Жаңалықтар

Бес жылғы үзілістен кейін маған сенбегендер көп болды

Жеңіл атлетші Айман Ратовамен сұхбат
Бес жылғы үзілістен кейін маған сенбегендер көп болды
06.04.2021 12:52 4040

Айман Ратова – спорттық жүрістен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол Түркия ашық чемпионатында 20 шақырым қашықтықты 1:29:31 уақытта кесіп өтіп, үшінші орыннан көрінген еді. Бұл нәтиже оған Олимпиадаға баруға мүмкіндік беріп отыр (Олимпиада нормативі 1:31:00).

Бес жылғы үзілістен кейін маған сенбегендер көп болды

El.kz тілшісі спортшымен тілдесіп, төрт жылда бір келетін дүбірлі додаға дайындығы туралы сұраған еді.

– 9 наурызда Түркия елінде өткен оқу-жаттығу жиындарынан келдік. Одан кейін Алматыда аз-кем дайындық жұмыстарын жүргіздім. Бүгін Ыстықкөлге келіп, қызу дайындықты бастағалы жатырмыз, – дейді Айман.

Айманды спортқа 11 жасында әкесі әкелген. Айта кету керек, оның әкесі – самбодан Алматы облысы бас құрамасының аға жаттықтырушысы болса, анасы – жеңіл атлетика саласында қызмет еткен.

– Алғаш қатысқан спортым – жүзу. Әкем Алматыда жүзу үйірмесіне жақсы бапкер келді дегенді естіген соң, сыңарым Шолпан екеумізді жетектеп әкелді. Ол кезде бар болғаны аптасына екі рет келіп қатысып жүрдім. Қалған уақытта сабағымды оқып, үй шаруасына көмектесетінмін. Әлі күнге дейін жүзу спортын жақсы көремін. Үш жыл айналысып, спорт шеберлігіне үміткерлікке дейін жеттім. Алайда, жол апатына түсіп, спортты қоя тұруыма тура келді.

Бес жылғы үзілістен кейін маған сенбегендер көп болды

Біршама үзілістен соң, Айман суда жүзуге емес, жеңіл атлетикаға бет бұрады. Бұл спортқа келуіне ағасы себепші болған. Ол Айманның туған қаласы Талдықорғанға жаттықтырушы болып келеді де, егіз қарындасын шақырады.

– Әпкем менен жарты жыл бұрын кірісіп кетті. Жалпы, спорттық жүрісті таңдауыма анамның осы спортпен шұғылданғаны себеп. Ол кісі норматив орындап, спорт шеберлігіне дейін жеткен. Өз өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Түптің түбінде бәрібір осы саланың біріне барып қазығымды қағар едім. Себебі, біздің отбасымыз байқап отырғаныңыздай, кілең спортпен айналысқандар, спортты сүйетіндер. Бір сөзбен айтқанда спорт біздің өмір сүру салтымыз. Басымыз қосылса, талқылайтынымыз – спорт.

Ілгеріде айтып кеткендей, Айман олимпиадаға лицензияны Түркия ашық біріншілігінде қоржынға салды. Спортшы осы чемпионатқа Токиода өтетін дүбірлі додаға жолдама алуды діттеп барғанын айтады.

– 22 жасымда тұрмыс құрған соң, спортты қоя тұрдым. Тек араға бес жыл салып, қайта оралдым. Сол кезде менің осы спортта бір нәтиже көрсетеріме сенгендер аз болды. Жарты жылдың ішінде дайындықты күшейтіп, Қазақстан біріншілігінде топ жардым. Бұл мен үшін өте ыстық жеңіс. Одан кейінгі мақсатым Олимпиада болды. Спорттық жүрістің нормативі әр олимпиадада жаңарып тұрады. Мысалы, 20 шақырым қашықтықты Лондонға бару үшін 1:33:30 уақытта бағындырған болса, Рио Олимпидасында ол 1:36:00-ге ұзарды. Токио үшін – 1:31:00. Бұл спортшылардың Олимпиадаға түсуіне кәдімгідей кедергі келтіруі мүмкін. Егер норматив орындай алмаса, әлемдік рейтинг бойынша жолдама үлестірілмек. Өзіме келер болсам, бір жылдың ішінде белгіленген нормативті орындаудың сәті түсті. Әрине, оның артында қаншама төгілген тер, атқарылған жұмыс жатыр.

Түркиядағы біріншілікте жолдама ұтқаннан кейін, Айман сағатын тоқтатып, егіліп жылағанын айтады. Себебі, сол уақыттары спортшыға ешкім сенім артпаған еді. Денсаулығы да сыр беріп, көп ауырады. Отбасы мүшелері де қиналып жүргенін көріп, спортты қоюға көндірмек болыпты. Ондай сөздердің ешбірін назарға алмай, жаттығуға кірісіп, осы біріншілікте өзінің қайсар мінезін көрсете білген. «Сағатым тоқтаған кезде, соның бәрі еске түсті», – дейді спортшы.

Бес жылғы үзілістен кейін маған сенбегендер көп болды

Айман енді бабына келе бастағанда, карантин болып, дайындыққа кері әсерін тигізген.

– Мен үшін Олимпиаданың бір жылға шегерілуі пайдалы болды. Өйткені оған дейін бар болғаны екі жыл қалыпты дайындалдым. Ол Олимпиада үшін өте аз уақыт. Он-он бес жыл үздіксіз жаттығып жүргендер ғана байрақты бәсекеде жеңіске жетіп жатады. Оның үстіне пандемия кезінде тіпті көшеге шығуға мүмкіндік болмады. Үйдегі жаттығудың пайдасы өте аз. Дайындық өз деңгейінде жүрмегесін, бабыңды жоғалтасың. Ал онсыз үлкен турнирге қатысып көр. Бір жыл уақыт сол кеткен кемшіліктің орнын толтырып, нәтижені жақсартып, жұмысты күшейтуге мүмкіндік беріп жатыр.

Айман спорт тәртіпке, дұрыс тамақтануға, өз денсаулығыңа күтім жасауға үйреткенін айтады. Сол сияқты алдыңа дұрыс мақсат қойып, соған жетуға тәрбиеледі дейді. «Асықпай асығудың да» өзі өнер екенін мойындайды. «Спорттың қатаң тәрбиесі өміріме ешқандай кері әсерін тигізген жоқ» дейді жеңіл атлетші.

– Спорттағы қатал тәртіп тек жас спортшыларға ұнамай жатар. Біз сияқты неше жылын үлкен спортқа арнап, өз өмірінің айнымас бір бөлшегіне айналдырғандар үшін оның еш зияны жоқ. Тіпті, жеке өзіме пайдалы тұсы көп десем артық емес. Спорттық жүріс әсіресе адамды шыдамдылыққа, төзімділікке, сабырлылыққа шақырады. Бұл бүгінің, болашағың үшін өте пайдалы. Әр күн сайын үздік бола түсуден, өз балаларыңа жақсы үлгі көрсетуден асқан бақыт жоқ. Осындай қағидаларды өміріңе сіңіргеннен арқасында, спорттан тыс туындаған мәселелер мәселе емес сияқты көрінеді. Себебі, жақсы еңбектенсен, ертең жемісін көретініңе көзің жетеді. Спорт бастаған нәрсені аяғына дейін жеткізуге үйретті. Алдыңнан шыққан қиындықтықтардың бәріне төтеп беріп, көздегеніңе жетуге баулиды. Айта берсең, спорттың адамға пайдасы жеткілікті. Тек одан жақсы нәрсені ала білу де өнер деп ойлаймын.

Айманның айтуынша, кәсіби спортшы болу жолында жаттықтырушысы мен жақын жандарының көмегі көп болған. Бапкерсіз біз ешкім емеспіз дейді өзі. Бұған дейін спортқа фанатизм көзқараспен қараса, қазір хобби емес, қалыпты, күнделікті атқаратын жұмысы секілді қарайды.

– Қазір спорт менің жұмысым. Бұл жұмысты жақсы атқарып, өз балаларыма, өз еліме, жақсы нәтижесін қалдырғым келеді. Кәсіпқой спортшылар жастар секілді эмоциямен емес, ақылмен шешуге тырысады. Оның бәрі тәжірибемен келетін нәрсе.

Бес жылғы үзілістен кейін маған сенбегендер көп болды

Елімізде жеңіл атлетиканың ішінде спорттық жүріс кенже дамып келе жатыр. Ұлттық құраманың өзінде санаулы спортшылар бар. Бәсекенің жоқтығы, атлетшілерге кері әсерін тигізеді.

– Әрине, бәсеке көп жерде, нәтиже де жақсара түседі. Біз оның орнын толықтыру үшін өзімізді шыңдап, жатығу жұмыстарын күшейтіп отырамыз. Ұлттық құраманың жаттығу жиындары көбінесе Алматы облысында өтеді. Өйткені, спорттық жүрісте таулы аймақта дайындық жүргізудің пайдасы зор. Сол сияқты Қырғызстанның да ауа-райы қолайлы. Оның ішінде қазір жаттығу жиындарына келіп отырған Ыстықкөлде боламыз.

Қазақстанда осы спорт түрін дамыту үшін өз ісіне берілген, өз саласының білікті мамандары жақсы жаттығулар жетіспейді дейді Айман.

– Алматы облысындағы жеңіл атлетиканың дамуын ерекше атап өтер едім. Барлық облыста осылай қолға алынса, жақын уақыттары еліміздің көк байрағын халықаралық турнирлерде көптеп көретін боламыз. Себебі, осындағы әрбір екінші бала рекордшы. Оларды жас кезінен баулып, үлкен жарыстарға дайындап жүрген жаттықтырушылардың еңбегі ерен.

Қазірде Айманның әпкесі, сыңары Шолпан Мансұрова өзінің жеке бапкері. Сол сияқты спортшы қайда барса да, өзінің балаларын бірге ертіп жүреді.

–  Қызым бұйырса осы жылы мектеп табалдырығын аттайды. Оның спортқа келу-келмеуі туралы ештеңе айта алмаймын. Ал ұлымның кішкене ебі байқалады. Олардың таңдауларына ешқашан қарсы келмеймін.

Олимпиада – кез келген спортшының арманы. Әрине оған қатысу бөлек, жүлдегерлер қатарынан көріну бір төбе. Жеңіл атлетші мұндай бәсекелерде аянып қалмайтын спортшы болмайды дейді.

– «Мен мынандай нәтиже көрсетемін», тіпті «көрсетуім мүмкін» деген болжамдар айтудан аулақпын. Себебі, айтқан нәрсе әрдайым орындала бермейді. Мәселен, Түркияда өзім күтпеген жетістікке жеттім. Әрине, оған іштей дайындаласың, мақсат қоясың, бірақ жарыста ол қалай шығады? Нақты айту қиын. Тек елімінің абыройын арттыру үшін барымды салатын боламын, – деп сөзін аяқтады Айман.

Спортшымызға сәттілік серік болсын дейміз біз.

(Суреттер Айман Ратованың жеке мұрағатынан)   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға