Қандастар Ассамблея

«Қайрат» Чемпиондар лигасындағы жорығын бастады

Хайфада жергілікті «Маккаби» клубымен өткен ойын тең аяқталды

«Маккаби» (Хайфа, Израиль) – «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – 1:1 (1:0).

Гол салғандар: 1:0 Атцили, 45, 1:1 Әліп, 76.


«Маккаби»: Коэн, Меир, Планич, Гершон, Менахем, Мохамед (Дахан, 66), Лави (Родригес, 14), Абу-Фани, Шери (Хазиза, 66), Атцили (Бен Саар, 82), Доньо (Давид, 66).

«Қайрат»: Покатилов, Оганесян (Миканович, 85), Дугалич, Әліп, Сүйімбаев, Поляков, Әбікен (Үсенов, 70), Косович, Вагнер Лав, Шушеначев (Әліқұлов, 70), Канте (Буранчиев, 85).

Қазақстандық команданың бас бапкері Кирилл Кекер алғашқы минуттан маусым басынан бері тұрақты түрде негізгі құрамнан орын алып келе жатқан ойыншыларға сенім артқан. Тек оң қапталда Миканович пен Оганесянның бірін таңдауға тура келіпті. Кекер Диноның жарақаттан енді айыққанын ескеріп, армян футболшысын жасыл алаңға жіберді. Ал Сүйімбаев өзінің үйреншікті қапталына жайғасты. «Маккаби» құрамында өзгеріс көп: Барак Бахар орталық қорғанысқа жарақат алған Араданың орнына Плакичті шығарса, Раз Мейрді командаға енді қосылған Шон Голбергтен тәжірибелі екенін ескеріп, ойынға араластырыпты. Израильдік команданың ойын құрылымы 4-3-3-ті көрсеткенімен, матч барысында ол схеманың қате екенін аңғаруға болады. Немесе бұл бас жаттықтырушының қарсыласына деген тосын сыйы ма екен? Орталық жартылай қорғаушылар Лави – Абу-Фаниден төменірек Али Мохамед өнер көрсетсе, шабуылдағы Доньоға тиісінше сол мен оң қапталдан Атцили мен Шери көмектесетін болады.


Бірақ, матч басында-ақ Атцили ауадағы допқа таласта, жерге ыңғайсыз түсіп, микрожарақат алып қалды. Одан кейін халық командасының форварды Канте де аз-кем аяғын ауыртып алған. Алғашқы бес минуттықта алаң иелерінің ойынын бақылап қана жүрген қайраттықтар қауіпті шабуыл ұйымдастыра білді. Әбікен өз қапталынан Шушеначевті іске қосып, Артур өкшемен Вагнер Лавқа керемет пас шығарып, Коэнмен бетпе-бет қалдырған. Бразилия елінің өкілі киперден допты асырам деп қақпадан әріге тепті. Аз уақыттан соң, қазақстандық команданың ойыншылары қақпа алдына дейін пас алмасып, Кантені қақпашымен жеке қалдырған. Хосе маңдайшаны көздеді, бірақ бірер секунд бұрын қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп үлгеріпті. Он минутты араға салып орталық алаңда Косович қарсылас ойыншымен қақтығысып қалған. «Қайрат» аяқдопшысы дәрігерлер көмегінен кейін ойынды жалғастыра алды. Осы ретте Барак Бахардың капитаны Лави Әбікеннен кейінгі қақтығыстан соң, өз-өзіне келе алмай, орнын Хосе Родригеске босатып беруге тура келді. Алғашқы таймның жиырма минутына дейін «Маккаби» ойыншылары шабуылды жандандыра алмады. Оң қапталдан жақсы мүмкіндік тауып беруге ұмытылған Атцилидің ойын қайраттықтар оқып қойған соң, Оганесянның қорғанысын бұзып-жара алмаған Годсвей армяндық футболшымен жаға жыртысуға дейін барды. Бас қазы оның мұндай әрекетін сары қағазбен бағалады. Алғашқы таймның орта тұсында қонақтар Кантеге ереже бұзған тұстан допты ойынға қосып, жылдам шабуылға шығып кеткен, Поляковтың добы Коэн қорғаған қақпаның оң жағынан зу өте шықты. Алайда, «Маккаби» жарты сағаттан өткен соң, ойынды өз қолдарына ала бастады. Родригес қайраттықтардың орталық алаңын көзге ілмей, Доньоға Покатиловпен бетпе-бет шығатындай пас берген, соңғысының соққысын Стас кеудесімен қайтарды. Бір минутты араға салып, тағы да израильдік ойыншылар алматылықтардың қорғанысында шикілік барын көрсетті. Бұл жолы Атцили Дугаличті алдап өткенмен, оны сақтандыруға келген Әбікеннен аса алмады. «Қайрат» Кантенің орта дистанциядан жасаған қиыс соққысымен жауап берді. Бірақ, алғашқы таймның соңына қарай, алаң иелері өз ойынын тауып, Покатилов қорғаған қақапаны жиі көздеді. Алдымен Дугалич Шеридің соққысына тосқауыл болса, корнерден келген допқа Стас дер кезінде жауап қата алмағанмен, Израиль клубының ешбір аяқдопшысы оны қақпаға дәлдей алмады. Он бес минуттық үзілістің алдында «Маккаби» сол қапталдан шаубыл ұйымдастырып, голмен аяқтады. Шеридің алыстан жеткен пасын қабылдаған Атцили Оганесян мен Әбікенді алдап өтіп, Абу-Фанимен пас алмасып, Покатилов қорғаған қақпаның торын дәл көздеді. Қайраттықтарда жылдам таразы басын теңестіріп алатын мүмкіндік болған. Әліптің керемет лонгболлынан кейін Вагнер Лав қақпаны көздеп көрген, тағы да қиыс! Алғашқы таймда алматылықтардың шабуылы өткір болғанымен, гол салу сәті бұйырмады. Бір Вагнер Лавтің өзінде екі бірдей жақсы мүмкіндік болды. Алайда, бразилиялық шабуылшы Коэн қақпасының кілтін таба алмай, қара терге түсті. Сонымен қатар, алаң иелері де шабуылдарын жиілетіп, Стастың ойынға жиі араласуына себеп тауып берген. Жақсы сейвтер жасаған Покатилов Атцилидің көзге түсуіне тосқауыл бола алмағаны өкінішті. Бұл жерде тек кипердің емес, барлық қорғаныстағы ойыншылардың кінәсі бар.


Екінші таймды алматылықтар белсенді бастады. Айып добынан кейін сол Вагнер Лав маңдайшадан биіктеу тепті. Дегенмен «Маккаби» де қорғаныста қалып қойған жоқ. Жеке ойыншылардың шеберліктеріне сүйеніп, «Қайрат» қақпасының маңайын торуылдады. Черногориялық бас қазы Милачич қонақтарды бір пенальтиден аман алып қалған сыңайлы. Шери дриблингпен қақпа алдына кіргенде Косович кішкене итеріп қалғандай (бұл жерде басқа арбитр болса бірден 11 метрлік нүктені көрсетер еді). Содан кейін израильдік капитанның диагональ пасы Доньоға жетіп, Годсвей Покатиловтің тағы бір сейв жасауына мүмкіндік берді. Оның ізін ала Атцили бір соққы жасаған еді, Омердің аяғына доптың дұрыс жатпауы қонақтарға тиімді болды. Осындай қысымның арқасында «Қайратқа» тағы бір гол салып алуды көздеген Барак Бахар үш бірдей ойыншыны ауыстырып, шабуыл шебін күшейткен. Алайда, «Қайрат» бапкері Кирилл Кекер де Үсенов пен Әліқұловты ойынға қосып, таразы басын теңестіруді ойлады. Олардың жасыл алаңға шығуының арқасында сол қаптал жақсы өнер көрсете бастады. Осы жақтан келген доп Планичтің басына тиіп корнерге кетті. Косовичтің бұрыштамадан көтерген аладобы Әліптің басына тиіп, қақпа торында тулады. Ақиқатына келгенде қайраттықтар бір голға әбден лайық ойнаған еді. Бірақ, қонақтар бұл сәттіліктен кейін де өз бақтарын Коэн қорғаған қапа жақтан іздеуін жалғастыра берді. Үсенов орта дистанциядан соққы жасап көрген, қиыс ұшты. «Маккаби» ойыншылары Хайфа стадионына жиналған аншлагты қуанту мақсатын ойлап, жеңіске ұмытылды. Жаңадан ойынға қосылған Давид командаластарынан келген пасты Стас қақпасына бағыттайымн деп, Покатиловпен соқтығысып қалды. Бірақ, оның жасаған соққысы қиыс кетті. Сол қапталдан Атцилидің жасаған соққысы Дугаличтің аяғына тиіп автогол болуға шақ қалды. Раденің бағына орай спорттық снаряд қақпа бағанынан кері қайтты. Ойын соңы тартысқа толы өтті. Кекер мәселе көп туындаған оң қапталға Микановичті жіберсе, орталықтағы ойынды реттеуге Буранчиевті қосты. Арсен Косовичтің ойластырған қарымта шабуылында гол салуға шақ қалды. Оның соққысын Гершон жауып үлгерді. Бұл шабуылға жауап ретінде жергілікті аяқдопшылар «Қайрат» қақпасына лап қойды. Ойынға енді қосылған Бен Саар Покатиловтан айласын асыруға ұмтылғанмен, Стас допқа аяғын қойып үлгерді. Одан кейін де Бен Саар Абу Фанидің пасынан кейін соққы жасаған, Әліп тосқауыл болды. Бірақ «Маккаби» командасы бірден бас қазыны айналшықтап, пенальти сұрап көрген. Екінші деммен Хазиза сол қапталдан айып алаңына кіруге ұмтылды, бірақ Үсеновтың қолына қатты соғылғандай құлады. Милачич бұл жолы да үнсіз қалды (әрине, мұндай тұста VAR көмегіне алаң иелері жүгінуге қарсы емес еді). Төреші қосқан қосымша минутта Вагнер Лав орталық алаңға дейін жүгіріп келіп, Әліқұловтың басына қарай пас берген. Коэн қырғыз фтуболшысының басынан допты қағып үлгерді. Бұл тұста Гүлжігіттің де бойының қысқалығы израильдік киперге қол болғаны анық. «Қайраттың» 7 нөмірлі ойыншысы доп үшін соңына дейін таласып бақты. «Қырғыз Мессиі» қанша тырысқанымен қақпаға тура соққы жасауға мүмкіндік тумады. Финалдық ысқырықтың алдында Сүйінбаев қақпаға соққы жасап көрген, тағы да қиыс. Таблода 1:1 есебі. Әрине, екі команда мұндай тең есепке қарсы болмағанмен, жеңіске бір табан жақын қалғанын жасырмайды. «Қайрат» жақсы шабуыл жасап, Коэн қақпасының кілтін неше рет іздеп баққанымен, футболшыларға дәлдік жетіспеді. Сол сияқты «Маккаби» ойыншылары да Стастың керемет өнерінің арқасында есепті еселей алмады. Бірнеше рет пенальти сұрағандары тағы бар. Басқа төреші болса сол үш мүмкіндіктің бірін 11 метрлік айыпдобы етіп белгілері анық еді.


Бұл жылы, қонақта салынған голдың екі бірдей допқа саналуы «эффектісі» жойылғанын айта кету керек. Алматыда екі клуб та жеңіс үшін ойнайды. Израильде жергілікті чемпионат әлі бастала қоймағанын ескерсек, бұл ретте «Қайратта» басымдық бар. Жауапты кездесу 14 шілде күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.

(Суреттер «Қайрат» клубының ресми сайтынан алынды)