Жаңалықтар

Азиадада ескертудің арқасында алтын алдым

Дзюдошы Дидар Хамзамен сұхбат
Азиадада ескертудің арқасында алтын алдым
13.11.2018 15:09 5128

Соңғы өткен Азиада ойындарынан, әлем чемпионатынан, жасөспірімдер арасындағы олимпиададан қазақ дзюдошыларын үздік үштіктен көруге болады. Олардың бүгінгі жетістіктері Олимпиада ойындарында алтынға айналар ма екен? Қазақстан еншісінде күрес спорт түрлерінен бірнеше күміс пен қола жүлделер ғана бар. Ол да зор жетістік, әрине. Бірақ, алтынның салмағы  бәрін басып озар еді. Осы олқылықтың орнын толтыратын дзюдошымыздың бірі деп Дидар Хамзаны айтуға болады. 21 жастағы спортшының да арманы – қазақ елінің байрағын Олимп шыңына шығару. Бұл күндері «Дәулет» спорт комбинатында өтіп жатқан ел чемпионатында спортшымен арнайы кездесіп, әңгіме өрбіткен едік.

10 жасымнан бері дзюдомен айналысамын...

– Өтіп жатқан ел біріншілігіне қатыспауыңның себебі неде?

– Аздап жарақат алып қалып едім. Емделіп, бабыма келіп алған соң, 21 қарашада  Жапонияның Осака қаласында өтетін Grand Slam турнирінде бақ сынамақпын.

– Биыл Азиада ойындарында чемпион атандың. Жақында Ташкентте өткен Гран-при кезеңінде алтын алдың. Жалпы, жыл табысты болды деуге келе ме?

– Табысты болды деп айтуға келмейді. Себебі, өткен жылы ел чемпионатын жеңгеніммен, жыл басында болған бірде-бір жарыста жақсы нәтиже көрсете алмадым. Менің салмағымдағы басқа жігіттер де сенімнен шықпай жатты. Сол себепті, бапкерлер ақылдаса келе, Азиадаға мені апаруды шешті. Джакартада жолым болып, бағым жанып, алтын алдым. Одан кейін әлем чемпионатына қатысып, 3-белдесуде Ресейден келген Олимпиада чемпионына есе жібердім. Есе жібергенде, төрешілер жағы менің ұпайымды есепке алмай, біраз дау тудырған кездесу болды. Спорт болған соң, ондай жағдайлар болып тұрады. Содан кейін, дайындығымды күшейтіп, 28 қазан күні Абу-Дабиде өткен Үлкен шлем турнирінде қола алдым. Араға он күн салып, Ташкентте жалауы желбіреген Гран-Приде чемпион атандым. Басы қатты болғанымен, аяғы тәтті болып келе жатыр. Шүкір! Ендігі Осакада барымды салмақпын.

– 81 келі салмақта өзіңнің басты қарсыластарың қай елдің спортшылары?

– Бұл келіде әлемдік рейтингтің көшбасшысы ирандық Саид Моллаиды ерекше айтып кетуге болады. Жапон, орыс, грузин палуандары да жетерлік. Мықты деген оншақты қарсыласым бар.

– Дзюдоның отаны саналатын Жапонияның дзюдосы несімен ерекшеленеді?

– Бізде дзюдо спорт үйірмелері ғана. Ал олар балаларға мектеп сабағы ретінде үйретеді. Былайша айтқанда, біздің дене шынықтыру пәні секілді мектеп бағдарламасына енгізілген.

– Сол елден жаттықтыушы алдырсақ, қаншалықты біздің дзюдоға пайда әкелер еді?

– Біздің жасөсіпірімдерді сәуір айынан бастап, Шинтара Чихара есімді жапон бапкері жаттықтырып келеді. Қазір бізбен де жұмыс жасауда. Көп нәрсені үйреніп жатырмыз. Классикалық күрес тәсілдеріне мән береміз. Жалпы, қазақ күресі техникадан гөрі, қара күшке көп сенім артады ғой. Енді техникамен жұмыс жасау керек.

– Өзің осы спортқа қай жасыңнан келдің? Және неге басқа емес, дзэдо спортын таңдадың?

– Әкем – жеке бапкерім. Ол кісі де күреспен айналысқан. «Әкеге қарап, ұл өсер» дейді емес пе? Он жасымнан бастап, мені дзюдоға баулып, қыр-сырын үйретті. Сол сияқты туған ағам да осы спортпен шұғылданады.

– Ағаң қай салмақта күреседі?

– Ол 66 келі салмақта бақ сынасады. Кеше ел чемпионатында татамиге шыққан, өкінішке қарай жолы болмады.

 

2 жыл бұрын мені дзюдодан кетеді дегендер болды

– Әр жеңістің артында қаншама төгілген тер мен жұмсалған күш жатыр. Сондай бір қиналған сәттері спортты тастап кеткің келмей ме?

– Мен ғана емес, барлық спортшылардың басынан өтетін жайт қой. Негізі, спортшы ауыр жарақат алса, ешкімге керек емес болып қалады екен. Соны түсіндім. Ондайда қасыңда жүрген, қолдап-қолпаштаушылардың біразы айналып кетеді. Дәл осы жағдай менің басымнан өткен еді. Осыдан екі жыл бұрын  ауыр жарақат алып қалдым. Ел чемпионатының ақтық сынында аяғым қайырылып кетіп, төрт ай бойы спорттан қол үзуіме тура келді. Сол кезде мені «қайта спортқа келе алмайды» деген әңгімелер тарап, көптеген адамдар теріс айналды. Отбасым мен бірең-саран жаттықтырушылар дем беріп, аяқтан тұруыма сеп болды. Жалпы, спортта ең үлкен демеушім – әкем. Жеңіске жетсем, жас балаша қуанады. Оның қуанышын көру маған зор шабыт береді. Осының бәрін таразаыға салып, ойлана келе, спорттан кетпеймін деп шештім. Оның үстіне, барлық шығын өз қалтамнан жұмсалып, тіпті ызалы болдым. Солай аяғыма операция жасалғанына бір апта өтпей жатып, жаттығуымды бастап кеттім.

– Қазір аяғың мазаламай ма?

– Жоқ.  

– Шығын өз қалтаңнан шыққанын айтып қалдың, қазір жағдай қалай?

– Қазақстанның дзюдо федерациясы, Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан жақсы көңіл бөлініп жатыр. Алла сақтасын, бірақ қандай да бір жарақат алып қалсақ, кез келген емханаға барып тегін ем алуға мүмкіндік беретін карточкалар берілді.

– Ал жалақы жағы қалай?

– Шүкір, қаржы жағынан таршылық көріп жатқанымыз жоқ.

– Дзюдошыны басқа спорт түрімен айналысатындардан қалай ажыратуға болады?

– Біздің спортпен шұғылданушылардың құлақтары сынады, иықтары жалпақтау келеді, саусақтары да қорқынышты болады.

– Сенің құлағың сынбаған ғой... Қалай сақтап жүрсің?

– Менің сырт-келбетіме қарап, ешкім спортшы демейді. Иә, құлақтарым әзірге аман. Тым жұмсақтағынан-ау деймін, сынбай келеді (күліп)...

– «Спортшылық ғұмыр қысқа» дегенге келісесің бе?

– Әрине, 30 жасқа дейін ғана күресіп, өзіңді көрсетуге мүмкіндік бар. Одан кейін күш-жігер сарқылуы мүмкін. Жалындаған жастықтың жалыны басылады дегендей...  Спортшылар үшін расымен тым қиын. Қаншама жаттығулар, салмақ қуу оның бәрі дене психологиясына кері әсерін тигізеді. «Спорт  – емдемейді, керісінше зиян келтіреді» деген сөзді де естіген боларсыз. Сол қысқа спортшы ғұмырыңда жақсы нәтижелер көрсетіп, еліңнің атағын шығарсаң, одан әрі табысты қызмет етуге де ықпалы зор.

 

Көзім көрмей қалды ма деп қатты қорыққанмын

– Рационың қалай?

– Жарысқа он күн қалғанда арнайы кестемен тамақтанамыз. Ал үйде анам не дайындайды, барлығын жей беремін.   

– Сенің негізгі салмағың қанша?

– 85 келі.

– 81 келіге түсу үшін қанша күнің кетеді?

– Бір күнде 2 келі тастауға болады. Салмақ қуу маған ешқандай қиындық тудырмайды.

– Негізгі көз тігіп отырғаның Токио Олимпиадасы шығар?

– Иә, Олимпиадада топ жару кез келген спортшының басты мақсаты шығар. Әзірге, күрес түрлерінен, оның ішінде грек-рим, дзюдодан Жақсылық Үшкемпіровтен кейін Олимпиадада алтын алған қазақ баласы жоқ.  Сол ағамыздың жолын жалғағым келеді.

– Осы өтіп жатқан Қазақстан біріншілігінің деңгейін қалай бағалайсың? Елдегі дзюдоның дамуы қалай?

– Қазір елеміздге дзюдо деңгейі өсіп келеді. Жақында Жасөсіпірімдер арасында өткен Олимпиада ойындарында Бекарыс Сәдуақас деген ініміз алтын жүлдеге ие болды. Сол секілді Маргарита Гриценко  атты қызымыз күміске қол жеткізді. Әлем чемпионатында да Ерлан Серікжанов күміс жүлде иеленсе, Отгонцэцэг Галбадрах қола алды. Өзіңіз білетіндей Азиада ойындарында бір-бір алтын мен қоланы қооржынға салдық. Соған қарап-ақ, дзюдоның дамуы деңгейін бағалауға болатын шығар. Өтіп жатқан ел біріншілігінде де мықты-мықты жастар шығып жатыр.

– Өзіңнің үлгі тұтатын дзюдошың бар ма?

– Мен шетелдік спортшыларға еліктеп көрмеппін. Тек өзіміздің арамызда жүрген Елдос Сметов, Азамат Мұқанов, Максим Раков сынды  дзюдошыларға қарап, сабақ аламын. Ақылдарын тыңдаймын.

– Дзюдода пайдалантын сүйікті әдісің қандай?

– Қарсы әдісті жиі пайдаланамын. Татамиге шыға сап, лақтыруды ойламаймын. Қарсыласымды күтіп жүріп, өзін  алдап түсіремін.

– Есте қалған қызықты оқиғаңмен бөліссең...

– Бала кезімде ағам, әкем, оның достары бар, бәріміз моншаға барғанбыз. Шараға су толтырып алып басымды батырып ойнап отырғанмын. Бір кезде басымды судан шығарып айналама қарасам қап-қара.  Көзім көрмей қалды деп қатты қорқып кеттім. Айқайлап жүріп, ағамды шақырдым. Ол мен сабырға шақырып жатыр. Сөйтсем жарық сөніп қалған екен. Көр соқыр болып қалдым ба деп, қатты қорыққаным сол кез шығар....

– Ең есіңде қалған кездесу қайсы?

– Осы Азиада ойындарындағы финалдық кездесуді айтар едім. Әлгінде өзім айтқан ирандықпен күш сынастым. Ол соңғы әлем чемпионатында қарсыластарын шақ келтірмеген. Мен вазари бойынша ұтылып келе жатқан едім. Соңына қарай бар күшімді сала түстім. Ал ол күресуден қаша берді. Ол үшін дзюдошыға ескерту берілуі мүмкін, егер солай бола қалса мен жеңіске жетейін деп тұрмын. Кездесу бітті. Киімдерімді ретке келтіріп, шешімді күтіп тұрмын. Әділ қазылар да ұзақ ақылдасты. Қатты қобалжып, тағатым таусыла бастады. Уақыт бітіп қалса да, ирандық спортшыға ескерту берілді де, жеңіске жеттім.

– Дзюдоны басқа спорттан ерекшелендіретін не?

– Айла-тәсілдері қызықтырақ. Күтпеген жерден аяқтан шалып қалу секілді нәрселер орын алады. Сол сияқты соңғы секундта жеңісті жұлып әкетуің мүмкін. Ташкентте өткен жарыста да моңғол палуанында вазари болды, мен соңғы үш секундта айла қолданып, кездесуді қосымша минутқа создыра алдым. Ал қосымша уақытта жақсы бір тәсіл арқылы жеңіске жеттім. Яғни, соңғы сәтке дейін күресе білуің керек. Әйтпесе, қолда бардан айырыласың...

– Дидар, көп рақмет. Жеңісіңмен қазақ елін қуанта бер!

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға