Жаңалықтар

"Астана" есе жіберді

Еуропа лигасының 5-турында «Астана» ұтылып қалды
"Астана" есе жіберді
30.11.2018 14:56 4247

Матчқа дейін...

«Астана» Еуропа лигасының 5-турында өз алаңында киевтік «Динамоны» қабылдайды. Турнир кестесіне көз жүгіртсек, қос команда да 8 ұпаймен алғашқы орын үшін таласып тұр. Бұл матч кімнің бірінші болып топтық кезеңді аяқтайтынын анықтап бермек. Григорий Бабаян шәкірттері үйдегі кездесуде бар мәселені шешіп алмаса, соңғы турда Франция жерінде қиын соғатыны анық. «Ренн» елордалық футболшыларға үш ұпайды оңай ұстата қоймайды.

Ойын алдындағы баспасөз отырысында «Астана» командасының бас бапкер қызметін атқарушы Григорий Бабаян:

– Маңызды, әрі қиын ойын болмақ. Оның үстіне біздің ішкі біріншілік бір ай бұрын аяқталып қалды. Ойын тонусын жоғалтып алдық. Оны барынша күнделікті жаттығулар арқылы ұстауға тырыстық. Жеңіске жету үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Үш ұпайдың маңызы зор болмақ. Біз секілді «Динамо» да жеңіс үшін ойнайтын болады. Бұл – деңгейі жоғары футболшыларды жинап алған жақсы ұжым. Украина чемпионатындағы соңғы матчта жеңіліс тапса да, жақсы кездесу өткізді деп есептеймін, – деді.

«Динамо» командасының бас бапкері Александр Хацкевич sports.kz порталына берген сұхбатында астаналық ойыншылардың техникасы жоғары екенін атап өтті:

– «Астана» бірнеше жылдан бері еуропалық турнирде бақ сынап келеді. Бір ай бойы ресми матч өткізбегені олар үшін ешқандай проблема тудырмайды деп есептеймін. Бұл команданың шабуылдаушы шебін жоғары бағалар едім. Тәжірибелері толысқан, техникасы мықты футболшылар жинақталған. Киевте өткен ойынға келсек, біз екі ұпай жоғалтып алдық. Ойындағы басымдықты өз пайдамызға шеше алған жоқпыз. Ертең бәрі белгілі болады.

Алғашқы орын үшін талас қалай өтті?

«Астана» (Астана, Қазақстан) – «Динамо» (Киев, Украина) – 0:1 (0:1)

Гол cалған: Вербич, 29

«Астана»: Эрич (к), Рукавина, Постников, Аничич, Зайнутдинов (Шомко, 75), Кляйнхайслер, Маевский, Томасов, Алмейда (Мұжықов, 58), Муртазаев, Кабананга (Янга, 62).

«Динамо»: Бойко, Кендзера, Бурда, Кадар, Миколенко, Шепелев, Че Че, Цыганков (к) (Морозюк, 84), Шапаренко (Гармаш, 65), Сидклей, Вербич (Сидорчук, 76).

Гриогрий Бабаян алаңға алғашқы минуттан қосатын футболшылар бойынша бас қатырған болар. Себебі, негізгі қорғаушылар бірінен соң бірі жарақат алып, саптан шығып қалған. Бірақ, Постников айығып, орталық қорғаныста Аничичпен бірге жүрді. Шомко да бұл ойынға қатысатындардың тізіміне іліккенімен, алғашқы минуттан алаңға кірген жоқ. Бапкер оның қапталын Бахтиер Зайнудиновке тапсырыпты. Сол қапталдың шабуылдаушы хавбегі Педро Энрике сары қағаздың артықтығынан бұл кездесуге қатыса алмайтыны баяғыда белгілі еді. Оның орнын Муртазаев басып, командасының шабуылын күшейтуге тырысатын болады. Мұжықов пен Алмейда арасында тартыста, барзил-азербайжандық Бабаянның сенімінен шықса керек.  Ортадағы жартылай қорғаныс Маевский мен Кляйнхайслер дуэтіне берілді. Оң қапталдан шабуылды жүргізу хорват Томасовқа жүктелген. Өткір шабуылда Кабананга шықты. Бұл «Астананың» 4-2-3-1 нұсқасымен іске кірісетінін білдіреді. Ал қарсыластар командасының коучы жасаған шешім көпті таң қалдырғаны анық. Алдыңғы ойындарды жіберген Бурдо сапқа қосылғанымен, капитан Сергей Сидорчукке орын табылмапты. Тірекші қызметіне Шепелевпен бірге, бразил футболшысы Че че шықты. Оны Хацкевич Сидклеймен бірлесе жақсы өнер көрсетеді деп санаса керек. Соңғысы Вербичтің өткір шабуылға шығуымен, сол қаптал жартылай қорғанысына жауап берді.

Ойын алдында «Астана» мен «Динамо» тең тарқасады деген пікірлер болған. Әр команданың еншісіне жазылған бір ұпай оларды плей-офф кезеңіне алып шығуы мүмкін еді. Не де болса, бұл кездесу өте тартысты өтетіне ешкімнің таласы жоқ-тын. Төреші ысқырығы естіле сала, алаң иелері басымдықты оңай бермейтіндіктерін көрсетті. Алғашқы он минуттықта Бойко қақпасының алдында қауіпті сәттер лег-легімен туныдап жатты. Муртазаев сол қапталдан қақпа алдына пас жеткізген. Ашық тұрған қақпаға қрсыластар қорғаушыларымен таласқан Маевский допты тура бағыттай алмады. Спорттық снаряд қақпа бағанының жанынан зу өте шықты. Дәл осындай тағы бір сәтте «Астана» ойыншылары өз мүмкіндіктерін желге ұшырды. Жарты сағаттыққа дейін орталық алаңдағы талас қызғанымен, қақпалар алдында аса қауіпті сәттер саусақпен санарлықтай еді. Ойында есеп ашуға ұмтылыстар жалғаса берді. Оны бірінші болып, Киевтен келген қонақтар орындап кетті. Кездесудің 29-минутында «Динамо» ойыншылары «Астана» қорғанысын бұзып-жарып өте шықты. Орта алаңнан доп Виктор Цыганковқа жеткен. Қонақтар капитаны өкшемен алға ұмтылған Вербичке доп жеткізді. Соңғысы қырағы Эричтің сол бұрышын тура кездеген екен. Ненад қанша ұмтылғанмен, допты қақпаға дарытпаудың амалын таппады. Есеп 0:1. Ойындағы астаналықтардың басымдығына қарап, әне-міне есеп теңеседі деген үміттің болғаны рас. Сары жейделі теңбіл допшылар да салы суға кетпей, бірден алға ұмтыла бастады. Қақпа алдына шығарылған есепсіз кросстарға сәттілік жетіспей жатты. Бірнеше рет Томасов өз қапталынан пас көтермек болғанымен, аяғынан доп тайқып, діттеген жерден асып кетті. 45-минуттың аяқталуына аз қалғанда ақыры Марин қақпа алдына тура пас жеткізген. Алайда, ашық тұрған қақпаны көздеуге Муртазаевтың шамасы келмеді. Екі метр жерден хавбек мүлт кетті. Дәл осындай сәт енді тура ма екен, кім білсін?!

Алғашқы таймда «Астана» ойыншылары көптеген шабуыл ұйымдастырып, соңғы соққыға жеткізе алмай жатты. Оған қоса, қарсыластардың қорғанысы да беріктігімен ерекшеленген болар. Ара-тұра алға ұмтылған динамолықтардың шабуылының кез келгені аса қауіпті көрінді. Олардың сапындағы техникасы толысқан футболшылар кез келген сәтте жазалап кетуге дайын жүрді. Үзілісте Григорий Бабаян міндетті түрде гол салу міндетін жүктейтіндігі анық. Екінші ойын бөлігін де елорадалық аяқдопшылар аса жоғары қарқынмен бастады. Десе де, олар қаншама қауіп төндіргенімен, қонақтар барынша қорғанып бақты. Сол сияқты ереже бұзуды да Хацкевич шәкірттері ұмыт қалдырған жоқ. Қалайда, жеңісті есепті сақтап, үш ұпайды қоржынға салуға дәмелі екендерін аңғардық. Тағы бір сәтте Томасов соққы жасаған. Кипер Бойко алдыра қойған жоқ. Екінші таймның 20-минуты өтпей жатып, Григорий Бабаян тыңнан ойыншылар қоса бастады. Алмейданың орнына Серікжан шықса, араға бес минут салып, жарқын өнерімен көзге түсе алмаған Кабананганы Янга алмастырды. «Астана» барынша шабуылдағанымен, нәтиже болмады. Томасов тағы бір-екі рет қиыс пас жеткізіп, командаластарынан кешірім сұрады. Сол сияқты оң қапталдан серб қорғаушысы Рукавина да екі рет тамаша соққы жұмсаған. Оның біріншісі қақпа маңдайшасынан биік ұшса, келесісі бағананы бір сілкінтті. Одан қайтқан допқа да ешкім жете алмады. Бүгін стандарттардың «Астанаға» көмегі тиген жоқ. Бір қызығы бұл ойында Бабаян шәкірттері бір де бір рет корнер орындамапты. Екінші қабатта жақсы ойнайтын чемпиондар үшін бұл да бір минус болғаны анық. Төреші қосқан бес минутта да алаң иелері жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен алға жүгірген. Бірақ, бірлі-екілі сәтсіз қимылдардан соң, доптан айырылып, «Динамоның» уақытты соза түсуіне септігін тигізді. Олар қосымша уақытта екі рет корнер орындауға мүмкіндік алды. Сонымен, тоқсан минуттың төбесі көрінді. Таблодағы есеп 29-минуттан соң өзгерген жоқ. Ендігі, «Динамо» плей-оффтық ойындарына толық дайындала береді. Ал «Астана» өз жағдайын тым қиындатып алды. Себебі, олар соңғы матчты қонақта «Реннге» қарсы өткізбек. Өз кезегінде француздар Чехияда «Яблонецт» 0:1 есебімен жеңіп, ұпай санымен қазақстандық командаға жақындап қалды. Егер өз алаңдарында «Астанадан» басым түссе, келесі кезеңге жолдама алады. Бұл топтағы бар мәселені 14-желтоқсандағы ойын шешетін болады.

Қателік кімнен кетті?

«Астана» допқа көп иелік етіп, қақпаға жиырмадан аса соққы жұмсады. Бірақ, оның 99%-ы діттеген жерден табылған жоқ. Бұл ойында алаң иелерінің қорғанысындағы бір қателік ойын тағдырын шешуге сеп болды. Оған қоса, шабуылшы шептің өз жұмыстарына аса жауапты болмағаны бапкердің бас проблемасына айналғаны рас. Зайнутдинов сол қапталдағы қорғанысқа төселіп келе жатқандай. Алайда, жас ойыншыға кейде өзіне деген сенімділік жетіспей жатты. Оң қапталдың шабуылын жандандыру рөлі жүктелген Томасов та бірнеше рет ауаға пас беріп, шабуылдың шырқын бұзды. Тыңнан қосылған Мұжықов, Янга мен Шомко да бұл кездесуде өз командасына еш көмекке келе алған жоқ. Алғашқы таймды жақсы өткізген Алмейданы Серікжанға ауыстырудың астарында не сыр барын түсіну қиын. Десе де, көптеген сарапшылар «Астана» Еуропа лигасындағы тамаша кездесулердің бірін өткізгенін айтады. Оған дау жоқ. Тек жетпегені гол ғана... Футболда 90 минут қалай тер төккенің емес, таблодағы көрсеткіштің маңызы жоғары екенін ұмытпаған жөн.

Украиндық сарапшылар «Динамоның» стандарттағы қорғанысына көңілі толмағандарын жеткізді. Олар гол авторы Вербичтің «біз сенімді қорғана білдік» деген сөзін мысалға ала отырып, сынға алады. «Қақпа алдында бірнеше рет қателіктер орын алды. «Астана» стандарттар арқылы «Динамоның» қорғанысында кемшін тұстар жеткілікті екенін көрсетті. Қазақстандықтар қақпа алдына пас жеткізгенде бір ойыншысы міндетті түрде ашық қалып жатты. Бір жағынан, Бурдо мен Кадар өз жұмыстарын адал атқарды. Алаң иелерінің шабуылдарын оқтын-оқтын бұзып, допты алаң сызығынан шығарып тастап жатты. Кендзера бірлі-екілі эпизодтарда қорғанысқа көмекке келіп, пайдасын тигізді. Ал Миколенко алаңда қандай міндетті атқару керегін толық түсінбесе керек. Екінші таймда бас бапкер «Динамо» шабуылдарының негізін қалап жүрген Цыганков, Вербич пен Шапаркеноны алмастырып, орнына Гармаш, Морозюк пен Сидерчукты қосты. Бұл үштік (ойын соңында Сидерчук ереже бұзғаны болмаса) ешқандай ойын эпизодымен есте қалған жоқ. Матчтың алаң иелерінің басымдығымен өткеніне қарамастан 3 ұпай еншілеп, турнир кестесінің алғашқы орнына шықты. Десе де, оларды 1/8 финалда мұндай ойынын ешкім кешірмейтін болады».

УЕФА-ның ресми сайты «Астана» мен «Динамо» ойынының статистикасын жариялады. Соққылар бойынша қазақстандық команда басымдыққа ие – 22-5 (2-2 дәл бағытталғандар, 17-2 қиыс ұшқандар, 3-1 блокқа түскендер). Бұрыштамалар бойынша украиндық ойыншылар 2-0 есебімен алда тұр. Офсайдқа алаң иелері көбірек түсіпті – 2-1, допқа иелік ету көрсеткіші «Астана» еншісінде – 55%-45%.  Пастардың саны 477-426 (сәтті жеткендері 401-347). Ереже бұзу  бойынша қос команда да тең – 16-16. Екі жақтан да қос ойыншы сары қағазбен жазаланған. 

Бапкерлер мен ойыншылар не дейді?

Ойын аяқталған соң, «Астана» клубының бас бапкер қызметін атқарушы Григорий Бабаян өз ойымен бөлісті:

– Ұйымдастыру бойынша жақсы кездесу өткіздік. Мүмкіндіктер өте көп болды, мұндай деңгейлі ойындарда ондай сәттерді міндетті түрде орындау керек. 6-7 рет жүзпайыздық мүмкіндіктер туындады. Жоқ дегенде, тең есеп тіркелуі керек еді. Ал «Динамода» бар болған бір сәт болып, содан гол салып кетті. Осындай еуропалық ойындарда гол салудың маңызы зор. Ойын өрнегіміз, алаңдағы іс-қимылымыз тең есепке әбден лайықты еді. Өкінішке қарай дегеніміз бола қоймады. Футбол жазалайды! Киевтіктерді топтан шығуымен құттықтаймын. Екінші таймның орта тұсына қарай, тағы бір шабуылшыны шығаруды жоспарлап отыр едік. Бахтиер жарақат алып қалып, Шомконы жіберуіме тура келді. Енді, осы турдағы соңғы ойынның алдында жолдастық кездесулер өткізетін боламыз. Клубты да анықтап қойдық. Оның аты жақын күндері жарияланады. Соңғы матчқа дайындықты күшейту керек. «Астана» бүгін жақсы ойын өткізді, бірақ шабуылшыларға деген шағымымыз жеткілікті. Осындай ойында мүмкіндіктерді құрдымға жібергендері жарамады. Жалпы, футболшылардың жан-тәнімен ойнағандарына рақмет айтам. Кабанангаға сын айтушылар жетіп артылатынын білемін. Бірақ, бұл матчта Муртазаев бірнеше рет қателікке бой алдырды. Оны да командадан алып тастасақ бізде кім қалады? Барлығы тырысып бақты. Алайда, бүгін біздің айымыз оңынан тумады. Бұл топтық сындағы ең тамаша өткізген матчтардың бірі болғанымен, қаншама мүмкіндік желге ұшты.  Бүгін қазылық еткен төрешілердің жұмысын бағалау менің құзіретіме кірмейді. Дегенмен, оның кей шешімдеріне наразылығымды ойын соңында өзіне жеткіздім.  Соңғы турда Франция жерінде барымызды салуға тырысамыз.

«Динамо» командасының бас бапкері Александр Хацкевич ойын аяқталған соң, баспасөз отырысында ағынан жарылды:

– Бізде кадрлық мәселелер бар. Ішкі біріншіліктегі үзілісте қатарымызды күшейткіміз келеді. Бастысы, тапсырманы шешіп алдық. Ауыр ойын болды, біздің ойынға сын айтқандар да жеткілікті, соған қарамастан қажетті үш ұпайымызға қол жеткізе алдық. Өз шәкірттерімді осы жеңісімен құттықтағым келеді. «Астана» мүмкіндіктер бойынша бізді артта қалдырды. Бірақ, бұл футбол... Біз жеңіске жеттік. Екі команда да мінез көрсетті. Ұзақ жол мен жасанды төсеніш өз зиянын тигізді. Сондықтан болар, қорғаныстан шабуылға өтуде көптеген қателіктер жіберіп жаттық. Барлық команда жақсы ойын өткізді. Оған қоса, сәттілік серік болғанын ерекше атап өткім келеді. «Астана» өз алаңында өте мықты ұжым. Оған қоса трибунадағы жанкүйерлердің қолдауы ерекше. Бүгінгі матчқа бұл команда өте жақсы дайындалған. Егер «Астана» келесі кезеңде де осылай ойнайтын болса, берілген тапсырманы шешетініне сенімдімін.

«Астана» командасының шабуылшысы Роман Муртазаев командасының жеңіліс табуын өзінен көреді:

– Нәтиже мен ойын арасында алшақтық бар. Әсіресе, мен көп мүмкіндікті орындай алмадым. Бүгінгі жеңіліс менің кесірімнен болып отыр. Шабуылдарды түйіндеумен жұмыс жасау керек. Келген жанкүйерлерге қуаныш сыйлағымыз келді, өкінішке қарай дегеніміз болмады. Енді Францияға тек жеңіс үшін аттанатын боламыз. Бұл маусымды жақсы көңіл-күймен аяқтағымыз келеді. «Неге гол сала алмадық?» деген сұраққа жауап бере алмаймын. Қанша тырыссақ та, доп қақпаға кірмей қойды. Бірнеше сәттерді пайдаға асыра алмағыным үшін қатты өкініп тұрмын.

Ойындағы жалғыз голдың авторы  Беньямин Вербич:

– Бұл алаңда ойнау аса қиындық туғызды. Осының салдарынан бірінші таймда көптеген техникалық қателіктер жіберіп жаттық. Егер төсеніш жасанды болмағанда, бұдан да жақсы өнер көрсететін едік. Екінші таймда есепті ұстап қалу үшін ойнадық. Жеңіске жетудің маңызы зор еді. Себебі, біздің топтан шығуымызға осы үш ұпай ауадай қажет болды. Гол салған әрқашан керемет сезім сыйлайды, егер ол шешуші гол болса тіпті тамаша. Егер маған форвард міндетін атқар десе, дайынмын. Бүгін де жұмысымды барынша атқара білдім деп есептеймін, – деді.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға