбір бала ананың ыстық құшағын аңсайды, бауырына тығылғысы келеді, жылы сөздерін қалайды. Олар өмірге осылай келгендеріне кінәлі емес екенін ересектердің түсінбей жататыны миыма сыймайды.

Орталық отбасымен қайта қауышқан балалардың хал-жағдайын біліп тұруды ұмыт қалдырған емес. Оларға мұнда бар жағдай жасалса да, отбасындай қайдан болсын? Данияр ата-анасымен бірге тұрып жатқандардың денсаулығында да ілгерілеушілік бар екенін айтады.

– Біздер, ересектер «жақсының барлығы балаға» деген қағидамен өмір сүру керекпіз деп есептеймін. Біздің жасап жатқанымыздың барлығы балалардың болашағына арналуы міндетті! «Дені сау – мүмкіндігі шектеулі» деп бөліп-жарудың ешқандай қажеті жоқ.

Данияр Тарихов болашақ аналардың өз денсаулығына аса мұқият болғанын қалайды.

– Баланың дені сау боп туылуы, алдымен ата-анасының өмір салтына байланысты. Қыз-келіншектер зиянды әрекеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын сақтап, аяғы ауыр кезінде өз денсаулығына аса мән беру арқылы дені сау ұрпақты өмірге әкелуге мүмкіндігі бар екенін жақсы біледі. Қазірде Қазақстанда 674,2 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар десек, соның 85,1 мыңы (12,6%) кәмелет жасына жетпеген балалар болып табылады.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, соңғы бес жылда елімізде мүгедектік көрсеткіші 7,5%-ға артып отыр. Сонымен қатар, 147 мың баланың білім алуға мүмкіндігі шектеулі. Соңғы деректер бойынша, республикада инклюзивті білім беретін балабақшаның саны 842-ні құраса, 3873 мектеп бар. Бұл аталған мекемелерде 40 мыңға жуық білім алуға ерекше қажеттілігі бар балалар оқиды.

Расымен, әрбір бала бақытты балалыққа лайықты! Осыны, әрбір ата-ана есінен шығармаса игі.

Қосымша ақпарат. «Қамқор» орталығының тарихы 1972 жылдан бастау алады. Алғашында «Ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған Талдықорған балалар үйі-интернаты» боп құрылса, 2009 жылдан бері «Талдықорған балалар психоневрологиялық медико-әлемуеттік «Қамқор» орталығы» болып өзгертілді.

Орталықта балаларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі. Сол сияқты қамқорлықтарға медициналық қызмет пен емдік шаралары жүргізіледі.  Мұнда мүмкiндiгi шeктeyлi балалаpды әлeyмeттiк оpтаға бeйiмдeп, өздepiн басқа балалаpмeн тeң құқылы қоғамның бip дәpeжeлi мүшeсi peтiндe санаyға мүмкiндiк тyғызады. Балалаpды адамгepшiлiккe, pyхани, патpиоттық тәpбиe бepy жәнe ұлттық мәдeниeттi құpмeттeyгe тәpбиeлeп,  өзаpа қаpым-қатынастаpын ұлғайтyға күш салады. Жан-жақты психологиялық қолдаy көpсeтiлeдi. Оқy жылында балалаp тәpбиeшiлepдeн, аpнайы мамандаpдан жәнe психологтаpдан жан-жақты бiлiм алады. Жылдық жоспаpға қаpай балалаpмeн жeкe жәнe топқа бөлiнiп жұмыс жүpгiзiледi. Сабақ баpысында әp балаға epeкшe көңiл бөлiнедi. Орталықта әртүрлі мерекелік шараларды өткізуге арналған 72 орынға арналған акт залы бар. Онда балалардың қатысумен хореографиялық және музыкалық концерттер өтіп тұрады. Сол сияқты мұннан көңіл-көтеруге арналған әртүрлі ертегі кейіпкерлердің кастюмдері де табылады. Мұнда балаларды оңалту, сауықтыру шараларына үлкен мән беріледі. Олардың еңбек қимылдарын үйренуіне ерекше жағдай жасалған.

(Суреттер kamkor-life.kz сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға