Жаңалықтар

Құраманың құла ойыны

Қазақстан футболшылары өз алаңында Латвиядан келген қонақтарды тізе бүктіре алмады
Құраманың құла ойыны
18.11.2018 19:48 4894

Ұлттар лигасының 5-кездесуінде «Астана Аренада» Қазақстан мен Латвия құрамасы кездесіп, екінші орын үшін таласты қыздыра түсті. С-тобына өту бақыты әлдеқашан Грузияға беріліп қойса да, қос елдің аяқдопшылары ел намысы үшін жасыл алаңда жан алысып, жан берісті.

Ойын алдындағы баспасөз отырысы

Кездесу алдында болған баспасөз отырысында бапкерлер сөз сөйлеп, ойынға дайындықтарын жеткізген еді. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов көптеген футболшылардың жарақат алып, қатардан шығып қалғанын айтты.

– Бірінші футболшыларым жайлы айтып кетейін. Өкінішіке қарай, құрамда көптеген өзгерістер орын алды. Жарақатқа байланысты, Евгений Постников пен Ян Вороговский саптан шығып қалды. Дмитрий Шомко жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ, әлі ештеңе нақты шешілген жоқ. Күні кеше Еркебұлан Сейдахмет ауыр жарақат алған болатын. Оның қатарға қосылуы үшін кем дегенде үш ай керек. 22 жасқа дейінгі ойыншылар көп алатын жарақат бұл. Міндетті түрде операция керек. Ертең-ақ ол Германияға аттанатын болады. Енді, міне 5-6 ойыншыны бірден ауыстыруға тура келіп отыр. Әр түрлі нұсқаларды қарайтын боламыз. Жаттығу жиындарына Юрий Перцух, Оралхан Өміртаев пен Иван Антипов секілді жастарды шақырттық.  Қарсыласты зерттеп, зерделеп, алғашқы ойынға анализ жасайтын уақытым болды. Латвияның өте құрамдасып, агрессивті ойнайтыны мені шын таң қалдырды. Жаңа бапкердің келуімен, ойын деңгейлері өскенін аңғаруға болады. Олардың жинаған ұпайлары керемет болмаса да, өте жақсы футбол ойнай біледі. Бәрінен бұрын, менің командам қандай ойын өткізетіні маңызды. Андоррамен болған кездесуден кейін Логвиненко, Щеткин мен Шомконың ойнамағаны тағы бір проблема болып тұр. Ол ситуацияның қалай өзгергенін қарап көремін. Біз бірінші нөмермен ойнап, көп допқа иелік етіп, жиі шабуыл ұйымдастырғымыз келеді. Бізге ойын стилімізді дамыту керек. Дмитрий Шомконың жарақатын айта кеттім. Оның орнына Ғафуржан Сүйімбаевты шығара аламыз. Сол сияқты «Астананың» соңғы матчтарында Бахтиер Зайнутидиновты сол қапталдан көріп жүрсіздер. Оның да позицияны толық жабуға шамасы келеді. Біз Бахтиерді «Спартакпен» (Мәскеу) өткізген жолдастық кездесуде сол қапталдың қорғанысына жауап беру үшін пайдаланып көргенбіз. Ол басқа да шептерде ойнай білетінін дәлелдеген футболшы. Әлі де жұмыс жасау керек. Зайнутдинов алға ұмтылып келеді, бастысы сол емес пе?! Қазақстан құрамасына көптеген жас ойыншылар шақырылғанымен, оларды жасыл алаңнан  көрінбей жүргеніне байланысты айтарым, біз барлығы 23 футболшыны жинаймыз, оның тек 14-і ғана ойынға араласа алады. 9 адам сырт қалады. Мен жақында өтетін қос матчта бірнеше ауысымдар жасамақпын. Кімді істе көргім келеді, соларға мүмкіндік беруге тырысамын. Қақпашылар арасында бәсекелестік керек. Келесі кезеңде кім қақпада тұруға лайықты екенін көретін боламыз. Көптеген жас ойыншылар Сейдахмет, Зайнутдинов, Тұрысбектер өз мүмкіндіктерін пайдаланып көрді. Қазірде Фединді ойынға араластырып жатырмыз. Кез келген жас футболшы ойынға кіру үшін еңбек сіңіруі керек. Біз аздап көмек қолын созамыз, алайда даму олардың өз қолында. Бұл процесс өте қызық, сондай-ақ қауіпті. Олар шақырту алып, өздерін көрсете алмаса, ондай жоғары деңгейлі ойындарға дайын емес деген сөз. Ешкімге сыйлық жасамаймыз. Олар өз клубтарында қажетті деңгейде ойнамайды. Әрдайым үйреніп, өсіп отыру керек.

Көпшілікті Исламханның қай позицияда ойнайтыны алаңдататын сияқты. Бізде әртүрлі позицияда ойнай алатын футболшылар жетерлік. Оларды да сынап көретін боламыз. Егер бірнәрселер дұрыс болмай жатса, алмасуларға жүгінбекпіз.  Біз ойыншыларға өзінің талантын ашатын позицияны табуға тиіспіз. Андоррамен өткен ойында Исламханды сол қапталға жібердік. Ол өте пайдалы болды. Ертеңгі ойында қай жаққа қоятынымзды әлі шешкен жоқпыз. Тағы айта кетерлігі, біз құрамаға шақырғанға дейін Думан Нәрзілдаевты 90%  жанкүйерлер білмейтін еді. Ол өз клубының негізгі құрамында енді ғана тұрақты түрде ойнай бастады. «Қайсар» бапкерімен көп тілдесеміз. Думанның барын салып, алға ұмтылып жүргені көңіл қуантады. Ол осы маусымда ғана толық ойын тәжірибесін алды. Бірақ бұл аздық етеді. Біз көптеген ойыншыларға қошемет көрсеттік. Олар соны ақтай алуы керек. Әлі алда уақыт болады. Қазақстан ұлттық құрамасы алға қарай үлкен қадам басты деп айта алмас едім. Нәтижелер әртүрлі болды. Бірінші күннен бастап, деңгейімізді көтерумен айналыстық. Еуропалық ойын өрнегін бойымызға сіңіргіміз келді. Шабуылда да, қорғаныста да жүйелі жұмыс істеуге көштік. Жазғы уақытта ойыншылар өз кулбтарында ойын тәжірибесін алмағанда қиындықтар кездескен еді. Оны сіздер де жақсы білесіздер. Әрбір футболшы алаңдағы өз орны үшін күресе алуы міндетті. Оларда физикалық, эмоционалды құлдилау болды. Осы жылдың жазғы маусымы біз үшін өте ауыр кезең болған шығар. Жалпы, ойын деңгейі бірқалыпты болды. Кей матчтардың нәтижесі олардың деңгейімен сәйкес келмейді деп толық айта аламын. Егер үлкен жетістікке жеткіміз келсе, барлық жағынан дамуымыз керек.

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Роман Муртазаев өз ойын жеткізді:

– Біздің жайден жай жиналмағанымыз анық. Қазақстан құрамасы – біздің басты командамыз. Алдымызға қойылған тапсырманы орындағымыз келеді. Құдай бұйыртса, келе жатқан ойында жақсы нәтиже көрсетуіміз керек. Барлығымыз жеңістен дәмеліміз. Бізден күткен нәтижені көрсетіп, алға қарай жылжи беруіміз керек.  Латвия құрамасы соңғы уақыттары жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр. Олар ешкімнен қорықпай, сенімді ойнай біледі. Латвия футболшылары Қазақстанға белгілі тапсырманы шешу үшін келгені айқын. Біздің басымдығымыз – өз алаңымызда әрі жанкүйерлердің қолдауымен ойнайтынымыз. Қандай жағдай болмасын оларды жерге қаратпауға тиістіміз деп есептеймін. Барлығы біз ойлағандай болады деп үміттенемін. Қазір құрамаға көптеген жас ойыншылар шақырту алып, өздерін көрсетуге мүмкіндіктері туып жатқаны қуантады. Олар Станимир Стоиловтың Қазақстан құрамасын тұтқасын ұстағалы бері көзге ілініп жатыр. Олардың шақырту алып жатқаны, құрамаға керек болғандығынан деп түсіну керек. Бізде үлкенге және кішіге бөліну жоқ. Бәріміз бапкер тапсырмасын орындаушы ғанамыз. Жақсы нәтиже көрсетіп, өз жанкүйерлерімізді қуантуды қалаймын. Басқа арманым жоқ.

Латвия құрамасының бас бапкері Миксу Паателайнен келе жатқан ойынның аса ауыр әрі тартысты болатынына күмән келтірмейді.

– Ойын өте тартысты болатынына сенімдімін. Қазақстан құрамасы – жақсы команда. Олардың жылдам футболшылары біздің жағдайымызды қиындатып жіберуі мүмкін. Мақсатымыз сәтті ойын өткізу. Жасанды төсенішке келер болсақ, бізге аздап қиындау соғатыны рас. Жаттығу өткізіп, үйренісіп алуымыз керек. Доптың қалай жүретінін байқаған соң, баға беретін боламын.

Біздің команда енді ғана дұрыс бағытқа жылжып келеді. Маусым айынан бастап, желтоқсанға дейін көптеген ойындар өткізіп, жаттығып жатырмыз. Даму қарқыны белсенді жүріп келеді деп айтуға болмайды. Бірақ, әр ойын сайын деңгейімізде өзгерістер байқалады. Асығуға қақымыз жоқ, бұл процесс өте ұзақ уақыт пен темірдей төзімді талап етеді. Ертең бізді өте қызықты ойын күтіп тұр. Қазақстан бізбен салыстырғанда жоғары деңгейде және жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр. Қалаған нәтижеге қол жеткізу үшін біраз күш жұмсауымыз керек. Бұдан болашағымызға керек болатын жақсы тәжірибе жинақтаймыз. Біздің топқа үңілетін болсақ, екінші орынға жайғасу мүмкіндігі тым нашар. Грузия құрамасы дәл қазір барлығымыздан деңгейі жоғары болып тұрғанын мойындау керек. Бұл ойынның нәтижесі болашағымызды болжау үшін өте маңызды болмақ. Өз мүмкіндігімізді барынша пайдаланып, қарсыласымызды айналып өтуге тырысып бағамыз. Құрама сапындағы көптеген ойыншыларым да осы өткен жексенбіде тер төккен болатын. Оқу-жаттығу жиындарын толықтай кеше ғана өткізіп отырмыз. Дайындыққа қолда бар барлық уақытты жұмсайтын боламыз. Жаттығу барысында қарсыластың ашылып ойнай алуына кедергі келтіретін бірнеше комбинацияларды сынақтан өткіземіз. Ертеңгі ойынға барлық ойыншыларым сақадай сай. Сонда да, маусым соңы болғандықтан кейбір жерлерге өзгертулер енгізуге тура келеді. Тек бір футболшымыз отбасы жағдайына байланысты Астанаға келген жоқ. Ол Андоррамен өтетін матчта қатарымызға қосылатын болады. 

Латвия құрамасының форварды Денис Ракель өз командасының жеңіске жетуі үшін бар күшін салатынын айтты:

– Әзірге бір ғана гол салдық. Алда әлі қос матч бар. Көзге түсуге тырысатын боламыз. Командамыз гол соға алмай жүргені басты проблема болып тұр. Ал бірнеше жыл бұрын деңгейіміз жақсы-ақ еді. Жаңа бапкермен енді ғана жұмыс жасап жатырмыз. Біздің болашағымыз алда деп есептеймін. Құрама сапында үлкен ойындарда тәжірибе жинамаған жас футболшылар жетерлік. Алда жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Қазақстан құрамасының ойыншылары қос қапталды өте жақсы пайдаланады екен. Соның есебінен қақпамызға гол жіберіп алдық. Бұл командадан Исламханды ерекше атап өтер едім. Сол сияқты Евгений Постников та жақсы өнерімен көзге түсті. Исламбек Қуат та өзін жақсы қырынан көрсете алды. Өзіме келер болсам, сақадай саймын. Микрожарақат болған, бірақ қазір бәрі артта қалды.

Негізгі құрамнан кімдер орын алды?

Қазақстан – Латвия – 1:1 (1:0)

Голдарды салған: 1:0 Сүйімбаев, 38, 1:1 Ракель, 48.

Казақстан: Эрич, Бейсебеков, Малый, Логвиненко, Сүйімбаев, Жуков, Мұжықов, Муртазаев (Федин, 80), Зайнутдинов (Тұнғышбаев, 87), Исламхан, Тұрысбек (Щеткин, 75).

Латвия: Ванин, Габов, Дубра, Ягодинскис, Максименко, Тарасовс, Исаевс, Цыганикс (Завальниекс, 46), Карашаускс (Ругинс, 62), Ракель, Шабала (Икауниекс, 72).

Қазақстандық бапкер Станимир Стоилов баспасөз отырысында айтқан сөзінде тұрып, шабуылдаушы футболшыларды жіберді. Алты шабуылдаушы ойыншылар – Тұрысбек, Исламхан, Муртазаев, Жуков, Мұжықов пен Зайнутдинов алғашқы минуттан бастап өнер көрсетті. Болгар маманының алғашқы ойын схемасы 4-2-3-1 болды. «Тобылдың» Бауыржаны өткір шабуыл өтіне жайғасса, «ондық» рөлі Зайнутдиновке беріліпті. Ал Муртазаев оң қапталда өнер көрсетті. Исламхан Андоррамен болған ойындағыдай сол қапталда жүрді. Орталық алаң Мұжықов пен Жуковқа сеніп тапсырылыпты. Ал негізгі құрамнан кетіп көрмеген Қуат бұл жолы алаң жиегінде қалған сыңайлы. Соған қарағанда, Стоилов жаңа ойын формулаларын сынақтан өткізгісі келген секілді. Енді ғана жарақатынан айыққан Щеткин де алғашқы минуттан ойынға кіріскен жоқ. Сол секілді Премьер-лига ойындарында жақсы қырынан танылған Максим Федин де коучтан өз мүмкіндігін күтуге мәжбүр. Ал қонақтардың ойын схемесы 4-4-1-1-ді құрады. Шабала өткір шабуылда, Ракель оған көмекке келеді. Қос қапталдан Цыганикс пен Карашаускс қорғаныстағы Габов пен Максименкоға жақындап ойнайды. Исаевс жарақатын жазып, Тарасовс екеуі тірекші міндетін атқармақ.

Алғашқы тайм: адуынды алаң иелері

Алғашқы минуттан қазақстандықтар шабуылдауға көшті. Латыштарды қыспаққа алған алаң иелері ақыры дегеніне жетіп, допқа иелік етті. Мұжықовтың қиыс соққысы алғашқы бес минуттың беташары болды. Одан кейін Зайнутдинов Серікжанның соққысын қайталады. Орта дистанциядан сол аяғымен бағыттаған Бахтиердің добы қақпа артындағы көрермендерге жетті. Жауап ретінде қонақтар Максименконың пасына ашылған Шабала Эричтен допты асыра салғысы келген. Шабуылшыға шеберлік жетіскен жоқ. Арада минут өтпей жатып, Карашаускс қапталдан өтіп келіп, Ненад қақпасын көздемек болған. «Ақжайықтың» ойыншысына дәлдік серік болмаған сыңайлы. Қазақстандықтар Исламханның маңдайшадан биік кеткен соққысымен жауап қатты. Ал Мұжықов жиырма метрдей қашықтықтан қақпашының дәл қолына тепті. Алғашқы тура бағытталған соққы тіркелді. Баториктің тағы бір мүмкіндігі болды. Бұл жолы капитан сол аяғымен қаттырақ теуіп  көрген. Алайда, доп бірінші соққысының бағытымен ұшуды жөн санағандай. Зайнутдинов қарсыластардың қарымтаға кетіп бара жатқанын дәл аңғарып, жолын бөгеп, өзі шабуылға көшті. Алайда, оны аяқтауға Бахтиердің шамасы жетпеді, қарсыластар жас хавбектің жолына тосқауыл бола білді. «Астана» ойыншысының сол қапталдан көтерген добына Тұрысбектің бой қысқалығы кедергі болды. Әйтпегенде, Бауыржан Ванинге мүмкіндік қалдырмас еді. Кезекті қазақстандық шабуылды түйіндеуге ұмтылған Муртазаев командаластары секілді қиыс соққы жасады. Романның солға да, оңға да кросс жасауға ешқандай мүмкіндігі болған жоқ. Алғашқы таймның орта белінен асқанда ақыры Ванинді істе шын сынап көруге мүмкіндік туындады. Исламхан Исаевстен айналып өтіп, жиырма метрдей жерден күшті соққы жұмсаған. Ванин бұл соққыны кірпік қақпай күтіп тұрғандай, қайтарып тастады. Келесі шабуылда Жуковтың соққы жасауға талпынысы ешқандай пайда әкелген жоқ. Қонақтарда қарап жатпай Цыганиктің көмегімен шабуылды түйіндемек болған. Логвиненко керек жерден табыла білді. Жарақат алған Шомконың орнын басқан Сүйімбаев әр сәт сайын алға ұмтылумен болды. Соның бірі өз нәтижесін берген еді. Алдынан келген Исаевстен де, Тарасовстан да айналып өтіп, Ваниннің сол қапталын дәл көздеді. Қақпашы барынша тырысқанымен, допты алып шығуға шамасы келмеді. Есеп 1:0! Осы голды көптен күткен едік...

Есепте алға шыққан Стоилов шәкірттері өз қарқындарын бір сәтке де төмендеткен жоқ. Ізін суытпай екінші голды салуға ұмтылды. Бір минуттан кейін Бейсебеков алға ұмтылған, оның алдында ашық кеңістік те болды. Соны пайдаланған Абзал тура тебуді жөн санапты. Оның аяғынан ұшқан спорттық снаряд қақпа маңдайшасынан биік кетті.  Ғафуржанның алға ұмтылуы тағы бір нәтижелі шабуыл болуға аз қалды. Қарсыластарының бәрін қапы қалдырған қорғаушы қақпа алдында жабусыз қалған Исламханға доп жеткізген. Баторик биік тепті. Сәл төменірек соққы болғанда есепте 2:0-мен алға шығуға мүмкіндік бар еді. Капитан басын ұстап, біраз тұрып қалды. Онымен қоса футбол тамашалап отырған барлық қазақстандықтар өкінгені рас. Қазақстан футболшылары шабуылмен әуестеніп жүріп, қорғанысты аз уақытқа ұмыт қалдырған. Осы үшін жазалануға аз қалды. Қарымта шабуылға шыққан латыштар Карашаускске доп жеткізді. «Ақжайықтың» үздік ойыншыларының бірі орта дистанциядан соққан. Эричтің керемет сэйві. Корнерден қарсыластар жағы ешқандай пайдаға қол жеткізе алмады. Ягодинскис баспен ұрған, алаң иелері қорғаныста қателікке бой алдырған жоқ. Осымен, қос команда үзіліске аттанды. Алғашқы таймда қазақстандықтардың допқа иелік етуі 60%-дан жоғары болды. Допты ұстап, алға ұмтылған жергілікті ойыншылар көптеген шабуылдың нәтижесін көрсете алмады. Қаншама шабуыл, қаншама соққылар... Бірақ, оның дәл қақпаға ұшқаны саусақпен санап аларлықтай. Шабуылдаушы футболшылар көп-ақ, бірақ голды салған қорғаушы болды. Ол да болгар маманның бас ауыртар мәселесі екені белгілі.

Екінші тайм: латыштардың қарқыны

Үзілістен кейін жергілікті футболшылар өз нәтижесін үстемелей түседі дегенге сенгендер көп еді. Алайда, ойын біз күткендей бола бермейді екен. Екінші ойын бөлігін латыштар өте белсенді бастады. Бірден-ақ, стандарт орындауға мүмкіндік алды, қорғанған алаң иелері допты бұрыштамаға жіберген. Дәл сол корнер голға түрткі болғандай. Алдымен биіктікте Дубра жеңіске жеткен, одан доп Тарасовстың басына тиді де, ашық тұрған Ракельдің аяғына жетті. Ешкім кедергі келтірмеген Денис тұп-тура спорттық снарядты қақпаға бағыттай салды. Эрич көмекке келе алған жоқ. Таразы басы теңесті. Міне, күтпеген нәтиже деген осы шығар?! Алаң иелері де абдырап қалмай, қалайда есепте басымдыққа ие болу үшін алға жүгірді. Исламхан жақын бұрышқа допты ұрды. Кипер қиындықсыз қағып тастады. Ал Муртазаевтың соққысы қорғаушылардан әріге асқан жоқ. Бірінші таймда аса белсенділігімен көзге түсе қоймаған Тұрысбек допты маңдайшадан биікке жіберді. Cүйімбаев та, Зайнутдинов та соққы жасап көрген. Оның барлығы Латвия қорғаушыларының аяғынан кері серпіліп жатты. Миксу Паателейнен командасы қорғаныста енді қателікке бой алдыра қоймайтын секілді ме, қалай?! Қарымта шабуылда алаң иелері қонақтарға гол салуға мүмкіндік жасап бергендей. Малый допқа таласта, арқасынан қарсыласын жібере жаздаған. Қақпасын тастап шыққан Эрич баспен допты әріге ұра қоймады. Біздің бағымызға орай, Завальниекс бос тұрған қақпаны көздей алмады. Әйтпегенде, қазақстандық футболшылар бұл ойында жалғыз ұпайынан да айырыып қалар еді. Қазақстандықтар өткір шабуылдап жатты. Бір эпизодта қарсыластар Романның жейдесінен тартып, кедергі келтірсе де, форвард допты қақпашының қолына жетерліктей теуіп үлгерді. Одан соң, Исламхан Жуковқа пас жеткізді, Георгийдің соққысы қорғаушылардан кері серпілген. Мұжықов екінші деммен соққы жасады. Тағы да «Астана» хавбегіне тура тебу сәті бұйырған жоқ. Латвия бас бапкері бір ұпайға қанағат тұтпайтынын байқатып, шабуыл шебіне тыңнан ойыншылар қоса бастады. Жақында ғана «Астанаға» қонаққа келген «Яблонецтің» сапында тер төгетін Икауниекс алаңға кіре сала, допқа жанасып, гол салып кетті. Бірақ, офсайдтан! Қапталдағы төреші жалауын көтермегенде өте қиын жағдайда қалар едік. Есеп біздің құраманы қанағаттандырмаса да, Стоилов тыңнан футболшы қосуға асыға қоймады. Ойын соңына қарай, Тұрысбектің орнына Щеткин кірді. Муртазаев пен шаршап қалған Зайнутдиновтың орнына Тұңғышбаев пен Федин ойынға араласты. Олар бірден шабуылға шығып, ойынды жандандыруға күш салды. Матч соңында Исламханның соққысын Ягодинскис әрең дегенде жауып үлгерді. Оң қапталдан орын алған бұрыштамадан Логвиненко көзге түсе алмады. Қорғаушының баспен қандай тамаша ойнайтынын жақсы білеміз. Қосымша бес минуттықта Федин мен Бейсебеков пас алмасып, бір шаубылдың шетін шығарған. Абзалдың соққысын Ванин жауып үлгерді. Фединнің де кросы өтпеді. Тұңғышбаевтың Щеткинге жеткізбек болған пасынан да түк шыққан жоқ. Соңғы минутта жасалған Исламханның соққысы Ваниннің қолғабынан табылды. Осылайша, 90 минут зымырап өте шықты.

Статистика не дейді?

Ойын соңынан кейінгі статистикаға көз салар болсақ, Қазақстан қаншама мүмкіндікті желге ұшырып, Латвияны жеңе алмаған секілді. Ойынның қалай болғанын Станимир Стоилов бағалай жатыр. Шәкірттерінің кем-кетігін жақсы көріп отырды. Десе де, қазақстандық футболшылар бір-біріне ұқсамайтын қос тайм өткізгеніне ешкім күмән келтірмейді. Алғашқы ойын бөлігінде көп шабуылдар ұйымдастырылып, алда жүрген ойыншылар белсенділігін бәсеңдеткен жоқ. Қонақ кипер Ванин бірнеше рет командасын голдан аман сақтап, бүгінгі есептің тең аяқталуына көп септігін тигізді. Өз айып алаңымызда неге қателікке көп бой алдырып жаттық? Корнерден кеткен қателік қазақстандық футболшылардың өздеріне деген сенімділігінің жоқтығының белгісі іспетті. Одан кейін латыштар өз нәтижелерін жақсартуға болатындығына көздері жетіп, алаң иелерін қыспаққа ала бастады. Тыңнан қосылған аяқдопшылар да олардың ойынына ерекше дем бергендей. Қазақстан құрамасы Грузияда алаң иелерінен ұтылмаса, бұл топтағы екінші орынға жайғаса алады.

Өткен кездесуде қазақстандық коуч тәжірибеге барғанын ұмытпау керек. Құрама ойындарына назар аударар болсақ, Бауыржан Исламханның сол қапталда ойнайтындығына көз үйрете беруіміз керек секілді. Ал Роман Муртазаев тіптен басқа қапталда, яғни оң жақта тер төкті. Бұл ойыншы жаңа позициясында «Шахтер» сапында ғана ойнаған секілді. Біз білетін Роман сол жақтан шабуылға араласып жүр емес пе?!  Ал ол қапталдағы Георгий Жуков ортаға жылжыпты. Бірақ, ара-тұра «Қайрат» ойыншысын өзінің сүйікті қапталынан көріп жүрдік. Ал қалған алаңға шыққан теңбіл допшылар Дмитрий Шомко, Еркебұлан Сейдахмет, Евгений Постниковтың жарақаттарына байланысты өз орындарын тапқан. Қазақстан ойыншыларын жалпылай алғандағы ойыны, алаңдағы қимылы көңіл қуантады. Олар бапкер айтқандай алғашқы нөмермен қимылдап, бос кеңістік бермеуге тырысып бақты. Футболшылардың аяқ алысында белгілі бір ой, ойнатылған комбинация, бірін-бірі түсінісушілік бар. Олардың осы бір жақсы аяқ алысын голдар саны шегелей алмаған секілді. Тек қазақстандықтардың бір ғана соққысы голға айналып, қалғандары ауа қарпып жатты. Ғафуржан қорғаныста ғана емес, шабуылда да командасына жаңа серпін беріп, алға ұмтылуларына септігін тигізді. «Қайрат» футболшысы сөзсіз ойынның үздігі деген атқа лайық. Үзіліске аттанғанда жергілікті жанкүйерлер өз командасынан екінші таймда сенімді ойын күткені рас. Аяқдопшылар есепті еселеп, барлық мәселені шешіп тастағанын қаладық. Бірақ, қонақтардың өз ішкі есебі бар екен. Екінші тайм бастала сала, стандартты шабуылда қателік орын алып, Ракельдің көзге түсуіне жол беріп қойдық. Форвард құрама сапында алғашқы голына көрімдік сұрады. Бұл гол латыштардың қимылын ширатып, бойларына біраз күш бергендей. Алға ұмтылуылары жиілеп, қазақстандық футболшыларды аңдумен болды. Тіпті, кейбір сәттері есепте алға шығып кетуге аз ғана қалып жатты. Ондай сәтте көмекке офсайд келіп, ойынның мүлде басқа сценарий бойынша өрбуіне жол бермеді. Соңғы минутқа дейін жергілікті ойыншылар өз бақыттарын іздеп, Ванин қақпасына көзсіз соққылар жұмсап бақты. Көзсіз соққылар нәтиже алып келуші ме еді? 95 минуттық ойында 2 голдан артық қуанышты сәт орын алған жоқ. Жанкүйерлер бір жеті бұрын «Астана» футбол клубы қайталаған жетістікті көріп қаламыз ба деп үміттенгені рас. Қазақстан құрамасы «Астана» емес. Латыштар да оңай шағылар жаңғаққа ұқсамайды. 1:1 есебі Қазақстанның Ұлттар лигасындағы ең сүйікті есебі секілді. Дәл осы ойын есебі Андоррамен өткен ойында, сол секілді Латвияда да орын алған еді. Өз алаңымызда осымен 3-ойынды артта қалдырдық. Біздің қақпаны тек Андорра жігіттері ала алмады. Ал қалған қос құраманың қоржыны бос қайтқан жоқ. Грузияны бағындыра алмағанымызды да айта кету керек. Әрине, алдыңғы турда-ақ Ұлттар лигасындағы бар мәселенің беті ашылған. Қазақстандықтар Грузияны тым ұзатып алып, екінші орынды қанағат тұтуы мүмкін. Алайда, соңғы турдағы матчтарда бәрі күрт өзгеруі ғажап емес. Ұлттық құраманы ендігі Тбилисиде сынап көреміз. Одан соң, Стоилов шәкірттері Еуро-2020 турниріне дайындығын бастап кетеді. Ұлттар лигасындағы ойындар құр бекерге өтпегенін байқауға болады. Себебі, ойын өрнегімізде алға ілгерілеу бар сияқты. Тек нәтиже көрсететін шабуылшының орны айқын көрініп тұр. Көп ұзамай, жақсы ойынды ғана емес, жақсы ұпайлар туралы да сөз қозғалатынына толық сенімдіміз.

Ойын соңындағы статистикаға көз жүгіртетін болсақ, қазақстандық футболшылардың анық басымдығын байқаймыз – 29-7 (6-2 дәл ұшқандар, 16-4 қиыс кеткендер, 7-1 блокқа түскендер). Бұрыштама бойынша да алаң иелері алда тұр – 7-2. Ал офсайдқа латыштар көп түскен екен – 3-1. Допқа иелік ету көрсеткіші 63% / 37% Қазақстанның пайдасында. Пастар бойынша алаң иелері алда – 589-327, ал олардың дәлдігінің көрсеткіші мынандай: 502-234 (85% — 72%). Ереже  бұзу бойынша да Станимир Стоилов шәкірттері 17-8 есебімен алда болған.

Кешегі өткен ойында Андорра өз алаңында Грузиямен тең ойнап, кезекті ұпайына қол жеткізді. Әрине, бар мәселені әлдеқашан шешіп тастаған Владимир Вайс екінші құрам ойыншыларын сыннан өткізген секілді. Ондағы есеп 1:1. Грузия Ұлттар лигасындағы алғашқы голды қақпасына жіберіп отыр. Сонымен, біздің топта 5 ойыннан соң, Грузияда 13 ұпай, екінші орындағы Стоилов шәкірттерінде 6 ұпай, 3 пен 4 орындар тиісінше 3 ұпайды қоржынға салған Латвия мен Андорра жайғасқан.

«Тартысты кездесу болды». Бапкерлердің пікірі

Матч соңындағы баспасөз отырысында Станимир Стоилов бұл ойынның өте қызықты өткенін баса айтып кетті:

– Меніңше, қызықты кездесу өтті. Біздің құраманың ойыны да көңілімнен шықты. Бірінші таймда допты жақсы ұстадық. Дәлдік пен шабуылды түйіндей алу сенімділігі жетіспей қалды. Тағы да стандарттан гол жіберіп отырмыз. Екінші ойын бөлігінде де жақсы мүмкіндіктер болды. Ойыншыларым аздап шаршаңқырап қалған секілді. Біз күткен нәтиже орын алған жоқ. Басымдық біздің жақта болғанымен, жеңіске жету бақыты бұйырмапты. Сәттілік серік болмады. Бахтиер талантты ойыншы. Бірақ, ол жаңа позицияда өзін жоғалтып алды. Әлі алда көп жұмыс жасауы керек. Оның болашағы зор деп білемін. Ал Юрий Логвиненконың ойынына келер болсам, матч соңына дейін жақсы қарқынмен өнер көрсетеді деп күтпедім. Себебі, ол бір ай бойы жасыл алаңда тер төккен жоқ. Соған қарамастан, өзін жақсы қырынан көрсете алды. Алғашқы тайм өте жақсы ойын болған кезең деп сенімді түрде айтуға болады. Егер де берілген мүмкіндіктердің барлығын өз пайдамызға шешкенімізде, есеп 3:0 не 4:0 болар еді. Өзім де соншалықты шабуыл ұйымдастыра аламыз деп күткенім жоқ. Барлық нәрсенің өз уақыты бар. Біздің әзірге басты проблемамыз, шабуылды түйіндей алмауымыз. Осы жағынан әлі де көп жұмыстар атқарылуы керек. Ал қазіргі ойын – бүгінгі бар көрсекішіміз. Иә, біз Андорра мен Латвияда мықтырақпыз. Бірақ, нәтиже, бізді қанағаттандырмайды. Футболшылар өздерімен көп жұмыс істеулері керек. Олар сол үшін өз клубтарында легионерге жол беріп қойып жатыр. Мәселен, Тұрысбек осындай жоғары деңгейлі ойында өзіне деген сенімділігін жоғалтып алды. Ал төрешінің жұмысына келер болсам, тек мен емес, стадионға жиылған жанкүйерлердің де көңілі толмады. Десе де олардың жұмысын бағалау менің құзіретіме кірмейді.

Өзім жоғарыда айтып кеткендей,  бізде шабуылшыларға деген таңдау нашар. Бір жаттықтырушы өмір бойы шабуылшы іздеп, бәрібір таба алмағанын айтқан екен. Әзірге Тұрысбек пен Щеткин 8 голдан соққан. Қолымызда бар футболшылармен жұмыс жасайтын боламыз. Ең бастысы, маған ұнайтын футбол ойнап жатырмыз. Ұлттар лигасында бізге сәттілік серік болмай жатыр. Құраманың ойынын жақсарту үшін натуралзицаяға жүгінудің дәуірі өткен. Ол үшін футболшының өзі не туысқаны осы елде туылған болуы керек немесе бес жылы сол мемлекеттің чепионатында тер төгуі қажет. Әзірге бізде ондай шабуылшы болмай тұр. Егер бола қалса, міндетті түрде назарымда ұстайтын боламын. Қазақстандық ойыншылар клуб құрамында бәсекелестік туып жатса, тез беріле салады. Олар өз клубында орын табылмаса, басқа командаға ауыса алатынын жақсы біледі. Лимитті алып тастауға кеңес берер едім. Кім үздік, кім шын мықты, солар ғана ойнасын. Ал қазір бізде үлкен клубтарда ойнай алмаса, басқа клубтар құшақ жая қарсы алатынын олар жақсы біліп алған. Қазақстанда барлығы 14 клуб бар, ал біз соның төртеуінде ғана тер төгетіндерді шақыртып отырмыз. Қазақстандық ойыншылардың потенциалы бар, бірақ барлығы сол талантын аша алмайды. Мен осы елде жүріп, жергілікті ойыншылар өз деңгейін көтере алатынына толық көзім жеткен. Барлығы клуб футболшылармен қалай жұмыс жасайтындығы мен олардың деңгейін көтере алуына тікелей байланысты. Әрдайым лимит туралы айта беруге де болмайды. Кей клубтарда бір футболшы гол салған соң,  тіптен көрінбей кетіп жатады. «Астанада» тек қазақстандықтар ойнаса да, олар чемпиондыққа таласа білуші еді. Әрине, олар чемпион болады деп кесіп айтуға келмейді. Егер болашаққа кішкентай жоспарлар қойсаң, үлкен жетістікке жете алмайсың.

Латвия құрамасынң бас бапкері Миксу Паателайнен бұл мачтың өте маңызды болғанын алға тартты:

– Ойын өте маңызды болды. Біз өзімізді жақсы қырымыздан көрсеткіміз келді. Қазақстандықтар шапшаң қимылдайтын позицияларға аса назар аудару керек болды. Дәл сондай қателіктен біз өз қақпамызға гол жіберіп отырмыз. Олар ашық қалған жерден өтіп кетіп, гол салды. Бұған дейін Қазақстанның қауіпті команда екенін айтқан болатынмын. Ойын қарқыны сондай жоғары деңгейде болмаған шығар. Бұдан да жақсы әрі жылдам ойнауға болар еді. Тағы да қайталаймын, бұл маңызды матч. Мен Қазақстанның осы ойында біз секілді жеңіске жеткісі келгендігіне 100 % сенімдімін.

Денистің голына келер болсам, ол қажет кезде қажет жерден табыла білді. Өз елінің патриоты ретінде бұл голдың Ракель үшін маңызы зор. Өз қақпаызға гол жіберіп алғанымыз жоспарымызға өзгеріс енгізуге тура келтірді. Біз Исламханға және қапталда өнер көрсететін ойыншыларға көп көңіл бөлдік. Біздің есепке алмаған голымызға аздап күдігіміз бар. Қапталдағы төреші офсайд болды деп есептеген екен, ол эпизодты тағы бір қарап шығу керек. Әрине, бұдан да жақсы ойнауға болар еді. Қазақстанның сапында тез және жақсы ойыншылар жетерлік. Біз секілді жас командаға осындай құрамаға қарсы тұру оңай болған жоқ, бірақ бүгін қолымыздан келгенін жасадық. Командамда қателіктер болғанын мойындаймын. Бүгінгі ойыннан алға жылжу үшін қажетті ақпараттар ала алдық. Біздің топта Грузия расымен ең мықтысы болды. Олар бірінші орынға әбден лайық ойын көрсетті. Грузияда даму моделі бар. Ол бізге де сіздерге де өте қажеттті болар еді. Қазақстанда жылдам, техникасы дамыған, шебер ойыншылар жетерлік, оған қоса өте ұйымшыл футбол ойнай біледі. Бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанның қос қапталдағы ойыншыларынан қауіп көп күттік. Бұл құраманың аяқдопшылары мықтырақ шығар, бірақ футболда ол мықтылық әрқашан жеңіске жете бермейді. Менің жігіттерім алаңда ауызбіршілік танытып, жақсы құрамаға қарсы тұра білді. Сол үшін оларға алғыс білдіремін. Мен Латвияның қорғаныстағы ойынына көңілім толды, десе де, шабуылдаушы шепке тағы жұмыс жасау керек.

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Роман Муртазаев:
– Бұл ойынды жеңгіміз келді. Міндетті түрде жеңіске жету қажет еді. Дегеніміз болмай қалды. Көп мүмкіндіктерді құр жіберіп алдық. Кей жерлерде өзімізге деген сенімділік жетіспеген секілді. Басымдық бола тұра, өзімізге қажетті есепке қол жеткізе алмадық. Болашақта бұндай кемшілік болмағанын қалайын. Гол жіберіп алған соң, аздап қиындау бола бастады. Егер ол доп соғылмағанда 1:0-мен жеңіске жетер едік. Бірақ, өткенді қайта оралта алмайсың. Бастысы, алға ұмтыла беру керек. Латвияда да осы есеп тіркелді. Онда кеткен қателіктермен жұмыс жасадық. Жеңіске жету үшін берілген мүмкіндіктерді пайдалана білу керек еді. Латвияның қарымта шабуылын жіберіп алып жаттық. Сол бойынша да жұмыстар жүргізу керек.

Ойынды жарақатына байланысты жалғастыра алмаған «Ақжайық» клубының футболшысы Артур Карашаускс sports.kz сайтына сұхбат берді.

– Қазақстан бүгін жақсы ойын өткізді. Алғашқы таймда шабуылдар ұйымдастырып, біздің көп қорғануымызға тура келді. Ал екінші таймның он минутында жақсы ойын өткізіп, есепті теңестіре алдық. Одан кейінгі ойын бірдей деңгейде өтті. Ойын ссоңына қарай, қайтадан алаң иелері біздің қақпамызға жиі жақындай түсті. Бірақ, барлық қысымға төтеп беріп, 1:1 есебін сақтап қалдық. Сырт алаңда ойнап, бір ұпай еншілеу жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Бүгін бізге сәттілік де көмек болған секілді. Әрине, Қазақстан көптеген мүмкіндіктерін мүлт жіберіп, біздің ұпай алуымызға да сеп болды.
Ұлттық құраманың кез келген ойынында босаңсуға болмайды. Мұнда өз еліңнің атынан өнер көрсетесің. Мемлекетіңнің абыройы алдыңғы орында тұрады. Оның өзі футболшы үшін үлкен мотивация. Біз үшін жанкүйер болып жатқан қаншама адам бар. Еліңнің негізгі құрамында ойнау үлкен бақыт деп те айтар едім. Сол үшін бар күш-жігерімізді жасыл алаңға салдық. Біз қос ойында да тең тарқастық. Қазақстан жақсы ойнағанмен, таблодағы есеп 1:1 болып тұр. Соған қарап, қос құраманың деңгейі шамалас деуге толық негіз бар. 
(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға