Қандастар Ассамблея

Әлемдi мойындатқан қазақ балуаны (IІ бөлiм)

Жақсылық Үшкемпiров тiрi болғанда бүгiн 70 жасқа толар едi...

Олимпиададағы алғашқы белдесулер

Шiлденiң 21-жұлдызында Мәскеу Олимпиадасындағы классикалық күрес бәсекесiн алғаш бастаған Жақсылық Үшкемпiров болған. Қарсыласы - әйгiлi Константин Александру.


– Жеребенiн қалай түскенiн алғаш естiгенде аздап ойланғаным рас. Ал, қобалжу. толқу дегендi мен түсiнбеймiн. Сондықтан айта алмаймын. Бұл көрмей жүрген құқай емес. Әрине, мұндайда кiлемге өзгелерден кейiнiрек шығып, күресер балуаныңның қандай «қаруы» бар екенiн алдын ала бiлiп, көрiп алғаныңның пайдасы зор. Амал не, Олимпиададағы бiрiншi белдесуде ондай мүмкiндiк болмады. Менiң сәл ойланып қалғанымның өзiнен бапкерлерiн қатты секемденiптi. Вадим Псарев сұңғыла ғой, бiр ауыз сөз айтқан жоқ. Керiсiнше, Валерий Резанцев жанымнан бiр елi қалмайды. 1972, 1976 жылдарда екi Олимпиаданы қатарынан жеңген, әлем чемпионатында бес дүркiн, Еуропа чемпионатында үш дүркiн чемпион атанған даңқты балуан әрi дос, әрi бапкер, кiлемнiң қыр-сырын бес саусағындай бiлетiн Валерий Константин Александрудың өзi андаған осал тұстарын жiпке тiзгендей айтады. Жаттығу залынан айналып шықпайтын Қабден ағам менi керген сайын зор дауысымен: «Атаң жаудан қайтпаған, қара бала, бас қамшыны осы жолы!» - деп, жiгерiмдi жанып қояды. Сонымен, бiрiншi күнгi екi қарсыласым да ердiң сойы. Алғашқысы – Константин Александру. Екiншiсi – баяғы Роман Керпач. Сол жылғы Еуропа чемпионатында Александру екеумiзден де басым түскен поляк балуаны. Сол Олимпиададағы менiн секундантым Қабден ағам. Белдесу алдында: «Константиннен сенiң күресiн әлдеқайда артық. Сен өзi алғашқы белдесудi керемет сауатты өткiзесiң ғой. Алла қалап, күшiң бар, тың кезiнде ең басты қарсыласыңды ұтып алсаң, өзгесiн мысыңмен басып-ақ жеңесiң. Тек саспа, ақылмен күрес, сабырыңды жоғалтпа» деп, едәуiр демеу сөз айтты. Ағаның сөзi маған кәдiмгiдей қуат бергендей едi. Әрi әкемдей қамқор кiсiнiң жанымда жүргенiнiң өзi қандай. Кiлемге еркiн шықтым. Екiншi кезең басында есептi 5:1-ге жеткiздiм. Олимпиададан өзге атақтың бәрiн алып қойған Константин Александру нағыз зар күйiнде екен. Шабуылды үстi-үстiне жасайды. Көзi тура от шашады. Күреске емес, тура төбелеске дайындалып шыққандай. Ыза буған балуанның алысқа бармайтынын баяғыдан бiлем ғой. Шынында да солай болды. «Ә, дегеннен тықсырып алам, былтырғы кеткен есемдi қалай да қайтарамын», деп құлшынып шыққан Александрудың алғашқы қарқынын қайтарып тастап едiм, оны ыза буды. Бiр әдiс жасатпадым. Сәтi келгенде ту сыртынан шығып, кiлемге бiр аунатып алғанымда алдымда басқа Александру тұрғандай болды. Бiрақ, шабуылы бәсеңдемедi. Үшiншi кезеңде екеумiз де бiр-бiр ұпайдан зорға алдық. Тоғызыншы минуттың соңына дейiн кiлемге жаңа шыққандай арпалыстық. Александруды 6:2 есебiмен ұттым. Не дегенмен, Константин өте мықты балуан. Егер сол тың қалпында менiмен емес, Керпачпен айқасқанда оны сөзсiз женетiн едi. Өзi мықты балуан алғашқы жекпе-жегiн ұтса, рухы көтерiлiп, ешкiмге дес бермей кетедi емес пе. Керпачтың бiрiншi белдесуi көбiне сәтсiз бiтедi. Керпач шуу дегенде Александрудан деңгейi көп төмен венгр Ференц Шерештен ұтылып қалды. Александрудың Керпачты сөзсiз жеңетiн едi деп отырғаным сол. - дейді `Жақсылық Үшкемпіров" кітабында. 

Екiншi айналымда қазақ балуаны Роман Керпачпен күреседi. Бұл теке-тiрес те сол күнi орын алған. Жақсылық Үшкемпiров Александрумен таңертең 10-дар шамасында белдессе, Керпачпен кешкi жетiге жоспарланған екен. Екi белдесу арасының ұзақ болғаны қазақ балуанына өте қолайлы болды. Егер бiр-екi сағаттан соң қайта кiлемге шақыра қалғанда Керпачпен тiресуiнiң қалай аяқталарын кiм бiлсiн? Керпач Ференц Шерешпен бар-жоғы бiр жарым минут қана күресiп, жеңiлiс тапқан. Шерештiң шеберлiгi, сондай әйгiлi поляк балуанын «қолына ұстамай» қойды. Бiрақ, Ференц өте жас едi. Тәжiрибесiнiң аздығынан екiншi айналымда Павел Христовтан ұтылды. Дегенмен, өте сауатты күресетiн жiгiт.

– Алғашқы күресiм маған қатты тидi. Александруға бар күшiмдi сарқып жұмсағанмын ғой. Ұпай санына қарасаң – 6:2. Еркiн жеңген тәрiздiмiн. Шындығында Константиннен зордың күшiмен, әрең оздым. Содан өзiмiздiң дем алатын бөлмеге жеткенiм сол екен, әлiм құрып, жаттым да қалдым. Сол жатқаннан, тұп-тура үш сағат орнымнан тұра алмадым. Өмiрiмде басымнан кешпеген жағдай. Константин Александруды неге мақтай бередi дейсiң. Осы оқиғадан-ақ оның теңдессiз балуан екендiгiне көзiм жеттi. Бапкерлер болса, менiмен сөйлесуге батпайды. Дәрiгерлердi маңыма жолатпай, Қабден ағамның сонда менi қызғыштай қорығанын көрсең ғой. Талай құқайды бастан өткiзген сұңғыла адам емес пе. «Тиiспеңдер, мазасын алмаңдар, өзi тұрсын. Күту керек. Екi не үш сағаттан соң өзi тұрады», дегендi бiрден айтты. Ақыл-есiмдi жоғалтқан, талған дәнеңем жоқ. Тек орнымнан тұрып, әрi-берi жүруге шамам болмады. Жүз келi штанганы көтергенде сыр бермейтiн тiзем, өз салмағымды көтере алмай, дiр-дiр етедi. Қолым қол емес, кескен ағаш секiлдi. Қозғалтқанға көнбей, сiресiп қалды.Тұла бойым дел-сал. Мiне, бiз сондай жағдайды да бастан кештiк. Қабден ағамның айтқаны айнымай келдi. Дәл үш сағат толғанда бойыма ептеп қуат жинала бастады. Соны қабден ағама сездiрiп едiм, қайдан алдырғанын бiлмеймiн, «Мiне, ендеше мынаны iшу керек» деп, сап-салқын қымызды ернiме тоса қойғаны. Қышқылтым иiсi тура жұпар аңқиды. Тынысым кеңiп сала бердi. Қымыздың иiсiнiң өзi денеме күш құйғандай сезiнiп кеттiм. «Дәл осылай болатынын сезгендей таңертең ала шығып едiм. Осы жарты кесе саған жетедi. Қалғанын сұрасаң да бермеймiн, кәне, сiмiрiп жiбер» деп, Қабден ағам сол қымызды өз қолымен iшкiздi. Содан он-он бес минуттан кейiн-ақ мен аздап дене қыздырып, жаттығуға кiрiсiп кеттiм. Түк болмағандай диланып шыға келдiм. Кешкi жетiде кiлемге шыққанда бар қуатым бойымда, керемет сергек едiм. Жап-жас Ференц Шерештiң қақпанына абайсызда түсiп, таза ұтылғанына жаман намыстанса керек, Роман Керпач ортаға буырқанып шықты. Жеңiл салмақтағы балуандардың күресiне көз iлеспейдi емес пе. Алғашқы кезеңде бiр секунд тыным алмай айқастық. Сырымыз қанық, әдiсiмiз әбден төселген. Бiрден шабуылға кiрiскенiмiз де сол. Оның ойы - тың кезiнде ұпайды молырақ алып қалу. Ал, маған оның тезiрек шаршағаны керек. Апыр-топырмен үш минут өткенде есеп 11:0 едi. Сонша күш салғанда соқыр ұпай ала алмаған Керпач екiншi кезеңде, екi минут iшiнде ұпай санын 11:10-ға жеткiздi. Тура «танкi» дерсiң. Қорғанысқа бұзып-жарып кiредi. Бiрақ, өкпесi осалдау екен. Үшiншi кезеңде шаршап қалды. Белдесу аяқталар тұста оңтайы келiп, екi ұпай алып, 13:10 есебiмен жеңдiм.- дейді сұхбатында.


Роман Керпач осы екiншi жеңiлiсiнен соң бәсекеден шығып қалады. Роман Керпач өте қайратты жiгiт едi. Денесi тастай, бұлшық еттерi бiлеу-бiлеу. Қол-аяғы жұп-жуан. Күрес өнерiн әбден меңгерген, боз кiлемге жан-тәнiмен берiлген балуан. Не керек, Мәскеуде Александру екеуiнiң жолы болмады. Керпачтың мықтылығын содан бiлiңiз, белдесу үстiнде Жақсылық Үшкемпiровке тоғыз минут бойы бiр тыным берген жоқ. Адам шамадан тыс, мүмкiндiгiнен жоғары жылдамдықта қимылдап, тынымсыз күш жұмсаса керемет ащы тер шығады. Ал, одан әрi зорлана берсе ащы тер соңынан иiсi мүңкiген «аммиак» шығады. Бұл адам бойындағы терiге бөлiнетiн ең соңғы сұйықтық. Одан ары денеден дәнеңе шықпайды. Мiне, Керпачпен күрескенде қазақ балуанының үстiнен осы «аммиактың» иiсi мүңкiп шыққан екен. Керпачқа бар күшiн сарқып пайдаланбаса мүлде олай болмас едi. Жартылай финалда қазақ жiгiтi венгр Ференц Шерешпен күреседi.

– Қазақта «Ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың» деген сөз бар. Бұл күрес қой. Өз басым оңай жеңiле салатын балуанды өмiрiнде кездестiрген емеспiн. Ференц Шереш жас болса да өте сауатты күресетiн балуан. Ол бiрiншi белдескенде атақты Роман Керпачтың өзiнен айласын асырып, оны бар-жоғы бiр жарым минутта кiлемге жауырынымен түсiрiп кеттi емес пе. Менiң қарсыластарымнан Мәскеу кiлемiнде еш балуан дәл Ференц Шереш сияқты кездесудi бұлай тез аяқтаған жоқ. Талай жыл кiлемде журген менiң өзiм Олимпиада үстiнде ондай мүмкiндiкке қол жеткiзе алмадым. Ференцтiң өте сауатты күресетiнi сондай қорытынды есеп кезiнде көрдiк, терт белдесуде не бары - 0,5 айып ұпайын алған. Мұндай ең аз айып ұпайы тек болгар Павел Христов екеуiнде ғана болды. Әйтпесе, менде екi, Александруда үш, мексикалық Альфредо Ольверада үш жарым, ал, алты айып ұпай алып қалған Керпач күрестен шығып қалды.

«Ақтық сында болгар балуанының ұпай алуына мүмкіндік бердім»

Венгр балуанын ұтқан соң ақтық айқасқа жол ашылды. Қарсыласы - болгар Павел Христов. Ол 1979 жылғы әлем чемпионатында қола медаль алған, тағы бiрер халықаралық жарыстарда екiншi, үшiншi орындардан көрiнiп жүрген тәжiрибелi балуан. Онымен қазақ балуаны Олимпиададан бұрын да кездескен. Бiр-бiрiнің қыр-сырын өте жақсы бiлген. 1978 жылы Швецияның Гётеборг қаласында өткен халықаралық жарыстың финалында белдескен екен. Павел Христов «көпiрге тұрса, тура темiрдей қатып қалады. Сiрә, Христовты кеniрден «құлатқан» ешкiм жоқ шығар. Бiрақ, торттағанға тұрудан да, төрттағаннан жұлып алудан да Жақсылық Үшкемпіровке қарағанда әлсiздеу едi. Олимпиадада Павел Христов алғашқы бетте швед Кенн Андрессонды әдемi жеңген. Одан соң финн балуаны Рейе Хапарантаны 27:0 есебiмен ұтып шыққан. Бiрақ, Христовтың жолын кескен Константин Александру болды. Александру Христовты ұтып кеттi.


– Олимпиада кiлемiндегi менiң бiр ойланып, баппен күрескенiм осы белдесу болды. Шындығын айту керек, Павел Христов көркем мiнездi балуан. Әрине, күресте қарсыласыңды аяу жоқ. Соның өзiнде Христовта өзгелерден ерекше бiр қасиет бар. Әдiстiң сан түрiн жасайды, алысып-жұлысудан ешкiмге есе жiбермейдi. Бiрақ, менiң байқағаным, ұтылып жатса да Христовта көзсiз жанталас жоқ. Қарсыласына өшпендiлiктiң нышанын да сездiрмейдi. Күштiнi мойындай бiледi екен. Сол бiр бекзада мiнезiн бұрын да байқайтын едiм. Олимпиада кiлемiнде оған анық көзiм жеттi. Көзiм жеткен соң мен де сұмдық тәуекелге бардым. Алғашқы кезеңде-ақ үстi-үстiне шабуылдап тоғыз ұпайды бiр түгендеп алған соң нөлде тұрған Христовтың әдiс жасауына ыңғай бере салдым. Күреспен көзiн ашқан қызылкөз бөрi емес пе, қапы жiберген жоқ. Дереу төрт ұпайға қол жеткiздi. Менiң әдейi жасағанымды да қапысыз ұғынды. Артық қимылға, артық әдiске мүмкiндiгi келiп тұрса да бармай қойды. Мiне, қарсыласқа деген адалдық осы. Мен оны айқын басымдылықпен таза жеңгiм келмедi. Сол себептi, оның да iлесе ұпай алып отыруына жол аша бердiм. Екiншi кезеңде де өзiм екi ұпай алып алған соң, Павелдiң де екi ұпай еншiлеуiне көне кеттiм. Одан кейiн тағы бiр-бiр ұпайдан бөлiстiк. Белдесу аяқталғанда есеп 12:7 едi. Болгар балуанының риза болғаны соншалық, сол кiлем үстiнде менi құшағына қысып, бетiмнен сүйдi. Ұлтының абыройын көтерiп, Мәскеу олимпиадасындағы абыройлы жеңiлiсiне керемет қуанды, Павел Христов секiлдi адал күресетiн қарсыласты одан кейiн кездестiре алмадым, - дейді Төлеген Жәкітайұлына берген сұхбатында.

Олимпиада алтынын алғанда Жақсылық Үшкемпіров әсерленетiндей мүмкiндiк болмағанын айтады. Соңғы белдесуден соң-ақ Қабден ағасы бәйгеден келген жүйрiгiне жабуды жауып жiберiп, жұрт көзiнен аулаққа алып кетуге асығатын қызғаншақ атбегiлердей жүгiрiп келiп, спортшыны қапсыра құшақтаған күйi кiлем үстiнен тұра жөнелген. Қуып жеткен бiр журналист «Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақтың сөзiн естiгiмiз келедi» дегенде, таңдайы кеуiп, қаталап тұрған басы, қазақ балуаны «қымыз берiңдершi, қымыз iшкiм келедi» дегені бар. «Тiлегiң қандай болар екен?» дегендi естiгенiмде «Олимпиада ойындарында менен кейiн де қазақ ұлдары бiрiнен соң бiрi чемпион бола берсе екен» деп айтқаным есiмде» - деп еске алған екен.

Судың астында демін тартып, төрт минут шыдаған

– КСРО құрамасына алғаш қосылғанымда мен штангадан (белтемiр) асса 70-80 келi көтеретiнмiн. А.Шумаковтан қайтсем озамын деп iштей егесiп жүрiп, жүз келiнi еркiн көтеретiн болдым. Арқанға кемiнде он мәрте өрмелеп шығып-түсетiнмiн. Штанганы шалқадан жатып көтеруде 150 келiге жеткiздiм. Жиырма шақырымға жүгiруде КСРО құрамасында он жылда бiр жiгiт алдыма түскен жоқ. Жерге қол тiреп көтерiлу мен турникке тартылуда жұрттың алдында жүрдiм. Құрамадағы жiгiттермен бiр бәстескенде судың астында демiмдi тартып, төрт минутқа дейiн шыдағаным бар. Мұның бәрiн мақтан үшiн емес, жастардың тәлiм алуы үшiн ойларына түйiп жүруi үшiн әдейi айтып отырмын. Өзiңнiң атыңды емес, елiңнiң атағын шығарамын, мерейiн өсiремiн десең, спортқа бойыңдағы барыңды түгел сал. Өзiңдi емес, артыңдағы тiлеуiңдi тiлеп тұрған халқыңды ойла. Сонда ғана, Алла тағала сенiң бақ жұлдызыңның жарқырап көрiнуiн нәсiп етер.

«Қалай күрестіңіз, ең алдымен басқа емес, маған сіздің күресіңіз туралы айтқаныңыз керек» деп сұрақты төтесінен қойғандармен талай кездескенін айтады балуан. «Айта алмаймын, бауырым, себебі, мен кілемге қалай күресуді емес, қарсыласымды қалай жеңуді ғана ойлап шығамын», десем сенбей «Айтқыңыз келмейтін шығар» деп ренжігендер де болды» дейді.

– «Вертушка», «бычок», «накам» деген әдістерден басқасы менде болған жоқ. Мендегі әу, баста қалыптасқан әдет – қарсыластың қимылына қарай әрекет жасау, сол арқылы жеңу. Оны енді олай еді, былай еді деп, жіліктеп түсіндіре алмаймын. Ол автоматты нәрсе. Қысқасы сол. Осының алдында да еске салып өттім-ау деймін, жеңіл салмақтағы балуандардың күресіндегі жылдамдыққа көз ілеспейді. Ондайда ештеңе ойлап үлгірмейсің. Күресте ең бастысы сезім керек. Сезім болғанда, денемен сезіне білу. Мысалы, қарсыласың қандай әдіске ұмтылды? Ұстаса кеткенде қай жаққа ыңғайлана қалды? Оның мүмкіндігі мен өз мүмкіндігің қандай? қайтсең оның алдын орайсың? Кілемнің қай тұсында тұрсың? Бәрі-бәрі есеп қой. Мұны түгелдей тек жан-дүниеңмен, тұла бойыңмен сезінесің. Менде сірә. сол сезім өте күшті болды-ау деймін.

Балуан бапкерлері Ром Хасанұлы Ильматов, Псарев пен Сапуновқа шексіз алғысын білдірген. Олардың ешқайсысыс кілемде «біз үйреткен тәсілдерді қолдан, бапкер бұйрығын орындауға тиіссің» деп айтпаған екен. Жаттығуда басқа, шын күрес басқа. Қанша жаныңды салсаң да, жаттығуда ешқашан үлкен жарыстардағыдай күш жұмсамайсың. Ол тұрмақ «спаррингтің» өзіне бойындағы бардың жартысын ғана шығарасың. Ал, Еуропа, әлем чемпионаты, Олимпиада кiлемiнде сөз басқа. Ондай бәсі жоғары жарыстарда күшіңді сарқып салмасаң жеңіс жоқ.

– Бапкерлердің бәрі менің күресімді өте жақсы білді. Әдіс өте аз. Күшім де ешкімді таң қалдыра қойған жоқ. Мұнда қара күштің иесі Алексей Шумаков еді. Румын Константин Александрудың да күші сұмдық болатын. Мысалы, Шумаков жаттығуда мені бір қолымен-ақ көтеріп алатын. Бір-ақ қолымен көтереді. Мен соның өз күшін өзіне салдым.Мысалы, мен оның қандай әдіс жасағалы тұрғанын алдын ала сеземін. Бір әдісін дұрыс жасауға мүмкіндік бермеймін. Әдісіне қарсы әдіс қолданамын. Бірақ, тағы да осы тұс мені қинайды. Оны қалай қолданатынымды айта алмаймын. Сол баяғы «автоматты» кететін. Содан ыңғайы келгенде «бычок» пен «вертушканың» бірін жасап кеп жіберемін. Төрттағанға түссе, өмірі құтқармаймын. Олимпиадаға дайындығымның өте күшті болғанын ілгеріде айтып өттім. Шумаков, Бозин, Казарашвили, Аникиндермен қайта-қайта «спаррингке» түсуден артық қандай дайындық керек. Біздің салмақтағы жалғыз жолдаманы жеңіп алу жолындағы талас - Олимпиада кiлеміндегі күресімнің ешқайсысынан кем емес. Егер қажетке жараса айта кетейін, мен кілемге шыққанда түк естімейтінмін. Бәрі «абайла» дейді, «коронкасынан байқа, сақтан» дейді. Келісе саламын, басымды изеп қоямын. Бірақ, абайлағанды, сақтанғанды мен білмеймін ғой. Оның «коронкасында» шатағым жоқ. Білмесем қалай сақтанам. Мен өзімнің «бычогiмдi», «вертушкамды жақсы білемін. Күрес тілінде орысша «Швунговать» деген бар. Түсінігі - қарсыласыңды қайтсең де тепе-теңдіктен шығару. Әккі балуан оңайлықпен тепе-теңдігін жоғалта ма? Үсті-үстіне ес жиғызбай шабуылдап, жұлқып, тартып, итеріп, қағып қалып жүргенде секундтың бірер бөлшегіндей мезетте ғана оның сәті түседі. Міне, сол сәтті мүлт жібермей сезсең, сезіп қана қоймай, сол сәтте өз әдісіңді жасап үлгерсең таразы басы сен жаққа ауады.

Әдіс пен қара күш көп болмаса да, Жақсылық Үшкемпіров өзгелерден жылдамдық және шыдамдылық жағынан артық болды. Ол кезде күрес тоғыз минуттан еді. Үш минуттан соң бір минут дем аласың. Сосын тағы үш минут күрес, бір минут демалыс. Тағы үш минут күрес. Демалысын қосқанда күрестің бас-аяғы он бір минут. Осы тоғыз минуттың ішінде не істейсің, қандай айла қолданасың, бәрі есеп. Қандай жылдамдыққа шамаң жетеді, қарсыласыңның төзімі қандай? «Соған қарай әрекет жасаймын» деген сеніммен шығу керек. Олимпиада кiлемiне қазақ балуаны сол үш-төрт әдісін сақадай – сай қылып барған. Оны бәрі білді, бәрі соған қарсы жатпай-тұрмай дайындалды. Бірақ, бәрібір Ж.Үшкемпіров өз әдістерін жасап, бәрін сол әдістермен-ақ жеңіп кетті.

– Мақтаныш десе де айтайын, мен тоғыз минутқа өте жақсы күрестім. Тоғыз минуттық тоқтаусыз күресті айтып отырмын. Ең мықты деген қарсыласым үш-төрт минуттан кейін-ақ шаршай бастайды. Рас, мен де шаршаймын, ентігемін. Бірақ алғашқы қарқыным, қуатым кемімейді. Ал, қарсыласымда сол күш-қуат аздап азаяды. Міне, менің күтетінім осы сәт. Шабуылды сонда тіпті бастырмалатып жіберсем, абдырай бастайды. «Вертушка» мен «бычоктың» бірін сарт еткізіп жасайтыным осы тұс. «Бычокты» мен тура тоғыз метрге бірнеше секундта, қуалап барып қолданатын едім. Қазір ешкім өйтiп, жылдам қуалай алмайды. Тоғыз метрге тоқтаусыз жүгіргенде құламайтын қарсылас болмайтын. - дейді балуан өз әңгімесінде.

Жақсылық Үшкемпіровтің күрескенде қарсыластың оң қолына тура жабысып алатын әдісі де бар еді. Ұстаған жерін бар күшімен сығымдап, қысып жіберетін. Қандай мықты кісінің қолы екі жерден аяусыз сығымдалғанда, асса екi минуттан кейін салдырап, біразға дейін жаны кетіп, істемей қалады. Себебі, қан жүрмей қалады. Сонда ол жалғыз қолымен не істей алады? Оның қолының ұйығаны тарағанша балуаны өз әдістерінің бірін жасап, бірнеше ұпай алып үлгеретін еді. Қарсыластың қолын уыстап сығымдауға, сілкілеп қысуға мықты болған. Оған күн, ай емес, жылдар бойы арнайы жаттығуды үзбей жасапты.

– Сонау Семейден бастап қолымнан «Эспандерді» тастамадым. Нәтижесінде, ұстаған жерімді қолым қарысып қалғанша қысуға шыдамым жететін. Бірақ, оған еш қарсыластың шыдамы жетпеді ғой. Менің көп жеңісіме себепкер болған осы әдіс. Бұл әдісті сол кезде ешкім жете түсінбеді ғой деймін. Себебі, өзіме қарсы ешкім оны бір рет те қолданған жоқ. Ал, қолдана қалса, онда жағдайым онша болмайтыны анық еді. Күресте балуанға аздаған қулық та керек. Біз оны да пайдаландық. Балуан өз мүмкіндігін өте жақсы білуі керек. Тың кезіңде бір басқа, ал, әбден шаршаған, қалжыраған сәтте, белдесудің соңғы бірер секунды қалғанда қандай қайрат көрсете аласың? Ең бастысы сол. Жатсақ-тұрсақ біздің санада шешуші сәттегі өз мүмкіндігіміздің деңгейі сайрап тұратын. Тоғыз минуттың әрбір секундына дейін есептеп, бөліп тастайсың.


«Балаларымнан мықты спортшы шықпады»

Жақсылық Үшкемпіровтің Жандос, Елдос, Жеңіс есімді үш ұлы бар. Олимпиада чемпионы үшеуін де кішкентай кезінде спортзалға қолдарынан жетелеп апарған екен. Балуан болса деп шын ниетімен тілепті. Үшеуі де күреспен беріле шұғылданды. Жасөспірім кездерінде жап- жақсы нәтиже де көрсетті. Әсіресе, Елдос пен Жандос республика көлеміндегі біршама жарысқа қатысып, жеңімпаз атанды.

– Күреске қызығу бір басқа, жан-тәніңмен күні-түні берілу бір басқа. Ұлдарымның күресі жай қызығу ғана екен. «Әкеміздей болсақ» деп барынша ұмтылды. Шамаларын өзім әбден байқаған соң, «күресті қойыңдар» дедім. Намысқа тырысқан, күресуді доғармай қойған Елдосқа бір жарыс үстінде жұрт көзінше: «Мен сен сияқты күресетін болсам, кілемге мүлдем жоламаған болар едім. Бұл қалалық жарыс. Қарсыласың өзіңдей-ақ жігіт. Сен оны әрең жеңдің. Сонда ертеңгі бұдан үлкен жарыста қалай күресесің? Намыс қайда?» деп қатты айттым. Ол сонда ғана түсінді. Шырынгүл қарындасымнан туған жиендерім Жәнібек пен Жанболат та күресті. Жәнібек Күдериев Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ал, Жанболат Күдериев жастар арасында Азия чемпионы атанды. Қазір екеуі де бапкерлікке бет бұрып жүр. Мен тұрғай, күш атасы Қажымұқанның да ұрпағынан әлі бір балуан шыққан жоқ. Мысалы, екі Олимпиада чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы Валерий Резанцев кейін жақсы жаттықтырушы да болды. Бірақ, оның баласы қанша дәріптесе де республикадан аса алмады ғой. Сол сияқты Шәміл Серіков, Анатолий Быковтың балалары да күреске ұмтылмады, әкелеріне ұқсағысы келмеді дейсің бе. Күресті, бірақ, топтан озбады ғой. Пендеміз ғой, сөйте тұра құлдыраңдап жүгіріп жүрген немерелердің қимыл-қозғалысынан, шапшаңдығынан кейде үміттеніп қаламыз. «Ұлдарымды айналып өткен балуандық мүмкін осы немерелерді жағалап жүр ме екен», деп өзімізше дәмеленіп қоямыз. Кім білсін. Немерелеріміз жақсы спортшы ғана емес, жақсы азамат болса деймін. Ұлттың қамын ойлайтын, ел мүддесін көздейтін азаматтар болса, арман бар ма, шіркін.

Жақсылық Үшкемпіров немерелерінің спортшы болғанын көрмей кетті. Ол 2020 жылы 2 тамызда дүниеден озды. 

Ұқсас материалдар