Жаңалықтар

Төрткүл дүние алдында ел мерейін асқақтатқан спортшылар

Сарыарқаның спорт қаһармандары
Төрткүл дүние алдында ел мерейін асқақтатқан спортшылар

Көк байрағымызды әлемдік спорт ареналарында биік ұстап жүрген саңлақтарымыз аз емес. Олардың жеңісті жолдары өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ғана емес, сонымен бірге ел тарихының сүбелі бір тармағы болып табылады. Жүрегінде намыс оты ұшқындаған жастар сол мықтылардың жолын таңдаса, сол жолда табандап, даңқын төрткүл дүниеге танытары сөзсіз. Спорт журналисі Қайрат Әбілдиновтың «Ел намысы бір кеудеге сыйған ба?» атты еңбегіне сүйене отырып, Қарағанды өңірінен шыққан сайыпқыран спортшылардың жетістігіне кеңірек тоқталмақпыз.

Төрткүл дүние алдында ел мерейін асқақтатқан спортшылар

Бейімбеттің белесі

Самбодан әлем чемпионы Бейімбет Қанжанов 1991 жылы 1 мамырда Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келді. Бала біткен қашанда алдында жүрген ағаға қарап бой түзейді ғой. Жамандығын да, жақсысын да талғамай жұтады, ақ-қарасын айырып жатпай-ақ бойға сіңіреді. Бала Бейімбеттің де күреске келуіне бірден бір себепкер болған немере ағасы Қайдар болатын. Қайдардың өзі кезінде самбодан Қазақстанның чемпионы атанып, спорт шебері атағын иеленген мықты балуан болған. Қазіргі уақытта Қарағандыдағы «Жас сұңқар» күрес мектебінің директоры болып қызмет атқарады.

Міне, осы ағасы жоғары оқу орнын тәмамдап, Ақсу-Аюлыдағы спорт мектебіне жаттықтырушы болып тағайындалғанда, бесінші сыныпта оқып жүрген бала Бейімбетті күрес залына өзімен бірге ала келген.

Бейімбеттің ең алғаш қатысқан үлкен жарысы 2002 жылы самбодан Қарағандыда өткен облыс біріншілігі болды. Тыриған арық, салмағы бар болғаны жиырма тоғыз келі тартқан ол кілем үстінде нағыз спортшыға тән шақар мінез танытқан. Өзінің салмағында қарсы келген қарасирақтың бәрін тізе бүктіріп. Жеңістің жанға майдай жаққан тәтті дәмін алғаш рет сонда татты. Жалпы, қандай да болсын балғын спортшы үшін алғашқы жеңістің маңызын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Зады, осындайда аңшылар айтушы еді, құмай тазының қасіреті де, қасиеті де қалай ауызданғандығында деп. Осы тұрғыдан алғанда, алғашқы жеңіс Бейімбеттің спорттағы жолын ашып бергені өз алдына, бала көңіліне көк тіреп ұшар қанат бітірген болатын.

Әлем чемпионатының алдында Қазақстан құрама командасы Орал қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Бейімбет додаға қырық сегіз келі салмақ дәрежесінде түсетін болғандықтан, салмақ қуды. Жалпы, «Салмақ қуу» дегеніңіз спортшы үшін нағыз қиямет-қайым шаруаның нақ өзі. Басы артық бес-алты келіден арылып, қажетті салмаққа түскеннен кейін, күш-қуатты қысқа ғана уақыттың ішінде қалпына келтіріп үлгеруің керек. Спорттың қатаң заңы осындай. Бағына қарай, Бейімбеттің салмақ қуған шаруасы сәтімен іске қосып, чемпионат қарсаңында бойдағы күші толысып, нағыз спорттық бабына келген болатын.

Оның чемпионаттағы алғашқы қарсыласы Әзірбайжан балуаны болды. Біздің жігіт қарсыласының қолын бұрап тұрып, «Ауырту» әдісіне салғанда, әзірбайжандықтың жаны мұрнының ұшына келсе керек, жеңілгенін мойындаған ол ойбайды салып, бос қолымен кілемді ұра беріпті. Төреші Бейімбеттің қолын көтергенде, таблодағы есеп «12:0» деген көз сүйсінтер сандарды көрсетіп тұрған. Екінші белдесуде украиналық балуанды да 12:0 есебімен ұтты. Ал ақтық айқасқа жолдама беретін үшінші белдесуде армениялық балуанмен арпалысқан. Негізі, белдесу 2:2 есебімен тең аяқталса да, жеңіс екі ұпайды өте сапалы әдіспен алған Бейімбетке берілген. Финалда Ресейдің атынан түскен дағыстандық балуанмен болған белдесуде Бейімбеттің бағы тағы да жанды. Қарсыласы қашқақтап жүріп, құлықсыз күрескені үшін төрешіден екі рет ескерту алып, соның қорытындысы бойынша 1:0 есебімен Бейімбеттің еншісіне тиді.

Жалпы, Бейімбет әлем чемпионы атанғанға дейін жасөспірімдер арасында самбодан Қазақстанның чемпионы, Азия біріншілігінің жүлдегері, ересектер арасындағы Қазақстан Кубогы жолындағы жарыс жеңімпазы деген атақтарға ие болды.

Үлкен спорттағы қандай да бір талапты жастың алдыңғы толқын арасынан өзіне үлгі тұтар адамы болады. Самбо күресіне келгенде, Бейімбеттің әрбір айтқан сөзін ыждаһатпен тыңдайтын адамы – әлем чемпионы Асхат Шахаров екен. Әйгілі шебердің белдесулері жазылған бейнетаспаларды әлсін-әлсін жүгіртіп, оның күрес мәнерін, ол қолданған айла-тәсілдерді санаға түйіп жүреді.

Дзюдо күресіне келгенде, Бейімбет – дүние жүзінің чемпионы Максим Раков сынды жерлесінің татами үстіндегі әлемдік деңгей үрдісіне жауап беретін тамаша өнеріне зер сала қарап жүрген зерделі жас.

Болгариядағы әлем чемпионатына жүрер алдында, өзінің алғашқы белесіне шығып, биіктерге бет алған Бейімбет сыр ақтарып, «Жас сұңқар» спорт мектебінде әйгілі балуан, білікті бапкер Талғат Байшолақовтан партерде жатып күресудің айла-тәсілін үйренді. Жалпы, Талғат кезінде әлем бойынша осы тәсілдің ең үздік шеберлерінің бірі болған. Тіпті, бір жарыста ол кісі қатарынан алты бірдей балуанды партерде ұтқан екен. Міне, осы әлем чемпионатында Бейімбеттің Талғаттан үйренгені өте көп көмегін тигізді. Ол осы тәсілді екі бірдей қарсыласына қолданып, жеңіске жетті.

Бейімбетке күрестің әліппесін алғаш үйреткен ағасы Қайдар Қанжанов болса, қазіргі бапкері – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, экстра-класс дәрежесіндегі төреші Сейсенбай Жанасылов. Боранды күні ық болған Сейсекеңнің, содан соң, Шет ауданының әкімі Қайыржан Тілеубергеновтей спортқа жанашыр жанның әкелік қамқорлығы арқасында Бейімбет алыс та жақын шет елдерде өтіп жатқан талай байрақты бәсекелерге тарықпай барып жүрді. Бүгінгі күнде, кезінде самбо күресінен жастар арасында әлем чемпионы болған Дәурен Адамбаев сынды бапкерден үйреніп жүргені де мол.

Чемпионды жақсы білетін жандардың айтуынша, ол өзінің жетістіктеріне қарамастан өз ортасында орнықты қарапайым мінезімен, тиянақты ісімен, сабырлы ерге тән жүріс-тұрысымен аса абыройлы болып ерекшеленеді. Бір сүйсінерлігі, ол осы қалпынан кілем мен татами үстінде де айнымаған. Мамандар оны ақылға салып күресетін, техникалық шеберлікке баса мән беретін талғамы жоғары балуандар тобына жатқызады. Тағы бір айтпай кетуге болмайтын дүние, Бейімбет бапкердің үйреткенінен бөлек, өздігінен ізденіп, біле түссем дегенге талпынып жүрген балуан. Біле білген адамға, бұл қасиет – спортшы үшін ауадай қажет дүние.

Жаужүрек спортшы

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасына таман Қарағанды шаһарында «Муай Тай» деген атпен дүние жүзіне кеңінен танымал жекпе-жек түрінің дәурені жүріп тұрды. Спорттың бұл түрін кеншілер астанасына алып келген Тастанбек Есентаев деген әуесқой бапкер болатын. Міне, сол кездегі спорт десе ішер асын жерге қоятын қарағандылық жанкүйер қауым осы ізденімпаз жанның іскерлігі мен табандылығының арқасында тайбокстан өткен небір байрақты бәсекелерді тамашалап, ол тәрбиелеп шығарған жаужүрек жігіттердің өнеріне талай мәрте тәнті болған-ды.

Иә, сол кездері Тайландтың өзінде «Муай Тай», ал біздің елде «Тайбокс» деп аталған жекпе-жек түрі бойынша түрлі деңгейдегі жарыстар Қарағанды циркінде өтетін. Тайбоксқа деген қызығушылықтың зор болғаны сондай, цирк ғимаратының ішінде ине шаншар жер қалмаушы еді. Ішке кіре алмай пұшайман болған жанкүйерде де есеп болмайтын.

Тастанбек баулыған тастүлек жігіттер туралы сөз қозғағанда, әрине, ауызға алдымен ілігетіндері – кәсіпқой тайбокстан әлем чемпиондары Ардақ Сембаев пен Дулат Тәженов. Ал үлкен спорттың жолында үзеңгі қағыстырып жүрген спортшылардың бірі – жаңаарқалық жаужүрек жігіт Дулат Тәженов.

Дулат Жаңаарқаның жазиралы даласының бір пұшпағындағы №56 разъезд деген аядай ғана ауылда туып өсті. Өзі құралпы балалардан соншалықты айырмасы болған жоқ, жалаң аяқ доп қуды, ертеден кешке дейінгі ермегі ойын болды. Төртінші сыныпқа көшкен жылы аудан орталығындағы мектепке ауысқан. Атасуда оқып жүргенінде «Жас сұңқар» спорт мектебінің бокс үйірмесіне үзіп-жұлып қатысып жүрді. Ауыл баласына тән әр нәрсеге деген әуестік келе-келе күнделікті машығына айналған.

Дулат алтыншы сыныпқа көшкен жылы арман болған спорт мектеп-интернатының табалдырығын аттаған. Білікті бапкер Сәкен Қоңыровтың қарамағына қабылданды. Бокс дегеннің былғары қолғапты киіп алып, оңды-солды жұдырық сілтеу еместігін алғашқы жаттығудан-ақ байқаған. Өзі қатарлас балалар бұл өнерді әжептәуір-ақ меңгеріп алған екен: бастапқы кезде мұрны қанап, көзінің асты көгеріп жүрді. Тығырақтан алып шығар жолдың тек аямай тер төккен жаттығуда екенін ерте сезгені өзіне әбүйір болды. Үш ай өткізіп барып, облыстық турнирді ұтып алды. Бірте-бірте ысылып, шаршы алаңға, тынымсыз жаттығуларға да бой үйрете бастаған.

Арада екі жыл өткенде Украинадағы Иваново-Франковск қаласында өткен халықаралық турнирде топ жарды. Одан кейін Донецк қаласында спорт мектептері арасындағы КСРО чемпионатында алтын жүлдені жеңіп алды.

Жалпы, Дулаттың бокстағы алғашқы қадамы сәтті болды. Бірақ, қанша жерден болашағынан мол үміт күттірген дарынды жас болғанымен, оның үлкен спорттағы жолы өте ауыр болды. Мұның, әрине, ежіктеп айтып жатуды қажет етпейтін субъективті һәм объективті себептері де мол болған. Шаршы алаңда жүріп арман еткен шыңдарды бағындыру мұның еншісіне бұйырмаған екен. Бар жеткен биігі – 1992 жылы Бішкекте өткен Д.Шопоков атындағы халықаралық жарыста «Спорт шебері» атағының нормативін орындады.

Сол жылдың желтоқсан айында өткен Қазақстан чемпионатында ұтылып қалды. Осы жеңіліс намысты жігітке психологиялық тұрғыдан өте ауыр тиген. Бір жылдай бос жүрді. Бойдағы күйзелісті күшпен жеңіп, шаршы алаңға қайта оралған. Белгілі боксшы Берік Нұрмағамбетовтің қарамағында жаттығып, жастық шақтың көңілді арбаған бар қызығын жолына құрбан еткен боксымен осылайша қайта қауышты. Сөйтіп жүргенінде, маңдайына жазылған тағдырдың сыйы деп бағалауға болар, Қарағандыдағы «Орбита» ықшам ауданындағы №23 мектепте кикбокс үйірмесін ашқан Тастанбек Есентаев деген әуесқой бапкерге жолықты. Қияқ мұрты қара торы жүзіне әдемі өң берген жігіттің байсалды сөзі, өз-өзіне деген сенімділігі мұны бірден баурап алған. Бапкер мен шәкірт тез арада тіл табысты.

Арада аз ғана уақыт өткенде бапкер Тастанбек Дулатты алып, Ресейдің Новосібір қаласына тартқан. Сонда тайбокстан кәсіпқойлар арасында ай сайын өтіп тұратын жарысқа шәкіртін қосып, бағын сынады. Алғашқы сында сүрінгенімен, кейінгі сапарлары сәтті болды. Осында жүріп жаттықтырушысы екеуі Муай Тайдың тайландтық әйгілі маманы Санит Конакпен жақын танысты. Сұңғыла маман қазақ ұлының бойындағы қайсар рух пен буырқанған бұла күшті байқап жүрсе керек, кезекті кездесудің бірінде бұларға ұсыныс жасап, өз Отаны Тайландқа шақырған.

Көктен тілегені жерден табылған бапкер мен шәкірт 1994 жылдың жазында Бангкок қаласына келіп, спорттың осы түрінің қыр-сырына бір айға жуық жалықпай қанықты. Әлемге әйгілі Сито Тон мектебінде күніне екі жарым сағаттан екі рет жаттығу жасап, тайбокстың бұған дейін өздеріне беймәлім болып келген айла-тәсілдері мен құпия амалдарын қомағайлана бойға сіңірген. Жалпы, бізде «Тайбокс» деп айдар таққан спорттың бұл түрі Тайландта «Муай Тай» деп аталады. Тайланд халқының ұлттық спорт түрі болып саналатын Муай Тайдың түпкі мағынасы «Еріктілердің жекпе-жегі» дегенді білдіреді екен. Муай Тайдың сынына жігіттің сырттаны, яғни шеберлігі әбден шыңдалған кәсіби спортшылар ғана түседі. Өйткені, жекпе-жек барысында қарсыластар бірін-бірі аяқпен аямай тебеді, тіземен талып түскенше төпейді, жұдырықпен, шынтақпен ұрады, қоян-қолтық келіп қалған тұста жамбасқа салып, лақтыруға да болады ереже бойынша.

Тастанбектің шәкірттері тайбокс, кикбокстан өткен әлемдік деңгейдегі талай додаларда топ жарып, олжа салды. Дулатқа келер болсақ, 1995 жылы Новосібірде өткен ТМД чемпионатында алған жүлдесі алтыннан болды, 1997 жылы Тайландта әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Осы жылы Будапеште кикбокстан болған Әлем Кубогы жолындағы жарыста күміс жүлдегер атанды. Арада бір жыл өтісімен, Қарағандыда кәсіпқойлар арасында әлем чемпионатының алтын белбеуі үшін өткен жекпе-жекте дүние жүзінің ең мықты тайбоксшысы, тайландтық һас шеберді айқын басымдықпен жеңген. Екі жылдан кейін әлемнің ең әйдік тайбоксшысы дәрежесінде Алматыда, кикбокстың біздегі іргетасын қалаушы Сабыржан Махметовтің ұйымдастыруымен өткен Қазақстан және әлем құрамалары арасындағы «Ғасыр матчына» қатысып, қырғыздың бетке ұстар боксшысын нокаутпен ұтты.

«Ғасыр матчынан» кейін жаттықтырушылық жұмысқа біржола ауысты. Бойында бапкерлік өнерге деген бейімділік бар болып шықты. Таңның атысы, күннің батысы жаттығу залынан шықпай, өзінің білгенін шәкірттерінің бойына құйып бақты. Төккен тер текке кетпеді. Әсет Төлеуов деген шәкірті жастар арасында кикбокстан әлем чемпионы атанса, Валерия Курлюк деген жүрек жұтқан қыз да дүниежүзілік додада топ жарды. Дулат Сәметов, Жасұлан Айтмағамбетов, Марат Разақ және Айбек Тоқтыбаев деген шәкірттері де талай додада топ жарып, спорт шеберлері атанды. Жас бапкер Дулаттың еңбегі осылайша жанып, ол 2007 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген жоғары мәртебелі атаққа қол жеткізді.

Былтыр оның жаттықтырушылық қызметіне жиырма жыл толды. Жеткен табысы мол, сонымен қатар қабырғаға шаншудай қадалған өткір проблемалар да аз емес. Соның бәрі бір ғана жайтпен тығыз байланысты – кикбокс пен тайбокс олимпиялық ойындардың бағдарламасына енбейді. Сол себепті де спорттың бұл түрлері қаржы мен қамқорлықтан ылғи да кенде қалып жүреді.

2005 жылы Дулат Анар есімді арумен отбасын құрған. Үйде Тілеген есімді ұл балқұрақтай желкілдеп өсіп келеді. Өзінің спортқа деген құлшынысы өте зор. Алайда, Дулат болашаққа деген таңдауды баласының өз еркіне қалдырған.

Шаршы алаңдағы Дулат пен былайғы өмірдегі Дулат екі бөлек адам сияқты әсер береді. Рингтің төрінде өліп-тірілуге бар жаны сері жігіт өмірдің өзінде үнемі күлім қағып жүретін жайдары да ақкөңіл жан. Муай Тай сынды адамның жілігі сынып, басы жарылатын, тіпті рингтің үстінде кейбірі жантәсілім етіп жататын спорттың қатал түрінде қатарының алды болып жүруіне осы бір қасиеттің де көмегінің зор болғанына күмән жоқ.

Балқаштың бағланы

Балқаш бокс мектебі туралы әңгіме қозғай қалсақ, әуелі ауызға ілігетіні – Атланта олимпиадасының чемпионы және кәсіпқой бокстағы жартылай ауыр салмақ дәрежесі бойынша әлемнің экс-чемпионы Василий Жиров екені даусыз. Дегенмен, Балқаштың боксы осы Василийден бастау алады деп ойлаған адам, әрине қатты қателеседі. Өйткені, Көкше теңіз жағалауынан Жировтан бұрын да небір жаужүрек жігіттер шыққан. Олардың дәл Жировтай жұлдызы жанып, наны піспесе де, бокс тарихының бетіне өздерінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырғаны анық. Сондай саңлақтың бірі – КСРО спорт шебері, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы Тілеугерей Мақанәлин деген мәрт ағамыз. Балқаштағы атақты «Ағайынды Мақанәлиндердің» баскөтерері.

Боксқа орта мектептің алтыншы сыныбында оқып жүргенінде барды. Былғары қолғапты алғаш киіп, бота тірсегі дірілдей шаршы алаңға шыққан сәті күні бүгінгідей көз алдында. Һас өнердің қыр-сырына үйретіп, бар білгеніне баулыған алғашқы жаттықтырушысы, қазір марқұм болып кеткен Артем Кулмышевті құрметпен еске алып отырады. Орта мектептің сегізінші сыныбын бітіргеннен кейін, Балқаштағы кәсіптік-техникалық училищеде газбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқыды. Сол жерде жүріп белгілі бапкер Владимир Романович Тулуповтың қарамағында жаттығып, бокс өнерінің тылсым сырына бойлай түсті.

Әскерге дейін Қазақстан чемпионатына қатысып үлгерді. Жастар арасындағы осы дүбірлі додада тәп-тәуір өнер көрсетті. Әрине, техникалық шеберлігі ақсаңқырап жатқан шығар, бірақ та, бойдағы намыс пен жеңіске деген құштарлық талантты жасты топтың ішінен алып шығып, жүлде біткенді сараптаған кіл мықтылардың майданына салған-ды. Жартылай финалдағы айқаста қарсыласына есе жібере қоймаған. Алайда, бокс деген спорттың қатал түрінде қарсыласыңды айқын басымдықпен ұтпасаң, яғни жалпақ тілмен айтқанда, есін тандырып тұрып, таяқтың астына алмасаң – жеңу деген екіталайдың ісі. Дәл осы жайт жеңіл салмақтағы қаршығадай лыпылдаған жас жігіт Тілеугерейдің де басынан өтті. Төрешілер шаршы алаңда сілекпесі шыққан қарсыласының қолын көтергенде, Тілеугерей сонша қатты өкіне қоймаған. Кінәні өзінен іздеп, соңғы раундтың ақырғы секундтарындағы сылбыр қимылын еске алғанда, күні бүгінге дейін бетінен оты шықты. Яғни, жаттығуда бір кемдік болды, бапкерінің айтқан көп дүниесіне жете мән бермеген.

Өмір бойы осы, сәтсіздік атаулының қайырымсыз жартасына келіп соғылғанда, басқаны емес, кінәні алдымен өзінен іздейді. Өзіне деген аяусыз қатаң талаптың нәтижесі болар, мынау жалғанда талай тығырықтан туы жығылмай шығып, сын сағаттағы шешуші сәттерде асығының алшысынан түсіп жүргені.

Әскери борышын Чехословакия жерінде өтеді. Мұның боксшы екенін біліп алған офицерлер жарыстан жарысқа сүйреген. Әуелі полктың біріншілігін ұтты, одан кейін дивизия бойынша өткен жарыста қарсылас шақ келтірмеген. Содан кейін барып, Орталық әскерлер тобында елу төрт келі салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық атақты жеңіп алды. Бұл кезде ол техникалық шеберлігі толысып, тактикалық тұрғыдағы тәжірибесі де байып, кәдімгі кәсіби деңгейдегі боксшыға айналған. Шаршы алаңда өзіндік қайталанбас қолтаңбасы болды. Көбіне шабуылдайтын және қарсыласының атақ-даңқына қарамайтын, «Жығылсаң – нардан жығыл» деген ұстаныммен өліспей-беріспейтін қайсар болды. Чехословакия демекші, 1979 жылы осы елде өткен «А» санатты Гран-при жарысына қатысып, өз салмағында қола жүлдені жеңіп алды. Негізі, аталған доданың бәсі тым жоғары болатын: бұған жыл сайын КСРО мен Кубаның бірінші нөмірлі былғары қолғап шеберлері қатысушы еді...

Сол әскерде жүріп, Украинаның Иваново-Франковск қаласында өткен КСРО Қарулы Күштерінің чемпионатына қатысты. Он бес одақтас республикадан жиылған небір ығай мен сығай салған қырғын соғыстан ақтық айқасқа бұзып-жарып шыққан. Финалдық жекпе-жектегі қолғап түйістерген қарсыласы да осал болмады, әрине. Рингтің ортасында тұрып алып, ашықтан ашық майдандасқан. Әкесін танытып бұл да ұрды, талай жойқын соққы мұны да тапқан. Ақыры не керек, төрешілер сәл бүйрек бұрып, жеңісті «Ұлы халықтың» өкіліне берген. Сонда өкінбеді. Қайта, өзіне деген сенімнің алапат күші пайда болғанын бүкіл жан-дүниесімен сезінген. Оның үстіне «КСРО спорт шебері» деген атақты алудың өзі ол кезде әлем чемпионатында жүлдегер болумен барабар дүние еді.

Әскерден соң, 1980 жылы Қарағандыға келіп, осындағы педагогикалық институтқа оқуға түсті. Институт қабырғасында жүріп те бокстан бір елі ажырамаған. Құрама команда сапында Бейбіт Есжанов, Ғалым Кенжебаев, Қанат Оспанов, Қанат Ғалымтаев, Нұрғазы Бубербаев сынды былғары қолғаптың белгілі шеберлерімен түрлі жарыстарда тізе қосып, қатар жүрді. Осы есімдері аталған боксшылардың бәрі де кезінде халықаралық ареналарда еліміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатқан жігіттер. Қазіргі таңда да олар қазақ боксының дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып жүр. Мысалы, Қанат Оспанов Қарағандыда өзінің жекеменшік бокс мектебін салып жатса, Нұрғазы Бубербаев бокстан ұлттық құрама команданың бастығы болып қызмет етеді.

Төрт жыл оқып, қолына диплом тиген соң туған қала – Балқашына оралды. Балқаштың іргесіндегі Приозерск қаласына барып, сондағы орта мектепте 1991 жылға дейін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет етті.

Одан кейін Балқашқа қайтып келіп, жаттықтырушылық өнерді де байқап көрді. Алайда, бұл кезде заманның ию-қиюы шыға бастаған болатын. Елді қос бүйірден қысқан экономикалық дағдарыстың салдарынан сол кездері «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген кепті кім кимеді десеңізші?! Бұл кезде отбасын құрып, балалы-шағалы болған Тілеугерейге үй-ішін асырау керек болды. Жаттығу залын амалсыз тастап, кәсіпкерліктің әліпбиін үйренуге бел буды. Балқаш жарықтық нағыз тоғыз жолдың торабында тұрған қала ғой, мұның үстінен өтетін күре жолдың бойынан автокеруен деген күні-түні бір үзілмейтін. Тілекең дәл сол кезде нарық ауданының тамырын тап басты. Балқашқа кіре берісте, күре жолдың бойына дүңгіршек қойып, шап-шағын асхана ашты. Құдай берейін десе үйіп-төгіп береді-ау, айналдырған бірер жылдың ішінде Тілекеңнің мұрты майланып, тасы өрге домалап берді.

Қазіргі уақытта Тілеугерей Исламұлы Балқаш қаласындағы ірі кәсіпкер ғана емес, сөзін жұрт тыңдайтын жақсы менен жайсаңның санатында. Қаланың қақ ортасында «Бақыт» деп аталатын ғажайып кешен салды. Мұнда мейрамхана, тойхана, қонақ үй, заманауи игіліктің бәрі бар. Осының бәрі халықаралық стандарт бойынша, аса жоғары талғаммен тұрғызылған.

2007 жылы Тілеугерей Исламұлы бастама көтеріп, «Ағыбай» деп аталған кәсіпкерлер кеңесін құрды, оның жұмысын қазір өзі басқарып жүр. Кеңестің құрамына Балқаштағы мықты деген жеті-сегіз кәсіпкер енген. 2008 жылы осы кеңестің күшімен «Балқаш-Туризм-2008» атты тұңғыш форум өтті. Ондағы мақсат – Балқаш көлінің маңын туризмнің төріне айналдыру.

2008 жылдан бастап Тілеугерей Исламұлының қоғамдық тағы бір қызметі – Балқаш қалалық бокс федерациясының президенті. 2009 жылдың аяғына қарай қарағандылық бір топ игі жақсы өзіне облыстық бокс федерациясының вице-президенті қызметін ұсынды. Ағамыз сол кезде екі ойлы болып жүрді. Мұнысы жұмыстың ауыртпалығынан қашқаны емес, әрине. Осы күнгі дәрежесіне өз күшімен жетті. Істі өзі бастап, шешімді де өзі қабылдап үйренген азат та асау басы базбіреулердің айтқанына жүріп, айдағанына көнбейтінін де жақсы біледі. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» ғадетіне салып, әлгі ұсыныстың тоқ етер жауабын беруді созыңқырап жүргені де содан болар.

Мараттың жүйріктігі

Біздегі дамуы кенжелеп қалған спорттың бір түрі – жапонның дзюдо күресі. Бұл – Олимпиадалық ойындар бағдарламасына енетін спорт түрлерінің бірі. Дегенмен, осы дзюдоның Қарағанды топырағындағы болашағы бізге жарқын сияқты болып көрінеді. Олай дейтініміз, спорттың осы түрін түлетуді қолына алған мықты мамандар бар екен бізде. Соның бірі – «Жас сұңқар» спорт мектебінің жаттықтырушысы Нәсіпқұл Тыныбаев деген азамат. Өз ісіне жан-тәнімен берілген осы бапкердің қарамағында Марат Баратов деген қараторы жігіт жаттықты. «Жаратқан Алла жар болса, дзюдомыздың болашағы осы бала», – деді Марат туралы оны он жасынан жаттықтырып жүрген бапкері.

Әдетте, спорттағы аса дарынды жас туралы қалам тербегенде кейде аттың басын тежеңкіреп отыратынымыз бар. Мадақ сөздің тілі қанша бал дегенмен, оның албырт жасты ақылынан адастырар уыты да болады. Оның ар жағында тіл-көзден сақтасын деген алаң көңіл де жоқ емес. Дегенмен, жанайын деп тұрған жасқа от беріп, жолын ашудың да қажеті кей-кейде тіленіп-ақ тұрады.

Марат – үйдегі бес баланың үшіншісі. Дзюдо күресіне үшінші сыныпта жүргенінде әкесінің Жолдас деген інісі алып келген. Бағы бар екен, кезінде балуанның сырттаны атанған Нәсіпқұл сынды бапкердің қолына тап болды.

Мараттың бойындағы дзюдо күресіне деген ықылас пен ынта ерте бастан байқалды. Жаттығудың бірде-бірін бос жібермей, бапкерінің айтқанын аса бір ыждаһаттылықпен орындап жүрді. Дзюдоның самбодан бір айырмасы – жапон күресінің негізі көз ілеспес шапшаңдыққа құрылған. Яғни, татамидің үстінде техникалық шеберлік және шымырлыққа қоса ұстараның жүзіндей лыпып тұру керек. Мамандардың айтуынша, дәл осы үдеден шыққан балуанның ғана мерейі үстем болады көбіне. Міне, біздің Мараттың бойында осы қасиет молынан бар. Татамидің үстінде ол өте шапшаң қимылдайды және көбіне шабуылдағанды қолай көреді. «Мараттың бойындағы маған ұнайтын қасиеттің бірі – белдесу алдында абыржуды, спорттың тілімен айтқанда «Жану» дегенді атымен білмейді. Керісінше, жарауы жеткен жүйріктей жұлқынып тұрады. Мұндай жүрек жұтқан өжеттік екінің бірінің маңдайына жазылмаған», – деп сыр ақтарды Нәсіпқұл аға.

Мараттың оң жамбасына келетін сүйікті әдісі – аяққа көтере-мөтере кіріп кетіп, қарсыласын әуеде шыркөбелек айналдыратын «Мельница» деген тәсіл екен. Осы әдісті әбден июін қандырып, жалықпай жонып жүр.

2006 жылы Қазақстан чемпионатында күресіп, қолын жарақаттап алды. Әбүйір болғанда, жарақаты зардапсыз жазылып кетті. Жалпы, ол облыс көлемінде өткен жарыс біткенде жеңіліп көрмеді. Сонымен қатар, Марат әр жылдары түрлі деңгейде өткен халықаралық жарыстарға, Азия мен әлем чемпионаттарына және Олимпиада ойындарына белсене араласып, жарқын жетістіктерге қол жеткізді.

Ел біріншілігінен кейінгі ірі жарысы 2007 жылы Ресейде өткен халықаралық турнир болды. Ақтық сынға жолдама берер белдесуде қарағандылық балуан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бейімбет Қанжановпен терезесі тең өнер көрсетіп, бір ұпай айырмашылығымен ғана ұтылып қалды. Соған қарамастан, «Қола жүлдегер» атанды. 2012 жылы Лондондағы жазғы Олимпиада ойындарына белсене қатысып, үздік спортшылардың қатарына енді.

Енді бір аз ғана уақыттан кейін Теміртау қаласында Қазақстан чемпионатына іріктеу жарысы болады. Қазіргі уақытта соған дайындалып жүр. 16-17 жасқа дейін Марат алпыс келі салмақ дәрежесінде күресті. Бірақ, өсе келе ол 73-80 келінің маңайына тоқтады. Алысқа көз жіберуді ғадетке айналдырған бапкері бүгінгі күнге дейін оған салмақ қудырған жоқ. Арда емген құлындай өз еркімен, табиғи түрде өсті.

«Мен өзімнің бапкерімді екінші әкем деп санаймын. Ол кісі қашанда дұрыс жолға салып отырады. Жарыстарда жанымда болса, бойыма күшім сыймай тұрады», – дейді сөзге сараң жігіт жаттықтырушысына деген шәкірттік пейілін екі-ақ ауыз сөзбен жеткізіп.

Түбіт мұрты тебіндеп шыққан Марат Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды тәмамдады. Аптасына бес рет, күніне екі реттен жаттығу жасайды. Сондай-ақ, ол көздеген мақсатына жетер жолдың мехнатты екенін жақсы ұғынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға