Жаңалықтар

Акробатика: пайдасы мен зияны

Мамандар не дейді?
Акробатика: пайдасы мен зияны
23.04.2019 16:48 20972

«Дені сау ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі». Соңғы жылдары елімізде барлық бағыттағы спорт түрлері жоғары қарқынмен дамып жатыр. Оған қоса, мемлекеттік бағдарламада көпшілікті салауатты өмір салтына шақырып, спортқа баулу туралы да айтыла кетеді. Біз бұған дейін баланы қандай спортқа беруге болатыны жөнінде бірнеше материалдар жариялаған болатынмыз. Енді, тарихы тым тереңде жатқан акробатика спортына тоқталмақпыз.

Акробатика – әмбебап, әдемі әрі өте пайдалы, бастысы қол жетімді спорт түрі. Акробатиканың үйірмелерін көптеген қаладан тыс жатқан елді мекендерден кездестіруге болады. Дегенмен, бұл спорт түріне балаңызды беруге қалай қарайсыз? Кез келген ата-ананы оның жарақатқа толы екені алаңдататын болар. Сонымен,  акробатиканың пайдасы  мен зияны қандай?

Фото: жас акробаттар жаттығу үстінде

Акробатика қайдан шыққан?

Бұл сөз сонау ерте заманда пайда болған, сол себепті ол туралы дұрыс түсінік адамдар арасында «ескіріп» қалған. Көбісі оны жеңіл атлетика немесе гимнастикамен шатастырып жатады.

Акробатика – көне дисциплинаның бірі. Ол біздің заманымызға дейін 2300 жыл бұрын Египетте, Көне Грекияда, Римде белгілі болған. Акробатика гимнастиканың бір тармағы, ол әдемі көріністерге құралғандықтан, көпшілікті өзіне баурап әкете алады. Бұл спорт түрі ептілікті, тепе-теңдікті, әсемділікті талап етеді.

Расында гимнастика мен акробатикаға ортақ нәрселер көп-ақ. Әрбір комбинацияны орындау үшін баланс ұстап, биікке секіре алуы маңызды рөл ойнайды. Айтпақшы, акробатикаға баратын ұлыңыз не қызыңыз ара-тұра жаттығуларды өткізіп алатын болса, оның «таланты» өше бастайды. Бұл спорт үздіксіз жаттығуды талап етеді. Мәселен, бір суда жүзіп үйренген бала, қайта бассейнге бармай қойса да, жүзу тәсілдерін есінен шығармайды. Акробатикада мұндай есте сақтаушылық болғанының өзінде оның күрделі комбинацияларына үздіксіз дағдыланбаса, бәрі бекер деп біліңіз.

«Акробатика» грек тілінен аударғанда «жоғарыға өрмелеу» мағынасын білдіреді. Бұрын акробат сөзі тек жоғары күмбездерде өнер көрсететін цирк әртістеріне ғана қолданылатын болған.

Бүгінде акробатиканың үш түрін бөліп қарастырады:

Спорттық – секіру, жұптық және топтық. Мұнда спортшы ұзындығы 30 метрге жететін кілемді жолақта акробатикалық секірістер жасайды. Жұптасқан және топтасқан акробаттар қиын да күрделі трюктарды орындайды.

Циркті акробатика – аты айтып тұрғандай цирк аренасында жасалатын трюктер.

Арнайы акробатика – оның элементтерін түрлі би бағыттарында қолданады.

Акробат болудың пайдасы бар ма?

Акробатика – баланың артық энергиясын жұмсауға таптырмас тәсіл. Бұл – басқа спорт түрлерімен салыстырғанда көп күш талап етеді. Қиын трюктерді орындау үшін біршама энергияны сыртқа шығаруға тура келмек. Бір сөзбен айтқанда, баланың басқа нәрсеге басын бұрып қарауға шамасы да болмайды. Сұрақ – бұл жақсы ма, әлде...?

Бір ай жаттығуға қатысқан балада мықты бұлшықет белбеуі мен әдемі мүсін пайда болады. Бұл әсіресе көп уақытын артық қимылсыз мектеп партасында өткізетін болашақ оқушыларға пайдалы.

Кішкентай акробаттың өмірде де іс-қимылы әдемі болады. Ол жаттығудан тыс ойнап жүріп, абайсызда құлап жатса, жарақат алмайтындай жермен жанаса біледі.

Акробатика басқа спорт түрлерімен салыстырғанда координацияны дамытып, ептілік пен шыдамдылыққа үйретеді.

Тіпті ебедейсіз баланың өзі бірнеше жаттығудан соң, дұрыс, тік жүретін болады. Сол сияқты бұл спорт вестублярлы аппаратты жаттықтыруға көп көмегін тигізеді.

Акробатика денсаулыққа зақым келтіре ме?

Ілгеріде акробатиканың қаншалықты денсаулыққа пайдалы екенін айта кеттік. Ол буындардың бекуіне, жүрек бұлшық етінің мықты болуына жәрдемдесіп, баланың иммун жүйесіне оң әсер етеді. Алайда, көптеген ата-аналар үшін бұл пайдалы тұстардан гөрі, оның жарақат алу қаупі жоғары болғаны қорқыныш ұялатады. Неліктен?

Мамандардың айтуынша, бала көп өтпей ауыр жарақат алатын болса, ол әрі қарай осы спорт түрімен айналысуға жүрексініп қалады. Осындай оқиғаларға тап болған ата-аналар баласының қорқынышынан кейін акробатика үйрімесінің есігін ашуға үзілді-кесілді қарсы болады. Сескеніп қалған жас спортшы одан кейін де жарақаттардан көз ашпайды деп ойлау қателік. Бұл орайда, ондай балғын акробаттармен арнайы психолог мамандары жұмыс жасағаны абзал.

Шынында, ата-аналар ойлайтындай акробатика аса қауіпті ме?

Ата-аналардың акробатика үйірмесі қауіптірек деп, үй жағдайында тәжірибеден өткізуі қаншалықты дұрыс? Мамандар, бұл әдістің соңы жақсылықпен аяқталмайтынына кепілдік береді. Одан да баланы бірнеше спортшылардың буынын жаттықтырған білікті жаттықтырушылардың қолына тапсырған жөн. Олар осы спорттың жілігін шағып, майын ішкендіктен, тіпті дұрыс құлау тәсілдерін де жас акробаттың санасына құятын болады.

Акробатика мектебінде баланы алдымен жеңіл жаттығуларға үйретіп, одан кейін түрлі қиын элементтерден құралған комбинацияларға жаттықтырады. Бала осы кешендерді еш қиындықсыз орындап үйренгенде ғана, бапкер одан да күрделі нұсқаларды оқытуға көшеді. Сонымен қатар, жаттығу барысында балаларға арнайы сақтандыру белдіктері және басқа да қорғанысқа арналған заттар пайдаланылды. Акробатика – экстремальды спорт түріне жатпайды, мұнда қауіпсіздік ережесі бірінші орында болмақ. Акробатика және осыған ұқсас спорт түрлерінде баланың дамуы бір ырғақпен жүретіндігі дәлелденген. Яғни, бала болашақта басқа да спорт түрлерімен оңай айналысып кете алады.

Жаттықтырушылар акробатиканың шаңғы спорты немесе футболмен салыстырғанда қаупі төмен екенін айтады.

Он жылдан бері осы спортқа балаларды дайындап келе жатқан Марат Абаев:

«Расында акробатика қауіпті спорт түрі, бірақ біз бала жарақат алып қалмас үшін барлығын жасаймыз. Ұзақ уақыт бойы денесін қыздырып, бұлшықет тонусымен айналысамыз. Бірден акробатикалық элементтерді жасауға көшпейміз, баланың физикалық денсаулығының мықты болғанына көп уақытымызды арнаймыз. Бала дайын болған кезде ғана күрделі жаттығулар жасауы керек. Қиын жаттығулар жасап, бірден жарақат алып қалғанша, физикалық дайындықта ұзағырақ тежеліп қалғанымыз жақсы. Жоғары разрядтарда жарақаттан қашып құтылу қиынның қиыны. Десе де, ол кезде балалар қауіп-қатерден құтылудың амалдарын біліп тұрады», – дейді.

Бала жаттығу залында ғана емес, өз достарымен ойнап жүріп те аяғын қайырып, қолын шығарып алуы мүмкін. Сол себепті, акробатика жарақатқа толы екен деп, бұл спорт түрінен айналып өтпегеніңіз дұрыс болар.

Акробатикамен кімдер айналысуға болмайды?

Жаттығуға бармас бұрын балаңызды дәрігерге апарыңыз, ол толық тексерістен соң, денсаулығы жөнінде қорытынды шығарып береді. Жалпы:

– Алыстан анашар көретіндерге;

– Қимыл-тірек аппаратының жұмысы нашарларға;

– Жүрек пен буындардың ауруы барларға;

– Эпилепсия;

– Жүйке жүйесінің бұзылысы;

– Тыныс демікпесі бар балаларға акробатикамен айналысудың қажеті жоқ.

Жаттығуды қашан бастау керек?

Көптеген акробатика үйірмелерінде балаларды төрт жастан бастап қабылдайды. Сол сияқты ата-аналар спорт залында қалып, баласының алғашқы жаттығуларымен танысуына болады. Мұндай жаста бүлдіршіндер табиғат берген икемділігін жоғалта қоймағандықтап, оларға жаттығу оңайға соқпақ. Бастысы, бапкерлер балаға көп жүктеме салып, оны зорықтырып жібермеуі керек. Квалификациясы жоғары жаттықтырушылар әр баламен жеке жұмыс жасап, дәл келетін жаттығулар бере алады.

Десе де, психологтар мен педиатрлар бұл спортпен айналысуға баланы 6-7 жастан берген дұрыс деп есептейді. Бұл уақытта баланың ағзасы бекіп, сырттан келер физикалық жүктемеге толық дайын болмақ.

Бапкерлер қазіргі балалардың гиперактивті екенін айтады. «Көзіңді ала бере, олар бірін-бірі қуып, спорт залдың ана бұрышынан мына бұрышына жүгіріп жүреді. Акробатиканы оңай спорт дегендер қателеседі. Алғашқы кезеңдегі еңбек ата-анаға тікелей байланысты. Олар балаларын жаттығуға үзбей әкеп тұрса, көп өтпей, жақсы жетістіктер келе бастайды», – дейді жаттықтырушы М.Абаев, «– Жарақаттан соң, қайта келетін балалар жоғары нәтиже көрсетіп жатады».

Ал секцияны қалай таңдаған дұрыс?

Акробатикаға балаңызды бермес бұрын, жақсы спорт мектебін таңдау керек. Іздеу барысында алдымен, жаттықтырушылар құрамы мен спортшылардың табысына мән беріңіз. Баланың жетістігі бапкерге тікелей байланысты болғандықтан, балаңызбен тіл табыса алатын білікті маман тапқан жөн.

Акробатика жаттықтырушысы спортшының физикалық дамуының әр түрлі әдіс-тәсілдерін білуі қажет. Көп мектептер алғашқы жаттығуды тегін өткізуге шақырады. Ол сабақтар кезінде сіз бапкердің баламен жұмысын бақылап, өзіне берілген тапсырманы қаншалықты орындап жүргенін көретін боласыз. Кез келген жаттығу денені қыздырудан басталып, әрмен қарай белгілі жаттығулармен жалғасады. Сол сияқты спорттық меткепті таңдау кезінде жаттығу кестесі әр балаға жеке-жеке құрылғандығына мән беріңіз.

Әрине, спорттық ұйым техникалық қауіпсіздікке жауап бере алуы керек. Жаттығу мен хореографиялық залдар, медбөлімшесі, шешіну бөлмесі мен жуыну бөлмелері барына көз жеткізіңіз. Ал мемлекеттік мектептерге түсу үшін арнайы тестілеуден өтеді, себебі, оған қабылдануға ниетті балалар жеткілікті.

Баланы неге үйретеді?

Қолымен жүріп, бәрінен жоғары секіріп, үштік сальтосынан басқа бала акробатикадан не үйренеді? Түрлі дәрежедегі жоғарыға секіру, сан қырлы сальто, көп қайталанатын дәстүрлі «дөңгелек»,  бір сөзбен айтқанда балғын акробаттың қимылдары кез келгеннің көңілінен шығатын болады. Ол үшін арнайы видеоларды қарап көрсеңіз болады.

Акробатика туралы көптеген сауалдарға жауап іздеп көрдік. Сонымен бұл спорт баланы физикалық және психологиялық тұрғыдан дамытып, әдемі мүсін сыйлайды.

Енді, балаңызды акробатикаға беруге қарсы емессіз бе?

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға