Отандық спорт расымен «отандық» па? (2-бөлім)

14.02.2017 927

Қазақ спортына сырттан кеп қосылғандар

Олимпиадада жүлде алғандар

Қазақстан тәуелсіз болғалы алты жазғы және қысқы Олимпиада ойындарына қатысыпты. Біздің жетістігімізге тек осында туған спортшылар ғана емес белгілі себептермен мемлекет ауыстырғандар да өз септігін тигізіп отыр.

Елена Хрусталева 2010 жылы Ванкуверде өткен олимпиадада ел қоржынына жалғыз күміс салған биатлоншы. Оның еншісінде Азия ойындарының қос алтын, қос күміс, бір қоласы, Еуропа чемпионатның 3 алтыны, Азия біріншілігінің алтын, күміс, қоласы бар.

Бір қызығы Елена 2002 жылдары Беларусь атынан, 2002-2007 жылдары Ресей атынан сынға түскен, он жылдан бері Қазақстан азаматы болып саналды.

Георгий Цурцумия 120 кг дейінгі грек-рим күресінен Афины олимпиадасының күміс жүлдегері. Азия біріншілігін 4 рет жеңіп алған, сондай-ақ, әлем біріншілігінде екінші сатыдан көрінген. Бұрынғы Грузия азаматы.

Оңтүстік Осетияда дүниеге келген еркін күрес шебері Генадий Лалиев 2004 жылғы төрт жылда бір келетін бәсекенің финалында ұтылып, Қазақстан жүлделерін бір күміске көбейтті. Әлем біріншілігінде бір, Азия чемпионатында екі қолаға қол жеткізген. Лалиев Қазақстанның еңбек сіңірген және Ресейдің халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Мхитар Манукян – грек-рим күресінен Азияның және әлемнің екі дүркін чемпионы, грек жерінде өткен сынның қоласын иеленген. Арменияның халықаралық дәрежедегі және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.

Ресей атынан да біраз додада олжа салған Светлана Подобедованың допинг дауына іліккенін жақсы білесіздер. Солтүстіктегі көршіміздің атынан шығып жүргенде Еуропаның екі дүркін чемпионы болған, әлем біріншілігінде үшінші орыннан көрінген. Ал Қазақстанның атынан қатысқан әлемдік сында екі рет алтыннан алқа тақса, бір рет күміспен күптелген. Азия ойындары мен Азия біріншілігінде топ жарған. Олимпиада ойындарындағы алтынын ХОК қайтарып алмағанда Светлананың «асығы» түгел еді.

2011 жылдан бері Қазақстан атынан татамиде тер төгіп жүрген грек-римші Даниял Гаджиевте ірі халықаралық дәрежедегі тек Олимпиада ойындарындағы қола медалі бар екен.

Бірнеше әлем рекордтарының иегері Зүлфия Чиншанло жайлы ғаламтор беттерінде Алматыда дүниеге келген деп жазады. Зүлфияның біздің жерде тумағанын айтпасақ та жалпақ жұртқа аян. 14 жасында аспан асты елінен әкелген бапкер Алексей Нидің қоластында жаттыққан ол әлем біріншілігінде үш рет топ жарды. Ал Азия ойындарында екі рет күміс еншілеген. 2012 жылғы Лондонда өткен Олимпиадада Қазақстан атын дүркіреткен спортшылардың бірі. Өкінішке қарай, допинг сынамасы оң нәтиже беріп, Чиншанлоның бүгінге дейінгі ең ұлы жеңісі өз күшін жойды.

Қырғыз КСР-да дүниеге келді деп көрсетілетін ұлты дүнген Майя Манеза да ел абыройын асқақтатқан ауыр атлетшіміз. Ол әлем чемпионатын қатарынан екі мәрте жеңіп алды, сондай-ақ, оның қоржынында айтулы доданың күмісі бар. Маяның жүлделеріне Азия ойындарының алтынын қосыңыз.

Гюзел Манюрова Ресей атынан да бірнеше бәсекелерде жүлдегер атанған. 2004 жылы Афины Олимпиадасында күміс алып, әлем біріншілігінде қола еншілеп, Еуропа бәсекесінде алтын, күміс, қола олжалаған.

Манюрова біздің елдің атынан Олимпиада ойындарының күмісі мен қоласын иеленген, әлем бәсекесінде күміс алған. Азияның төрт дүркін чемпионы.

Бұған дейін Әзірбайжан мемлекеті атынан сынға түсіп жүрген, Ниджат Рахимов 2015 жылы әлем чемпионатында да, Рио Олимпиадасында да бірінші тұғырдан көрінді.

Галбадрах Отгонцэцэг – 2015 жылдың қаңтар айынан бастап, Қазақстан атынан шыққан спортшы. Моңғол қызы 2016 жылдың әйелдер арасындағы үздік дзюдошысы атанды. Ол Оңтүстік Америкада өткен Рио ойындарында қолаға қол созды. Өткен жылы өзі қатысқан халықаралық сайыстардың бесеуінде алтыннан алқа таққан екен.

Қытайдағы спорттық мектептің түлегі, дүнген ұлтты Фархад Харкидің туған жері Қырғыстан және Ресей деп жазылады. Ол Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия біріншілігінің күмісін, жазғы Универсиаданың алтынын еншлеген.

Басқа да спорт түрлеріндегі «жаңа» қазақстандықтар кімдер?

Игита, Лео, Дуглас, Эвертон секілді бразилиялық футзал шеберлері бүгінде Қазақстан құрамасын біраз белеске шығарды. Өткен жылы Еуропа чемпионатындағы үшінші орын біздің футзалдың абыройын асқақтатып кәрі құрлыққа танымал етті. Тек Колумбияда өткен әлем біріншілігінде Испаниядан аса алмай, жарысты ерте аяқтауға тура келген болатын.

Игита және Лео

Алғаш боп еліміздің хоккей құрамасын канадалық Кевин Даллмэн толықтырды. Ол 2013 жылдың қаңтар айы еді.

Астаналық «Барыс» хоккей клубының үздік сұрмергендері ББД үштігі (Брэндон Боченски, Дастин Бойд, Найджел Доус) 2016 жылы Қазақстан атынан ойнауға мүмкіндік алып, әлем чемпионатында көк жидені киіп, мұз айдынға шықты. Бірақ, бұл жорықтары сәтсіз басталып, елімізді топтық кезеңдегі соңғы орыннан жоғары көтере алмады.

Джерри Джонсон

Ал Қазақстан баскетбол құрамасында 2012 жылдан бері американдық Джерри Джонсон ойнайды.

Басқа да спорт түрлерінде сырттан келіп, қазақ спортының «қазанына» қосылып жатқандар жетерлік. Тек оларды жоғары деңгейлі сайыстарда көре алмай жүрміз. Дегенмен, жүрегі «қазақ» деп соғатын, өз топырағымызда аунап өскен спортшыларымыздан көбірек үміт күтетініміз жасырын емес.

 

Ұқсас материалдар