Қайсарлық пен ерліктің үлгісін көрсеткен қазақ балуандары

Баян-Өлгейдің қазақ батыр ерлері

Әр халықта ерте кезден-ақ өз руларының атынан шығып, өз ортасының абыройы үшін белдесіп, жеңіске жетіп, елінің намысын қорғаған балуандар болған. Солардың бірі әрі бірегейлері Алтайдың арғы бетіндегі Қобда, Баян-Өлгей балуандары. Ол туралы Жәди Шәкенұлы мен Қайрат Айдарханұлы «Алтай алыптары» еңбегінде де кездестіруге болады.  Сонымен, Алтайдың ержүрек батырлары кімдер екен?


Әбдіғажы балуан

Моңғолдар өздерінің ұлттық күресін ерекше қастерлейтін халық. Жыл сайын елдің тәуелсіздік мерекесінде мемлекет көлеміндегі таңдаулы балуандардың сайысын өткізіп, атақ, дәреже беру дәстүрге айналған. Ең жоғарғы атақ – мемлекеттік «Аварга» (Чемпион). Онан кейін «мемлекеттік «Арыстан», үшінші дәреже – «мемлекеттік «Піл». Моңғолия қазақтары балуандары ішінен Моңғолияның мемлекеттік «Аварга», «Арыстан» атағын алған қазақ балуаны жоқ. Тек осы үшінші дәрежелі «Піл» атағына ие болған балуан – Терлікбайұлы Әбдіғажы. Бір рет «Піл» атағын алған балуан осы нәтижесін екінші рет қайталаса, «аса күшті» («улам нэмэх) деген көркем мәртебе қосып беріледі. Әбдіғажы Терлікбайұлы 1912 жылы Моңғолияның Цэнгэл сұмынында (ауылында) дүниеге келген. Орта мектеп бітірген, сауатты, моңғол, тува тілдерін жақсы білетін сауатты азамат болған. Ол бала кезінен ауыл балаларымен, ауылдың той-томалақтарында күресіп, балуандығымен ерте танылған. Бозбала кезінде Ақкөл, Цэнгэл сұмындарында өткен үлкен той, мерекелерде белдескендерінің бәрін жығып, аймақ көлеміне танылған. Алдағы арманы аймақ дәрежесінен де артық, көп балуан белдесетін ауқымды жарыстарға қатысу болды. Әбдіғажының бұл арманы алғаш 1946 жылы Моңғолияның Халық Армиясының 25 жылдық мерейтойына арналған балуандар сайысында жетті. Бұл жолы бір ғана балуанға есе жіберіп, екінші орынға табан тіреді. Бұл сайыс Әбдіғажының талабын шыңдап, рухын өсірді. Ата-бабасынан дарыған бойындағы толағай күшіне деген сенімі артты. Ендігі жерде жылына бір рет қана мемлекеттік атақ беретін Моңғолияның тәуелсіздік күніне арналған ұлы тойға қатысып, ел көлеміндегі әйгілі балуандармен белдесуге тәуекел етті. Сол жылы шілде айының 11-інде Ұлан-Батор қаласында өтетін Халық Революциясының 25 жылдық тойына арналған сайысқа қатысу үшін сол заманның «темір тұлпары» «Зих» машинасының жүк қорабына отырып, бір ай жол жүріп, әрең дегенде ел астанасына жетті. Барса, күрестің бірінші кезеңі аяқталып кеткен. Балуан комиссиясы Әбдіғажыны күресуге рұқсат бермейді. Еті тірі алғыр азамат Мемлекеттік Кіші Құрылтайдың мүшесі қазақтан шыққан ең жоғарғы лауазым иесі Жәмила кезігіп, сонау батыс шекарадағы Баян-Өлгей аймағынан 1700 шақырымнан бір ай жол жүріп, ынтығып келгенде күресе алмайтын болғанына тауы шағылып тұрғанын айтады. Министр дәрежелі Жәмила апамыз комиссияға алыстан келгенін, қазақ аймағының, аз ұлттың атынан келгенін түсіндіріп, күреске қатысуға ұйғартады. Әбең қуанышы сыймай тұрған кең кеудесін кере бір тыныстап, моңғолдардың күрес киімі зодог, шуудаг (сырып тігілген пешбент, қысқа балақ шалбар) белдесуге дайындалады. Жат ұлт, жат ортада кеңес беріп қолдайтын, рух беріп, жігерін тасытатын адамының жоқтығы жанына батса да, бір Аллаға сиынып, Еркінбай, Бекеш, Жақып сияқты балуан аталарының аруағын медет тұтып, ортаға шығады. Сайыстың үшінші кезеңінен бастап, аймақтық арыстан, мемлекеттік лашын, піл атағы бар атақты балуандар бірінен соң бірі жемге алады (Моңғол күресінің тәртібі бойынша күрестің әрбір кезеңінде атағы бар балуандар кіммен белдесетінін өзі таңдайды). Олардың барлықтарын да жығады. Сайыстың жетінші кезеңіне жеткенде жүректері шайлығып қалған әрі ұлттық намысқа қызған моңғол балуандары осының алдындағы екі жылғы мемлекеттік тойда жауырыны жерге тимеген, ешкімді бет қаратпай тұрған «Далай, даян аварга» атағы бар Чимэд-Очир балуанға «мына қазаққа сенен басқаның күші жетпейтіні анық болды. Тек «арыстан» атағын басқа ұлтқа қолдан бермеуіміз керек. (Мемлекеттік дәрежеге жеткен балуан «арыстан» атағын алады. Екінші рет үздік орындардан көрінсе, «аварга» атағы беріледі). Сол үшін 8-кезенде сен «жемге» алып (таңдап, қалап күрес) күрес, алып күш иесі болғанмен әдіс-тәжірибесі саған жетпейді» деп «аваргаға» кеңес береді. Расында солай болды. Чимэд-Очир күші жағынан басым болмаса да әккілігін танытты, айласын асырды. 512 балуаннан 2-орын алған Әбдіғажы клашын» атағын аттап өтіп, «піл» атағын қосымша даңқымен қос («улам нэмэх заан») алып, қазақтың мерейін үстем етеді. Тізелері жерге тимеген моңғолдың түйе балуандарының таңдайларын қақтырады. Одан бері 70 жыл өтсе де Моңғолия қазақтарынан ешкім бұл атақты жеңіп ала алмай келеді. Өкініштісі мемлекеттік келесі тойларға шалғай өлкеден жыл сайын барып күресуге тұрмысты тұсаған баяғы заман тапшылығы, қоғамның кедейлігі мүмкіндік берген жоқ. Әбдіғажы тек қара күштің иесі емес, Цэнгэл сұмындық сауда мекемесін көп жыл басқарған білікті басшы ретінде де халқына кеңінен танымал, қадірлі азамат болды. Марқұмның сүйегі өзі туып өскен, еңбегі сіңген киелі топырағы Цэнгэл өлкесіне жерленді.

Айдаубай балуан

Айдаубай Бейсенбіұлы 1912 жылы қазіргі Ресейдің таулы Алтай Республикасы Жазатыр ауылында дүниеге келген. Руы - Абақ Керей ішінде Жәнтекейдің Ботақара атасынан. 1912 жыл баяғыда құрып кеткен Жоңғар мемлекеті қайта құрып, халқалардан бөліп әкетуге әрекет жасаған Дамбижанцанның Моңғолия қазақтарын зорлықпен ішкері айдаған (тарихта «Жалама айдаған» деген атпен қалған) заманында туғандықтан есімі «Айдаубай» атаныпты.


Айдаубайдың арғы атасы Шәкуұлы Дөңтай күреске қатысып, жүлде алмаса да аңызға айналған қара күш иесі болған адам екен. Бір жиында бәс үшін ортаға қойылған үлкен қара тасты өзінше күштімін деп арысқа түскен 11 жігіттің бірде-бірі орнынан қозғалта алмағанда Дөңтай кіндігіне дейін көтеріп, алты адым алға апарып тастау арқылы халықты таңдандырғаны үшін «Он бір жігіт Дөңтай» атанып кеткен екен. Ал әкесі Бейсенбі Алтайдың күңгей бетінде бірнеше рет арысқа түсіп, атағы шыққан ірі балуан болған. Әсіресе Мәми, Нарын, Бидолда сияқты ұлық, бай адамдардың ас, тойында бас бәйгені жеңіп алып, атағы шыққан балуан. Бітімі зор, тұлғалы болып өскен Айдаубайды 1921 жылы Моңғолияның Улаанхус (қазақша Қызылқайың) ауылына Қазақстаннан келген ағартушылар Абай Қасымов пен Шәріп Өтеповтың құрметіне арналған тойда 9 жасында алғаш күресіп, жұртқа танымал бола бастаған. Анасы тіл көзден сақтау үшін қарсы болғанымен әкесі «Алла жар болсын. Ағарып алға шықпаса да жағаласып, әдіс үйрене берсін. Менің жасым болса келіп қалды, баламның мықтылығын көргім келеді» деп, осы тойда күрестірген екен. Ал, Айдаубай 15 жасынан бастап, атақты балуандармен белдескен. Айдаубай Моңғолияның тәуелсіздік мерекесінде жылында бір рет қана мемлекеттік атақ берілетін ұлы тойларға қатыспағаны өкінішті (Жердің шалғайлығына, елдің, өркенінің нашарлығына байланысты). Әйтпегенде Моңғолия қазақтары ортасына күллі моңғолға танылған Әбдіқажы, Нұрқаділ, Қожақапан, Бақыт, Серік сияқты кемінде «мемлекеттік лашын» атағын алары сөзсіз еді. Айдаубайдың атағы екі үлкен сайыста шыққан екен. Біріншісі: 1926 жылы қазақ халқы Моңғолия жері теріскей Алтайға (көбіне ел аузында «Қобда беті» деп аталады) қоныстануының 60 жылдық мерейтойы. Мерейтой Дэлүүн сұмынының Далакөл жазығындағы Көктөбе деген жерде өтеді. Тойға жүздей киіз үй тігіліп, бәйгеге жүздеген жүйрік қосылған, (тек Шыңжан қазақтары 60 жүйрік әкелген) Моңғолияның батыс аймақтарынан атақты балуандар шақырылған екен. Ол заманда осы өлкенің адамдары техника даусын естімеген, машина көрмеген кез. Қобда аймағының бастығы осы салтанатты тойға өзінің атақты балуаны мемлекеттік піл Ванданды "Зис- 5" жүк машинасының қорабына астына ақ киіз төсеп, жалғыз отырғызып, өзі кабинада асқан салтанатпен келген. Жиналған жұрт әуелі машинаны, онан соң жалғыз өзі төбедей болып қорапта малдас құрып отырған Вандан балуанды таңырқап, қайран қалады. Мұндай мемлекеттік атағы бар, еңгезердей шойқараны қазақтардан ешкім жыға алмайтынына тойшылар да, аймақ бастығы да тәңірдей сенсе керек. Бірақ Вандан балуанның жолы болмады. Екі балуан текетіреспен біраз жүрген соң айырылысқан бірі сәтінде шойкара бала Айдаубайдың бетіне жерден бір уыс топырақ шашып қалды. Айдаубай көзіне кірген топырақты алып, білегінің сыртымен бір сипады да, моңғол балуанының астына лып етіп, жүгіріп кіріп, аяқтан көтеріп барып атып ұрды. Моңғол балуаны парасатты екен. Жығылғанын мойындап, салт бойынша бала балуанның қолтығының астынан өтіп барып, «кешірім ет, мен топырақты саған емес, екі жағыңнан көрінген кос бөріге шашып едім. Сенің пірің бөрі екен, бақытты бол!» деп, маңдайынан иіскеді. Ал екінші айтулы жеңісі 1940 жылы Қобда аймағынан бөлініп, Баян-Өлгий қазақ, ұранхай аймағы орнауының салтанатында болды. Бұл жолы да Монғолияның батыс аймақтарынан көптеген атақты балуандар қатысқан. Соны барлығын жығып, Айдаубай бірінші болды. Моңғол күресінің ережесіне сай Айдаубайға «Аймақтық арыстан» атағы берілді. Айдаубай мұның сыртында Қобда аймағында өткен сайыстарға бірнеше дүркін қатысып, екі мәрте бас бәйгені жеңіп алады. Сондай-ақ қазақ балуандарының бойында болатын әнші, домбырашы, сыбызғышылық сал-серілік қасиеттердің бәрі де дарыған ерекше талант иесі болды.

Әдетте балуандарға қатысты аңыз әңгімелер көп болатыны белгілі. Халықты тек күреспен емес, күш атасы екенін көрсететін ерліктерін жұрт тамсана айтып жүреді. Бірде Уланхустағы орыс саудагері Мешниковтың саудасын сататын бір қазақтың Далакөлдегі халыққа әкеліп сатқаннан қалған дүниелерін артып қайтпақ болады. Саудагердің мейілінше ауыр жүк артылған бір өгізі жолда жығылып қайтып тұра алмай қалады. Жолай кезіккен жас балуан Айдаубай өгізді жүгімен қоса тік көтеріп тұрғызған екен. Бірде ауылдың малына шауып, маза бермеген арлан бөріні атпен қуып жетіп, түсе қалып, құйрығынан жармасады. Үйіріп лақтырмақ болғанда бөрі қайырылып келіп, басына шапшиды. Бетпе-бет шабуылда бұрын қамданған балуан қасқырдың алқымынан шап береді. Сөйтіп кеудесін алдыңғы екі аяғымен қысып тұрған қасқырға төтеп беріп, буындырып өлтіреді. Атақты балуан ұрпақ өсіріп, өмірдің қызықтарын көріп 1993 жылы атажұртына қоныс аударып, Көкшетау өңірінде 81 жасында дүниеден озды. Ұрпақтарынан немересі Консалұлы Қанат моңғолдың ұлттық күресінен «аймақтық арыстан» еркін күрестен «Спорт мастері» атанса, Мұқташамұлы Арқалық, Машайықұлы Лакоджокондар Қазақстанда еркін күрес чемпионы атағын алды.

Қожақапан балуан

 Қожақапан Белденбайұлы Моңғолия қазақтары ортасынан шыққан әйгілі балуандардың бірі. Абақ керей ішінде Сарбас. Өлгей аймағы Бұлғын сұмынының азаматы. 1914 жылы ҚХР ШҰАР-дың Хасантау деген жерінде дүниеге 1929 жылы ағасы Шәрбақын, інісі Сейітжағыпарлармен Моңғол жеріне мал отарлатып келіп, қыстап-жайлап, қайтар сәтте Моңғолияның шекарасына застава түсіп, күңгей Алтайдағы ел-жұртына қайта алмай, осы өлкеде тұрақтап қалған. Алғыр азамат Бәйтіктегі әскери бөлімнің жылқысын баға жүріп, моңғол тілін жақсы үйренген, моңғолша хат таныған. Осы сауаттылығының арқасында 1936-1938 жылдары Бұлғын сұмынында  (ауылдық әкімшілік бірлігі) бастығы, 1938 жылы Хужирт сұмыны алғаш орнағанда атқару әкімшілігі бастығына тағайындалып, 1940 жылдың қыркүйек айына дейін істеген. 1940 жылы Баян-Өлгий қазақ-ұранхай аймағы Қобда аймағынан бөлініп, дербес ұйымдастырылғанда салтанатты шараға Хужирт сұмынынан ресми өкіл ретінде қатысқан. Жаратылысынан сом тұлғалы, қару-қайратты азаматтың балуандық қабілеті ерте танылып, ауылдық той-томалақтарда көзге түскен. 1931 жылы Моңғолияның тәуелсіздік мерекесінде сұмында күресіп 2-орын алса, келер жылы осы мерекеде бас бәйгеге ие болған. 1933 жылы Бәйтік әскери бөлімінің обаға табыну тойында, келер жылы Бәйтік пен Қаптық заставаларының біріккен тойында жауырыны жерге тимей, өзінің нағыз қара күш иесі екенін жалпақ жұртқа танытқан. Қожақапанның ендігі арманы үлкен орталарда күресу еді. Алайда ел астанасы Ұлан-Баторда өтетін ұлы жәңгір жиынға жету мүмкін емес болды. (Ұлан-Батор Баян-Өлгий аймағынан 1700 шақырым, ол заманда автокөлік жоқ, халықтың тұрмысы аса төмен кез). Сондықтан Қожақапан аймақтық тойларларға қатысуға тырысты. 1955 жылдың тәуелсіздік мерекесінде Қобда аймағына барып күресіп тағы да ешкімді бет қаратпай, бас бәйгені «Аймақтық арыстан» атағын жеңіп алды. 1936 жылы көршілес Ува аймағына барып күресіп, 256 балуан белдескен үлкен арыста бірінші болды. Ал келер жылы дәл осы айтулы мерекеде Қобда аймағында күресіп, тағы жауырыны жерге тимей, көрерменді таңдай қаққызды. Бұл жолы осы сайысқа мемлекеттік «піл» атағы бар Ринчиндорж деген балуан күрескен болатын. Қожақапан бұдан кейінгі жылдары сұмындық әкімшілік бастығы болуына байланысты мерекені өз жерінде ұйымдастыруға жауапты басшы тұрғысында аймақтық тойларға қатыса алмады. Қожақапанның бар арманы 1941 жылы Ұлан- Баторда тойланатын Моңғолия тәуелсіздігінің 20 жылдық айтулы мерекесіне қатысу болды. Өйткені мұндай ұлы тойға әдеттегідей 512 емес, 1024 балуан қатысады. Алайда әйгілі балуан бұл арманына жете алмады. Ел көлемінде Сталиннің тапсырмасымен Моңғолияның елбасы маршал Чойбалсан бастап ұйымдастырылған 1937-1938 жылдарғы нәубеттің дүрбелеңі Баян-Өлгий аймағының Бұлғын сұмынында әлі де басылмаған-ды. Қазақ ауылдарының кейбірі шекара бұзып, Қытайға өтіп кету әрекеттері өріс алған, қауіпсіздік комитетінің қатаң бақылауы орнаған сол жылдары көптеген адамға жазықсыз жала жабылып, ұсталып кетіп жатқан. Кезек балуан Қожақапанға да келді. Қобда аймағының абақтысына жабылды. Абақтыда жендеттер небір айуандық тәсілмен азаптап тергеп, (шыбыққа ши жүгіртуге дейін) «елді қытайға қашуға ұйымдастырған» деген жазықсыз жаланы күшпен мойындатып, 10 жылға сотталып тынды. Жазаның екі жылын қатаң тәртіпте өтеді. Моңғолияның солтүстік қиындағы Сэлэнгэ аймағының «Зүүн хараа» деген жеріндегі ағаш дайындайтын, кірпіш таситын ауыр азапты түрмеге айдалды. Бірінің салмағы екі жарым келі тартатын күйдірілген кірпішті ағаш қорапқа салып, арқалап тасуға жегілді. Әдетте тұтқындар ағаш қорына есеппен бір жолы 15-20 дана кірпіш арқалап шамамен күніне 10 рейс жасайды екен. Қожақапан бір жолда 40-50 күн кірпіш салынған қораптан күніне 12 рет жүріп, жоспарын асыра орындап, абақты қызметкерлерін қайран қалдырды. Бар арманы бір жылда бірнеше жылдың жоспарын орындап, жеңілдікке ілігу болды. «Өлмегенге өлі балық» деген 1936 жылы Увс аймағында өткен, 256 балуан күрескен жарыста өзінен жығылып, 2-орында қалған Нацаг атты балуан осы абақтыда заңгер болып істейтін болып шықты. Қожекеңнің күніне 500- 600 кірпіш таситын даңқы Нацагтың да құлағына жеткен. Нацаг Қожақапанға көп қамқорлық жасайды. Ұлы Отан соғысы жылдары Совет Одағының Байкал темір жолын салуға Зүүн хараа түрмесіне жұмысшы жіберу кезінде Нацаг Қожақапанды машина үстінен түсіріп алып қалды. Ағаш таситын шынжыр табан тракторды жүргізуді үйреттіріп, азапты қара жұмыстан босатты. Қожақапанның атасын танымас күш иесі екені тағы осы абақтыда танылды. Түрменің қосалқы шаруашылығындағы малға дайындалған сырғауыл қашадағы шөпті тұтқындар кезек күзетеді. Кезек Қожекеңе келген күні сырғауыл қашадағы шөпке түскен құнажын сиырды маяны айналдыра қуып жүріп сирағынан ұстап, қашаны асырып лақтырып жіберген екен. Жазасын өтеп жүрген кезінде Нацаг досы 1946 жылы жасырын түрде Зүүн хараа түрмесіне жақын Сэлэнгэ аймағында өткен үкіметтік тойға қылмыскер екенін білдірмей, Баян-Өлгийден қыдыра келген жолаушы ретінде күрестіреді. Күрестің соңғы жетінші кезеңінде «мемлекеттік лашын Мишигдорж деген балуанды жығып, Сэлэнгэ аймағының «аймақтық арыстаны» атағына ие болады. Қожақапан жеті жылдан астам ғұмырын абақты өткізіп, 1948 жылдың басында еркіндікке шығып, ауылына оралады. Аймақ орталығына келіп, моңғол тілінің аудармашысы болып қызметке орналасады. Сол жылы аймақ тойында күресіп, ешкімді бет қаратпай бас бәйгені иеленеді. Ең кереметі бұл тойға баяғыда (1936 жылы) Увс аймағындағы тойда Қожақапаннан жығылған «мемлекеттік лашын Цэдэнбалжир есе қайтаруға келген. Алайда қапас түрменің қиындығынан қажымаған Қожекең күш қайраты әлі қайтпағанын аңғартып, Цэдэнбалжирдің тағы да жауырынын жерге тигізеді. 1950 жылы Моңғол елінің тәуелсіздігінің 29 жылдық мерекесі салтанатпен тойланып, әдеттегідей 512 балуан күрескен. Бұл тойға Баян-Өлгей аймағынан атпен 17 күн жол жүріп, Қожақапан да барған. Бұл әйгілі балуанның мемлекеттік тойда бағымды сынасам деген балаң жігіт кезінен армандаған арманының орындалуы еді. Алайда тағдыр тәлкегінен көп уақытын зая кетірген Қожақапан бұл жылы 35 жаста еді. Отыз бес жас моңғолдың ұлттық күресіне қатысуға тебіні қайтып, тегеуіріні босаған, күші кемелінен қайтқан кез болып есептеледі. Қожақапан балуан алғашқы бес кезеңнен сүрінбей өтіп, алтыншы кезеңде халық «бүгілмес Самдан» атап кеткен «мемлекеттік арыстан» Самданнан жығылып, «мемлекеттік лашын» атағын алып, моңғолиядағы аз қазақтың мерейін үстем етті. Қожақапан келесі 1951 жылы МХР-ның 30 жылдық салтанатты тойында 1024 балуан күрескен атақты мерекеде белдесті. 6-кезеңге дейін екі бірдей «мемлекеттік лашын», бір «Мемлекеттік пілді» тізе бүктіріп, айтулы 32 балуанның қатарында қалды. Бұл тойда ол 6-кезеңде «Мемлекеттік піл» Лувсан деген атақты балуанды тізе бүктіргенде балуандардың көбі тіксініп қалды. Күрестің жетінші кезеңіне кіретін 16 балуанның қатарында қалды. Бұлардың ішінде мемлекеттік чемпиондар бірнеше рет жеңіске жеткен «мемлекеттік арыстан» Балдан, Самдан, батпаққа түскен бураны жалғыз өзі суырып алғаны үшін «Бура Жамьян» атанған Жамьян сынды күш нелері қалған еді. Қожақапанды жетінші кезеңде негізгі әдісі қолмен шалып жығу болғандықтан «ұзын лақап атын алған, мемлекетте бір рет жеңіске жеткен «Мемлекеттік арыстан» осы тойдың да бас үміткерлерінің бірі Лхагвадан жығылды, Сөйтіп «Мемлекеттік піл атағына бір қадам ғана жетпей қалды. Бірақ 5-кезеңде екінші рет жеңіске жеткені үшін балуандар күресі ережесіне сай бұрынғы «Мемлекеттік лашын» атағына үстеме «қайтпас күш иесі» сый үкілеуі қосып берілді. Маршал Чойбалсанның қолы қойылған марапат куәлігі берілді. Қожақапан солтойдан қайтқан жолда Архангай аймағындағы той күресіне қатысып, тағы да бас бәйгені жеңіп алды. Сөйтіп Қожақапан өз өмірінде бес аймақтың «аймақтық арыстаны» атағын алған (Баян-Өлгий, Қобда, Увс, Сэлэнгэ, Архангай) бірден бір балуан. Қожақапан тіпті 1966 жылы 52 жасында Баян-Өлгий аймағында өткен мемлекеттік тойда да ешкімге дес бермеді. 1974 жылы Баян-Өлгий аймағы басшылары «Мемлекеттік лашын» Қожақапанның 60 жастық мерей тойын белгілеп балуандар сайысын өткізді. Аймақтық тойға парапар осы сайыста қарт балуан мемлекеттен келген қос арыстың бірін жығып, өзінің нағыз «қайтпас күшиесі», "мемлеметтік лашын» екенін дәлелдеді.

Нұрқаділ балуан

Моңғолия қазақтары арасынан моңғолдың ұлттық күресінің мемлекеттік «Заан» (піл) атағын алған бір (Т.Әбдіғажы), «Начин» (Лашын) атағын алған төрт (Т.Нұрқаділ, Қожақапан, O. Бақыт, Б. Серік) балуан болды. Солардың бірі мемлекеттік Нұрқаділ Тоқтарбайұлы 1925 жылы Моңғолияның Баян- Өлгей аймағы Улаанхус өлкесінде дүниеге келген. Нұрқаділдің руы - он екі ата Абақ керей ішінде Жәдік. Нұрқаділдің нағашылары Шеруші ішінде Төлек, аты батырлығымен Қытай, Моңғолия қазақтарына «Қырыққанбас» деген лақап атпен мәшһүр Жарқынбайұлы Смағұл, Назар батырдың қарындасы. Бұл ауыл әйгілі Бейіс зәңгіден бастап, ұрпақтарына жалғасқан «көпқалақшаныңауылы»атанып, әншілік, домбырашылығымен аты шыққан ауыл. Нұқаңа балуандық «үйдің берік болуы ағашынан, жігіттің мықты болуы нағашыдан» дегендей осы нағашыларынан дарығаны анық. Анасы да нар тұлғалы қарулы Ол Алтайда қыз күнінде балуанмын деп мықтысынған талай жігітпен бәс тігіп күресіп, жауырындарын жерге тигізу арқылы «балуан қыз» атанған аңыз адам. Нұрқаділдың әкесі Тоқтарбай әнші, күйші де, балуанда емес тура мінезді, бірбеткей, осы мінезімен көпке қадірлі адам болған. Ал әкесі турашыл, бірбеткей, халқына, әсіресе, ауылдастарына беделді адам болған. Азғана мал дәулетін қанағат тұтып, оны бағып, қағып өсіріп және де іскерлікпен шұғылданатын адам болған. Нұрқаділ жас кезінде асауды жалынынан тартып, тұқыртып жеткізбей ұстап жүгендеу арқылы көзге түсе бастаған. Нағашыларының ортасында өскендіктен Төлек руының балуандары Қалден, Ордахан, Қаматайлар Нұрқаділдің шек бастайды. Нұрқаділдің арысқа түсуі небәрі 15 жастағы шағынан басталса керек. Сол жылы Баян-Өлгий орнауының 4 жылдық тойында моңғолдардың ұлттық дәстүрімен өткен белдесуде соңғы 4 балуанның біріне елге танылған (Моңғол күресі күресушілердің санына қарай 5,7,9 кезеңнен тұрады. Бір кезеңде жығылған балуан екінші кезеңге өтпейді. Сөйтіп соңында жауырыны жерге тимеген екі балуан күресіп, бас бәйгеге таласады). Мұнан кейін 1944 жылы Улаанхус сұмынында Естімес ұлы Саду деген атақты адамның асында арысқа түсіп, 40-тай-балуанның ішінен, 1-орынға Р.Қаматай, 2-орынға Тотпақ, 3-орынға бала балуан атанған Нұрқаділ иеленіп халық қошаметіне бөленеді. Жас болса да қарым-қайра, айла тәсілімен танылған Нұқаңның атағы осыдан кейін халыққа жайыла бастаған. 1951 жылы халықтөңкерісінің 30 жылдықтойына орай Улан- Баторға шақырумен барып, 1024 балуан қатысқан мемлекеттік арыстың 5-кезеңде қарсыласын жығып, Моңғол елінің ұлттық күресінің арнайы «Лашын» деген атағына ие болды. 1951 жылы Ұлан-Баторда өткен күресте Хөвсгөл аймағының мемлекеттік Лашыны Ванчиді жығып, моңғол балуандары арасында атақ абыройы тағы асқақтады. Ол заманда Моңғолияның батыстағы ең шеткі аймағы Баян-Өлгийден ел астанасы Ұлан-Баторға (1700 шақырым) жыл сайын барып күресуге үкімет тарапынан қолдау болмаса, өз бетімен қатысуға қаржы мүмкіндігі жоқ болған. Сөйтіп мұнан кейінгі жылдары балуандарға атақ беретін мемлекеттік дәстүрлі мерекеге арналған арыстарға қатыса алмаған. Осы ұлы мереке кезіндегі аймақтық сайыстарымен шектелген. Нақтырақ айтсақ, 1951-1955 және 1962 жылдары Баян-Өлгий аймағында 6-рет бас бәйгені жеңіп алып, ерен күш иесі екенін дәлелдеген еді. 1964 жылы Қобда аймағының орталығы Қобда қаласының 200 жылдық тойында болған балуандар сайысында соңғы төрт балуанның бірі болды. Сол жылы Баян-Өлгий аймағында өткен жастармен студенттердің фестивалінде тағы жеңіске жетті. 1969 жылы аймағымызда өткен балуандар сайысында мемлекеттік чемпион Б.Тувдэндоржыны жыққан. Атақты балуан Нұрқаділ қоғамдық еңбекте де, білім-білігімен қажырлылығымен танылған азамат болды. Ол 1944 жылы Ұлан-Батор қаласынан сауда техникумын үздік бітіріп мамандығы бойынша 42 жыл жемісті еңбек еткен. «Еңбек құрметі» медалімен 2 рет, Халықтөңкерісінің 25,40,50 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған, үкімет орнауының құрмет грамотасы, қаржы-қаражат саласының әлденеше реткі сый құрметіне бөленген еңбек саңлағы. Нұқаңның аты Моңғолияның спорт тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Және Моңғолия қазақтарының орынды мақтанышына айналды. Нұрқаділдің спорттық табыс-жетістіктерін жас ұрпаққа насихаттау, үлгі тұту мақсатында Моңғолияның Баян- Өлгей аймақтық спорт комитеті жыл сайын Нұрқаділ атындағы Моңғолдың Ұлттық күресіменен аймақтық чемпион сыналтужарысын жүргізуді дәстүрге айналдырып келеді.

(Суреттер: Ашық интернет көзінен алынды)

Ұқсас материалдар