Жаңалықтар

Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументі

Қазақстанның киелі жерлері
Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументі
23.08.2017 11:02 14017

«Бірлік» монументі «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның құрамына кіреді. Бұл тарихи маңызға ие қорық 1993 жылдың 26 мамырында арнайы Елбасы Н.Назарбаевтың қаулысымен ашылған еді. Құтты тарихи мекеннің аумағы 1134 гектар жерді алып жатыр. Мұнда тарихи маңызға ие он ескерткіш бар.

Ордабасы тауында қазақ халқының басына күн туғанда жоңғар шапқыншылығына қарсы үш би (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би) бас қосып, елдің ертеңі үшін ортақ шешім жасап, бірлікке бастады. «Қазақ рухының қағбасы болған» (Ә.Кекілбаев) орында еліміз тәуелсіздік алғаннан соң 1993 жылы мамырдың 26-28 жұлдызында ел Президенті Назарбаевтың бастауымен Төле, Әйтеке, Қызбек биді еске алу шарасы өтіп, айтулы жиынға Өзбекстанның бұрынғы Президенті Ислам Кәрімов пен, Қырғыстанның экс-басшысы Асқар Ақаев қатысқан болатын.

Нұрсұлтан Әбішұлы халқымыздың басын біріктірген киелі тауда үш бидің рухын мәңгі құрметтеу үшін монумент орнату жөніндегі қойылған белгітасты ашып берген еді. 1997 жылы көктемнің алғашқы айында «Бірлік» монументінің құрылысы басталып, оған осы облыстағы бірнеше мекеме мен қолынан іс келетін азаматтар көмек қолын созды. Сол жылдың 19 қыркүйегінде ескерткіштің ашылу салтанаты болып, оған Елбасымыздың өзі қатысты. Монументтің жобасын жасаған сәулетші Ғ.Садырбаев еді.

«Бірлік» монументінің биіктігі 28 метрді құраса, төменгі шеңбер диаметрі сегіз метрге жетеді. Ескерткіштің үш бұрышындағы стелалар ақ мәрмәрдан жасалған, олар үш бидің тұлғасын білдіреді. Оның батыстағы қыры Сырдарияға, солтүстік қыры Қаратау тауларына, ал оңтүстік-шығыс қыры болса киелі Қазығұрт тауларына қарай бағытталған. Ескерткіштің әр бетінде  Төле, Қазыбек, Әйтеке айтып кеткен ұлағатты сөздер тасқа қашалып, жазылған.

Монументтің ортасына бекітілген шаңырақ, бұл 130-дан аса ұлт өкілдері мекен етіп жатқан еліміздің бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп жатқанының белгісіндей. Сол шаңыраққа «ынтымағымызға көз тимесін» деген ырыммен тұмар ілінген. Ал төменірек тұрған шашбау-сылдырауық болса, «ел мен жерімізді қорғаңдар, құлақтарың әрдайым түрік жүрсін» деген ұлы билердің ескертпесі секілді.

«Жүзге бөлінбей тұтас мемлекет болсақ» деген мағынада монмуенттің төбесінде хан қалпағының бейнесі бар. Бұл Бірліктөбе теңіз деңгейінен 530 метрдей биіктікте жатыр, сол себепті де монумент жүздеген шақырымдардан көзге ұрылып тұрады. 

Монумент алдындағы алаңда Елбасының «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деген сөзі жазылған тұғыртас бар.

Ордабасы тауында жүргізілген соңғы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде тау айналасынан екі жарым мың жыл бұрын жерленген сақ тайпаларының ұлы көсемдерінің бейіттері табылған.  Киелі тау бұл күндері ғана емес сонау сақ дәуірінде де ерекше маңызға ие болса керек.

Ордабасы тауында тағы да көзге түсетін ерекше дүние бар. Ол 1993 жылы қойылған тайқазандар. «Бір үйдің балалары секілді бір қазаннан ас ішейік» дегендей тайқазан, халықты татулыққа үндейді.

Ордабасы – қашанда қазақтың басын біріктірген, татулықтың, ынтымақтың, бірліктің нышаны болып қала береді.

«Бірлік» монументі орналасқан «Ордабасы» ұлтық тарихи-мәдени қорығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны Оңтүстік Қазақстан облысында, Шымкент қаласынан батысқа қарай 45 шақырымдық жерде, Ордабасы ауданында орын тепкен. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға