Жаңалықтар

Білегі мықты алдырмас!

Қазақ күресінде ұпай қалай есептеледі?
Білегі мықты алдырмас!
27.12.2020 18:20 4693

Денсаулық — баға жетпес байлық. Бірақ біз сол байлығымызға қаншалықты көңіл бөліп жүрміз? Денсаулығымызға шағым айтпаған ата-бабаларымыз шымыр денелі, білегі берік, дене бітімі келісті келген. Олар күш сынаса жүріп, денсаулықты нығайтудың жолы қазақ күресінде деп білген.

Білегі мықты алдырмас!

 

Тарихы

Қазақ күресінің тарихы ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты екені баршамызға белгілі. Ол — қазақтың ұлттық күш жетілдіретін спорт түрі. Балуандардың күш сынасуы ат жарысы, ақындар айтысы сияқты қазақ халқы өнерінің ажырамас бір бөлігі болып саналады. Қазақтар күш иесін «алып», «толағай», «балуан» деп атап, оны ерекше қасиет қонған адам ретінде таныған.

Ұлттық ойындар қатарына жататын күрестің шығу тарихы туралы мынандай аңыз бар. Сақ тайпасының тұсында ер жігіт ұнатқан қызын қалыңдық етуі үшін алдымен болашақ жарымен ел алдында күресуі керек болған. Егер жеңсе, отағасы ретінде отбасы билігіне ие болады. Ал жеңілген жағдайда, керісінше, билік қыз қолына беріледі. Уақыт өте бұл үрдіс өзгерген. Яғни, белдесу тек жігіттердің еншісіне бұйырады.

Ұлттық спорттың бұл түрі денені шынықтырып, бұлшық еттерді ширатады. Төзімділікке, тез ойлануға, ептілікке баулиды. Мұнда адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады.

 

Ережесі мен әдісі

Өзге спорт түрлері тәрізді күрестің де әдісі мен ережесі бар. Негізгі әдістердің бірі — оңжеңінен, оң қолмен белдеуден ұстап, жамбас әдісін қолданып құлату. Сыртынан шалу әдісіне түрегеліп тұрып немесе отырып жасалатын қимыл, балуан аяғын қарсыласының аяқтарының алдына, артына жанына кедергі ретінде қою арқылы әдісін орындау жатады. Ал қағу әдісі — балуанның аяғымен қарсыласының аяғын тобығынан, алдынан, артынан, сыртынан, ішінен қағу арқылы жығу. Төстен асырып лақтыру әдісінде балуан арқасын беріп денесін айналдырып барып қарсыласын иығынан асырып лақтырады. Күресте арқалай лақтыру, салмақпен басу, шалу, аяқтың басымен ілу, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысу, тірсектен шалу секілді әдіс-тәсілдер қолданылады. Бір сөзбен айтқанда, әлі келсе, алып та, шалып та жығады. Бірақ күресу барысында дөрекілік танытудан аулақ болу керек.

Білегі мықты алдырмас!

 

Қазақ күресінде ұпай қалай есептеледі?

Тарихымызбен тамырлас төл спортымыз қазақ күресінен бүгінде дәстүрлі түрде түрлі сайыстар ұйымдастырылып келеді. «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы», «Әлем Барысы», «Әскер Барысы» турнирлері сөзіміздің айқын дәлелі. Ал жекпе-жек өнерінің ережелері қандай? Қазақ күресі жаттықтырушылардың жасына қарай үш, салмағына қарай сегіз топқа бөлінеді. Жасөспірімдер үшін бес, үлкендер үшін он минут белгіленіп, қайсысы айла-амалы басымырақ, сол жеңіске жетеді. Сондай-ақ төреші белгілейтін ұпайлар да өзіндік мән-мағынаға ие. Мысалы, қарсыластың тізесі жерге тиген жағдайда бір ұпай беріледі. Үш бүк ұпайы бір жамбас ұпайымен пара-пар. Жамбас ұпайы аты айтып тұрғандай қарсыластың жамбасы жерге тигенде беріледі. Екі жамбас ұпайы бір жартылай жеңіске тең. Жаңа ережелерге сәйкес сылбыр күрескен балуанға да жамбас ұпайы жазылады. Ал осы жартылай ұпай жеңісі сайыскердің бір жауырынын немесе бір жақ қырын жерге тигізгенде жазылады. Екі жартылай жеңіс ұпайын еншілеген қатысушы айқын басымдықпен жеңген болып есептеледі. Таза жеңіс қарсыласынан айласын асырып, жауырынын жер иіскеткен балуанға беріледі. Озық шыққан спортшы белдесудің жеңімпазы деп танылады. 

Білегі мықты алдырмас!

Жылдар сөйлейді

  • «Қазақ күресі» бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен.

  • Ірі халықаралық турнирлер 1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен өткізілді.

  • 2004 жылы Қазақтардың Берлиндегі Бүкіләлемдік Құрылтайында конференция болып, сонда «Қазақ күресі» бойынша халықаралық федерация ұйымдастырылды.

  • 2005 жылы Ресейде (Алтай өлкесі) «Қазақ күресі» бойынша I Азия Чемпионаты өтті.

  • 2005 жылы қарашада Астанада ҚР Президентінің жүлдесіне «Қазақ күресі» бойынша ірі халықаралық турнир болды. Оған әлемнің 25 елінен 100-ден аса спортшы қатысты.

  • 2011 жылы алғаш рет «Қазақстан барысы» турнирі ұйымдастырылып, Ұлан Рысқұл жеңімпаз атанды.

 

   Маман пікірі

Білегі мықты алдырмас!

Ғани Келдіқұлов, қазақ күресінен ҚР ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы, Қазақ күресінен Әлем чемпионы:

Жекпе-жек спорт түріне жататын қазақ күресі табандылықты, төзім мен қажырлы еңбекті талап етеді. Балаға берер тәрбиелік маңызы орасан зор. Бұл спорт түрімен 12-13 жастан бастан айналысқан дұрыс. Себебі ұлттық спорттың бұл түрі ауыр болғандықтан баланың осы жас шамасы дене бітімінің дұрыс қалыптасуына өте тиімді болып саналады. Қазақ күресі жекпе-жек қоян-қолтық ұрысқа дайындайды. Алғашқы уақытта спортшы ептілікке үйрететін жаттығулардан бастағаны жөн. Олардың қатарында акробатикалық және тепе-теңдікті сақтауға арналған жаттығулар бар. Денеге қатты салмақ түскенде буындар ауыруы мүмкін. Күресіп үйрену үшін бастапқы кезде құлап үйрену қажет. Себебі дұрыс құламаудың салдарынан жарақаттану жиі болады. Күреспен шұғылданғанда қауіпсіздік ережелерін сақтауды, қарсыласқа құрмет білдіруді, тәртіпке бағынуды әрдайым есте сақтаған жөн. Одан бөлек, дұрыс тамақтану керектігн де естен шығармаған абзал.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға