Жаңалықтар

Универсиаданың басталуына 20 күн қалды

Байрақты бәсеке
Универсиаданың басталуына 20 күн қалды
09.01.2017 15:42 8094

2017 жылдың басты оқиғасы – Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының басталуына 20 күн қалды.

Сайыстар 29-шы қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында өтеді. Жарысқа 55 елден 17-28 жас аралығындағы 2000 спортшы қатысады деп күтілуде. Универсиада кезінде 3000 ерікті жұмылдырылмақ. Олар 8 спорт нысанында, әуежай мен қонақүйлерде қызмет көрсететін болады. Шетелден отыз мыңға жуық қонақ пен туристер келеді деп жоспарланған.

Спорттық жарыстар мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, таушанғы спорты, сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, керлинг, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, конькимен жүгіру спорты сынды 12 түрі бойынша өтеді.

Мәнерлеп сырғанау спорты бойынша универсиадада еліміздің намысын қорғайтын спортшылардың тізімі белгілі болды. Ерлер командасына Денис Тен, Абзал Рақымғалиев және Артур Панихин кірген болса, әйелдер арасындағы сайыстарда Қазақстан намысын Айза Иманбек, Вероника Шевелева және Жансая Әдіханова бағын сынайды.

Ал, Универсиадаға қатысатын қазақстандық шорт-трекшілердің құрамында да екі жасақ қатысады. Ерлер командасы Сочи Олимпиадасының қатысушыларынан жасақталған. Олар: Жұмағазиев Нұрберген, Никиша Денис, Бекжанов Айдар және Әжіғалиев Абзал. Әйелдер құрамасында Тихонова Ольга, Нагай Анита, Ким Ионг А және Крестова Анастасия сайысқа түседі.

Аталмыш намысты додада Қазақстанның қоржынына алтын салады-ау деп топшылаған спортшыларымыз бар. Олар: Денис Тен – мәнерлеп сырғанау, Жанбота Алдабергенова – фристайл (акробатика), Юлия Галышева – фристайл (могул), Дмитрий Рейхерд – фристайл (могул), Екатерина Айдова – конькимен жүгіру (500м, 1000м, 1500м), Роман Креч – конькимен жүгіру (500м), Федор Мезенцев - конькимен жүгіру (1000м, 1500м), шорт-тректен ерлер құрамасы: Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша, Айдар Бекжанов, Абзал Әжіғалиев, Галина Вишневская – биатлон, Райкова Алина – биатлон.

2019 жылы Универсиада Ресей Федерациясының Красноярск қаласында өткізілмек. Ресей өз тарихында бірінші мәрте Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарын ұйымдастырмақ.  2019 жылғы Бүкіләлемдік Универсиада – Ресейдің қабылдап жатқан үшінші Универсиада ойындары. Бұған дейін ресейліктер 1973 жылы Мәскеуде және 2013 жылы Қазанда жазғы Универсиада ойындарын өткізген еді.

2017 жылы 29-шы Бүкіләлемдік жазғы Универсиада Тайбейде өтеді. 2019 жылы Бразилияда 30-шы жазғы Универсиада ойындары өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға