Жаңалықтар

Қыз қылықты, келін сүйікті болуы үшін...

Сыпайы сөйлеу — сырбаздық
Қыз қылықты, келін сүйікті болуы үшін...
24.11.2021 12:02 30582

Жылы жылы сөйлесең, жылан інінен шығады. Иә, кез келген адам жақын туысына болмаса көршісіне деген ізгі ілтипатын айтқан жылы сөздер мен сөз мәнерінен байқауға болады. Қай ортада болмасын сөзді дұрыс қолдана білу яғни дұрыс сөйлей білу – үлкен өнер. Сөйлеушінің білімділігі, мәдениеттілігі, өнегелі отбасыда тәрбиеленгендігі оның сөйлеген сөзінен көрінеді. Бұрыннан жарасымын тапқан дұрыс сөйлей білу жақсы дәстүрі жайында Жамал Байжанованың «Қызым, саған айтам...» кітабына сүйене отырып толығырақ айтатын боламыз.

Тіл деген жылдан-жылға дамып, жетіле береді де, оның сөздік қоры молая түседі. Сол сияқты біздің қазақ тілі де қазіргі дәуірде бұрынғысынан анағұрлым дамып, сөздік қорымыз молайып, сөйлеу мәдениетіміздің жоғарылай түскені баршамызға мәлім. Дегенмен, жастар арасында жоғарыда айтылғандай кедір-бұдыр» сөйлейтіндер әлі де жоқ емес. «Біреу тауып айтады, біреу қауып айтады» дегендей, айтар сөзін білмей, «қауып алатындар» да бар. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірер мысал келтіре кетейік.

Осыдан бір-екі жыл бұрын Қостанай облысының Наурызым ауданында тұратын бір туысқанымыздың үйінде болғаным бар. Ол үйдің иесі Отан соғысының ардагері, совхозда көп жыл еңбек озаты болған еліне қадірменді қарт еді. Бәйбішесі де жылы жүзді, жайдары мінезді ақжарқын кісі. Бұлардың екі ұл, бір қызы бар болатын. Қызы күйеуге шығып кеткен де, үлкен ұлы үйленіп, өз алдына отау болып отыр. Ал кіші баласы келіншегімен ата-анасының қолында тұрады екен.

Қыз қылықты, келін сүйікті болуы үшін...

Осы кіші келінінің мінезі шәлкес, тілі «ұзындау», қалай болса, солай сөйлей салатын, үлкенді сыйлап, кішіні аялай білмейтін дөрекілеу, адам сияқтанды. Бірақ та, енесі келінінің «жақсысын асырып, жаманын жасырып» дегендей, «қарағым-шырағым» деп еппен ұстап отырғандай көрінді. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дейді ғой халқымыз. Мен барған күні-ақ сол келіннің «кедір-бұдыр» сөйлейтінін атасына «сөйлемей отыр!» деп жекіп тастауы мен енесіне де бір сөз арасында «жап аузыңды!» деп әкірендеуінен, күйеуінің де аузын қақпайлап, сөйлетпей отырғанынан сезген едім.

Арада екі-үш күн өткеннен кейін әлгі ағамыз сырттан аптыға кіріп, «Қарағым-ай, әлгі екі ит төбелесіп жатыр, маңайларына баруға қорықтым. Сен шығып, қой деші, мүмкін сенен ұялар, түге» деді. Есік алдына шықсам, қарттың келіні мен баласы шынымен-ақ төбелесіп жүр екен. Келін деген күйеуінің шашынан қос қолдап ұстап алып, сүйреп барады. «Әй, не болды сендерге» деп едім, жігіт ұялды-ау деймін, әйелдің екі иығынан ұстаған қолын тартып ала қойды. Ал келіншегі долданып, «Қолында өлем осы иттің, қолында өлем!» деп өршелене түсті. Қойшы, әйтеуір, сол арада көрші-қолаңнан адамдар жиналып, екеуін әрең ажыратып алдық.

Кейіннен бұл ұрыстың неден шыққанын сұрастырып байқасак, жігіт жұмысқа бару үшін ат ерттемекші болып жатып, «Әй, Зылиқа, анау қасыңда жатқан тоқымды әпере қойшы маған десе, Зылиқасы оған: «Үрме!» депті. Міне, ұрыстың басы осыдан шығыпты. Осы арада Зылиқа күйеуін балағаттамай-ақ, қасында жатқан тоқымды әпере салса, несі кетер еді?

Содан кейін жігіт: «Зылиқаны тастаймын, мен оның алдында ит болып, құйрығымды бұлғаңдатып тұра алмаймын, адамша сөйлей білмейді, бір сөз айтсаң «үрме» дейді, мұнымен қалай өмір сүрмекпін», — деп, бұлан-талан болды. Бәріміз жабылып: «Қарағым, қой, Зылиқа әлі жас емес пе, оны тәрбиелеу керек, үйренер. Бұдан былай ондай жаман сөз айтып, балағаттамас. Семьяңды бұзба, қалқам», деп жалынып, жалбарынып, әрең тоқтаттық. Одан кейінгі жерде қалай отасып жүргендерін кім білсін. Міне, «адам тілі тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген осы.

Ертеңіне бір оңаша қалғанымызда: «Шіркін-ай, келінің кежір болса, өмірің өксіп өтеді екен ғой, — деді қария, — осы келіннің мінезін кемпір екеуміз білдірмеуге тырысып-ақ келеміз, не пайда, «айды етегіңмен жаба алмайсың» деген рас қой, Мынау өзімізбен көршілес отырған Құланбайдың да осылар сияқты келіні мен баласы бар қолында. Соларға сырттай қызыға қарап отырамыз. Сүттей ұйып отырған бір семья. Шіркін, келіні нағыз сырбаздың өзі. Ата-енесінің алдынан кесіп өтпейді, күйеуінің де, қолындағы қайнысының да бетінен алып балағаттамайды. Тіпті, басқа біреуге де қатты сөз айтқанын көрген емеспіз сол келіннің. Ондай келіннен айналып өлсең болмас па. Қайтейін, тағдырдың мандайымызға жазғаны шығар», — деп бір күрсініп қойды қарт.

Міне, осының бірі «қауіп айтудың» кесапаты да, екіншісі «тауып айтудың» шарапаты.

Тойда немесе басқа бір үлкен мерекелі дастарқанда отырған жағдайда да бағзы бір келіндеріміздің күйеуіне үстемдік көрсетіп, асыра сөйлеп отырғанын байқап қаламыз. Мұндайда «арлы арына қараса, арсыз жеңеді» деген осы да деп отырамыз ішімізден. Ал кейбір келіндердің осындай жерде үлкендердің алдында тал шыбықтай иіліп, өзінің жолдасына да, замандастарына да сыпайы сөйлеп, жарқылдап күліп жүргені қандай жарасымды десеңізші.

Жалпы, қыз қылықты, келін сүйікті болуы үшін орынсыз сөйлеп, бейпіл ауыз болудан сақтануы қажет екенін қыздарым есінен шығармаса дер едім. Үй ішінде болсын, мейлі қызмет орнында яки көшеде жүргенде болсын былапыт сөз айтпай, сыпайы сөйлеген жақсы. Әсіресе үй ішіндегі ата-аналарың мен жас балалардың алдында жаман сөз айтудан сақ болған жөн. Ақырып, жекіріп айтқан былапыт сөзден гөрі орны мен сыпайылап айтқан сөз ұтымдырақ келетінін естен шығармаған дұрыс.

 

Отбасының сәні — сыйластық

Кісі сыйлай білу деген адамның ақылдылығына, мәдениеттілігіне, білімділігіне, әдептілігіне байланысты. «Сыйға-сый, сыраға-бал» дейді халқымыз. Үй ішіндегі ата-анасын, аға-інісін, апа-қарындастарын, төңірегіндегі қатар құрбыларын сыйлай білген жастың өз басы да сыйлы болады. Біздің тілімізде сыпайы» және бұған қарама-қарсы мағынада айтылатын «тұрпайы» деген сөздер бар. Жұртты сыйлай білетін әдепті кісіні сыпайы десек, үлкеннен ұялуды, кішіні сыйлауды білмейтін бейпіл ауыз адамды тұрпайы дейміз. Халықтың ауыз әдебиетінде адамның жүріс-тұрысына, мінез-құлқына қарай жақсыны мадақтап, жаманды шенеп айтылатын өлеңдер бар.

Солардың бірінде:

Көгінен де алманың ағы жақсы,

Барынан да жаманның соғы жақсы.

Бір сөз айтсаң жаманға «қорс» етеді,

Қорғасындай балқыған қайран жақсы! —

дейді.

Міне, осы бір шумақ өлеңде жақсы адамның жағымды да жайдары мінезі мен жаман адамның екі сөзге келмей торсандай қалатын тұрпайы мінезі айқын бейнеленіп тұр. Жақсы адамның сыпайылығы да, жаман адамның тұрпайылығы да оның жүріс-тұрысынан, істеген ісі мен сөйлеген сөзінен ап-айқын көрініп тұрады. Сыпайы адам жасы үлкен кісіні көргенде иіліп сәлем беріп, хал-жағдайын сұрайды. Біреуге қатты сөз айтып жәбірлемейді, көпшілік бас қосқан жерде орынсыз қалжың айтып, ыржалақтамайды; жоқтан өзгеге ашуланып, біреуді бекерге балағаттамайды. Ал мұның керісінше, тұрпайы адамнан неше түрлі сөлекет мінездің бәрін де күтуге болады.

Әрине, үй ішінде кесе-аяқ сылдырламай тұрмайды. От басындағы ұрыс-қағыстың бәрі үнемі жастардан — келін мен баладан шығады деуге де болмайды. Кейде албырт жасты жіберіп-тартып, ақылмен ұстаудың орнына біздер. Яғни үлкендер де ағаттық жасап, қатты кетіп қаламыз. Келін деген біреудің ағым-көгім деп, әлпештеп өсірген қызы. Бөтен ортаға, яғни танымайтын адамдардың арасына түскенде қыз бала бір жағынан ойындағысын айта алмай қысылса, екінші жағынан бұрын сырмінез болмаған адамдардың көңілінен шығам ба, жоқ па деп қобалжиды. Ата-енесінің кейбір жай айтылған сөздерінің өзі де кейде оның көңіліне ауыр тиюі мүмкін. Осындай ата-ене мен келіннің арасындағы нәзік қатынас туралы ауыз әдебиетімізде мынадай бір аңыз бар.

Ертеде бір шаруа кісі жалғыз баласына өзі теңдес біреудің қызын алып береді. Келіншек түсіп, той тарқаған соң екі-үш күннен кейін жас келін өзінің отауында қыздармен сөйлесіп отырып, қатты күледі. Сол кезде атасы сыртта дәрет алып отыр екен, келінінің қатты күлгенін ерсі көріп: «Осыншама саңқылдап күлген қандай көргенсіздің баласы екен!» депті. Бұл сөз жас келінге өте ауыр тиеді де, сол сағаттан бастап ол мүлдем сөйлемей қояды. Кешке күйеуі келіп тіл қатса, келіншегі мылқау адам сияқтанып үндемейді. Арада төрт-бес күн өткеннен кейін күйеуі өзінің шешесіне келіп, «келініңізге бір нәрсенің салқыны тиген бе қалай, тілі байланып қалыпты» дейді. Бұл сөзді естігеннен кейін атасы өз еліндегi бақсы-балгердің бірін қалдырмай, келінін көрсетіп, емдетуге тырысады. Ал келінге ешқандай ем қонбай, сол тілсіз қалпында жүре береді. Келін ата-енесін жақсы күтетін болса керек, сонымен оны тастауға қимай 6 жыл күтеді. Келінге мүлдем ем қонбай, тілі шықпай қойған сон, 7-ші жылға қарағанда отағасы баласына тоқал алуға рұқсат береді.

Бұрынғы келіннің сөйлеп кеткенін естіген атасы ақсарыбас айтып, «ойбай балам, ана сампылдаған тоқалынды құрт, ақ келінімнің садағасы кетсін!» деп, жаңа келген келінді отауын да тіктірместен, төркініне тастапты.Кейіннен келінінің жеті жылдай сөйлемей қойған себебін естігенде: «Ах, сақалдыдан кеткен ағаттық, сайтанға болар тояттық!» — депті атасы.

Міне, бұл үлкен кісінің аңдамай айтқан бір ауыз сөзінен жастың жүрегіне қандай ауыр жара түскенін көрсетеді.

Бұл келтірілген мысалдардан біз семьядағы сыйластық мәселесі сол семья мүшелерінің өздерін байсалдылықпен ұстай білуіне, бірін бірі түсініп, ұғыныса білуіне байланысты екенін аңғарамыз. Кейбір өркөкірек, қуыс кеуде келіндер: «менін дипломым бар!» деп кеудесін қағып, күйеуінің әке-шешесін менсінбей: «жаман кемпір, жаман шал» деп төбесінен қарай келеді. Мұндай ақылсыз келіннің ата-енемен сыйысуы қиын. Ал кейбіреудің келіні жап-жақсы, сыпайы адам болғанда, енесі тұрпайы болып, «отырса-опақ, тұрса-сопақ» дей берсе, ондай семьяда да сыйластық болмайды. Осы кезде кейбір ақылды бәйбішелер: «қазіргі келіндерге келін болсаң ғана сиясың ғой» дейді. Мұны екінші сөзбен айтқанда, қазіргі келіндер өзін сыйласаң, сені де сыйлайды деген мағынада түсіну керек. Сыйластық екі жақтан, яғни ата-ана мен келін-баладан бірдей болуға тиіс.

Қорытып айтқанда, үлкеннің үлкендігі, кішінің кішілігі болуға тиіс. Үлкен адам өз балаларына жамандық ойламайды, тек олар кейде ақыл түрінде жұмсақ айтса, кейде ашуланып қатты айтуы мүмкін. Жастар кішілік жасап, үлкеннің ондай ашуын көтеруге тиіс. Әкесі яки шешесі бір сөз айтса, «сен білмейсің» — деп өре түрегелетін жастар да бар. Ондай сөздер ата-анаға ауыр тиетінін жастарымыз есінен шығармағаны жөн. Үлкен адам тіпті теріс айтып тұрған жағдайда да жастар оған қатты сөз айтып, бетінен алмай-ақ, сіздікі дұрыс дей салғаны немесе ол кісінің ағат сөйлеген жерін кейінірек жайлап айтып, түсіндіргені жөн. Сондай-ақ, ағалы-інілі немесе апалы-сіңлілі жастар да өзара бірін-бірі сыйлап, үлкенді үлкен, кішіні кіші тұтып ұстай білсе, бастары сыйлы, шаруалары жайлы болары сөзсіз. Үлкенді сыйлау біздің халқымыздың ежелгі дәстүрі. Ол дәстүр бойынша жастар үлкен кісінің алдын кесіп өтпеуге, үлкенмен сөз жарыстырмауға, тіпті, үлкендердің алдында қатты күлмеуге тиіс. Осындай ата дәстүрімізді ұмытпасақ, семьяның да шырқы бұзылмаса керек.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ұлттық дәстүрі болады. Мәселен, біздің қазақ халқында келін түсіру, қыз ұзату тойы, бала туғанда шілдехана жасау сиякты бір семьяның немесе өзара құдаласқан екі семьяның қуанышын білдіретін дәстүр бар. Ал ертеректе дінге байланысты ораза айтын, құрбан айтын өткізу де дәстүр болған. Құрбан айтында үй басы айт шаламыз деп мал соятын да, сол малдың етінен бір жапырақ алып қалмастан асып, бүкіл бір ауылдың немесе екі-үш ауылдың адамдары түгелімен жағалай кыдырып жүріп, сол сойылған малдардың етін жейтін. Айт күні қазан асқан әйелдерден басқа ешкім жұмыс істемейді, жұрттың бәрі үстіне бар тәуір киімдерін киіп алып, үйден үйге қыдырып жүретін болған. Бұл сияқты, діни көзбояушылықтан туған бекерге малды қырып, күні бойы қыдырып жүретін айттау «мерекесі» феодализм дәуірімен қоса құрып кетті. Қыз ұзатудағы қалыңмал беру, қыздың ата-анасынан жасау талап ету де сол феодализммен бірге құрыды.

Қазіргі біздің Жеңіс күні тағы сол сияқты баршаға бірдей жаңа дәуірдің жарқын мерекелері бар. Сол сияқты, қыз ұзатуда, келін түсіруде өткізілетін тойларымыз да өмір салтына байланысты өзгеріп, жаңа — социалистік мазмұнға ие болды. Қазір қыз ұзату, келін түсіру тойы емес, жастардың үйлену тойы деп атайтын болдық. Мұның себебі көпшілік жағдайда жастардың жұмыс істейтін немесе оқитын жеріндегі коллективі (мәселен, совхоздарда, институттарда, көп адам жұмыс істейтін завод сияқты үлкен коллективтерде) комсомолдық той жасайды. Бұл той жеке семьяның үйде, не кафеде өткізетін тойларынан анағұрлым қызықты да беделді болады, екінші сөзбен айтқанда, үйде өткізген той — семья тойы болса, бүкіл коллективпен бірге өткізілген той — сол коллективтiң тойы болады. Осындай комсомолдық тойдың бірнешеуіне қатынасып та көргеніміз бар және сол комсомолдық той жасап, бүкіл коллектив мүшелерінің жақсы лебізі мен игі тілектерін естіген жастардың өнегелі отбасы болып кеткенін де білеміз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға