Жаңалықтар

Айдар Махметов: Биыл Қазақстаннан қара белбеулі джиу-джитсу палуандарын көріп қалуымыз ықтимал

4-5 ақпан аралығында Астанада бразилиялық джиу-джитсудан «Astana open» халықаралық жарысы өтті.
Айдар Махметов: Биыл Қазақстаннан қара белбеулі джиу-джитсу палуандарын көріп қалуымыз ықтимал
06.02.2017 16:00 5995

4-5 ақпан аралығында Астанада бразилиялық джиу-джитсудан «Astana open» халықаралық жарысы өтті. Жарысқа алыс-жақын шетелден 400-деп аса адам қатысты. El.kz сайты жарыстың арнайы қонағы, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Айдар Махметовтен сұхбат алды.

Айдар Махметов, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері:

— Айдар, «Astana open» жарысы көңіліңізден шығуда ма?

— «Astana open» турнирі екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Осы жылы қатысушылардың саны 400 ден асты. Алыс-жақын шетелдерден спортшылар арнайы осы жарысқа келіп жатыр. Бұл жарыс жас спортшылар үшін шыңдалып, өзін-өзі сынауға үлкен мүмкіндік береді деп есептеймін. Әбден ысылған спортшылар еліміздің намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғайды.

— Бұл спорт түрінің танымалдылығын немен түсіндіруге болады?

— Джиу-джитсу барлығына бірдей ыңғайлы спорт. Бес-алты жастағы балалардан бастап, қырық-елуден асқан ересектерге дейін айналыса алады. Жарыс кезінде спортшының жасына, салмағына, жынысына және тәжірибесіне қарап іріктелуі — олардың өзімен күші жағынан тең қарсыласпен кездесуіне көмектеседі. Сонымен қатар, бұл күрес түрі адамның денсаулығына өте пайдалы деп есептеймін. Себебі, жаттығу кезінде адамның барлық бұлшықеттері жұмыс істейді. Ал күресіп жатқан кезде, қарсыласты жеңу үшін өте жылдам ойлану қажет. Сондықтан қай жағынан алып қарайтын болсақ та, джиу-джитсу керемет спорт.  

— Жарысқа қандай атақты палуандар қатысуда?

— Жарысқа екі дүркін әлем чемпионы Роман Толеханов, Ислам Мамилов секілді әлемге әйгілі спортшылар өнер көрсетуде. Бұл жарыс деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

— ММА мен Джиу-джитсудың арасында қандай айырмашылық бар?

— Осымен екінші жыл бразилиялық джиу-джитсудан жарыстарға қатысып жүрмін. Әлем чемпионатында үш рет жүлделі орынға іліктім. Екі мәрте Еуропа чемпионы атандым. ММА мен джиу-ждитсуды салыстырар болсақ, айырмашықтарды байқауға болады. Мысалы джиу-джитсуда қарсыласқа соққы жасауға болмайды. Бірақ, бразилиялық күресті төбелестің негізгі іргетасы деп айтсақ болады. Қарсыласыңды жығып, ұрып-соқпай-ақ түрлі әдіс-тәсілдер арқылы берілуге мәжбүрлеу. Бұл тұрғыдан алып қарайтын болсақ, джиу-джитсудың берері мол.

— Джиу-джитсумен айналысқан адам қанша уақыттың ішінде қара белбеуге жетіп, кәсіби спортшы атағын ала алады?

— Белбеу алу жағынан джуи-джитсу өте қиын спорт түріне жатады. Қара белбеу иесі атану үшін орта есеппен 10 жыл айналысу қажет. Тхеквандо, каратэ секілді үш жылдың ішінде қара белбеу алу деген жоқ. Бүгінгі күні елімізде бұл күрес түрімен айналысатын спортшылар саны көп. Шамамен биыл Қазақстаннан қара белбеулі джиу-джитсу палуандарын көріп қалуымыз ықтимал. Әрине, жарыста белбеу жай ғана мата. Екі мәрте Олимпиада қатысушысы Елдос Ексанғалиев көк белбеумен жүріп-ақ талай қарсыласын жерге қаратты.

— Сұхбатыңызға рахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға