Жаңалықтар

Қорқыт Ата кесенесі: Аңызға толы ақиқат

Қорқыт ата деген кім?
Қорқыт Ата кесенесі: Аңызға толы ақиқат
29.11.2017 13:45 54965

Қорқыт ата деген кім? Ол өмірде болған адам ба? Әлде аңыздарда ғана кездесетін тұлға ма? Осы тектес сауалдар әлі күнге дейін кездесіп жатады. Қорқыт баба жайында аңыз да, дерек те жетерлік. Әфсаналардан оқыған ерекше кейіпкер туралы зерттеп-зерделенген дүниелер де аз емес. Алдымен, аңыздарға көз жүгіртсек... Қорқыт Ата жайлы аңыздарда оны анасының үш жыл бойы құрсағында көтергені айтылады. Аяғы ауыр әйелге жыл сайын толғағы келіп отырған екен. Қорқыт өмірге келетін сәтте жер бетінде ерекше қараңғылық болыпты. Қара түнек үш күн, үш түн бойы жалғасып, ел-жұрттың бойын үрей билеген екен. Осы оқиғаға байланысты дүниеге келген баланың есімі Қорқыт қойылды делінеді әфсанада. Ал, зерттеуші ғалымдар Қорқыт атауына әр түрлі түсініктеме береді. Мысалы, Әуелбек Қоңыратбаев тұлғаны ырыс әкелуші адам деп пайымдаса, Сейіт Қасқабасов адамзаттың өлімі, өмірдің сарқылуын Қорқыт пәлсәпасымен байланыстырады.

Қорқыт Ата туралы аңыз-әңгімелерде түркілердің екі дүние хақындағы сенімдері көрсетіледі. Аңызда Қорқыт Атаның ұйықтап қалған сәтінде «Егер, ажалды жадыңа алмай жүрсең, мәңгілік ғұмыр кешесің» делінген аянды естігендігі сөз етіледі. Бірнеше жылдар өткеннен кейін қашып жүрген баспағын ұстай алмай, жете алмаған соң, ол: «Өлсем де, жетем!» - деп айтып қалады. Оның аузынан шыққан осы бір сөз Қорқыттың өмірін күрт өзгертеді. Оған Әзірейіл періште келіп: «Сен ажал жайлы есіңе алдың, мәңгілік жасау енді сен үшін емес!» - дейді.

Қорқыт образы желмая мініп, ел-жұрты бақытты ғұмыр кешу үшін жерұйық іздеп, бар өмірін ажалмен күресуге жұмсаған адам бейнесінде көрсетіледі. Халықты өз жыр-күйлерімен тамсантқан Қорқыт ата өмірінің ақырында ынтымағы қашқан елінің бөліне бастағанына күйініп, мәңгі өмірді іздеу үшін шартарапты шарлап кетеді. Алайда, қай жаққа аялдаса да, кезіккен адамдардың бәрі көр қазып жатады. «Бұл кімге қазылған көр?» десе, «Қорқытқа арналған көр» деген бір жауапты ести береді. Ақырында жердің кіндігін тауып алсаң, өлмессің деген аян келген соң, туған топырағы – Сырдың бойына келеді. Мұнда ол мәңгілік өмір өнерде ғана болады екен деп, қобызды ойлап табады. Басқа аңызға сүйенсек, ол өзеннің орта тұсына кілемін төсеп, үстіне жайғасып қобызын ойнағанда, күйдің қуатымен суға батпайтындығы айтылады. Қорқыт қобызын қолға алған кезеңдерде сол елде ажал болмапты. Ел-жұрт тек шаттыққа толы өмір сүрген екен. Қорқыт атаның ажалын жыланның шағуымен байланыстыратын әңгімелер де бар. Абыздың көзі ілініп кеткен кезінде өзеннің ішінен кішкене жылан шығып, Қорқытты шағып өлтіріпті делінеді. Бұл аңыз-әңгімеден өлімнің Қорқытқа ашық түрде емес, жыланның кейпінде келгенін аңғаруға болады. Бұдан адамдардың ажалға деген түсінігін, өлімнің хабар беріп келмейтіні туралы философиялық ой-тұжырымның астарын байқау қиын емес. Уақыт, кеңістік Қорқыт Атаға қатысты аңыздардың әрбір шетінде ұшырасатын ауқымды философия. Оның күйлерінің астарында да уақыттың қадірі, тіршіліктің мәні жайлы сырлар жатыр. «Елімай», «Желмая» күйлері халықтың ахуалын, күйбең тірліктен басқа да өмірдің құндылықтарын үйренуді насихаттайды. «Ұшардың ұлуы» күйінің де шығу тарихы өз алдына бір әңгіме. Жалғыз түйір ұлынан айырылған ата-ананың баласынан қалған Ұшар деген иті болыпты. Баланың мазарының басында отырып ұлыған мұңлы итті көрген Қорқыт «Ұшардың ұлуы» күйін шығарған екен. Бұдан өзге «Тарғыл тана», «Қорқыт», «Аққу», «Башпай» сынды көптеген күйлері түркі фольклорының алтын мұрасы болып саналады. «Бәшпай» күйі Қорқыттың қарындасына арнап шығарған туындысы екен. Әрі бұл күй Қорқыт атаның соңғы орындаған күйлерінің бірі болып табылады. Ұлы күйшінің қазақ мәдениетінде 12 күйі сақталған. Қорқыт атаның Сыр өңірінде дүниеге келуі, артына өшпес мұра қалдыруы оның өмірде болғандығын, орта ғасырларда өмір сүрген оғыз дәуірінің өкілі екендігін растайды.

Қорқыт ата туралы мәліметтер түркі халықтарының дерлігінде кездеседі. Мәселен, түрік халқының аңыздарында Қорқытты ақылгөй абыз ақсақал ретінде бейнелейді.  Әлбетте баба өмірі музыкамен байланыстырылады. Арнайы фильмдер мен балаларға арнап түсірілген мультфильмдерінде (Dede Korkut hikayeleri) Қорқыт атаның образы көрсетіледі. Қолындағы қобыз тәріздес аспабы, нақыл сөздері, көптің қамын ойлауы – Қорқыт атаның нағыз бейнесі.

Қорқыт Ата мемориалдық кешені

Архитектурасы ерекше көз тартатын Қорқыт Ата кесенесі еліміздегі тарихи ескерткіштер санатына жататын бірден-бір кешен. Сыр бойында орналасқан кесененің құрылысы 1980 жылдары басталды. Кешенді қайта қалпына келтіру жұмыстары 1997 жылы жүргізілді. Қорқыт ата кешенінде арнайы амфитеатр, музей, қылует салынған. 2014 жылы баба кесенесі толыққанды жөндеуден өтті. Жаңғыртылған баба кесенесін көруге келген туристердің қатары үш жылдың ішінде 20 мың адамнан асты. Түркі әлеміне ортақ тұлғаның қазақ топырағында орналасқан кесенесіне жаһан жұрты қызығушылық танытып отыр.

Елімізде дүбірлеп өткен «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің саяхаттық бағыты ретінде белгіленген Қорқыт Ата кешенінің жанынан биыл этноауыл бой көтерген болатын. Маусым-қазан айлары аралығында жұмыс істеген этноауылға табан тіреген меймандар қарасы көп болды.

Этноауылға келген қонақтар жергілікті қолөнершілердің, зергерлердің туындыларымен танысып, Сыр өнерпаздарының жырларымен сусындады.  Сонымен бірге, өздерін түркілердің ұрпағымыз дейтін ұлттар биыл Сыр бойында бас қосты. Әлемнің әр тарапынан келген өнерпаздар “Қорқыт және ұлы дала сазы” атты халықаралық дәстүрлі фольклорлық музыка фестиваліне жиналды. 80-ге жуық өнерпаз бен АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Белорусь, Әзербайжан, Қырғызстан, Моңғолия және Түркиядан арнайылап келген фольклортанушы ғалымдар Сырдың бас шаһары – Қызылордада өткен жиында түркі елдерінің этношығармашылығы туралы талқылады. Фестивальдің түйіні Қорқыт ата кешенінің амфитеатрында қорытындыланды. Мемориалдық кешенде дүрілдеп өткен музыка фестивалінде түркі елдерінің орындаушылары ерекше туындыларымен тыңдарманын тәнті етті. Оларды әркез бір арнаға тоғыстыратын құдіретті күш бар. Бәлкім, сол бір құдірет Қорқыттың қыл қобызынан нәр алатын шығар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға