Элизабет Тұрсынбаева: Өмірімді спортсыз елестете алмаймын

Мұз айдынының ханшайымы 2022 жылы өтетін Қысқы Олимпиадаға дайындалып жатыр

Қызылордалық  Элизабет Тұрсынбаева әлемдік мәнерлеп сырғанау спортына өз есімін айшықтап жазуды армандайды. Ол қазақ елінің атынан халықаралық сайыстарға қатысып жүрген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы қыз.  Бүгінде 19 жастағы спортшы  халықаралық деңгейдегі спорт шебері,  Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан  4 дүркін чемпионы әрі көптеген әлемдік турнирлердің жүлдегері.  2019 жылдың қазан айында Қытайда  өткен  Шанхай Трофи (Shanghai Trophy) турнирінде күміс медальды қанжығасына байлап қайтқан  спортшымен «El.kz» порталының тілшісі әңгімелескен болатын.

Мәнерлеп сырғанаумен Элизабет бес жасынан бастап айналыса бастаған. Бұл спорт түрімен айналысуына ағасы Тимурдың үйірмесі себеп болған. Ол кезде Тұрсынбаевтардың тұңғышы осы спортқа барып жүргендіктен, оған ата-анасы қарындасын ілестіріп жіберген екен. 

– Бір күні анам мұз айдыны сарайының жанынан өтіп бара жатып стадионда спортпен шұғылданып жатқан бір топ балаларды байқайды. Оларды сырттай тамашалаған анам жаттықтырушысына барып, бұл спорт түрі жайында сұрап алады. Ондағы мақсаты – бізді де қатыстыру.  Осылайша ата-анам мәнерлеп сырғанауға алдымен ағамды, екі жылдан кейін мені берген болатын, - дейді спортшы.

Бірақ та оны  басында жаттықтырушылар үйірмеге алғысы келмепті. Алайда ағасы жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, жетістіктерге жете бастаған соң,  бапкерлер қаршадай Элизабетті жаттықтыруға келіскен сыңайлы. Әр жарыс сайын нәтижелерін жақсартуды мақсат еткен оның басты қарсыласы – өзі. Тіпті үйдегі әке-шешесі де қарсыластары жайында көп ойламай, бүкіл назарын мұз айдынында көрсететін өнеріне бұру қажет екендігін жиі айтып отырады.

 – Бала кезімнен бастап көбінесе ресейлік мамандардың мектебінде жаттықтым. Бірақ алғаш рет Ирина Страхова есімді жаттықтырушыға апарғанда орыс тілінде сөйлей алмайтындығымнан, мәнерлеп сырғанауға икемім жоғын түсіндіре алмадым. Мені көрген маман қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартыпты. Ата-әжемнің қолында өскендіктен орыс тілін дұрыс білмегенмін ғой. 

Элизабетті ата-анасы үшінші рет апарғанда ғана ресейлік жаттықтырушы тобына қабылдауға рұқсатын беріпті. Бірақ «егер қызыңыз дұрыс жаттыға алмаса бірден шығарамыз» деп ата-анасына ескерткен көрінеді. Алайда Элизабет жақсы нәтижелер көрсетіп, тура бір жылдан кейін ересектер тобына ауысады. Тіпті сол топтың көшбасшысы болыпты.

Спортшы 2011 жылы ресейлік белгілі бапкер Елена Водорезованың мектебінде жаттықса, 2012-2013 жылдары Этери Тутберидзенің қарамағында дайындалған.  Осылайша Мәскеудің ең үздік клубтарының тәжірибелі бапкерлерімен жаттығып, жарыстарда жақсы нәтижелер көрсете бастайды. Тіпті,  мәнерлеп сырғанаудан Ресейдің құрамаларымен  мүше болып қосылыпты.  Кейін Қазақстан құрамасының атынан байрақты бәсекелерге қатысуға ұсыныс түсіп, ата-анасымен ақылдасып, ақыры соңында Элизабет келісімін береді.

Ендігі, әлемдік ареналарға қазақ елінің атынан шығатын болғандықтан ата-анасы қызына жаңа жаттықтырушы іздеуге кіріседі. Сөйтіп, олардың таңдауы Ванкувер олимпиадасының чемпионы кореялық Ю На Кимді, Сочи олимпиадасының чемпионы Юдзуру Ханюды жаттықтырған канадалық Брайан Орсерге түскен. 2013 жылдан бастап өте мықты маманмен жерлесіміз көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

– Мен Брайан Орсермен Канадада келісімшарт бойынша бес жыл, яғни 2018 жылға дейін  дайындалдым. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Үйге оралғымыз келгендіктен біз келсімшартты ұзартқан жоқпыз. Өйткені қаншама уақыт мұхит асып, елден жырақта өмір сүру өте қиын болды. Әсіресе сол кездері отбасым «шашырап» кеткен болатын. Тіпті өзім үйімді сағынып кеттім..

Спортшы қазіргі жаттықтырушысы Этери Тутберидзе  өте талапшыл, қатал екендігін айтады. Тіпті  дайындық барысында жіберген ұсақ кемшілігіне дейін байқап, ескерту жасап отырады екен. Ал бұлар «менің тек алға жылжуыма, өсуіме көп көмегін тигізеді» дейді Элизабет.  

Спортшы күніне мұз айдынында үш сағаттай дайындалады. Оған қоса, денені тонуста ұстау үшін күнделікті дене жаттығуларын да үзбей жасап тұрады. Мәнерлеп сырғанаушы жаттығулар кезінде түрлі жарақаттар алғанына қарамастан сүйікті ісімен шұғылданудан бас тартпайтындығын айтады.

 – Өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Өйткені мәнерлеп сырғанау спорты қатты ұнайды. Болашақта  осы салада қызмет ету жоспарда бар. Биыл Алла қаласа дене шынықтыру мамандығына оқуға құжат тапсырамын. Жалпы өзім мұз айдынында сырғанаудан ләззат аламын. Бірақ та бұл саланың минустары да жоқ емес. Мұнда ең бастысы  -  жарақаттар. Егер де спортшы жарыста не дайындық барысында ауыр жарақат алып қалса, дайындықтан да шеттетіледі. Тіпті мансабынан  қол үзетіндер болады.

«Кішігірім жарақаттар болса мұз үстінде көрсететін кейбір элементтерді жасау қиынға соғады» дейді ол. Оған қоса,  мәнерлеп сырғанаушы бұл спорт түрінде жетістікке жету үшін  бастысы ерінбеу қажет екендігін тілге тиек етеді.

Мәнерлеп сырғанаушы Қазақстан жайында ТМД елдері білсе де,  Канада, АҚШ сынды мұхиттың арғы жағындағы мемлекеттер арасында да біртіндеп танымал болып келе жатқандығын айтады. Сондықтан сол елдерде өткен турнирлерде жеңіс тұғырынан көрініп, әнұрамыз ойнаған сәтте «тұла бойымды мақтаныш сезімі билейді» дейді Тұрсынбаева. Қазіргі кезде Элизабет 2020 жылы Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиадаға қызу дайындалып жатыр.

Иә, расында Элизабет сынды  жүлделі орындарға ие болып, қазақ елін танытып жүрген қаншама спортшыларымыз бар. Олар   жайында жаһан журналистері жарыса жазды әрі Қазақстанды картадан іздей бастады. Бастысы олардың өнерлеріне тәнті болып келеді.

(Суреттер Элизабет Тұрсынбаеваның жеке мұрағатынан алынды)