Жаңалықтар

Жастар тең тарқасты

Қазақстан мен Әзербайжанның жастар құрамасы жолдастық кездесу өткізді
Жастар тең тарқасты
05.06.2018 20:33 2818

Бұл бүгінгі бас құрамалардың кездесуі алдындағы жастарды сынаққа алған ойын болды. Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне өту үшін барын салып жатқан еліміздің жас аяқдопшыларының әлеуетін байқадық. Әзербайжан бапкері Рашад Садықовтың қойған тактикасынан гөрі, Талғат Байсуфиновтың ойын тәсілі көбірек қызықтырғанын жасырмаймыз. 

Үш орталық қорғаушы (Сұлтанов-Әбікен-Тұрсынбай) қақпашы Зәкіровке қарай қонақтардың ойыншысын өткізбеу керек болса, екі латерал (Ходжамов-Қалмұратов) қапталдан келер қауіпке бірінші боп қарсы тұруға міндеттелді. Ал орталық хавбек рөлі Самат Шәмші мен Юрий Перцухқа тапсырылса,  Иван Антипов пен Ринат Жұматов алда жүрген Дидар Жалмұқанға доп жеткізумен шұғылданды. Шабуылға ол үшеуінен бөлек, қапталдан Ходжамов пен Қалмұратов көмек беріп отыруға тиіс еді. Бірақ, біріншісі бұл ойында өзін бар қырынан көрсете алмаған секілді. Қазақ жігіттері алғашқы таймда қарсыластарынан әлдеқайда сылбыр қимылдады. Олар стандартты шабуылда ғана, Ибрагимовтың иелегіне жақындай алды. 10-минутта қонақтар өз-өздеріне корнер алып келгенімен, Жұматовтың көтерген добы әзербайжандық жастардың басынан кері серпілді. Қонақтар қарымта шабуылға иек артып, алға ұмтылды. Сондай сәттің бірінде Ташкынның көтерген спорттық снаряды Шахвердиевтың соққысымен аяқталды. Соңғысына дәлдік жетіспеді. Одан кейін орын алған оң және сол қапталдан көтерілген кезекті бұрыштамалардан қонақтар алға шығуға шақ қалған. Рашад Садықов шәкірттері Зәкіров қақпасын біраз торуылдап, ойлағандарын жүзеге асыра алмады.

Келесі кезек біздің жігіттерге келіп жетті. Антипов қарсыласын алдап өте алмағанымен, корнер тебуге мүмкіндік алды. Ал Қалмұратов допты айналдырып, қақпаға бір-ақ жеткізген. Ибрагимов өз орнынан табылып, допты қақпа маңдайшасынан әріге шығарып жіберді. Жұматовтың бұрыштамадан көтерген теңбіл добы алғашқысынан қауіптірек болды. Ойынның 34-минутында есепке өзгеріс енді. Ташкынның алыстан бағыттаған добын Тимурбек Зәкіров игере алмай, қонақтардың есепте алға шығуына жол беріп қойды. Әзербайжаннан келген аяқдопшылардың шабуылын түйіндеуге, жеңіл соққы ғана жеткілікті болды. Қақпадағы орнын жоғалтып алған біздің кипердің қолы допқа жай ғана жанасып, оны сыртқа алып шығуға шамасы жетпеді. 

Гол жіберіп алған соң, Талғат Байсуфинов шәкірттері еңселерін түсірмей, алға ұмтылды. Бірінші таймның соңына қарай, бұрыштамадан доп көтеруге мүмкіндік алған Қалмұратов әуелетіп пас шығарды. Перцух пен Жалмұқан доп алмасып, қауіпті соққыға жеткізгенімен, қиыс кетті. Алғашқы таймдағы жастардың ойынында шикілік болды. Пас берудегі қателіктер, допты өз иеліктерінде ұстай алмау, шабуылдағы сенімді ойынның жоқтығы, жалпы, бапкердің бас ауыртуына себеп көп.

Ойынның екінші бөлігінде қонақтар голының соғылуына кедергі бола алмаған Сағадат Тұрсынбай алаңға шықпады. Оның орнына Бельгияның бірінші лигасында тер төгіп жүрген Олег Чепразов жіберілді, бірақ оның алаңдағы жұмысы – шабуылдау. Алаңға шыға сала, ол Антиповтың оң қапталдан келген пасына үлгермесе де, екінші деммен соққы жасаған. Әзербайжандық қорғаушылардың іске арласуымен қауіптің беті қайтты.

Одан кейін Ходжамов оң қапталдан жақсы соққы жасаған, бірақ командаласы секілді Антиповке де сәттілік жетіспей допты маңдайшадан биік жіберді. Ал «Астананың» аяқдопшысы Перцухтың да соққысын қорғаушылар қайтарып, есепті теңестіруге жол бермеді. Бұрыштамадан тепкен Жұматовтың добына ұмтылған қақпашы Ибрагимов қателескенімен, Сұлтанов баспен қақпаны дәл көздей алмады.

Бұл ойында «Атыраудың» жартылай қорғаушысы Қуаныш Қалмұратов орасан жұмыс атқарды. Ол тағы бір эпизодта Әлімбаевқа пас жеткізген. Қарсыластан айналып өтіп, баспен соққы жасаған соңғысының добы бағанадан қиыс кетті. Ал Айбол тағы бір командаласының пасын іске жарата алмай, басын ұстады. Екінші таймдағы бас бапкердің ойын тактикасы  іске асып, қазақстандықтардың шабуылына жан кіре бастады. Қонақтар капитаны Мұстафазаде Чепразовтың оң қапталдан бағыттаған соққысының жолын бөгей алды. Бұл Олегтің Кямран қақпасына бағыттаған соңғы добы емес еді. Келесісі дәл Ибрагимовтың қолынан табылды.

Одан соң, алаңға тыңнан қосылған «Айнтрахт» футбол клубының ойыншысы Дадашев біздің қорғаушылардың қателігін пайдаланып кете жаздады. Бақытымызға орай, оның тепкен добы маңдайшадан биік кетті. Ойынның 81-минутынды көптен күткен гол соғылды. Сол қапталдан біздің футболшыны ережеден тыс тоқтатқан қонақтар қақпасына айыпдобы белгіленді. Тура қақпа алдында Жұматовтың әуелете көтерілген добы үшін таласта Әбілғазаны Мурадов ұстап қалғаны үшін төреші пенальти нүктесін көрсетті. Ал нүктеге келген Әбікеннің соққысын Ибрагимовтың қайтаруы мүмкін емес еді. Есеп 1:1! Ойын соңында да бірнеше қауіпті эпизодтар орын алды. Әзербайжаннан келген жас футболшылар Зәкіровті бірлі-екілі алаңдатқызып қойды.

Төреші қосқан қосымша уақытта Талғат Байсуфинов шәкірттері қарымта шабуылға шықты. Әлімбаевтың оң қапталдан берген добы қарсыластың қорғаушысынан әрі аса алмады, сол сияқты Зәкіров те Махмудовтың жерлете тепкен добын сәтті қаға алды. Жолдастық кездесудің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда ең қауіпті соққыны Жұматов жасады. Оның тоғыздыққа қарай бағыт алған соққысын Ибрагимов дер кезінде қағып жіберіп, корнерге асырды. Бұрыштамадан келген доп та қақпашының қолынан табылды.

Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Бұл ойында өз тобының соңында келе жатқан қонақтардың қарқынына оң баға береміз. Ал біздің құрамада позициялық шабуыл атымен жоқ. Алда жүрген Дидар Жалмұқанның ойыны көңілге қонбады. Ал қақпашы Тимурбек Зәкіров те керек емес жерден қателікке бойы алдыруы мүмкін екен. Ол қақпа кілтін сеніп тапсыруға қаншалықты лайық? Тек Антиповтың техникасы мен Әбікеннің сенімді ойыны қошеметке тұрарлық. Екінші таймда Айбол өз жұмысын керемет атқара білді. «Қайраттың» ойыншысынан біраз қайрат күтуге болады. Алған бетінен қайтпайтын Қуаныш Қалмұратов та бүгінгі матчта жақсы қырынан танылды. Басынан  алған жарақатқа қарамай, ойынды соңына дейін жеткізіп, бапкер алғысын алғаны анық. Стандарттар арқылы Еуропа чемпионатындағы кезекті қарсыласымыз Словенияны бағындырамыз деуге келмейді. Ол ойындарда төреші кешегідей ереже бұзылғанға пенальти белгілей салмауы да мүмкін.  Маңызды кездесулер алдындағы керемет сабақ сыйлаған әзербайжандық жастарға алғыс білдіреміз. Рашад Садықовтың жігіттері бүгін тек жеңіске ойнағандары көрініп тұрды.  

Қазақстан U-21 – Әзербайжан U-21 1:1 (0:1)

Гол салғандар: 0:1 Ташкын 34, 1:1 Әбікен 81, пенальтиден

Қазақстан U-21: Зәкіров, Қалмұратов, Жалмұқан (Чепрасов 46), Антипов (Оралбай 77), Ходжамов (Әлімбаев 59), Жұматов, Әбікен, Шәмши (Шадманов 46), Перцух, Сұлтанов, Тұрсынбай (Әбілғазы 46)

Әзербайжан U-21: Ибрагимов, Ташкын (Булудов 61), Мустафазаде, Кривоцюк, Алыев, Гаджиев (Сеидов 90+2), Ибрагимли, Азизов (Мурадов 61), Кекчю (Дадашов 67), Набиев (Мурадбейли 58), Шахвердиев (Махмудов 77)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға