Жаңалықтар

Елордадағы әлем чемпионаты: күдікті үміт жеңсе игі

Күрестен еліміз балуандары қандай жетістіктерге жетті? Нұр-Сұлтанда өтетін әлем чемпионатынан не күтеміз? Қыркүйектегі күрес додасына кімдер қатысуы мүмкін?
Елордадағы әлем чемпионаты: күдікті үміт жеңсе игі
27.03.2019 17:30 6225

Биылғы жылдың қыркүйек айында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. 2019 жылғы әлем чемпионатын өткізуден еліміздің екі шаһары: Алматы мен Нұр-Сұлтан және Түркияның Ыстамбұл қаласы үміткер болған. Дауыс берудің соңғы турында астанамыз басым дауыс жинап, ғаламдық доданы өткізу мүмкіндігін иеленді. Ненад Лалович басқаратын Біріккен күрес әлемінің (UWW) кезекті додадасына әлемнің ең мықты балуандары жиналады. Өйткені астана төріндегі әлем біріншілігінде 2020 жылы Жапония елі өткізетін Токио Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады. Олимпиадалық салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионы атанған балуаннан бастап 6-орынға тұрақтаған спортшылар Олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болады.  Жазғы Олимпиада ойындарына лицензия таратар алғашқы аламанға кіл мықтылардың қатысатыны сөзсіз.

Астанамызда өтетін әлем чемпионатына ғаламның таңдаулы балуандарынан кімдер келуі мүмкін деген сауалды ірке тұрып, «Қазақ елінің балуандары тәуелсіздігімізді жариялаған уақыттан бері қатысқан әлем чемпионаттарынан қандай олжаламен оралып жүр? Қанжығамызға қандай медальдар байланды?» деген сауалдарға қайырыла соғуды жөн көрдік.

«Классиктердің» шоқтығы биік

Сонымен, Қазақстан 1991 жылы дербестігін алып, күйреген КСРО-дан бөлініп шыққаннан бастап әлемдік додаларға жеке құрама ретінде 1993 жылдан бастап қатысып келеді.

1993 жылы грек-рим күресінен әлем чемпионаты Швецияның Стокгольм  қаласында өтті. Елімізден барған балуандардың ішінде тек Дәулет Тұрлыханов қана медальмен оралды. Дәулет Тұрлыханов грек-рим күресінен 82 келі салмақ дәрежесінде финалға шығып, әлем чемпионы атағы үшін өткен белдесуде түрік Хамза Ерлікайдан ұтылып, күміс жүлдегер атанды. Өзге балуандар жүлдеге жетпей жығылды. 1 күміс медаль олжалаудың нәтижесінде әлем чемпионатына қатысқан елдер арасында Қазақстан құрамасы 21-сатыға тұрақтады.

1994 жылы грек-күресінен әлем чемпионатын өткізу құқығын Финляндия елі иеленіп, Тапмера қаласының төріне кілем төсеп, ғаламдық доданы өткізді. Тұңғыш рет елімізідң әнұраны шырқалып, мерейіміз тасыды. Әлем чемпионатында қазақ елінің көк байрағын желбіретіп Юрий Мельниченко әлем чемпионы атанды. 57 келі салмақта күрескен Юрий Мельниченко финалда ресейлік Александр Игнатенконы ұтты. Өзге балуандарымыз іріктеу сынында сүрініп, медаль олжалай алған жоқ. Юраның алтынының арқасында ұлттық құрамамыз жалпыкомандалық есепте алдыңғы 10 құраманың қатарына енді.

Грек-рим күресінен әлем чемпионатын 1995 жылы Чехия елі өткізген. Прага төріне төселген кілем үстінде балуандарымыздың арасынан екі саңлақ финалға шыққан болатын. 57 келіде күрескен Юрий Мельниченконың екі дүркін әлем чемпионы атануына мүмкіндік туған. Финалда америкалық Деннис  Кроллға есе жіберіп, күміс медальді місе тұтты. Бақтияр Байсейітов 74 келіде күресіп, әлем чемпионы атағы үшін өткен ақтық айқаста  француз Ивон Римерге есе жіберді де, елге күміс медальмен оралды. Екі балуанның һәм еркін күрестен Эльмади Жабрайловтың қосқандағы үш  күміс медальдің нәтижесінде жалпыкомандалық есепте 15-сатыға тұрақтадық.  

Грек-рим күресінен 1997 жылғы  әлем біріншілігін өткізу мүмкіндігін Польша мемлекеті иеленіп, Ворцлав қаласына төрткүл дүниенің  кіл мықты  балуандарын жинаған болатын. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында жарқырап көрінген ғаламның таңдаулы балуандары Польша елінде сынға түсті. Еліміздің намысын қорғаған балуандар 1 алтын медальмен оралды. 58 келіде күрескен Юрий Мельниченко финалда Ресей намысын қорғаған Рафик Симонянды ұтып, әлем чемпионы атанды. Мельниченконың маңдайына бұйырған алтын мен Мамыровтың қанжығасына бөктерілген қола медалдің нәтижесінде 11-орынға жайғасып, жалпыкомандалық есепте  Канада, Қытай сынды елдермен иықтаса алдық.

Алтын сақа балуандар абыройды асырған дода

Грек-рим құрамасының балуандары үшін 1998 жылғы әлем чемпионаты ең табысты дода саналады. Тек грек-рим күресі ғана емес, еліміздің спорт тарихында бұл әлем біріншілігінің салмағы зілмауыр. Грек-рим күресінен әлем чемпионаты Швецияның Евле қаласында өтті. Қазақ елінің  балуандары жарқырап көрінген, еңсеміздің асқақ, мәртебеміздің биік боп қайтқан әлемдік дода осы болды. Өйткені грек-рим күресінің балуандары екі мәрте әнұранымызды шырқатып, әлем халқының алдында көк туымызды желбіретті. 63 келі салмақта күрескен Мхитяр Манукян финалға дейінгі қарсыластарын қоғадай жайпап, әлем чемпионатының алтыны үшін айқаста түрік Шереф Ероғлуды жықты. 76 келі салмақта күрескен Бақтияр Байсейітов те финалға дейінгі қарсыластарын ұтып, ақтық белдесуде әлемнің екі дүркін чемпионы, Атланта Олимпиадасының жеңімпазы кубалық Филберто Аскуи Агилераны атынан аударып тастады. 2 алтын медальмен балуандарымыз  әлемнің таңдаулы құрамаларының арасында 4-орынға нық орнықты.  Айта кету керек  Евледегі әлем чемпионатында медальдар сегіз салмақта сарапқа салынса, еліміздің балуандары тек төрт салмақ дәрежесінде ғана күресті. Бақтияр Байсейітов алғашқы айналымда Сеул (1988) және Атланта (1996) Олимпиадасының қола жүлдегері, 1992 жылы Барселона Олимпиадасының финалында сүрініп,  күміс жүлдегер атанған поляк Жозеф Трачты 7:0 есебімен ұтты. Жартылай финалда ресейлік Мұрат Кардановты 2:0 есебімен жықты. Финалда Бақтияр кубалық Филиберто Агилераны  атақ-даңқынан именбей тулақтай иледі. 1996 Атланта Олимпиадасында чемпион атанған Агилера Евле кілеміндегі додаға дейін Байсейітовпен екі рет күресіп, екеуінде де мерейі үстем түскен еді. «Ер кезегі үшке» деп Бақтияр кубалық қабыланды жығып, әлем чемпионы атанды. Есеп – 9:2. Олимпиада чемпионы қазақтың ұланынан күйрей ұтылды. 1999 жылы әлем чемпионаты Грекияның Афины қаласында өтті. 54, 58 келіде Юрий Мельниченко финалда оңтүстіккореялық Ким Он Сопқа есе жіберіп, күміс жүлдені місе тұтса,  63 келіде Мкхитяр Манукян әлем чемпоны атанды. Мкхитяр балуан финалда түріктің мықтысы Шереф Ероғлуды ұтты. Жалпы Шерефті әлем чемпионы атанына бір емес екі рет орасан тосқауыл қойып, алтын медальді  Мхитяр балуан жұлып алды.

Фото: Қазақ елінің басты үміті Нұрислам Санаев (сары күртешеде).

Грекиядағы әлем чемпионатында медальдар сегіз салмақта дәрежесінде сарапқас салынса, біздің елден  алты балуан ғана барды. Бұл жылдары грек-рим күресінен еліміздің ұлттық құрамасын даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов баптаған. Бапкерлер құрамында КСРО құрамасында он жылдан аса тер төккен Геннадий Сапунов, әйгілі маман Камандар Маджидов сынды сақа бапкерлер болды. Нәтижесінде Юрий Мельниченко 58 келі салмақта финалға дейін жетіп, ақтық айқаста оңтүстіккореялық Ким Ин Сопқа есе жіберіп, күміс медальді місе тұтты. 63 келі салмақта Мкхитар Манукян финалдық белдесуде түрік Шереф Ероғлуды жеңіп, әлем чемпионы атанды. Жалпы Шерефтің әлем чемпионы атануына бір емес, екі рет орасан тосқауыл қойып, алтын медальді Мкхитяр балуан жұлып алды.

2001 жылы грек-рим күресінің шеберлері әлем чемпионаты желтоқсан айында Грекияның Патрах қаласында өткізді.  Өкінішке қарай ұлттық құрамада буын алмасу процесі жүріп, сақа балуандар жасының келуіне байланысты спорттық мансабын аяқтап, орнын жастарға берді де, құраманың қауқары бірден білініп қалды.

Грек-рим күресінің мықтылары 2002 жылы қыркүйекте Ресей астанасында сынға түсті.  Өкініштісі сол грек-рим күресінен де медаль бұйырған жоқ. 

2003 жылы грек-рим күресінен әлем чемпионаты қазан айында  Францияның Кретей қаласында өтіп, 55, 60, 66, 74, 84, 96, 120 салмақ дәрежелерінде медальдар сарапқа салынды. Елімізден барған балуандардың ішінде Георгий Цурцумия 120 келіде қола жүлдегер атанды. Жартылай финалда Цурцумия  Хасан Бароевқа есе жіберіп, әлем чемпионы атануға біртабан жақындап барып қайтты. Өкініштісі бір жылдан кейін Афины Олимпиадасының  алтын медалі қолда тұрғанда Цурцумия  дәл осы Бароевқа тағы да есе жіберіп алды.

Еркін күрестен еңсеміз түсіп тұр

Еркін күрестен әлемдік дода 1993 жылдың тамыз айында Канаданың Торонто қаласында  өтіп, балуандарымызға жүлде тимей қоржынымыз бос қайтты. Еркін күрес құрамасы екінші жыл қатарынан әлем чемпионатына тек қатысып қайтты. Түркияның Стамбұл қаласында 1994 жылы өткен әлем біріншілігінде балуандарамыз көңіл көншітпеді. 

Еркін күрестен әлем біріншілігін 1995  жылы АҚШ мемлекеті өткізіп, Атланта қаласында әлемнің таңдаулы балуандарын белдестірген болатын. Елімізден барған балуандардың ішінде тек  82 келіде Эльмади  Жабырайлов күміс медаль еншіледі. Финалға дейін қарсыластарын жыққан Эльмади әлем чемпионы атағы үшін белдесуде америкалық Кевин Джексоннан ұтылды.

1997 жылы еркін күрестен әлем чемпионаты Ресейдің Красноярск қаласында өткен-ді. Балуандарымызға бұйырғаны 1 қола медаль болды. 54 келі салмақта күрескен Мәулен Мамыров әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Мәулен жартылай финалда сүрініп,  қола жүлдені қанағат тұтты.

1998 жылы Иран астанасы Тегеранда өткен әлем чемпионатынан өкінішке қарай еркін күрес құрамасы құралақан қайтты. Он екі айдан кейін яғни 1999 жылы еркін күрестен әлем чемпионаты Түркияның Анкара қаласында түңлігін түрді. Әдеттегідей еркін күрес құрамасының қоржыны бос. 

Еркін күрестен әлем чемпионаты 2001 жылы қараша айында Болгарияның София қаласында өтті. Сынға түскен балуандарымызға бұл жолы да медаль бұйырған жоқ. Кезекті  әлем чемпионаты  2002 жылдың қыркүйек айында  Иранның астанасы Тегеран қаласында өтті. Күрес ережелеріне өзгертулер енгізіліп, салмақ дәрежелері өзгерген әлем чемпионатында балуандар  55, 60, 66, 74, 84, 96, 120 келіде күресті. Бұл жолы да еркін күрес балуандарына медаль тимей бос қайтты.

Нью-Йоркте (АҚШ)  2003 жылдың қыркүйек айында өткен әлем чемпионатында еркін күрес балуандары 55, 60, 66, 74, 84, 96, 120 келіде медальдар жиынтығын сарапқа салған. 74 келіде Геннадий Лалиев жартылай финалда  ұтылып, алтынға сынық сүйем жетпей сүрінді. Ширек финалда венгр Арпад Риттермен негізгі уақытта тең ұпай олжалап, қосымша үш минутта 2:1 нәтижесімен жеңді. Жартылай финалда беларусь балуаны  Мурат Кайдаровтан қосымша уақытта ұтылып қалды. Қола медаль үшін күресте Иран елінің  мықтысы Хади Хабибиді  жықты.

Біріккен бәйгедегі бәсіміз қандай?

Бүгінде біріккен күрес әлемі (United World Wrestling) деп аталатын ұйым  2005 жылдан бастап үш күрес түрінен әлем чемпионатын бір мерзімде, бір елде, бір қалада өткізіп келеді. Осы жылы балуандардың басын  Венгрия елі қосып, қыркүйек айында Будапешт төрінде әлемдік аламанды өткізген.

Еркін күрестен 55, 60, 66, 74, 84, 96, 120 сынға түскен балуандарымыздың арасынан тек Магомед Куруглиев 84 келіде қола жүлдегер атанды. Магомед жартылай финалға дейінгі қарсыластарын айқын басымдықпен жығып, финалға өтер тұста грузин Реваз Миндорашвилиге есе жіберді. Қола медаль үшін күресте әлем чемпионы Ресей балуаны Санжит Сажидовты тулақтай илеп, жүлдегер атанды. Еркін күрес құрамасы Венгрияға аттанар алдында жауырыншылар медаль олжалайды деп Леонид Спиридонов (66 келі) пен Марид Муталимовке (120 келі) ерекше сенім артты. Себебі Леонид 2004 жылы Афины олимпиадасының қола медалі үшін күресіп, 4-сатыға тұрақтаған, нағыз бабында, зар күйінде жүрген балуан еді. Муталимов те әлем чемпионатындағы алғашқы белдесулерін сәтті бастап, жүлдеге сынық сүйем жетпей тоқтады.

Қыздар әлем чемпионатының медальдарын 48, 51, 55, 59, 63, 67, 72 келі салмақ дәрежелерінде сарапқа салған. Бұл жолы да қыздарымызға жүлде тиген жоқ.

Грек-рим күресінен де қанжығамызға жалқы қола медаль байланды. 55, 60, 66, 74, 84, 96, 120 келіде күрескен балуандардың арасында Ермек Көкетов (55 келі) жартылай финалда сүрініп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Жалпы Көкетовтің осы әлем біріншілігіне бару-бармауы белгісіз еді. Өйткені бұл салмақтың көшбасшысы, жазғы Азия ойындарының чемпионы Әсет Иманбаев жарақаттанып, орнына Ермек аттанып, қола медальға таласта кубалық Ласара Ривасиді жықты. Ұлттық құраманың бапкерлері әлем чемпионатына алғаш рет қатысқан Мехти Сапаров (60 келі), Қанат Бегалиев  (66 келі), Роман Мелешин (74 келі) сынды балуандардан гөрі Абдолла Жабырайылов (84 келі), жазғы универсиаданың жеңімпазы Марғұлан Әсембеков (96 келі), Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері Георгий Цурцумияға (120 келі) сенім артылған. Алайда таңдаулы алыптар іріктеу кезеңінен өте алған жоқ.

2006 жылы Қыркүйек айының соңы мен қазанның басында Қытайдың Гуанчжоу қаласында   өткен әлем чемпионатында  еліміздің үш құрамасына да медаль тиген жоқ. Еркін күрес балуандары 55, 60, 66, 74, 84, 96, 120  келі  салмақ дәрежелерінде белдесіп, іріктеу кезеңінен аса алмаса, грек-рим күресінен де ұлттық құрама мүшелері көңіл көншітерлік нәтижемен оралмады. 55, 60, 66, 74, 84, 96, 120  келі  салмақ дәрежелерінде Қытайға барған балуандарымыз да жеңілістен көз ашпады. Қыздарымыз да  48, 51, 55, 59, 63, 67, 72 келіде сынға түсіп, "әдеттегі қалпынан танбай" елге медальсіз оралды.

2007 жылы әлем чемпионатын Әзірбайжан елі өткізді. Бұл ғаламдық додада Бейжің Олимпиадасының (2008) жолдамасы сарапқа салынғандықтан әр құрлықтан таңдаулы балуандар жиналды. Жалпы Бакудегі әлем чемпионаты ең көп балуандары жинаған дода ретінде де тарих жылнамасына жазылды. 92 елден 800-ден аса балуан қатысқан әлем чемпионатының әр салмағында 1-8 орындарды иеленген балуандар Бейжің Олимпиадасының жолдамасына иелік етті.

Еркін күрес балуандары  55, 60, 66, 74, 84, 96, 120 келіде күреске түсті. Өкінішке қарай біздің балуандардың да қанжығасына тек жолдама байланды. Грек-рим күресінен еліміздің намысын қорғаған балуандар 55, 60, 66, 74, 84, 96, 120 келіде сынға түсіп, медальсіз оралды. Көңілге медеу тұтқанымыз – Бейжің Олимпиадасының жолдамасы ғана.  

14 жыл күткен жүлде

2007 жылы қыздарымыздың ұлттық құрамасына тұңғыш рет медаль бұйырды.  48, 51, 55, 59, 63, 67, 72 келіде сынға түскендердің арасында Елена Шалыгина 63 келіде әлем чемпионатының финалына шыққан-ды. Алтын медаль үшін айқаста жапон қызы, әлемнің төрт дүркін чемпионы, Афины Олимпиадасының жеңімпазы Каори Итеге есе жіберді.

55 келіде Ольга Смирнова қола медаль иеленді. 72 келі салмақта Ольга Жәнібекова да қола медаль олжалады. Жалпы Тәуелсіз Қазақ елінің төл тарихында Елена Шалыгина мен Ольга Жәнібекованың есімі алтын әріппен жазылады. Себебі олар жергілікті балуан қыздардың арасынан тұңғыш болып әлем чемпионатының жүлдесін иеленді.  Ал Бакудің бозкілемінде елімізге қола медальді байлап берген Ольга Смирнова – Ресейден келген спортшы. Рас,  Елена Шалыгина да біздің елге Ресейден келген балуан. Бірақ оның кіндік қаны қазақ жерінде тамған, бала кезінде отбасымен Ресейге көшіп кетіп, кейін атажұртына қайта оралды.   

Фото: Рио Олимпиадасының қола жүлдегері – Эльмира Сыздықова. 

2008 жылы Қытайдың бас қаласы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарында қыздар тек төрт салмақта ғана белдесті. Осы жылы қыздар арасында әлем чемпионатын Жапонияда өткізіп, елімізден барған балуан қыздардың ішінде тек Жұлдыз Ешімова ғана медаль олжалады. 48 келі салмақта күрескен Жұлдыз финалда америкалық Кларисса Чуннан жеңілді.

2009 жылы Данияның Хернинг қаласында өткен әлем чемпионаты қыркүйек айында ұйымдастырылды. Әлемдік доданы еркін күрес балуандары бастап, жеті салмақта медальдарды бөліске салды. Еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері Даниядағы додаға қосқан балуандарының  еншісіне 1 қола медаль бұйырды. 66 келіде Леонид Спиридонов қола жүлдегер атанды. Ол алғашқы айналымда америкалық Трента Полсонды, екінші белдесуінде өзбек Алишох Вохидовты жеңген. Ширек финалда ирандық Мехди Керманиге есе жіберді. Кермани финалға шыққандықтан, Спиридоновқа жұбаныш белдесуін өткізуге мүмкіндік туып, алдымен украин Андрей Стадникті одан соң түрік Мұхаммед Илханды ұтты.  

Грек-рим күресінен де ұлттық құрама балуандарына бұйрғаны 1 ғана қола медаль болды. 60 келіде  Нұрбақыт Теңізбаев қола жүлдегер атанды. Ол жартылай финалда ресейлік Исламбек Альбиевке есе жіберді. Қола медаль үшін белдесуде румын  балуаны Диаконды жықты.

Қыздар күресінен 63 келіде Елена Шалыгина да қола жүлдегер атанды. Ол жартылай финалда  жапон қызы Мио Нишимакиден  ұтылды.

2010 жылы әлем біріншілігі Ресейдің бас қаласында өтті. Үш күрес түрінен  балуандар жеті салмақта сынға түсті. Ресейдегі әлем чемпионатында еркін күрес балуандарының арасында Абдулхаким Шапиевке қола медаль бұйырды. 74 келіде күрескен Шапиев ұтылды. Өзге балуандарымыз әлем чемпионатына қатысып, күресіп  ұтылып  қайтты. Грек-рим құрамасына да бұйырғаны 2 қола жүлде. 60 келіде сынға түскен Алмат Кебісбаев жартылай финалда сүрініп, қола медаль еншіледі. 120 келіде күрескен  Нұрмахан Тінәлиев те қола жүлдегер атанды.  Қыздар арасынан Елена Шалыгина 67 келіде күміс жүлде алды. Әлем чемпионатының финалына шыққан Шалыгина алтын медаль үшін белдесуде әлем чемпионы  канадалық Мартина Дюгреньеге есе жіберді.

2011 жылы Түркияның Стамбұл қаласында өткен әлем чемпионатында доданы грек-рим күресінің балуандары бастаған. 60 келіде Алмат Кебісбаев Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейітов сынды саңлақтардың жеңісті жолын жалғастырып, әлем чемпионы атануына сынық сүйем қалғанда сүрінді. Кебісбаев Стамбұлдағы әлем чемпионатындағы белдесулерінде өзінің мықтылығын дәлелдеді. Финалдық айқаста парсы Омид Норузиді ұтып тұрып, алтынды уыстан сусытып алды біздің Алмат. Жалпы осы Норузи мен Кебісбаевтың финалдық белдесуін қайталап көрген сайын Алматтың әлем чемпионы атағынан қас-қағым сәтте айырылып қалғанына қарның ашады.

120 келіде Нұрмахан Тыналиев қола медаль олжалады.

Еркін күрес құрамасындағы балуандар арасынан Дәулет Ниязбеков (55 келі) пен Дәурен Жұмағазиев (60 келі) де қола жүлдемен оралды. Қыздар құрамасындағы бұрымдылар арасынан Жұлдыз Ешімова  48 келіде  қола медаль иеленді. .

2012 жылы әлем біріншілігі тек қыздар арасында ұйымдастырылыпы, Канада елі өткізді. Елімізден барған арулардың арасынан Гүзель Манюрова 72 келіде күміс жүлдені еншіледі.

2013 жылғы әлемдік доданы өткізу құқығын кезекті рет Венгрия елі иеленіп, сән салтанатын келістіре өткізді. Еркін күрес құрамасына түк бүйырған жоқ. Грек-рим күресінен 120 келіде Нұрмахан Тыналиев пен  Екатерина Ларионова 63 келіде қола медаль олжалады.

2014 жылы жер шарының таңдаулы балуандары Өзбекстанды бетке алды. Қыркүйек айындағы аламанға елімізден барған балуандардың барлығы да медальсіз оралды.

2015 жылы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен әлем чемпионатында Рио олимпиадасының (2016) жолдамасы сарапқа салынды. Грек-рим құрамасына екі қола медаль тиді. Алмат Кебісбаев (60 келі) пен Досжан Қартықов (75 келі) жүлдегер атанды. Еркін күрес пен қыздар құрамасы тағы да құралақан қайтты.

2016 жылы Олимпиада ойындарының санатына кірмейтін салмақ дәрежелерінен әлем чемпионаты Венгрияда ұйымдастырылып, еркін күрестен Нұрлан Бекжанов (70 келі) финалда ресейлік Магомед Курбаналиевке есе жіберіп, күміс алса, қыздар арасында Айым Әбілдина 55 келіде қола медальмен оралды.

2017 жылғы әлем чемпионатын Франция елі парижде өткізді. Грек-рим құрамасының екі балуаны финалға шығып, Мейрамбек Айнағұлов (56 келі) алтынға таласта жапон балуаны Кенитриро Фумитаға есе жіберсе, 71 келіде Демеу Жадыраев әлем чемпионы атағына таласта неміс Франк Штеблерге жол берді. Еркін күрестен 70 келіде Ақжүрек Таңатаровқа да қола медаль тиді.

Былтырғы әлем біріншілігі Венгрияда өткізіліп, еліміздің намысын қорғаған үш құрама балуандарының арасынан Нұрислам Санаев (57 келі) қана нәтижеге қол жеткізіп,  күміс жүлдегер атанды.            

Кімдерден үміт күтеміз?

Грек-рим күресінен Бақтияр Байсейітовтың олжалаған алтыны, Мкхитар Манукян мен Юрий Мельниченконың екі мәрте әлем чемпионы атанғанына да жиырма жыл аунапты. Астана төрінде өтетін ғаламды аламанда еліміздің абыройын асыруға әркім де барын салары сөзсіз. Құрама бапкерлері әлем біріншілігіне қандай балуандарды қосатыны тамыз туа нақтыланады. Оған дейін бірнеше ірі халықаралық додаларға қосып, саңлақтардың қарымын сынап көреді.

Осы жылдың ақпан айында Шымкентте күрес түрлерінен Қазақстан Республикасының спартакиадасы мәресіне жетті. Осы додада топ жарған, жүлдегерлер санатына қосылған балуандардың бабы тағы да сыналып, бапкерлер талабынан шыққандары әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғайды.

Спартакиада сынында грек-рим күресінен Қорлан Жаханша 55 келіде жеңіске жетті. 60 келіде әлем чемпионатының жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов топ жарған. 63 келіде Жолдыбай Тоқбаев чемпион атанды. Әлем біріншілігінің күміс, қола жүлдегері, талай додаға түсіп, ысылған Алмат Кебісбаевтың жарақаты сыр беріп, финалдық белдесуге шыққан жоқ.  Сөйтіп ол спартакиаданың күміс жүлдегері атанды. 72 келі салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев жеңіске жетсе, 77 келіде Асхат Ділмұхамедов, 82 келіде Мақсат Ережепов чемпион атанды. 87 келі салмақта Азамат Құстыбаев, 97 келіде Әлімхан сыздықов, 130 келіде Дамир Күзембаев жеңіске жетті.

Біріккен күрес әлемі (UWW) грек-рим күресінің салмақ дәрежелерін саралап, келесі жылы өтетін Токио Олимпиадасында 6 салмақты қосты. Олимпиада додасында 60, 67, 77, 87, 97 және 130 келіде күреседі. Астанада өтетін әлем чемпионатында жеңіл салмақтарда М. Айнағұлов, А. Кебісбаев,  Д. Жадыраевтарға орасан сенім артылмақ. Абсолюттік салмақта жарақатын емдетіп жүрген, әлем біріншілігінің үш дүркін қола жүлдегері Нұрмахан Тыналиев те медаль олжалайтын оғландардың сапында бар.

Фото: Алмат Кебісбаевтан қанжығасында күміс пен қола медаль, жетпегені – алтын жүлде.

Еркін күрестен кімдер олжа салуы мүмкін? Шымкентте өткен  спартакиада додасында 57 келіде Мейрамбек Қартбай, 61 келіде Бауыржан Төребек, (даңқты балуан Расул Қалиев осы салмақта  күміс жүлдегер атанған еді), 65 келіде Дәулет Ниязбеков, 70 келіде Нұрқожа Қайпанов, 74 келіде Данияр Қайсанов, 79 келіде Ғалымжан Өсербаев, 86 келіде Азамат Дауламбаев, 92 келіде Ералы Әбдірашев, 97 келі салмақта Әлішер Ерғали, 125 келіде Олег Болтин топ жарды. 

Токио Олимпиадасында еркін күрес балуандары 57, 65, 74, 86, 97, 125 келіде қатысады. Елорда төріндегі ғаламдық додада еліміздің көк туын желбіретуден  әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрислам Санаев, әлем біріншілігінде қола медаль олжалаған Дәулет Ниязбеков үмітті. Тәжірибесі толысқан, 2016 жылы өткен Рио Олимпиадасында таңдаулы балуандарды жығып, жартылай финалға дейін жеткен Ғалымжан Өсербаев та әлем чемпионатында мықтылығын дәлелдеуі мүмкін.

Қыздар қайрат көрсетсе...       

Шымкентте өткен спартакиада додасында Валентина Исламова (50 келі), Татьяна Ахметова (53 келі), Марина Седнеева (55 келі), Эмма Тисина (57 келі), Мадина Бақбергенова (59 келі), Аяулым Қасымова (62 келі), Айна Теміртасова (65 келі), Ирина Казюлина (68 келі), Жәмила Бақбергенова (72 келі), Гүлмарал Еркебаева (76келі) чемпион атанды. Демек алдағы уақытта халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайтын құрама сапын осы арулар күшейтеді. Астанамызда өтетін әлем чемпионатында Токио Олимпиадасының жолдамасы 50, 53, 57, 62, 68, 76 келіде яғни алты салмақ дәрежесінде сарапқа салынады. Рио Олимпиадасында олжа салған Екатерина Ларионова, Эльмира Сыздықова, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жұлдыз Ешімова сынды тәжірибесі мол балуандарға зор сенім артылатыны анық.

Қандай саңлақтар келеді?

Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда өтетін әлем чемпионатына алты құрлықтың қандай балуандары келуі мүмкін? Алдымен еркін күрестің спорт саңлақтары жайында. 57 келіде  әлем чемпиондары ресейлік Заур Угуев пен жапон Юки Такасахи, әлем біріншілігінің жүлдегері түрік Сүлеймен Атлы бар.  Екі дүркін әлем чемпионы ресейлік Магомедрасул Газимагомедов, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, төрт дүркін әлем чемпионы америкалық Джордан Борруз, Рио Олимпиадасының алтын медалін иеленген, әлем чемпионы Хасан Яздани (Иран), 18 жасында ересектер арасында әлем чемпионы атанған, 2015, 2018 жылдары өткен әлем чемпионатында топ жарған, 20 жасында Рио Олимпиадасының алтын медалін иеленген ресейлік Абдулрашид Садулаев,  Рио Олимпиадасында 97 келіде жеңіске жеткен, екі дүркін әлем чемпионы америкалық Кайл Снайдер, екі дүркін әлем чемпионы грузин Гено Петриашвили сынды алыптардың күресін көруіміз мүмкін.

Грек-рим күресінен Рио Олимпиадасының һәм әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Өзбекстан елінің намысын қорғайтын қандасымыз Елмұрат Тасмұрадов, Рио Олимпиадасында чемпион атанған, әлем чемпионы серб Давор Штефанек, үш дүркін әлем чемпионы неміс Франк Штеблер, әлем чемпионы, Лондон олимпиадасының жеңімпазы оңтүстіккореялық Ким Хен У, екі дүркін әлем чемпионы түрік Метехан Башар сынды мықтылар келеді.

Арулар арасындағы додаға мына балуандар қатысуы мүмкін.  Екі дүркін әлем чемпионы, жапон Юи Сусаки (Сусакидің жасы он тоғызда, 18 жасында әлем чемпионы атанған), Сусакидың отандасы Харуна Окуно (бұл да 19 жаста әрі екі дүркін әлем чемпионы). Тағы бір жапон қызы Маю Мукайданың қанжығасында да екі дүркін әлем чемпионы деген атақ бар. Рио олимпиадасында Жапонияның әнұранын шырқатқан, екі дүркін әлем чемпионы Рисако Кавай да астанаға келуі мүмкін. Төрт дүркін әлем чемпионы америкалық Аделайын Грей де Нұр-Сұлтанның кілемінде күреске түсетіні анық. АҚШ сынды алпауыт мемлекетке әйелдер күресінен тұңғыш болып Олимпиада алтынын тарту еткен, екі дүркін әлем чемпионы Хелен Марулистің де өнерін тамашалаймыз (айтпақшы, осы Хелен үш мәрте Олимпиада чемпионы,  әлемнің 13 дүркін чемпионы атанған Саори Есиданы (Жапония) Рио Олимпиадасының финалында ұтқан болатын).

Жалпы қыздар күресінде Жапония құрамасы талассыз үздік ұжым саналады.  Әлем чемпионы деген шыңға бір емес, 10 мәрте шыққан Каори Ите сынды саңлақтардың орнын жиырмаға жасы жаңа ілінген өндірдей жастар басты. Астанадағы әлем чемпионатында Жапонияның жас қырандары жасын ойнатары белгілі.

Түйін

Сонымен, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында 14-22 қыркүйек аралығында өтетін әлем чемпионаты несімен ерекшеленеді? Ең алдымен, қатысушы балуандардың саны бұған дейінгі әлем біріншіліктерінен көп болуы мүмкін. Өйткені Токио олимпиадасында әр салмақта 16 балуан ғана қатысады. Астанадағы әлем чемпионаты жолдама үлестіретін алғашқы дода екенін сөз басында айттық. Төрткүл дүниенің әр тарабындағы мықтылар қалайда жолдаманы осы әлем біріншілігінен олжалап алуды көздейді. Демек, бәсі жоғары белдесулер өтеді.  

Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері бойынша еліміз бұған дейін де әлем чемпионаттарын жоғары деңгейде өткізген. 2013 жылдың қара күзінде Алатау бөктеріне  балға жұдырықты жігіттердің  додасын қыздырып, Қазақ елі бокстан әлемдік аламанды ұйымдастырды. 2014 жылы ауыр атлетикадан әлем чемпионаты да Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде жалауын желбіретті. 2015 жылы Астана қаласында дзюдодан әлем чемпионаты ұйымдастырылып, осы спорт түрінің халықаралық федерациясынан келген мәртебелі меймандар Қазақ елінің ғаламдық доданы жоғары деңгейде өткізгеніне разылығын білдірді. Кезек енді күрес түрлеріне келді. 2005 жылдан бері қарай үш күрес түрінен әлем біріншілігі бірге өтіп келеді. Рас, кейбір елдерге күрес түрлерінен әлем чемпионатын өткізу үлкен салмақ артқаны, экономикалық жағынан жеңіл тимегені анық. Тәуелсіздігін жариялағанына 30 жылға жуықтаған Қазақ елінің қандай спорт түрінен болсын ғаламдық бәсті өткізуге  әлеуеті жетеді, мүмкіндігі де мол. Адамзат баласының алдында аламанды абыройлы өткізу елдігімізге сын болса, 20 жылдан бері әлем чемпионы атана алмай келе жатқан балуандарымыздың сеңді жарған кемедей, көбебұзар жебедей қайрат көрсете алмаса –азаматтығына сын.                           

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға