Жаңалықтар

«Астана» К тобында көш бастады

Еуропа лигасының ойындары өтті
«Астана» К тобында көш бастады
08.10.2018 09:07 4295

«Астана» (Қазақстан) – «Ренн» (Франция) – 2:0 (0:0)

Голдарды салған: Зайнутдинов, 64, Томасов, 90+1.

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Шомко, Томасов, Маевский, Зайнутдинов (Логвиненко, 75), Педро Энрике, Алмейда (Мұжықов), Кабананга (Янга, 72).

«Ренн»: Диалло, Зеффан, Гелен, да Силва, Бааль (Бенсебайни, 27), Андре, Гренье, Бурижо, Поха (Йоханссон, 78), Леа-Силики (дель Кастильо, 68), Ньянг

Қос жаттықтырушы да алаңға шығатын ойыншыларға аздап өзгеріс енгізуді жөн санапты. Григорий Бабаянның командасында Ласло Кляйнхайслер тыңнан қосылатын ойыншылардың арасында да көрінбеді. Соның арқасында жас Бахтиер Зайнутдинов алаңға шығуға мүмкіндік алған. Ал «Ренн» бапкері Сабри Лямуши негізгі құрамдағы бірнеше ойыншыны алаңға жібермеді. Қақпада Диалло тұрса, орталық қорғаушы міндеті Гелинге жүктелді. Ал қос қапталдағы қорғаушылар ролі Зеффан (оң қаптал) мен Баальға (сол қаптал) берілді. Соңғысы алғашқы таймда жарақатына байланысты орнын Бенсебайниге босатып беруге мәжбүр болды. Француздар шабуылды түйіндеуді Ньянгқа тапсырды. Сенегалдық командаластары әуелете жеткізетін пастарды ұтымды пайдалануды негізгі мақсаты етіп қойған секілді.

«Астана» ойынды қарқынды бастады. Олар алғашқы он минуттықта үш бірдей корнер орындауға мүмкіндік алды: Кабананга сызық сыртынан бір соққы жасаса, Томасов өз қапталынан қауіпті шабуылдар ұйымдастыруға тырысты. Ал «Ренн» Ньянгтың орта дистанциядан қисық соққысымен жауап қатты. Алайда, матч бастала сала, біздің клуб ойыншылары да, жанкүйерлері де француздардан жақсы ойын күткенін мойындаймыз. Астаналықтар барынша қонақтарды өз қақпасының маңына ығыстыруды көздеді. Алмейда бір қиыс соққысымен көзге түссе, Педро Энрике қақпаға тура бағыттай алмады. Осылай қарсыластар бірін-бірі ала алмай, алғашқы тайм зу өте шықты. Қонақтар сапында Леа-Силикидің соққысын қорғаушы Постинков жауып үлгерді, ал қалған екі эпизодта доп жоғарыға ұшты. Сол секілді Бенсебайни де Эрич қорғаған қақпаны тура көздей алмай, бір шаубылды желге ұшырды. Бірінші ойын бөлігінде Бабаян шәкірттерінің ойыны қарсыластарына қарағанда «көз сүйсінтерліктей» болды. Олар «Ренн» футболшыларынан гөрі, допқа көбірек иелене бастады. Қонақтардың ойынына қарап, тең есептің өзі оларды қанағаттандыратын түсіну қиын емес еді. Бар күштерін ортаға салмай, әйтеуір Астанадан ұпай еншілеп кетуді мақсат етіп қойғандай. Егер сәті түсіп жатса, жеңіске де қарсы емес. Алғашқы таймда бірін-бірі ала алмаған қос команда 0-0 есебімен тең тарқасты. «Ренн» өз чемпионатында сәтсіз ойын көрсетіп жүргені бар. 8 ойында бар болған 8 ұпай жинаған командадан неге жеңісті жұлып алмасқа? Григорий Бабаян үзілісте ойыншыларына осы айғақты саналарына құятыны белгілі. Оның үстіне теңбіл допшылар «Астана-Аренаға» жиналған 28500 алдында намысқа тырысып, бар күш-жігерін салуы керек емес пе?

Екінші тайм біріншісіне қарағанда қауіпті шабуылдармен қызықты өтетеніне үміттене қарадық. Расында да, солай басталды. Рукавина Джуниорға тамаша пас жеткізген, Кабананганы қорғаушылар жауып үлгерді. Олар шабуылшыдан келетін қауіптің салмағы қандай болатынын жақсы біледі. Оған жауап ретінде ұйымдастырылған «Реннің» қарымта шабуылынан түк шықпады. Одан кейін, Гренье Эричтің мықтылығын бір сынап көрді. Қазақстан құрамасының киперін ондай соққылармен алу қиын. Ненадтан басталған шабуыл алда жүрген Кабананганың жақсы бір соққысымен түйінделді. Джуниор қос қорғаушыдан айналып өтіп, сол жақ қапталды көздеп көрген. Бірақ, тамаша соққы маңдайшадан биікке кетті. Педро Энрике де жақсы бір мүмкіндікті жіберіп алды. Ойынның 64-минутында алаңға тыңнан қосылған Мұжықов қақпа алдындағы Кабананганы паспен қамтамасыз еткен. Форвард соққы жасай алмаса да, доп француздардан бұрыштамаға кетті. Корнерді Томасов орындады. Әуедегі таласта Андреның алдын ораған Зайнутдинов допты қақпаға ұрды. «Ренн» кипері Диалло тіпті аңғармай да қалған сыңайлы. Таблоға өзгеріс енді. 1:0! Сонымен, есеп ашылып,  қарсыластардың қимылы ширай бастады. Өз қақпаларына гол жіберіп алған «Ренн» бапкері тыңнан ойыншылар қосуды жөн көрді. Йоханссон ойынға араласып, Андре-Гренье-Бенсабайни үштігі алға жылжыды. Сабри Лямушидің ойлаған тактикасы өте дұрыс. Алайда, ойыншылар бір-бірімен пас алмасуда көп қателікке бой алдырып жатты. Немесе шабуылды түйіндеуге шеберліктері жетіспейтіндей. Оның үстіне есеп ашқан Зайнутдиновты Бабаян Логвиненкомен алмастырып, қорғанысты күшейтуді ойлады. Қалған минуттары «Астана» бес қорғаушымен ойнап, есеп сақтап қалу үшін барын салды. Елордалық команданың қойған «автобусы» қаншалықты нәтиже берер екен? Бүгін де алда жүрген Кабананганың көмегі көп болды. Ойыншы өзіне келген допты сақтап қалып, командаластарына пас жеткізумен де шұғылданды. Бапкер оның аздап шаршағанын ескеріп, орнына Янганы жіберді. Негізгі уақыттың аяқталуына он минуттай қалғанда «Ренн» ойыншылары ояна бастады. Йоханссон таласа жүріп допты өзіне қалдырып, Андреге пас берді. Кеудесімен допты тосып алып, жерге түсірмей тепкен Бенжаменнің соққысы ойлағанындай бола қойған жоқ. Бірақ, Андренің басқа командаласы Бенсебайнидің соққысы тамаша шыққан еді. Спорттық снарядты жерге түсірмей қақпаға бағыттаған алжирліктің добы қақпа бағанына тиіп, кері серпілді. Екінші қайтара шабуылдауға қосылған Греньенің соққысын Эрич қайтарып тастады. Рами тағы да қақпаны көздеген, бұл жолы тым биікке жіберді. «Астана» да 90-минутта ойын тағдырын шешіп тастауға дайын болған. Елордалық 4 ойыншы француздардың 2 футболшысына қарсы шыққанымен, Мұжықов өз аяғына өзі шалынып, не пас беріп қарық қылмады, не өзі соққы жасамады. Белсенділігімен көзге түскен Бенсебайни шабуыл өтіне жақсы шығып бара жатқан Ньянганы доппен жарылқай алмады. Ал бір минуттан соң, Янга лангболл жасап, орта алаңда ашылған Томасовты тамаша байқап, пас жеткізді. Марин қақпа алдына дейін жүгіріп келіп, Диаллодан айласын асырып кетті. Бұл жеңіс голы! Марин бүгінгі ойында керемет жұмыс атқарды. Жанкүйерлер оны бекер Гол+пасов атамайтынын дәлелдеді.

«Астананы» жеңісі әділ ме? Әйтеуір, Бабаянның барлық ойлағаны жүзеге асқан сыңайлы. «Ренн» негізгі құрамдағы ойыншыларын алып келмегені бар, оған қоса алыс жолды артқа тастады. Ең бастысы, «Астана-Аренаның» жасанды төсеніші кедергі болды ма, кім білсін?! Бірақ, оның бәрі жай ғана сылтаулар екенін Сабри Лямушидің өзі жақсы біледі. Бапкер өзінің шәкірттері пас алмасудағы қателіктері мен шабуылды түйіндей алмау мәселесін басты назарда ұстап, сонымен жұмыс жүргізу керегін жақсы біледі.

Астаналықтар қонақтардың барлық қателіктерін сәтті пайдаланып, ойында жеңіске жетті. Әрине, есеп 2-0 емес, 1-1 болуы да әбден мүмкін еді. Бірақ, сәттілік Бабаян командасына серік болды. Бұл жеңіс «Астананы» К тобының көшбасшысы етті. Себебі, «Яблонец» пен «Динамо» Чехияда тең тарқасты.

Ойын аяқталған соң, «Реннің» бас бапкері Сабри Лямуши командасының ойынына риза емес екенін айтты:

– Команданың ойыны жүрмей қойды. Допқа иелік еткеніміз жақсы-ақ, бірақ, шабуылдарды түйіндей алмауымыз үлкен проблема болып отыр. Оның үстіне, алыс жол жүріп келдік. Қарсыласымыз екі гол салып кетті, біз өте шашыраңқы ойын көрсеттік. Қауіпті шабуылдар ұйымдастырдық, бірақ оны түйіндейтін ойыншы табылмады. Сол сияқты ойыншылар бір-біріне тура пас жеткізе алмай жатты. Осының барлығы бүгінгі жеңілісімізге әкеп соқтырды. Командам көп ойыннан бері жеңіске жете алмай келеді. Бұл баланстың болмауы немесе футболшылардың өзіне деген сенімінің жоғалғаны ма деп ойлаймын. Қорғаныста да, шабуылда да тиімді ойнай алмадық. Шабуыл жүрмесе, доп жіберіп алмауымыз керек еді. Алдыңғы шепте агрессивті ойнап, қанағаттандыратын нәтижеге қол жеткізуге әбден болар еді. Жеңіліске лайық емеспіз. Қатты көңіл күйіміз түсіп отыр. Бізге әлі көп жұмыс атқару керек. «Астана» топтық ойындарын жақсы бастады. Алайда, әлі алдымызда төрт матч бар. Уақыт көрсетеді. Топтағы талас қыза түсетіні анық.

«Астананың» бас бапкерлік міндетін атқарушы Григорий Бабаян шәкірттері жеңіске лайықты ойын көрсеткенін айтты:

 – Барлық Қазақстанды осы жеңіспен құттықтаймын! Сол сияқты жақсы ойын өрнегін көрсетіп, соңына дейін күрескен барлық ойыншыларыма алғысымды айтамын. Мұндай матчтарда жеңіске жету үшін сәттіліктің серік болғаны маңызды. Ойын соңына қарай футболшылар шаршай бастады. Бұл Қазақстан чемпионатының қарқыны басқа деңгейде екенін аңғартады. Шәкірттерім жеңіске лайық ойын көрсетті. Стадионға жиналған барша жанкүйерлерге де рахмет. Олар еуропалық атмосфера жасап, тамаша қолдау көрсетті. Кляйнхайслерге келер болсақ, ол аздап ауырып тұрды, футболшының денсаулығын бірінші орынға қойып, бүгін оны шығармауды жөн санадық. Зайнутдинов өзі пайда әкелетін позицияда ойнады. Ойын соңында шаршап қалғанын айтып, өзін алмастыруын өтінді. Алдағы кездесулерге тыңғылықты дайындалатын боламыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға