Жаңалықтар

Соңғы соққы!

Қазақстан жастары оңбай ұтылды
Соңғы соққы!
22.10.2018 09:09 4455

Черногория (U-21) – Қазақстан (U-21) – 5:1 (1:1)

Голдарды салған: 1:0 Ускокович, 20, 1:1 Солтан, 26, 2:1 Милошевич, 53, 3:1 Вукотич, 73, 4:1 Дринчич, 82, 5:1 Миличкович, 87.

Черногория (U-21): Царевич, Пешукич, Вукчевич, Лончар, Дринчич, Стиепович (Миличкович, 84), Осмаич (Цамай, 79), Ускокович, Вукотич (Терзич, 84), Милошевич, Бубанья.

Қазақстан (U-21): Сейсен, Қасым, Кусяпов, Орынбасар, Тұрсынбай, Түлеев (Сарбай, 78), Кәрімов (Махан, 72), Пайруз (Уханов, 59), Оразов, Жагоров, Солтан.

Словениямен өткізген қос ойында қазақстандық жас теңбіл допшылар бар болғаны бір ғана ұпай еншілеп, екінші орыннан күдер үзген болатын. Егер сол кездесулерде алты ұпайды қоржынға басқанда Еуро-2019-ға шығу мүмкіндігіміз зор болар еді. Сол себепті, бұл матчқа бас бапкер Талғат Байсуфинов жасы 21-ге жетпеген футболшыларды тартып, халықаралық тәжірибе жинатуды жөн санағандай. Федин, Зайнутдинов, Вороговский, Сейдахмет, Соколенко, Әліп сынды белді ойыншылар бас құрамаға шақырылған соң, бапкерге одан басқа жас таланттарға иек артуға тура келді.  Оның үстіне, құрамды жасартып, келесі турнирге дайындау басты мақсат болған еді. Сол себепті, Никшичтегі ойынға алғашқы минуттан жеті бірдей дебютант шықты. Солтан шабуыл өтінде ойнаса, оны қолдау міндеті Жагоров пен Оразовқа сеніп тапсырылды. Олардан төменірек Түлеев – Кәрімов – Пайруз үштігі өнер көрсетті. Қорғаныс Қасым – Кусяпов – Орынбасар – Тұрсынбай төрттігіне берілді. Қақпа кілті Сейсеннің еншісінде. Осы 11 ойыншы келесі турнирлерде тер төгуі әбден мүмкін деген сөз. Бұл матч олар үшін алғашқы сынақ болмақ. Қазақстан футболының болашағы осы ойында көрініс табады.

Төреші ысқырығы естіле сала, алаң иелері допқа иелік етіп, ойынды өз қолдарына алуға тырысқан. Қонақтар қарсыласып бақты. Осылайша, алғашқы 15-минуттықа ешқандай гол орын алған жоқ. Керісінше, қазақстандық Кәрімов қақпашы Цараевичтің шындап іске араласуына түрткі болды. Кипер допты бұрыштамаға жіберіп үлгерді. Алайда, ол корнер қазақтсандық жастарға ешқандай пайда әкеле қойған жоқ. Бұл черногорлықтардың намысын жанап өтсе керек, олар бірден алға ұмтылды. Осылайша, Вукотич бұрыштан қиыстырып Дринчичті іске қосты. Соңғысының соққысы Сейсеннен өткен жоқ. Лончар мен Осмаичте өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай, жер сипады. Бұл орайда, қазақстандық қақпашының шеберлігін ерекше атап өтуге болады (черногорлық жастар бұл қақпашыны көпке дейін ұмытпасы анық). Бұрыштама орындауға мүмкіндік алған алаң иелері гол салуға аз қалды. Лончар қиыстырып соққы жасағанымен, Сейсен өз қақпасын тағы да құтқарып қалды. Ендігі корнерден келген соққы Мұхамеджан үшін алынбастай болды. Екінші деммен кросс жасаған Милошовичтен келген допты Ускокович қақпаға тура бағыттады. Алғашқы голдың ізі суымай жатып, қазақстандықтар есепті теңестіре алды. Тұрсынбай шабуылға араласып, Қасымнан келген допты Солтанның аяғына салып берді. Жандос мүлт кеткен жоқ! Есеп 1:1! Алаң иелері қонақтардан мұндай соққы күтпесе керек. Алғашқы таймның соңына дейін черногорлық жастар есепте алға шығу үшін бәрін жасады. Вукчевич пен Осмаичтың кезек-кезек соққылары Сейсеннен әріге өте қойған жоқ. Мұхамеджан керемет сейвтермен көзге түсті. Қорғаушылар да қақпашыға барынша көмектесіп бақты. Алаң иелері статистикада да, жасыл алаңда да кәдімгідей басымдыққа ие болды. Алайда, бірінші таймнан соң, стадион таблосында бұл кездесуден жақсы нәтиже күтуге үміт сыйлаған 1:1 есебі тіркеліп тұрды. Бірақ, олай емес екен!

Екінші тайм бастала сала, черногорлықтар тайлы-тұяғымен шабуылға шығып, қазақстандықтардың осал тұсын іздеумен болды. Бұл кезеңнің бар болғаны 8-минутында Милошович көзге түсті. Ойыншының екі керемет мүмкіндігі болған. Бағымызға орай, ол біреуін ғана жүзеге асыра алмады. Бұл нәтиже де алаң иелерін қанағаттандырмай, олар қазақстандықтардың қорғаныс кетігін іздеумен болды. Кездесудің 73-минутында Вукотич өз мүмкіндігін керемет пайдаланып кетті. Ол Милошовичтен пас алып, бүгінгі ойындағы әдемі голдардың бірін соқты. Сейсенннің торға домалаған допты алып шығудан басқа амалы қалған жоқ. Енді бұдан кейін қонақтардың жеңілісіне ешкім күмән келтірмеді. 82 және 87-минуттары черногорлықтар есепті 5:1-ге жеткізіп, Байсуфинов шәкірттерін шарасыз қалдырды. Бұл жолы Дринчич пен Миличкович көзге түсті. Ең қызығы, кездесудегі  қазақстандықтардың сапында үздік ойыншы ретінде Мұхамеджан Сейсен танылды. Оның тамаша сейвтері болмағанда, 90-минуттан соң, таблода қандай нәтиже тіркелерін елестету қиын.

Тек қорғаныста ойнаған Байсуфинов шәкірттерінен нәтижелі ойын күтудің өзі қиындау еді. Оның үстіне барлық ойыншылар төменгі лигада тер төгеді. Бір жағынан, келесі жастар біріншілігіне жақсы дайындық болса, бір жағынан Еуропа алдында тағы ұятқа қалдық. Соңғысына бапкердің қаншалықты дайындалғанын көре алмай отырмыз...

Осылайша, Қазақстан құрамасы 9-топтың кестесінде 10 ойыннан соң, 10 ұпаймен бесінші орынға түсіп қалды. Еуро-2019-ға бұл топтан Франция құрамасы жолдама алды. Ал плей-офф ойындары арқылы Еуропа чемпионатына екінші орын иеленген Словения құрамасы өз бақтарын сынап көреді. Қазақстандық жастар 3-орында келе жатып, соңғы кездесулердегі сәтсіздігінің кесірінен Черногория мен Болгарияны алға жіберіп алды.  Ал топтың аутсайдері төрт ұпай ғана еншілеген – Люксембург құрамасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға