Жаңалықтар

Ұлттық рухты ұлықтап, елдің намысын қорғап жүрген спортшылар

Сайыпқыран ұландар
Ұлттық рухты ұлықтап, елдің намысын қорғап жүрген спортшылар

Қазақ қазақ болып жаратылғалы бері қандай да болмасын той-думандар балуан күресінсіз өтпеген. Кеудесінде жаны бар адамның қанын қоздырып, намысын қамшылар осындай дүрмек-додаларда елінің, руының, тіпті, алақандай болса да тұратын жерінің даңқын дүркіреткен дүлей балуандарын әлдеқандай қылып әспеттеп, айдар тағып, ту қылып төбелеріне көтерген. Талғат Теменұлының «Жайықта туған жампоздар» атты кітабына сүйене отырып, Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданынан шыққан спортшылардың жетістігіне кеңірек тоқталмақпыз.

Мүсілім Оңдағанов

Cамбо күресінен ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР құрметті спорт қайраткері, самбодан ардагерлер арасындағы әлем чемпионы Мүсілім Оңдағанұлы Оңдағанов 1967 жылдың 3-сәуірі күні Орал облысы, Тайпақ ауданы, Краснояр (қазіргі Томпақ ауылы) ауылында дүниеге келді. 1984 жылы Краснояр орта мектебін бітірген Мүсілім ағалары секілді ауылда қалып қоймай, үлкен спортқа бет бұрды. Бір ғажабы, атағы алысқа кеткен чемпион болудан гөрі, сол чемпиондарды дайындап шығаратын бапкер болуды көбірек армандайтын ол, спорттың күрес саласын әуелі өзі толық меңгеріп алуды мақсат тұтты.

Сол жылы таудай арман арқалап Орал қаласына келген ол жолы болып, қаладағы №24 кәсіптік-техникалық училищеге оқушы болып қабылданды да, ауылда жүріп Фазал Сыдықов, Марат Қажбанов ағаларынан үйренген күрес өнерін әрі қарай жалғастырды. Бағына қарай бірден облыстағы ең мықты бапкер Батыр Қуанышевтің қолына ілігіп, енді бірыңғай самбо күресімен айналыса бастады. Бұған дейін күрестің басқа түрлерін бір кісідей бағындырып келген Мүсілімге самбо саласы анабір бөтендік танытқан жоқ, оны оп-оңай меңгеріп кетті. Батыр ағайы жаңадан келген жас шәкіртінің тілалғыштығына, өз-өзін аямайтын еңбекқорлығына, сосын, шектен тыс қарапайымдылығына қайран қалатын. Қайран қалмай қайтсін, жанын жеп жаттығатыны сондай, айналдырған алты айда жасөспірімдер арасында өткен республикалық жарыста жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, бірден ұлттық құрама сапына қабылданды.

Бұдан кейінгі оқу-жаттығу жұмыстары біразға дейін сол тұста бір көру әркімге арман болған ай-ару Алматы қаласындағы «Достық» спорт кешенінде және анау-мынау емес, күреске түсіп жүрген әр қазақ баласының қол жетпес қиялына айналған Қазақстан құрамасының бас бапкері Керей Қойшыбектің қол астында жалғасты.

Әттең, бір мысқал кем жаратылған дүние, енді-енді күш алып, көтеріліп келе жатқанда, «Әскери борыш» деген «Абыройлы» міндет алдынан кесе көлденең шыға келіп, бұл ойламаған жерден Отанын қорғауға аттанып жүре берді. Дегенмен, екі жыл бойы өзіне үлкен ыждахаттылықпен қарауының арқасында ғана «Әупіріммен» спорттық бабын сақтап қалды. Тіпті, қайсыбір тұстары өзі қызмет еткен бөлімнің жыртысын жыртып, жарыстарға барып жүрген кездері де болды. Сондағы жүлделі орындар алған грамоталары мен полк командирінен алған алғыс хаты әлі күнге дейін өзінде сақтаулы...

Әскерден келген соң, Мүсілім күресін қайта жалғастырды. 1987 жылы Оралда өткен Қазақстан кубогы жолындағы республикалық бәсекеде жүлделі үшінші орынды жеңіп алып, ойламаған жерден күресті доғарды. Бұл – Мүсілімнің аяқ астынан жіберген үлкен қатесі еді. Сөз жоқ, сол жолы өзін керемет жақсы көретін Батыр ағайының қол астында жаттығуын жалғастыра бергенде – одақ, Әлем жолындағы жүлделерге қол созым-ақ қалған болатын. Бұл кезде самбо күресінің қыр-сырын әбден меңгеріп алған оны ауыл тартты да тұрды. Ендігі мақсат – бала кезден бері бүйірінің бір түкпірінде бұғып, қашан бас көтеруін күтіп жатқан арманы – бапкер боп, чемпион дайындау.

Өзін басы бүтін біржола соған бағыштады. Дәл осы кезде оған қалада қалып, Батыр ағайының қарауында да бапкер боп жұмыс істеуіне болар еді. Бірақ ол қолды бір сілтеп, кез келген албырт жастың басын әпсәтте айналдырып алатын қаланың қызық-шыжығына бұрылып қарамастан, «Ауыл қайдасың?» деп тартып отырды. Есіл-дерті – әуелі өзі туып өскен туған ауылының балаларын баптап, спортын көтеру.

Әрине, «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас», Мүсілім сол кездегі өзінің жанкешті тірлігінің жанданып, тоқтаусыз алға жылжуына үлкен ықпалын тигізген сол тұста аудандық оқу бөлімін басқарған Римма Түрікпенова мен аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары Алтынай Әбілова апайларына әлі күнге алғысын жаудырудан жалыққан емес. Енді ше, «Болайын деп тұрған баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, Мүсілімнің бойындағы жұмысқа деген зор қабілеті мен ынтасын дер кезінде байқаған олар, оның қолын ештеңеден қаққан жоқ. Қайта, алдарына барса болды, тауын қайырмай, сұрағанын тауып беріп отырды. Мүсілім оны шашау шығармай, орнымен пайдалана білді. Аудандық оқу бөлімінен жөндеуге деп бөлген ақшаға шәкірттерін жауып жіберіп, спорт мектебін көрсе көз тоятындай етіп жөндеп алды. Әрине, қолына күрек пен қалақ алып, өзі бас құрылысшының орнында жүрді. Ал, жөндеуден қалған ақшаны шәкірттеріне тиынына дейін тең етіп бөліп берді.

1989 жылдардың аяғында елдегі саяси жағдай барған сайын тырс етіп жарылуы жақын сыздауықтай ушығып, екі иінінен әрең-әрең дем алып тұрған. Ел сансырап қалды. Мүсілімнің де «Енді қайттік» деп аз-кем дағдарысқа түскені – осы кез. Қолды бір сілтеп, күресті тастап, коммерция не кәсіпкерлікпен айналысып кетуіне болар еді. Әттең, қабырғасын өз қолымен сылаған спорт мектебін, қайда барса да алдын орап «Ағатайлап» жүргізбейтін аяулы шәкірттерін қимады. Жүре берейін десе, заман ызғары қос өкпеден өлтіре қысып, өңмеңдеп барады. Аштан өлмесе де, көштен қалып қояр қауіп бар. Не істеу керек?

Сәтін салғанда, не істеу керектің кесімді жауабын Оралға бір барғанында өзі жақсы көретін сүйікті бапкері Батыр ағайы ақы-пұлсыз-ақ қолына ұстата салғаны. Мұндай керім болар ма, күндіз көз алдынан, түнде түсінен кетпей қойған әлгі бір келеңсіз сұрақты бір қағаберісте Батыр ағайына да қойған. Көптеген атақты шәкірттерінің арасынан Мүсілімді ерекше бағалайтын ағайы бәлсініп жатпады, ағынан жарылды.

Оралға келісімен Мүсілім Батыр ағайының қарауына жаттықтырушы болып жұмысқа кіріп, өзі де күресіп жүрді. 1993 жылдың қоңыр күзінде тұңғыш рет төл теңгеміз айналымға түсіп, бұрын біресе «Ағаш ақша», біресе «Орыс рублінің» әрі-сәрі сабылтқан сергелдеңінен құтылып, елдің езіле бастаған еңсесі әп-әжептәуір көтеріліп қалған кез болатын. Аяқ астынан дүркірей соққан дауылдан облыс спорты да іш тартып, кәдімгідей тежелей қалып еді, енді оған да шым-шым жан бітіп, облыстық, республикалық жарыстар қайтадан жандана бастады.

Сондай іргелі жарыстардың бірі 1995 жылы өткен самбодан республикалық бәсекеде Мүсілім оза шауып, чемпион атанды. Дәл сол жылы Ресейдің Кставо қаласында өткен Әлем Кубогы жолындағы аламан жарысқа қатысып, кереметтей әсерленіп қайтты.

1997 жылы Тайпақ ауданы тарап, халқы босап кеткенде, ең алдымен қол ұшын созған да осы Мүсілім еді. Сонда, аудан халқына құдай-ай, «Балапан басында, тұрымтай тұсында» зар заман орнаған еді. Халық аласапыран күй кешкен. Бұрын ит өлген жердегі облыс орталығына әрең қатынайтын жұртқа, енді аудан орталығына жету мұң болды. Ал, жұмыстарын енді-енді бастап жатқан жергілікті кәсіпкерлерге жерлестеріне қолын созып, көмек ұсыну әлі ертерек еді.

Міне, осы кезде жерлестерінің жан күйзелтер ауыр жағдайына жаны төзбеген Мүсілім де жетті ауылға. Келе сала ауыл әкімі Ғайнолла Садиров арқылы сол төңіректегі округ әкімдерін жинап алып, оларға сол округте тұратын көп балалы отбасылардың тізімдерін алдыртып, қастарына өз адамдарынан бір-бір уәкіл қосып, әр округ басшысына бір-бір «Камаздан» бөліп берді. Қол ұшын созып, берген көмектері бұл ғана емес. Қалай десек те, Мүсілімнің ауылдан шыққан атымтай жомарт екені айдан анық.

Жалпы, Мүсілім тек кәсіби спортты ғана емес, облыстағы бұқаралық спортты да өте жоғары деңгейде дамытты. Осындай даңқ пен атаққа Мүсілім оңай жеткен жоқ. 1997 жылы өзінің көптен бергі арманы жүзеге асып, «Тайпақ» кәсіби спорт клубын ашты. Күрес десе ішкен асын жерге қоятын Мүсілімнің осы бір игі ісін қолдап, көмек қолын созған достары мен тілекшілері де аз болған жоқ. Олар сол кездегі облыстық Самбо федерациясының президенті Жәнібек Дәулетов, облыстық электр жүйесінің бастығы Жетібай Отарбаев (қазір бұл кісі Мүсілімнің қайын атасы). Клубқа сол кездегі облыстық туризм және спорт басқармасының бастығы, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісовтің де тигізген көмегі көл-көсір. Тіпті, спортшылардың жаттығуына «Динамо» спорт қоғамының күрес залын босатып берген осы ұйымның бастығы Сергей Ставкинге де алғысы шексіз.

Мүсілім өзіне көмекші етіп Мұратжан Жұмашев, Райымбек Меңдіғалиев, Ескендір Ибрашевтай білікті бапкерлерді қасына алды. Кейін бұлардың қатарын ауылдан әдейі шақыртып алған Берік Жұмағалиев пен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Қамеш Исмағұлов толықтырды. Ал, аумағы ат шаптырам спорт залында күн сайын ақ тер көк, тер боп жаттығып жүргендердің арасынан кейін Азия мен Әлемді әлсін-әлсін шулатқан Қоныс Жетпісов, Бейбіт Нәсіпқалиев, Ерлан, Ержан Әлиевтер, Марат Табылдиев, Меңдіхан Жәкенов, Бауыржан Мәмбетов, Еділ Үсенов, Бірлес Есенғалиев, Фархат Абдуалимов, Оспанхан Боранбаев сынды жалаңтөс баһадүрлерді көрер едіңіз.

Жаттығу жұмыстары барысында қанша қатал болғанымен, шәкірттері Мүсілімді кереметтей жақсы көретін. Мүсілім оларды ешқашан орынсыз ренжіткен жоқ. Сәті түсіп тұрғанда қолынан келген көмегін де аямады. Өзі басқаратын «Тайпақ» спорт клубы тарапынан сол кездің өзінде Әлем чемпионы, тасқалалық Бауыржан Мәмбетовке шетелдік темір тұлпар, студенттер арасында Әлем чемпионы Қоныс Жетпісовке шетелдік темір тұлпар, күміс жүлдегер Марат Табылдиевке жаңа пәтердің кілті, ересектер арасындағы Азия чемпионы Бейбіт Нәсіпқалиевқа шетелдік темір тұлпар табыс етілді. Бастары бірігіп отыра қалған сәттері шәкірттері бір-біріне Мүсілімнен көрген жақсылықтарын айтып тауыса алмайтын.

2012 жылдан бастап Мүсілім облыс спортының тізгінін қолына қайта алды. Бұрынғы шәкірттерінің көпшілігі бетке ұстар беделді қызметте. Солардың бірі Ержан Әлиев қазір Нұр-Сұлтан қаласында, мемлекеттік кеден басқармасында, Манарбек Ғабдуллин облыстық ішкі істер департаментінде, полиция полковнигі.

Сонымен бірге, Мүсілім – айрандай ұйыған отбасының үлгілі отағасы. Жан жары Ләззат – Батыс Қазақстан облысына танымал Жетібай, Шалқыма Отарбаевтар әулетінің төрт қызының бірі. Жәңгірхан атындағы БҚАТУ-дың экономика факультетін қызыл дипломмен бітірген. Мүсілім де Санкт-Петербург университетінің дене тәрбиесі факультетін бітірді. Ләззат екеуінің ортасында Камила, Әнел және сегіз айға жаңа толған Анила есімді үш бүлдіршін қызғалдақтай құлпырып өсіп келеді.

Берік Жұмағалиев

Самбо күресінен спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші Берік Түсіпқалиұлы Жұмағалиев 1971 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданының Калмыков ауылында туған.

Соғыс және еңбек ардагері Түсіпқали қарт пен Рабиға шешейдің отбасында сегізінші боп дүниеге келген Берік әке жолын қуып, қолына құрық ұстаған жоқ. Бәлкім, ұстар ма еді, самбо деген сөзбен айтып жеткізе алмас бір сиқырға ілесіп, спорт мектебіне бара қойған. Кейін Мүсілім ағайының қолына түсіп, жаттыға бастағанда, самбо дейтін бір әлемге шым батып кеткенін өзі де байқамай қалды. Бір ғажабы, Беріктің спорттағы сара жолы ұстазы Мүсілімнің жолы секілді өрбіді. Мектеп бітіргенше аудан, облыс көлемінде әртүрлі жүлделерді ала жүріп, енді-енді көтеріле бастағанда оны әскерге алып кетті.

1991 жылы елге оралып, күресті қайта бастағанда, оны алдынан тағы бір тосын сый күтіп тұр еді. 1992 жылдың аяғына қарай Мүсілім ағайы аяқ астынан Оралға ауысып, бұл оның орнына аға жаттықтырушы болып жұмысқа қалды. Ал, 1997 жылы Мүсілім Оралда «Тайпақ» кәсіби спорт мектебін ашқанда, Берікті өзіне бапкерлік жұмысқа шақыртып алды. Берік Оралға ауысарда, бар шәкірттерін өзінің көмекшісі Қазбек Ибрашевқа тапсырып кетті. Бұл жерде 2000 жылға дейін қызмет жасап, сол жылы олимпиада резервтерін дайындайтын спорт мектебіне жаттықтырушы болып ауысты. 2004 жылдан 2009 жылға дейін сол жерде жүріп, жаттықтырушыдан директор қызметіне дейін көтерілді. 2009 жылдан бастап қазірге дейін дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернатының директоры. Осы екі арада М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың дене шынықтыру және спорт факультетін іштей, заң факультетін сырттай бітіріп алды.

Беріктің бапкерлік еңбегі зая кеткен жоқ. Тайпақтан шыққан Азия чемпионы Медет Оңдағанов пен әлемнің үш дүркін чемпионы Ерболат Байбатыровтың алғаш томағасын сыпырып, күрес әліппесіне баулыған осы Берік.

Сонымен бірге жоғары білімді білікті маман Берік Жұмағалиев – қазіргі орнында да беделді басшы. Беріктің жан-жары Айнұр – Жалпақтал жағының қызы. Мамандығы – дәрігер. Екеуінің ортасында гүлдей жайнап өсіп келе жатқан екі қыздың үлкені Айжан үшінші сыныпта оқиды. Ал, кенжесі Ақжан былтыр бірінші сынып табалдырығын аттады.

Берік басқаратын мектеп 2004 жылғы 15-қарашадан бастап жұмыс істеп келеді. Мектеп жергілікті бюджет арқылы қаржыландырылып, Батыс Қазақстан облысы спорт басқармасының құзырына қарайды. Қазір мектепте алдын-ала дайындықтан өтіп, конкурстық іріктеу нәтижесінде өте мұқият сұрыпталған 252 оқушы 13 олимпиадалық спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу үрдісімен оқытылады. Болашақ спортпен айналысқысы келетін жасөспірімдер үшін ол спорт түрлерін әдейі атап өткеніміз жөн болар: дзюдо, бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, шорт-трек, волейбол, велоспорт, байдарка мен каноэ есу, садақ ату, жеңіл атлетика, ауыр атлетика және футбол.

Оқу аптасы бес күн оқу сабақтарынан тұрса, алтыншы күні жарысқа баратын оқушыларға кеңес беру сабақтары өтеді. Оқушылар күніне бес рет тегін тамақ және толықтай тегін спорт киімдерімен қамтамасыз етілген. Мектепте асхана, кітапхана, бағдарламалық қамтамасыздығы бар велоэргометрмен жабдықталған функционалдық диагностика кабинеті, психолог кабинеті, 13 орындық компьютерлік кабинет жұмыс істейді. Бітірушілерге жалпы орта білім туралы аттестат беріледі. Ауылда қазақ мектебінде оқып жүрсің бе, жас өрен, ендеше мұнда да қазақ сыныптары жетерлік. Бар болғаны – кіп-кішкентайыңнан өзіңді спортқа дайында. Сосын, өзің қатысып жүрген спорт түріне мықтылығыңды көрсет. Болды, қалғаны осындағы ағай мен апайларыңның қолында. Біздің болашағынан зор үміт күттіретін Бағдат Жарылғасов та – осы мектептің түлегі.

Мектепте қазірдің өзінде болашағынан көп үміт күттіретін спортшы-оқушылар саны көптеп саналады. Олар мұндай нәтижеге өздерін спортқа түбегейлі бағыштап, мұғалімдері мен жаттықтырушыларының айтқандарын бұлжытпай орындауының арқасында ғана жетіп отыр. Сондықтан да олар – ертеңдері облысымыздың атын айдай әлемге паш етер болашақ Әлем және Олимпиада чемпиондары.

Қоныс Жетпісов

Самбодан Қазақстанның бірнеше дүркін, Азия, әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қоныс Сатыбалдыұлы Жетпісов 1975 жылы 13-ақпан күні Тайпақ ауданының Калмыков селосында туған.

Талайларға жұмбақ боп, жонынан сипата қоймай тым-тырыс жатқан кәрі құрлық Азия мен әлем бозкілемдерінің борпылдақ шаңын бұрқ еткізіп аспанға әлденеше рет көтерген Қоныстың күрес жолындағы ең алғашқы айқасы жеңілістің ащы дәмін татумен басталған еді. Сол жолы өзі өмірінде бірінші рет қатысып отырған еркін күрестен болған аудандық жарыстың өз салмақ дәрежесі бойынша ақтық айқасында өзінен салмағы да, бойы да, тіпті, жасы да әжептәуір кіші қарсыласынан қапелімде ұтылып қалып, ызадан жарылуға міне-міне шақ тұрған.

Әдетте, ауыл баласының өскенде кім болатынымен ісі жоқ, кездесе кеткен жерлерінде ұмар-жұмар ұстаса кетіп, күресіп ойнай беретіндері – бұрыннан бар дәстүр. Бұйырған жерінде бас салып белдесе кетуден ойын баласы Қоныс та құраласқан емес еді. Бірақ, бір кереметі сол, бұл қарсы келгендердің қай-қайсысының бойына да, сойына да қарап жатпай-ақ ұстаса кететін және ұстаса кеткенін алып ұратын. Тауы қайтып, тауаны шағылып көрген емес.

1995 жылы Қоныс ересектер құрамасына өтіп, өткен бойда Қазақстан кубогына қатысып, өз салмақ дәрежесі бойынша елімізде чемпиондықты ешкімге бермей жүрген, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Ғалымжан Сапарғалиевті жеңіп, кубокты ұтып алды. 1996 жылы Қазақстан чемпионы, ал 1997 жылы қайтадан ел чемпионы атанды. 1998 жылы тағы да республика чемпионы, сол жылы Ресейдің Калининград облысында өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 1999 жылы Қазақстанда үздік шығып, Әлем кубогының және самбоның атасы Харлампиев турнирінің (бұл әлемдік деңгейдегі біріншілік) жеңімпазы, 2000 жылы ел біріншілігі және «Азия чемпионатының жеңімпазы» атағына ие болды.

2001 жылы Красноярск қаласында өткен Әлем біріншілігінде бағын сынады. Дегенмен, көңілі күпті. Күпті болатын себебі – 2000 жылғы ел чемпионы Ермек Әлжановтың орнына қатысты. Негізі сол баруы керек еді. Бірақ, жаттықтырушылар кеңесі Қонысты жіберуге шешім қабылдапты.

Осы біріншіліктен кейін Қоныс Жетпісовтың есімі қазақ күресі тарихына алтын әріптермен жазылды. Ал, біріншіліктің өзі Қоныстың алақандай жүрегіне алтын әріптермен енді.

Сонымен, Сібірдің астанасы Красноярск қаласында самбо күресінен әлем чемпионаты өткізілді. Қатысушы спортшылар көп пе, қызықтаушы көрермендер көп пе, белгісіз. Иін тірескен ығы-жығы халықта есеп жоқ. Ал, төбелерінен төніп күбірнатордың өзі отырғанда, төрешілердің бүйрегі өздеріне бұра тартары сөзсіз. Ендеше, жүлделі орынға тап анабір иегің қышымай-ақ қойсын.

Соңғы жылдары қайта-қайта жеңіліп, әбден запы болған Қоныс бұл жолы барын салды. Аянатын да, шегінетін де жер қалмады. Әр белдесуге шыққан сайын «Әшіпқали атамның аруағы қолдай гөр!» деп күбірлеп отырды.

Жартылай финал алдында Ресейдің бәленбай дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, қос дүркін Әлем чемпионы, Әлем кубогының екі мәрте жеңімпазы Хаби Алхаоевпен күресті. 1999 жылы Испанияның Гижон қаласында өткен Әлем чемпионатында Қоныстың міне-міне алып тұрған алтынын қолынан қақшып кеткен де осы.

Не керек, бозкілемнің үстінде қос бозтайлақтың жан беріп, жан алысқан аласапыран айқасы басталды. Екеуі де аянып жүрген жоқ. Екеуінің де, бәлкім, соңғы күрестері шығар. Өйткені, екеуінің де жастары біраз жерге барып қалып еді. Қоныс қалбалақтаған Хаби байғұсты аспан айналдырып әкеліп, бозкілемнің тура ортасына гүрс еткізді. Төреші губернатор отырған жақты қолымен нұсқап, әлдене деп айқайлап-айқайлап жібергенде, екі ұпайды (негізі, төрт ұпай беруі керек еді) Қонысқа қалай беріп жібергенін өзі де байқамай қалды. Одан артық жарты ұпай да қажет емес. Сөйтіп, Қоныс финалға шықты.

Финалда, оны, өзінше үстіне ала шапанын киіп алып, өзбек балуаны, Өзбекстанның бәленбай дүркін чемпионы, Әлем чемпионы, Әлем чемпионатының қос дүркін күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Шафхат Жораев күтіп тұрды. Былтыр оның Қонысқа салған әлсіздеу әдісін көпе-көрінеу таза жеңіске бағалап жіберген. Тап сол өзбекке ерегескенде Қоныс та үстіне қазақы шапан, басына айырқалпақ киіп шықты.

Финалда Қоныс жойқын күресті. Шафхат байғұсты шырылдатып жіберді. Тіпті, қайсыбір сәтте оны таза жеңіске тастап жіберуге де мүмкіндік мол болды. Бірақ, тастаған жоқ. Қоныс оған тұп-тура солай істеді. Бір кезде құлағына «Коныс ака, қойдым» деген дауыс келгендей болды. Қоныс ұмтыла бергенде қоңырау соғылып, айқас аяқталды. Сонымен, Қоныс – «Әлем чемпионы» атанды.

Қазір Қоныс Жетпісов – қаламыздағы «Олимпиада резервтерін дайындау орталығы» ұжымының директоры. Бұл мекеме жұмысының мақсаты – Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларына спорттың олимпиадалық түрлерінен спортшылар дайындау. Облысымыздағы ең мықты спортшылар осы орталықта спорттың 11 түрінен даярланады. Олардың тәжірибелік шеберліктерін шыңдаумен 13 жаттықтырушы еңбек етеді. Тәжірибелі бапкерлер арасында Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Батырхайыр Әйешов, Ерген Орынбасаров, Төлеген Бердіғалиевтар бар. Ал Азия, әлем биіктерін бағындырып, көрермендер көзайымына айналған спортшылар өте көп. Солардың арасында Әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев (грек-рим күресі), 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Таймураз Тигиев (еркін күрес), халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рустам Куватов (жеңіл атлетика), Ольга Жәнібекова (еркін күрес), Анастасия Банова (садақ ату), Азия чемпионы Гузель Манюрова (еркін күрес), т.б.

Әрине, құрылғанына сегіз жылдай өтер-өтпес бұл орталықтың бергенінен берері көп алда.

Қоныстың жары Гүлшат Ерсайынқызы Өтегенова – Жәнібек жағының қызы. Қазір араларында үш жарым жасар Раид және бірден енді асқан Ибрахим есімді ұлдары өсіп келеді.

Меңдіхан Жәкенов

Меңдіхан Меңдіханұлы Жәкенов самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін Қазақстан, үш дүркін Азия чемпионы және екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Талантты бапкер Мүсілім Оңдағанов Азия мен Әлем бозкілемдерін бағындырған бозтайлақ шәкірттерін ауылды асықпай аралап жүріп тауып алатын. Әсіресе, күресіп ойнап жүрген балаларды көрсе болды, бар шаруасын ысырып тастап, әлгілерді біразға дейін алыстан бақылап жүретін. Шошытып алмайын деп, сырттарынан сынай қарап жүргенін қапелімде оларға білдірмейтін. Кейін чемпиондықтың неше түрін жеңіп алған шәкірті Меңдіханды да сондай бір ала шаңның арасынан тауып алған болатын.

Таң қалмай көр, алысып-жұлысып ойнап жүрген бір топ баланың арасынан тек Меңдіханды ғана таңдап алып, әй-шүй жоқ жетектеп кетуі – сөз жоқ, қолынан көп іс келетін талантты тәрбиешіге ғана тән тірлік. Өйткені, ол кезде Мүсілімнің мол тәжірибесі де болған жоқ. Жұмысты енді-енді ғана бастап жатқан кезі еді. Бар болғаны – қолына алған іске үлкен жауапкершілікпен қарап, бар болмысымен беріле істеуі. Сосын, Құдай берген қосалқы қасиеті – адам танығыштығы. Әйтпесе, үсті-басы мен бет-аузы шаң-шаң Меңдіханды қолынан жетектеп кеткенде, ол бар-жоғы алты-ақ жаста еді. Ауылда жүріп, тіпті де танымайтын бөтен біреудің алты жасар баласын ата-анасынан рұқсат сұрап жатпай-ақ спортқа баулуға анау-мынау адамның жүйкесі шыдап, тәуекелі тұра бермейді. Талас жоқ, талантты бапкер талапты шәкіртін бұл жолы да тап басып таныды.

Сонда әлгінде ғана апыр-топыр алысып жүрген балақандар өздері мүлде танымайтын бөтен бір ағай келіп, араларынан тек Меңдіханды ғана жетектеп кеткенде, аңтарылып, арттарынан көпке дейін көздерін ала алмай, қарап тұрып қалған. Ал, сырт қарағанда ойларында ештеңе жоқ, қаннен-қаперсіз әңгімелесіп кетіп бара жатқан екеудің бірі – Тайпақ балалырының бағына туған талантты бапкер Мүсілім Оңдағанов та, екіншісі – жетектеп бара жатқан ағайының кім екенін жіті танымаса да, томпаңдап ілесіп бара жатқан балақай Азиядай алып континенттің болашақ үш дүркін чемпионы Меңдіхан Жәкенов еді.

Ағайына еріп, алғаш спорт залына келіп, күрес әліппесін үйрене бастағанда, үлкен балалар Меңдіханды қызық көріп, бір-біріне допша лақтырып ойнайтын. Сөйтіп, бапкер келіп, жаттығу басталғанша мұны әбден мыжғылап алатын. Алайда, оған бола Меңдіхан ешқайсына ренжіп көрген емес, қайта, соның бәрі оған біртүрлі қызық болып көрінетін.

Әрине, Меңдіхан ұйқысынан Әлем чемпионы болып оянды демей-ақ қояйық, дегенмен оның ірі-ірі жетістіктерге жетуіне жеті жылдай уақыт бар еді. Мүсілім Оңдағанов сол жеті жылды ерінбей, үлкен үмітпен күтті. Содан, «Қой, өзімді жақсы көретін ағайымды көп күттіріп, өкпелетіп алармын» деп ойлады ма екен, тұлымшағы желбіреп, томпиған Меңдіхан небәрі алтыншы сыныпта оқып жүріп-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында өткен республикалық жарыстан ойып тұрып екінші орынды әкелді. Сонда, Мүсілім ағасы өп-өтірік өкпелеген болып: «Меңдіханчик, бұл әлі аз» деді. «Қап» деп, қапелімде сасып қалған Меңдіхан алақанына шырт-шырт түкіріп жіберді де, келесі жылы Алматының өзінде өткен республикалық бәсекеден қалпақпен ұрып тұрып бірінші орынды әкелді. Сонда, Мүсілім ағасы өп-өтірік өкпелеген болып: «Меңдіханчик, әлі аз» деді. «Тап бәлем бар ма» деп, алақанына тағы да шырт-шырт түкірген Меңдіхан келесі жылдан, яғни, 1998 жылдан бастап 2005 жылға дейін өз салмақ дәрежесінде жасөспірімдер, жастар, ересектер арасында «Ел чемпионы» атағын жеті жыл қатарынан ешкімге берген жоқ. Бермегені былай тұрсын, маңайына да жолатқан жоқ. Күреспен алты жасынан бастап айналысқан Меңдіхан жүлделі орындарды бірінен соң бірі қанжығасына байлай берді. 2000 жылы Молдавияда өткен әлем чемпионатында екінші орын алып, сол жылы Ташкентте «Тайпақтан шыққан тұңғыш Азия чемпионы» атағын иеленді. 2002 жылы Югославияда өткен әлем чемпионатында екінші орынға ие болып, сол жылы Ташкентте «Азия чемпионы» атанды. 2003 жылы Молдавияда өткен әлем чемпионатында үшінші орын, сол жылы Оралда «Азия чемпионы» атағын қанжығасына байлады. 1999 жылы мектеп бітіріп, Мүсілім ағасының кеңесімен Алматыдағы туризм және спорт академиясын бітіріп келді.

Келісімен, Оралдағы олимпиадалық резервтер спорт мектебіне әдіскер болып жұмысқа кірісті. Әдіскер боп жұмыс істеп жүріп, жан-жары Ләззатпен сол жерде танысты. Ал, танысулары қызық болды өзі.

Ләззат ол кезде инженерлік-техникалық университеттің студенті болатын. Оларға дене шынықтыру сабағы сол спорт мектебінде өтетін. Бір күні, Ләззат, ойында түк жоқ, жападан-жалғыз баспалдақпен төмен түсіп келе жатса, жоғары көтеріліп келе жатқан Меңдіхан оның жолын тосып тұра қалды. Өтіп кетейін десе, Меңдіхан жолын кес-кестеп жібермейді.

Сөйтіп, екеуінің аяқ астынан танысуына себепкер болған әлгі бар болғыр баспалдақ оларды үлкен махаббатқа бастап апарды. Қазір екеуінің араларында Мүсілім атты балпанақтай бөпелері бар. Айтпақшы, ол – Мүсілім ағасының құрметіне қойылған есім. Және, бір таң қаларлық құданың құдыреті – сүп-сүйкімді жарының есімі Мүсілім ағасының үйіндегі жеңгесімен аттас. Тағдыр олардың арасын тылсым күшпен байлап қойған секілді.

Қазір Меңдіхан облыстық жоғары спорттық-шеберлік мектебінің директоры. Бұл мектеп – Батыс Қазақстан облысындағы болашақ спорт жұлдыздарын дайындайтын жалғыз мектеп. Мектептің 45 жылдық бай тарихы бар. 45 жылда қанат қағып, алысқа самғаған спортшылар санын тізіп шығу мүмкін емес. Тек солардың арасынан суырылып шығып, Азия, әлем биіктерін бағындырған спортшылардың аз емес екенін айтсақ та жеткілікті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға