Жаңалықтар

Қазақстан футболындағы ауыс-түйіс

Футбол әлемінде қандай жаңалықтар боп жатыр?
Қазақстан футболындағы ауыс-түйіс
13.01.2018 18:12 4817

2017 жыл Қазақстан футболында ауыз толтырып айтар жаңалық аз болды. Тек «Астана» футбол клубының Еуропа лигасында топтық кезеңді артқа тастап, 1/16 финалға шыққаны болмаса... Әзірге бір клуб бір елдің абыройын кәрі құрлықта арқалап келеді. Еуропа лигасында бәріміз үміт күткен «Қайрат» та, шымкенттік «Ордабасы» да әріге шаба алмады. Екеуі де Еуропада оңай қарсылас болмайтынын естен шығарып алса керек. Ал павлодарлық «Ертіс» 3-кезеңді артқа тастағанымен сербиялық «Црвена Звездадан» айласын асыра алмады. Бұл – ел клубтарындағы мәселе.

Құрама жайлы сөз қозғаудың өзі әбестік шығар. Бородюкке тізгінді берген федерация басшылығы ұятқа қалды. Ресей маманы соңғы он жылдықта болмаған сәтсіздікке алып келді. Александр Генрихович баптаған ел құрамасы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Армениямен әрең тең түскені болмаса, барлық ойында есе жіберді. Жәй ғана емес, ірі есеппен ұтылып жаттық. Ақыры, жыл басында Бородюк бас бапкерліктен кету жөнінде арыз жазып тынды.

Стойлов «Астанада» қалатын болды

«Астана» футбол командасы Еуропа лигасының 1/16 финалына жолдама алған соң, бас бапкер Стойлов өз орнын босатады деген қауесеттер тараған. Тіпті, ол Ресей премьер-лигасының белді командасының тізгінін ұстайды деушілер де табылды. Елордалық клубты төрт жыл қатарынан ел чемпиондығына жеткізген, Еуропада абыройын асқақтатқан бапкерді жіберіп қойғанымыз дұрыс болмас еді.

Оның үстіне, «Астананың» Еуропа жорығындағы келесі қарсыласы кәрі құрлықта біраз беделге ие лиссабондық «Спортинг» клубы. Ақыры, «Астана» мен Станимир Стойлов келісімге келіп, өзара шарт жасасты. Бұл шартта бапкердің жалақасы да өткен жылғылармен салыстырғанда едәуір көп.

Бірнеше клубта бас бапкерлер ауысты

Вахид Масудов «Атырау» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды. Ол бұған дейін еліміздегі «Тараз», «Қайрат», «Шахтер», «Восток», «Ордабасы» секілді футбол клубтарын, 2001-2002 жылдары бас құраманы, 2016 жылы жастар құрамасын жаттықтырған кәсіби маман. Ал болгариялық бірнеше дүркін чемпион «Лудогорецтің» экс-жаттықтырушысы Георги Дерменджиев «Ордабасы» ФК-ң бапкері болды. Бұған дейін шымкенттік клубты жаттықтырған 65 жастағы ресейлік маман Алексей Петрушин қайда қызмет ететіні белгісіз. Қарағандылық «Шахтер» де Беларусь елінің маманы Владимир Журавельді бапкерлік қызметке тағайындады. Ол футболшы ретінде «Динамо Минск», иерусалимдік «Хапоэль», сочилік «Жемчужин», белорустік «Дарида» мен «Торпедо» клубтарында тер төккен. Беларусь құрамасында 11 ойын өткізген. 2005 жылдан бастап жаттықтырушылыққа ауысқан. Молдавиялық «Дачи», солигорсктік «Шахтер», минсктік «Динамо» мен «Гомель» клубтарында бапкерлік қызметтер атқарған. Соңғы қызмет еткен орны – «Динамо-Брест». Жас жаттықтырушы «Шахтердің» жұлдызды шағына қайта оралтады деп үміттенеміз.

«Ақтөбе» футбол клубының басшылары ауысты. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Самат Смаковтың бас директорлыққа, ал Ұлықбек Асанбаевтың спорттық директорлыққа тағайындалғанын жарыса жазған болатын. Көп өтпей-ақ, бұл лауазымды қызметке басқа адамдардың келуі мүмкін екені айтылды. Әзірге, клуб нақты ақпарат таратпай отыр.

Ал бірнеше жылдан кейін премьер-лигаға қайта оралаған петропавлдық «Қызыл-Жар СК» клубына болгарлық маман Никола Спасов келді. Оның көмекшісі ретінде «Ертістің» экс-бапкері Димитар Димитровтың ұлы Вадим Димитров таныстырылды.

«Ертіс» футбол клубының тізгінін Владимир Фомичев ұстады. Ол өткен маусымда «Қызыл-Жар СК» футбол клубын премьер-лигаға шығарған еді. Сондай-ақ, ол бірнеше отандық командалардың бапкерлік қызметінде болған.  

Кім қайда ойнайды?

Қазіргі уақытқа дейін ел футболындағы басты жаңалық ретінде Жерар Гоудың «Қайрат» сапынан кеткенін айтуға болады. Бірнеше маусым бойы сұрмергендер көшін бастаған шабуылшы әзірге өзіне лайық клубты таңдай алмай әуреге түсіп жүр. Ал «Астана» шабуылшысы Жуниор Кабананга да өзін көргісі келіп отырған шетелдік бірнеше клубтың тізімін айтып, ел чемпиондарының қатарынан нақты кететіндігін мәлімдеді. Әзірге елордалық клубтың бас жұлдызы 23 жастағы ганалық шабуылшы Патрик Твумаси «Астананың» Дубайда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарында жүр. Бұл ойыншыны түрік супер-лигасында ойнайтын «Бурсаспор» 1.5 млн еуроға сатып алғысы келеді. Ал «Астана» ФК Патрик үшін 3 млн еуро талап етіп отыр. Бұл қос клуб қандай келісімге келетіні әлі белгісіз.

«Тараз» клубының сапында өткен ойын маусымында 15 ойын өткізген 17 жасар шабуылшы Еркебұлан Сейдахмет Ресей премьер-лигасында доп тебетін «Уфа» клубының жейдесін кию мүмкін. Еркебұлан ақпан айында кәмелеттік жасқа келеді. Келісім-шарт тек сол уақытта жүргізілетін болады. Әзірге «қазақстандық Месси» лақап атымен танылып кеткен Сейдахмет уфалықтармен бірге жаттығып жүр.

«Тобыл» футбол клубы ел құрамасында өнер көрсететін футболшыларды қатарына қосып жатыр. Атап айтсақ, Таңат Нөсербаев, Азат Нұрғалиев, Бауыржан Тұрысбектер қостанайлық клубты алға сүйрейтін болады. Бұған дейін «Ордабасы» сапында ойнаған жартылай қорғаушы Абдуллай Диакате «Ақтөбе» командасына ауысуы мүмкін.

2010-2015 жылдар аралығында шымкенттік клубтың сапында аянбай тер төгіп, Қазақстан кубогы мен Қазақстан суперкубогына қол жеткізген украиндық Артем Касьянов «Оқжетпес» сапында жаттығып жүр. Тіс қаққан ойыншы, бұрыңғы бас құраманың аяқдопшысы Али Алиев премьер-лигаға биыл қосылған «Қызыл-Жар СК»-мен бірге оқу-жаттығу жиындарына қатысуда. «Атырау» клубының қақпасын қорғаған Жасур Нарзикулов бұрыңғы командасы «Ақтөбе» сапына қосылуы ғажап емес. Ал атыраулықтар алғашқы жаңа ойыншысын жариялап үлгерді. Ол «Ертіс» сапында доп тепкен сербтік шабуылшы Стефан Живкович. Іле-шала бұл командаға беларус шабуылшысы Игорь Зенькович те қосылды. Бірінші лигаға түсіп қалған көкшетаулық клубтың сапында ойнаған шабуылшы Сергей Шафф өз бағын «Шахтер» футбол командасында сынап жатыр. Егер өзін жақсы жағынан көрсетсе, ойыншымен келісім-шарт жасалуы мүмкін.

Бір кездері қазақ футболының жарық жұлдызы саналған Жамбыл Көкеев бір клубта тұрақтала алмай жүр. Өткен маусымда қызылордалық команданың жейдесін киген Жамбыл негізгі құрамнан орын ала алмай, ендігі «Ақтөбе» клубының жаттығу жиындарына қатысып жатыр. Шамасы Көкеев өзінің жұлдызды шағын жоғалтып алған сыңайлы. Не болса да ойыншыға сәттілік тілейміз.

Өткен маусымды «Астана» сапында өткізіп, ара-тұра жасыл алаңға шығып жүрген Асхат Тағыберген «Қайсарға» оралды. Ол енді қызылордалық клубтың жаңа маусымда сәтті өнер көрсетуіне бар күшін салмақ. Асхат Қазақстан премьер-лигасында барлығы 191 ойынға қатысып, 10 доп соққан. Қызылорда футбол мектебінің түлегі, бір кездері бас құрамада доп тепкен Дәуренбек Тәжімбетов те «Шахтер» сапынан, туған жеріне оралды. Ол бұған дейін «Ордабасы», «Астана», «Тараз», «Атырау» сынды клубтарда ойнаған. Барлығы 312 ойында 56 доп соққан.

Қазақстан футбол федерациясында не жаңалық?

Сейілдә Байшақов 10 ақпан күні Қазақстан футбол федерациясы президентінен кету жөнінде арыз жазды.

Ол бұл қызметке 2016 жылдың 28 қарашасында тағайындалған еді. Ал ұйымның бірінші вице-президенті, әрі бас хатшысы Қаныш Қайдарұлы Әубәкіровтың өкілеттілігі отбасылық жағдайына байланысты тоқтатылды. Бұл қызметке Азамат Айтқожин келді. Ол вице-президент қызметінен босатылды. Оның орнына Олжас Абраев тағайындалды.

Әзірге ҚФФ президенті кім болатыны белгісіз. Оны ҚФФ-тың кезектен тыс сайлау конференциясында жариялайтын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға