Жаңалықтар

Оңтүстікте жасанды талшық зауыты ашылады

Цифрлық технология
Оңтүстікте жасанды талшық зауыты ашылады
03.08.2018 15:35 9355

Түркістан облысында жылына 50 мың тонна жасанды талшық өндіретін зауыт ашылады. Өңір әкімі Жансейіт Түймебаев «Полиэтилентерефталат қалдығының жасанды талшығы өндірісі» зауытына арнайы барып, құрылыс жұмысымен танысты.

Күзде толық қуаттылығымен өз жұмысын бастағалы отырған зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, жұмысына қаныққан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жауапты мамандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін тиісті қолдауларды ұтымды пайдалану керектігін тапсырды.

Аймақ басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасының  Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген  маңызды мәселелерді алға тарта отырып, кәсіпорындарды жаңа цифрлық технологиямен жабдықтап, автоматтандырылған басқару жүйелеріне көшіру бүгінгі заманның басты талабы екенін түсіндірді.

«Полиэтилентерефталат қалдығының жасанды талшығын өндіретін зауыттың  инвестициялық құны 20 млн. АҚШ долларын құрайды. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 50 мың тонна өнім өндіреді деп сенім артылды. Қазақстанда алғаш рет қолға аланып отырған маңызды жоба еліміздің жасанды талшықтарға деген сұранысын толығымен қанағаттандырады деп күтілуде.

Оңтүстік өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін зауыт іске қосылғанда 200-250 адам жұмыспен қамтылмақ. Өнеркәсіптің барлық салаларында қолданылатын әмбебап материал – жасанды талшық қайта өңдеу арқылы өндірілмек. Бір жағынан еліміздің экологиялық жағдайын жақсартса, екінші қырынан жаңа жұмыс орынының ашылуы аймақтағы жұмыссыздық мәселесін шешуге тамшыдай болсын үлес қосады деп күтілуде.

Қазақстанда жасанды талшық өндірісін қолға алған тың жоба «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы барасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде жүзеге асып отыр. Аталмыш ірі жобаға әйгілі шетелдік HONGKONG TIANRUN CO…LTD  өндіріс компаниясы мен Green Technology Industries компаниясы сондай-ақ облыс әкімдігі қолдау көрсетіп, қаржы құйғанның арқасында салынуда. Ресми деректерге сенсек, шетелдік компания  әлемнің 70 елінде өндіріс орындарын ашып, ісін дөңгелетіп отыр.

Жаңа зауыт «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан. Осы аймақта 1 583 жұмыс орны ашылып, 65 716,9 млн. теңгені құрайтын 12 жоба іске асырылмақ. Осы уақытқа дейін 107 жаңа жұмыс орны қамтылған 3 жоба жұмысын бастап кетті. Инвестиция қаржысы 7 788,9 млн. теңгені құрайды.

Цифрлық мәліметтер Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға