Қандастар Ассамблея

«Жүз шайыр шыққан жерден, жүз палуан да шығады»

Қызылордалық палуан Мақсат Исағабыловпен сұхбат

Палуандар бәсіне келгенде бүгінде Сыр елінің абыройы артып тұр. Түрлі салмақ дәрежесі бойынша жауырыны жерге тимейтін палуандар жыл сайын өз мықтылықтарын дәлелдеп келеді. Алғашқы «Қазақстан барысы» осы өңірде ұйымдастырылып, тұңғыш жеңімпаздары Сыр елінің намысын қорғағанын ескерсек, бұл үрдіс әлі талай жалғасуы мүмкін деп топшылаймыз. 2017 жылы «Қазақстан Барысы» атанған Еламан Ерғалиев бұл болжамның шындыққа сәйкес екенін тағы бір дәлелдеді. Ал келесі кезек кімде? «Сыр барысы» атанған қай саңлақ «Қазақстан Барысында» Алаштың анасы атанған аймақтың атын тағы бір мәрте шығарады?

f8bb53b8-78d8-4ef4-ba40-7501bd5f69f1.jpg

«Қазақстан Барысы» республикалық турнирі қызу тартыстың ордасы екені мәлім. Жершілдік жарысы емес, нағыз қазақтың марқасқа жігіттерінің бағы мен бабын сынға салатын алаңы. Міне, осындай тас-түйін дайындықта кім ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланады, соның айы оңынан туады.

Осы ретте қазіргі таңда бәсі биік бәселерде көпшілік үміт артып, тілеулестік танытып жүрген палуандардың бірі де бірігейі – Мақсат Исағабылов. Ол – «Әлем Барысы» абсолюттік әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы. Ең алдымен, спортсүйер қауымның көзіне түсіп, талай тартыста топ жарған палуанның биографиясына көз жүгіртсек...

Жақында ғана он жетінші қараша күні жиырма алты жасқа толған Мақсат Исағабылов киелі мекен – Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Жосалы кентінде дүниеге келген. Сол кенттегі №27 Сүлеймен Есқараев атындағы орта мектепті 2012 жылы тәмамдаған. Спортқа бала кезінен қызыққан Мақсат 5-сыныптан бастап жаттығудан қалмай, ағаларының ізін қуады. Қызығушылығы үлкен ағаларының жетістіктеріне тамсанудан басталып, өзі де сондай шыңдарды бағындырғысы келген. Мақсаттың бүгінде бала арманы орындалып келеді. Мектепті аяқтаған соң, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің алғашқы әскери мамандығының студенті атанған. Бұл мамандықты меңгеріп шыққаннан кейін, білімін тағы да толықтыруды жөн көреді. Осы оқу орнынан 2016-2018 жылдары аралығында заңгер мамандығы бойынша білім алады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Мақсаттың спортқа деген ықыласы мектеп жасынан басталған. Ағаларының жеткен жетістіктеріне, толайым табыстарына тамсанған жас спортшы кейін сол үлкен жеңістерді өзі де қайталады.

Бүгінде Мақсат жоғары салмақта өнер көрсетеді, яғни, 100 келі салмақ дәрежесімен жарыстарға қатысады. Қазіргі салмағы – 117 келі. Алғашқы жаттықтырушысы – Қызылорда облысының қазақ күресінен ересектер арасындағы бас бапкері Болатбек Кенеев. Қармақшы ауданындағы бапкер Мақсаттың балалық шақтан күні бүгінге дейін жеке жаттықтырушысы.

85967b89-9678-427b-b88b-1a6c1f1bd520.jpg

Әр адам үшін алғашқы жеңістің дәмі қашан да тәтті. Мақсат 2005 жылы дайындықты бастаған уақытта, жаттығуға қатысқанына небәрі бір апта болғанында облыстық байқауға жіберіледі. Алғашқы мүмкіндікті қалт жібермеген бала қанжығасы бос қайтпай, жүлделі үшінші орынды иеленген. Мақсаттың айтуынша, сол кездегі бақытты сәті әлі күнге дейін есінде әрі жеңістерінің бастауы іспетті.

Мақсат Исағабылов 2006 жылы Түркіменстан мемлекетінің Ашхабад қаласында самбодан өткен жарыста 100 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанды. Тынымсыз еңбек пен жасымас жігердің арқасында келген жетістік екені айқын. «Мен тұр, сен атайын» деген өзге елдердің бес мықтысымен кездесу өткізген.

Сонымен қатар 2019 жылы «Әлем Барысы» абсолюттік әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Бірақ сол жарыстан доппинг сынама алынып, соның нәтижесінде бірінші орын алған Бабликов Роман деген орыс палуаны «доппинг қолданды» деген тұжырыммен спорттан екі жылға шектетілді. Сондықтан екінші орын алған Айбек Нұғымаров бірінші орынға, Мақсат Исағабылов екінші орынға жылжыған. Әр жеңістің артындағы әрбір қуаныштың соңында темірдей тәртіп пен үзіліссіз жаттығулар тұрады. Осындай қасиеттерді дағдыға айналдырған Мақсат жеңістің өлшеусіз еңбектің жемісі екенін жақсы біледі.

Бүгінгі кейіпкеріміз ең алғаш рет Ұлы Отан соғысының ардагері Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған турнирге қатысқан. Сол жарыс үлкен спортқа деген құштарлығын ашып, қанаттандырады. Еш тәжірибесі болмаса да, ағалары үйреткен әдістерді қолданып жарысқа қатысқан палуан, сол бауырларына алғыс айтып, сонымен қатар, Райыс Бауыржан, Қуанбаев Мейіржан, Досымов Жасұлан, Жалғасбаев Қайрат, Тайбағаров Алмат сынды кісілерді өзіне үлгі тұтады. Әр жасаған әдістеріне қызығушылықпен қарап, көптеген жетістіктерге жетуіне әсер еткенін айтады.

Мақсат үшін ағаларымен қоса, достарының да орны бір төбе. Замандастарының ішінде де ауыз толтырып айтатындай жетістікке жеткен Нұрым Сәлімгереев, Еламан Ерғалиев, Айбек Серікбаев, Ғалымжан Әбдірақманов сынды достарымен мақтанады. Достарының тәжірибесі, жүрген жолы, спорттағы беделі ол үшін де өмір мектебі. Өз замандастарының спорттағы өнерін жоғары бағалайды.

Адалдықты серік еткен азаматтың өмірлік ұстанымы – Абай атамыз айтқандай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарнын тіленбей». Тынымсыз тірлік ету, өтірік айтпау, адалдық, шыншылдық секілді өзге де құндылықтарды өз бойынан көргісі келеді және сол үшін үнемі өзін-өзі дамыту үшін үздіксіз жұмыс істейді.

Белгілі спорт журналисі, спортшылардың мінезін мінсіз түсініп, олардың мансап жолын кітап бетіне түсірген Сейдахмет Бердіқұлов спортшыларға ең үлкен дайындық психологиялық дайындықтан, өзін-өзі қамшылаудан басталады деген ой тұжырымдайды. Осы ретте Мақсаттың жарыс алдында өзін қалай шыңдайтынын сұраған едік. Мақсаттың айтуынша, қазақ елінің, туған жеріңнің үкілеген үмітін сезініп, қалайда жеңіспен оралсам деген ниет жауапкершілік сезіндіреді дейді. Сол себепті кері шегініс жасауға мүмкіндік жоқ, сондықтан жеңіске деген құштарлығыңды ояту басты міндетің болуы тиіс екенін айтады.

Қазақстанға белгілі бапкер, Мақсаттың да бапкері болған Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тумасы марқұм Әділбек Серікбаев бір сұхбатында: «Жүз шайыр шыққан жерден, жүз палуан да шығады» деген екен. Елімізде қазақ күресі мен самбо күресінің дамуы үшін өлшеусіз үлес қосқан арда азаматтан Мақсат тек күрес бойынша ғана емес, жалпы өмірлік сабақ алғанын да жеткізді. Осындай азаматтың шәкірті болғанын зор мақтанышпен айтады. Әділбек Серікбаев киелі Қармақшы топырағынан көптеген палуандар, Әлем чемпиондарын, Азия чемпиондарын, «Қазақстан Барыстарын» шығарған. Мақсат әлі де туған жерінен көптеген дарындар шығарына сенеді және оларға қол ұшын беруге дайын екенін айтады. Қорқыт бабамыз жатқан киелі жерден шыққан жас палуандар елдің атын әлемге танытады деп үміттенеді.

06da9171-e227-4ba6-9081-1ab8f437f4fd.jpg

Жеңіс бар жерде жеңіліс те бар. Мақсаттың да жеңілген сәттерде көңілі түсіп, намыстанған кездері болған. Жеңілу өте қиын болғанмен, әр сәтсіздікті сабақ ретінде қабылдап, келесі жолы еңбекті еселей түсіп, өзін барынша шыңдаған. Бос уақытын құр босқа өткізгісі келмейді. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Мақсат қолы қалт еткен кезде атқа мініп, мылтық атып, таза ауада серуендегенді ұнатады.

Сонымен қатар Мақсат кешегі карантин кезінде де қарап жатпапты. Он алты палуан бақ сынаған «Түйе палуан» онлайн турниріне қатысты. Сайыстың ерекшелігі – жанкүйерлер лайықты палуанды дауыс беру арқылы таңдайды. Бұл сында да Мақсаттың жолы болып, жеңімпаз атанды. Ақтық сында Мақсатқа 3530 адам дауыс берген көрінеді.

Мақсаттың алға қойған мақсаты жоғары, жоспары көп. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Ақбасты спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Қазақстан барысынан екі-үш мәрте және Әлем барысынан екі-үш дүркін жеңімпаз атануды армандайды. Биыл желтоқсан айында болады деп жоспарланған «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне қатысып, биіктен көрінуді де көздеп отыр. Алайда пандемияға байланысты бұл жарыстың ұйымдастырылуына қатысты нақты шешім болмай тұр. Сонымен қатар болашақта шәкірт тәрбиелеу ойында бар. Ең алдымен, спорттық карьерасын абыроймен аяқтаған соң, жастармен тәжірибесін бөліскісі келеді. Артынан еріп келе жатқан бауырларына ұстаз болып, үлкен ареналарға шығарып, чемпион қылу – өмірлік мақсаттарының бірі. Осындай ұлы мұратты нысанасына алған палуан әрдайым тек жеңімпаз атануға лайық екені сөзсіз.

(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды)

Ұқсас материалдар