Жаңалықтар

Соңғы минуттағы жеңіс голдары

Кім чемпион атанбақ?
Соңғы минуттағы жеңіс голдары
03.07.2018 08:50 3247

Қазақстан Премьер-лигасының кезекті тартысты туры өз мәресіне жетті. «Астана» өз алаңында, «Ордабасыдан» басым түссе, алматылық «Қайрат» Қызылордада соңғы минутта жеңісті жұлып әкетті.

«Астана» – «Ордабасы» 5:3 (3:1)

Гол салғандар: 0:1 Диакате, 8 (пенальти), 1:1 Муртазаев, 34, 2:1 Муртазаев, 36, 3:1 Шомко, 45+1, 3:2 Бертольо, 53, 3:3 Бочаров, 83, 4:3 Щеткин, 90+1, 5:3 Деспотович, 90+4

Алғашқы минуттардан «Астана» аяқдопшылары Лория қорғаған қақпаның кілтін табу үшін алға ұмтылды. Венгрлік легионер Кляйнхайслер стандарттан соққы жасаған, бұл шымкенттік қақпашыға оңай олжа болды. Одан соң, қонақ ойыншылар Эричтің айып алаңынан бір-ақ шықты. Тұңғышбаевтың вертикальды пасы Нагаевты тапты. Бірақ, оған қарсы Марин Аничич ереже бұзып, төреші нүктені көрсетті. Диакате соққысының бағытын Эрич дәл тапқанымен, қайтару мүмкін болмағандай. Осылайша, 8-минутта қонақтар есепте алға шықты. Бұл голдан қуат алған ордабасылықтар бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастыра білді.  Бертольо, Тұңғышбаев, жарақат алған Нагаевтың орнына шыққан Джигаури бірлесе жүріп, керемет шабуылдың ұшын шығарған еді. Эричпен бетпе-бет келген Еркебұлан, киперден айласын асырғанмен, қақпаға тепкен добы Постниковтен кері қайтты. Одан кейін, кезек алаң иелеріне өтті. Шымкенттік команданың аргентиналық қорғаушысы Фонтанелло Зайнутдиновке қарсы ереже бұзып, сары қағазбен «жазаланды». Сол жерден Томасовтың қақпа алдына көтерген добы Деспотовичті тауып, Лорияның керемет сейв жасауымен аяқталды. Ал келесі он минуттықта хорваттық Марин нәтижелі пастың авторы атанды. Оң қапталдан келген бұрыштама добын Муртазаев керегіне жарата білді. Сонымен, есеп 1:1. Бұл гол қонақ команда үшін ауыр соққы болғандай. Өз айып алаңында Досмағамбетов аяғындағы доптан айырылып, Деспотовичке беріп қойды. Джордже өз кезегінде Романды доппен жарылқап, Қазақстан құрамасының шабуылшысы бар-жоғы екі минуттың ішінде дубльдің авторы атанды. Бірінші таймның қосымша минуттары Шомко өз қапталынан Досмағамбетов пен Джигауриді оңай алдап өтіп, көп іске араластыра бермейтін оң аяғымен соққы бағыттады. Давидтің қорғаушы тепкен допты қақпадан алып шығуға еш қауқары болмай, есеп он минуттың ішінде 3:1-ге жетті.

Екінші тайм «Астана» ойыншылары еркін ойнап, өз биліктерін жүргізеді деп ойлағандар шынымен, қателесті. Себебі, алаңға шыға сала шымкенттіктер Ненад қақпасына лап қойды. Ойынның бірінші бөлігінде жарқын ойынымен көзге түсе алмаған Досмағамбетовте керемет мүмкіндік болған. Ол Эричтен айласын асыра алмады. Бірақ, 53 –минутта сол Тимур қақпа маңына пас көтерді. Бірінші боп жеткен Тұңғышбаевтан соққы шыға қоймағанымен, Бертольонің қанжығасы майланып,таблодағы көрсеткішті бір допқа қысқарта алды. Бұл голдан соң, астаналықтардың да жақсы мүмкіндіктері болып жатты. Соның бірінде қонақтардың орталық алаңдағы қателігін керемет пайдаланған Зайнутдинов Романға қолмен қойғандай пас берді. Ол Жақсыбаевты оңай алдап өткенімен, Лорияны қапы қалдыра алмады.

Одан кейін бұл кездесуде аздап тыныштық орнады. Алаң иелерін бір доп айырмасы қанағаттандырса керек, алға ұмтылыстар аз болды. Сол секілді қонақтардың да шабуылынан түк шықпаған соң, Кахабер Цхададзе Джигауридің орнына Бочаревті жіберді. Кездесудің 83-минутында Тұңғышбаев алда жүрген командаластарын паспен жарылқаймын деп, қарсыласы Кляйнхайслерді тапқан. Оның аяғына жанасқан доп, Диакатеге жеті. Ал Абдулай тыңнан қосылған Никитаға доп жеткізген. Бочарев мүлт кетпеді. Есеп – 3:3. Нағыз шиеленіс! Гол жіберіп алған соң, жергілікті команданың бас жаттықтырушысы алаңға тыңнан қос футболшыны жіберді. Щеткин мен Станоевичтің соңғы екі голдың салынуына көп көмегі тиді. Төреші қосқан қосымша минуттары корнерден келген доп Щеткинді тауып, шабуылшы «Астананы» есепте алға шығарды. Ал матчтың нүктесін сол Щеткиннен пас алған Деспотович қойды. Астана төрінде өткен ойын осындай қызыққа толы болды. Алаң иелерінің қорғаныстағы бос кеңістігі шымкенттіктердің 3 гол салуына мүмкіндік беріп қойса да, нәтижелі шабуылдар чемпиондарды құтқарып қалды. Стадионға жиылған алты мың жанкүйер сегіз бірдей гол көріп, тартысты кездесудің куәсі болғанына күмәніміз жоқ.

«Ақжайық» – «Тобыл» 1:3 (0:0)

Гол салғандар: 0:1 Нөсербаев, 56, 0:2 Нөсербаев, 62, 0:3 Канкава, 88, 1:3 Сапанов, 90+3

Күннің ыстығына қарамай, жергілікті команда ойынды өте белсенді бастады. Мане Кассайды алдап өтіп, Непогодов қақпасына бұл кездесудегі алғашқы соққыны жұмсаған. Қақпашы жұдырықпен допты корнерге жіберді. Бұрыштама сондай сәтті шыға қоймады. Стартты он бес минуттықтан соң, қостанайлықтар шабуылға көше бастады. Тұрысбек Шаиховты алдап өтіп, соққы жасағанымен, оның жолына Басов бөгет бола білді. Бұл шабуылдың ізін ала, сол Бауыржан тағы бір мүмкіндікті жүзеге асыра алмады. Бұндай сәттердің кезегі енді Нөсербаевта бірнеше рет пайда болды. Таңат та бұл матчтың беташар голын соғуға асықпағандай. Қонақтардың қарқынын Мане аздап бәсеңдеткендей болды. Оның 30 метрден тепкен добын қақпашы дәл аңғарып, бұрыштамаға асырып тастады.

Екінші тайм қостанайлықтардың анық басымдылығымен басталды. Кездесуді қолына алған қонақтар 56-минутта есеп ашты. Нұрғалиев Нөсербаевтан пас алып, Таңатты қайтадан паспен жарылқады. Ол қақпашы Ткачукке ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Келесі 5 минуттықта тағы бір голдың куәсі болдық. Грузин легионері Квеквискири қиғаштап Нөсербаевқа тамаша пас берді. Ал Таңаттың соққысы жолай Сапановқа тиіп, қақпа торында тулады. Тағы да Ткчуктің дәрменсіз күйі! Одан кейінгі ойын уақыты аса тартысты бола қоймады. Непогодов екі бірдей оңай соққыларға тосқауыл болып, командасының жаңа шабуылын бастап жатты. 88-минутта белсенді ойынымен көзге түскен Тұрысбек алыстан жойқын соққы жұмсаған. Доп бағанадан серпіліп кейін қайтты. Оны Канкава күтіп алып, қарсыластың жолай ереже бұзғанына қарамай, 3-голға сүйінші сұрады. Бірақ, жергілікті команда да төреші қосқан қосымша уақытта бар күш-жігерін салып, есепті бір допқа қысқарта алды. Өз қапталынан Шаихов алға ұмтылып, Сапановқа пас жеткізген. Ол баспен Непогодвтан айласын асырып кетті. Сонымен, қостанайлық команда 5-ші сырт алаңдағы жеңісіне қол жеткізді. Десек те, оларға келесі кезеңде «Астана» қонаққа бармақ. Еуропа лигасының алдындағы ойын кімнің пайдасына шешіледі екен?

«Ертіс» – «Жетісу» 0:2 (0:0)

Гол салғандар: Оганесян, 56, Садовничий, 82

Төреші ысқырығы естіле сала, қос команда бірінші нөмермен ойнауға ниетті екендерін білдірді. Алаң иелері ланболл мен Фонсеканың белсенділігінен көп үміт күткендей. Ал қонақ команда қарымта шабуылмен-ақ, «Ертісті» қалпақпен ұрып алатындарына сенімді болған секілді. Ол үшін бастысы жетісулықтарға «дәліз» керек, Ибраев осындай сәтті көре сала, алға қарай тура ұмтылған. Оның соққысына дәлдік жетіспей, Калмыковтың күш салуынсыз-ақ, қауіптің беті қайтты. 30 метр қашықтықтан соққы жұмсаған Мухутдинов кипердің мықтылығын бір сынап көрді. Ал қонақ қақпашының алғашқы таймда жұмысы аса ауыр бола қоймады. Тек Кислицынның соққысы, жо-жоқ, дәлірек командаластарына асырған пасы мен Калининнің қақпадан қиыс кеткен добын ғана айтуға болатын шығар. Шабанов іске Фонсеканың Есімовтен алған пасынан кейін шын араласты. Жақын бұрыштан келген допты Андрей бұрыштамаға жіберді. Келесі таймда жетісулық қақпашы қарсылас киперінен бұрынырақ жұмысқа кірісті. Аврамияның техникаға салып жасаған соққысы, сондай қатты шықпаса да, Шабановтың жүрегін бір қозғағаны анық. Ал талдықорғандықтар бұған жылдам қарымта шабуылмен жауап қатты. «Ертіс» ойыншылары шын қауіптің қайдан келерін аңғармай қалғандай. Оганесян – Алтынбеков – Оганесян арасындағы байланыс өз нәтижесін берді. Армян легионері Калмыковтың сол қапталына допты дәл түсіріп, есепке өзгеріс енгізді. Оны Есімов қуып жетуге тырысқанымен, онысынан түк шықпады, қорғашуы ойын ережесін бұзудан да сақтанғандай.

«Ертіс» бас бапкері таразы басын теңестіруді ойлап, алаңға тыңнан Воменко мен Саламиді жіберді. Өз кезегінде Воменконың сол қапталдан бірнеше ойыншыны айналып өтіп, қақпаға жақындай түскені керемет болғанымен, соққысы ойындағыдай шыққан жоқ.  Владимирге доп Калининнен жеткен, ал оған қақпашы доп жіберген болатын. Егер «Ертістің» жартылай қорғаушысы бар шеберлігін ортаға салып, есепті қысқартқанда матчтың үздік голы болар ма еді, кім білсін?! «Сен салмасаң, саған салады» дегендей қонақтар өздерінің «жарты» мүмкіндіктерін керемет пайдаланып кетті. Ойынның бітуіне он минуттай қалғанда Куклис айып алаңынан Садовничийге пас жеткізді. Ал ол Гомес пен Стаменковичтен биігірек секіріп, қақпаның тура оң қапталына допты тастай салды. Калмыков барынша тырысқанымен, өз қақпасын голдан құтқаруға шамасы жетпеді. Осылайша, 0:2 есебі Павлодардың орталық стадионының таблосында жарқырап тұрды.

Бұл «Жетісудың» сырт алаңдағы алғашқы жеңісі. Олар қоржынын үш ұпайға толтырып, турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартып алды. Ал Еуропа лигасы күтіп тұрған «ертістік» ойыншылардың жағдайы тым мүшкіл секілді. Оның үстіне, Бекбаев, Айтбаев, Галбаевтар командадан кетіп, тіпті іс насырға шапқандай. Жылдамдатып «Ертіс» басшылары жаңа ойыншылар қамына кіріспесе, Еуропада ұпай таратарымыз анық.

«Қайсар» – «Қайрат» 1:2 (0:0)

Гол салғандар: 1:0 Байжанов, 59, 1:1 Исаэль, 64, 1:2 Исламхан, 90+4

Ыстық күн-райына қонақ команда үйренем дегенше, алаң иелері бір шабуылдың ұшын шығарды. Тағыбергеннің айып соққысынан тепкен спорттық снаряды Коробкинге жеткен, ол допты өз ырқына көндіре алмады. Асхаттың алыстан көздеген соқысына дәлдік жетіспесе, Курьордің добы қорғаушылардан кері серпілді. Қасқырлардың қарқынды шабуылына Хуан Фелипе орта дистанциядан соққы жұмсап, жауап қатты. Бразилиялықтың добы маңдайшадан биік кетті. Одан соң, Байжанов жақын бұрыштан Покатиловты бір сынап көрді. Мақсаттың да теңбіл «қаруы» діттеген жерден табылмады. Сәл кейінірек, Стас Коробкиннің алдын орап, командасын анық голдан құтқарып қалған еді. Ендігі кезек Исламқұловқа келді. Жуков Марсельдің «құрғақ» минутына өзгеріс енгізуге қауқарсыз болғандай. Қызылордалық кипер алғашқы таймда өз қақпасын голдан сақтап, рекордын 778 минутқа дейін жеткізген еді. Екінші таймда Карлос Феррер қос бірдей аяқдопшыны алаңға жіберіп, жеңістен шын ниетті екенін байқатты. Жуковты алмастарған Исламхан расында орталықтағы ойынға сән кіргізді. Ал шабуыл өтіндегі Сильвейра Швыревке орнын босатып, алматылықтардың күдігін ұялатқан. Жас шабуылшы ойынға қаншалық кірігеді екен деген сұрақ көптің көкейінде қалғаны анық. Бірақ, қасқырлардың орталықтағы ойыншылары Сильвейраның адымын аштырмады, ал Швырев өз кезегінде жақсы ашыла білетін шабуылшылардың бірі болып есептеледі. Бірақ, қос тың футболшының шығуы халық командасының гол жіберіп алуымен баталды. Өз қапталында Байжанов Батоны оңай алдап өтіп, қақпасынан шыққан Стастан асыра салды. Есеп 1:0. Бірақ, Мақсат ойын эпизодында Батоға қарсы ереже бұзғандай көрінеді. Төреші бұл сәтке көз жұма қарап, гол есепке алынды.  Осы голдың ізін ала, қайсарлықтар есепті еселеуге мүмкіндіктері болған. Тағыбергеннің добына Граф үлгере алмай, Покатиловтың жүрегін орнына түсірді. Қонақ команда араға 3 минут салып, есепті теңестіріп кетті. Аршавин екі қорғаушыны жолда қалдырып, Исаэльге пас жеткізді. Ол Исламқұлов қорғаған қақпаның кілтін тапты, ақыры. Қызылордалық жас кипердің голсыз минуты 800-ге дейін созылған еді. Оған Сергей Бойченконың рекордын қайталау үшін бар болған 121 минут жетпей қалды.

Келесі ойын бөлігінде қайсарлықтар есепте алға шығуға барын салған еді. Курьордың жер бауырлата тепкен добын Покатилов әупірімдеп жүріп, қайтара алды. Одан кейін Джа Джедженің гол соғардай тамаша қос мүмкіндігі болды. Біріншісінде дәлдік жетіспесе, келесіде француз қақпа бағанын көздеді.  Тағы футбол құдайы өз сәтін пайдалана алмаған «Қайсарды» жазалауға шешім шығарғандай. Төреші қосқан қосымша минуттары Аршавин Исламханға доп берді. Ал капитан 26 метр қашықтықтан керемет соққы жұмсап, командасына жеңіс сыйлады. Қанша тырысқанымен, Исламқұловтың допты алып шығуға шамасы жетпеді.

«Қайрат» өткен турда соңғы минутта «Астана» ойыншыларына жеңісті беріп қойғанын ескерсек, сәттілік бұл жолы алматылықтар жағында болған сыңайлы. Шын мәнінде, қызылордалық ойыншылар бүгін жеңіске ойнағанымен, Андрей Аршавиннің тамаша пастары мен Исалмханның ғажайып голы оларды сәтсіздіктен құтқара алмағандай. Ойын соңында «Қайсар» бапкері Стойчо Младенов ойыншыларына көңілі толмай, шаршағанын жеткізді. Иә, қақпаға екі метр жерден дәл тебе алмасаң, техника емес... Кінәні басқа жақтан іздеу керек шығар.

«Атырау» – «Қызыл-Жар» 0:0

Атыраудағы ойын тартысты басталды. Алғашқы 5-минутта-ақ, жартылай қорғаушы Фредди Коронель маңдайшаның беріктігін бір сынап көрді. Мұнайшылар он минут өткен соң, Адениджидің қиыс соққысымен ғана жауап қата алды. Oсыдан кейін-ақ, жергілікті футболшылардың есепті ашуға тамаша мүмкіндіктері болған. Қалмұратов өз қапталынан Нұрыбековке доп жеткізді. Айбардың соққысына тамаша реакция жасаған Цирин допты қақпадан алып шықты. Үзіліске дейін қос команда да соққылармен алмасты. Бірақ, ойыншыларға дәлдік жетіспей жатты. Григалишвили Ступичтің көтерген добынан кейін, атыраулықтардың қақпа алдына дейін жетіп, соққы жасауға ұмтылған. Соңғы сәтте ғана грузин легионерінің аяғынан ала доп айнып кетті. Екінші таймда қауіпті сәттер саусақпен санап алуға болатындай еді. Жергілікті жанкүйерлерді сүйікті командасының алға ұмтылмағаны шын жасытқандай. Нұрыбековтың маңдайшадан биік кеткен добынан басқа, Сикимич пен Максимовичтің соққы жасауға ұмтылыстарынан түк шықпады. Төреші қосқан қосымша уақытта Григалашвилидің орнына шыққан Гунченко айып сызығының сыртынан жасаған соққысы әлсіз болып, дәл Логиновскийдің қолынан табылды. Оған жауап ретінде Зенькович  сегіз метр жеден Цирин қорғаған қақпаға баспен допты тура бағыттай алмай, жерді ұрды. «Қызыл-Жар» ойыншыларының лайықты теке-тіресі өз нәтижесін беріп, қонақта қоржынға бір ұпай салып отыр. Өткен турда Петропавловск ойыншыларына «Жетісу» алаңында соңғы минуттары сәттілік сырт айналып, гол жіберіп алса, бұл ойында жеңіске жетуге бір табан жақын қалды. Гунченконың орында шабуылшы болғанда, қонақ футболшылар туралы басқаша әңгіме өрбір еді. Ал атыраулықтар кубоктық кездесуде «Шахтермен» ойнағандай жарқын кездесумен қуанта алмады. Қос команданың ұпай бөлісуі, төменгі алтылықта тұрған басқа командалардың қуануына себеп тауып бергендей. Айтпақшы, «Атырау» басшылығы мен бас бапкер осы ойыннан кейін өз еріктерімен қызметтерінен кетіп тынды. Әзірге, футбол клубының тағдыры кімнің қолына түсері белгісіз.

«Ақтөбе» – «Шахтер» 2:0 (1:0)

Гол салған: Пиззелли 7, 52   

Алғашқы 10 минуттық «Ақтөбе» үшін сәтті басталды. Шабуыл былай өрбіген еді: Радин оң қапталдағы Қайыровты іске қосты, ол Мужекті айналып өтіп, қақпа алдын пас шығарды. Бұл маңдағы Рейналдо Ткачукті өзімен әкетсе, Шахметов Пиззеллиге үлгермеді. Маркостың керемет соққысымен есеп ашылды. Бұл бразил-армяндық ойыншының 10-голы. Есепте алға шығып алған «қызыл-ақтар» шабуылды одан сайын үдете түсті. Кояшевичтің добын Нұрмұхаметов қаршып алған соң, ақтөбеліктер корнерге мүмкіндік алған. Бұрыштамадан жеткен доп Марьяновичтің басын тауып, ол маңдайшаға дөп тигізді. Бірер минуттан соң, Валиуллин Шацкийдің жақын бұрышын көздеген. Қарағандылық қақпашы орнынан табылды. Одан кейін, өз айып алаңында доптан айырылған шахтершылардың қақпасы екінші голдан аман қалды. Бұл жолы өз сәтін Рейналдо пайдаға асыра алмай, опық жеді. «Шахтерліктер» Шахметовтың алыс соққысымен, Мужек пен Володьконың қиыс ұшқан доптарымен жауап қатты. Үзіліске дейін жергілікті ойыншылардың бір емес қос мүмкіндігі желге ұшты. Алғашында Пиззелли Шацкийді сол қапталын көздеген, қақпашы допты кейін қайтарды. Одан соң, Рейналдо тағы бір шабуылдың нүктесін қоя алмады. Екінші таймның басында қонақ команданың сапында өзгеріс орын алып, Шафф қосылды. Сергейдің есепті теңестіруге деген құлшынысы жоғары бағаға лайық. Десек те, қарағандылықтар бірнеше мүмкіндіктерді пайдаға асыра алмай, керісінше өз қақпаларына гол жіберіп қойды. Тағы да көзге түскен – Пиззелли. Ол 23 метр жерден Шацкийдің сол қапталына допты айналдыра тастай салды. Бұл турдағы Исламханның голымен бірдей үздік болуға лайық соққы болды.  

Бір қызығы, Маркос бірінші таймның 7-минутында, сол сияқты ойынның екінші бөлігінің 7-минутында көзге түсті. Ол мұнымен қоймай, қанжығасын ассистент боп майламақ еді. Тағы да сол Рейналдо мүлт кетті. Келесі ойын эпизодында ақтөбелік қорғаушы Симчевич ойын ережесіне қарама-қайшы келетін техника қолданып алаңнан қуылды. Десек те, сан басымдығы да қарағандылық ойыншыларға көмекке келмегендей.

Ақтөбеліктердің жеңісі турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Олар «Ертіс» пен «Ақжайықты» артқа тастап, үздік алтылыққа қосылды. Қоржындағы 6 ұпай алынбағанда тіптен, 4-орынға бірақ шығар еді.  Владимир Мұқанов шәкірттері дәл осылай табанды ойын көрсете берсе, маусым соңында таңғажайып жетістікке жетері анық. Ал «Шахтер» кезекті жеңілісінен кейін, келесі маусымды тіпті 1 лигада өткізуі мүмкін. Журавель әлі тағында отыра берер ме екен, кім біледі?!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға