Жаңалықтар

Алаша хан кесенесі

Бұл кесенеде кім жерленген?
Алаша хан кесенесі
09.09.2017 11:41 85210

Киелі Ұлытау жерінде тарихи ескерткіштердің саны үш жүзге жуықтап қалады. Солардың ішінде Сәтпаев қаласының олтүстік-шығысынан ары қарай 80 шақырым жерде орналасқан Алаша хан кесенесі бар. Ғалымдар бұл кесенені шамамен XV ғасырдың соңына қарай тұрғызылған дейді. 

Алаша ханмен тікелей қатысы бар Жошы хан мен Домбауыл кесенелері де осы маңнан орын тепкен. Олардың арақашықтығы шамамен 8-12 шақырмды құрайды. Ұлытау – қазақ руларын ауызбіршілікке шақырған киелі орын. Міне, осы өңірден Жошы хан жаңа қала тұрғызуды арман еткен екен. Тарихшылардың мәліметінше, Алтын Орда хандығының бірінші астанасы болған Орда Базар да осында салынған.

Алаша ханның діни сәулетті күмбезі Қаракеңгір аталатын өзеннің жағасында, биіктеу жоталардың бірінде тұр. Бұл күмбезді Қарахандықтар әулеті, сонау оғыз бен қыпшақтардың дәуіріндегі сәулет өнерінің қатарына қосуға болады. Ол шамамен X-XIII ғасырлар аралығын қамтиды. Десек те, ғалымдардың пікірі екіге жарылатынын аңғаруға болады. Себебі, кейбірі оны XV ғасырға жатқызатынын ілгеріде айтып кеткен едік. Зерттеушілер арасындағы пікірталасқа күмбездің уақыт көрсеткішіне шыдас бермей тозған жерлері мен қалған ескерткіштерге ұқсамайтын сәулетті ерекшелігі нүкте қоятындай. Порталды-күмбезді ескерткіштің жалпы аумағы шамамен 10-12 м2, ал биіктігі – 10 метр. Күйген кірпіштен тұрғызылған ескерткіштің төбесіне 2,5 метр болатындай күмбезді мойындық салынып,  сол арқылы күмбез шығарылған. Негізі Алаша хан күмбезінің баяғы қалпын Қарахан әулеті заманында болған сәулет үлгілерінің Салжұқ деп аталатын өнер түрімен байланыстыруға әбден болады. Мұндай күмбездер Түркіменстан елінде көптеп кeздeсeді. Сол секілді, еліміздегі Aйшa бибi, Жошы хaн мен Қожa Ахмeт Яссауидің ескерткіштерімен де салыстыруға келеді. Ғалымдар Сығанақ қаласының маңыға тұрғызылған Көк кесенемен Алаша хан кесенесі арасында үндестік көп екенін айтады.

Бұл күмбездегі түстері әр түрлі, сондай-ақ көлемдері де сан қилы болатын кірпіштерді қалай отырып, олардан геометриялық бейне жасап, күмбездің төрт қабырғасын да кілемдей керемет өрнектеуі осы кесенеден кейін қаланған бірнеше мазарлардан көруге болады. Мысалы, Талмас ата, Қайып ата, Болған ана және т.б. Дәл сол өрнектеу тіпті, жоғарыда айтып кеткен Айша бибі мен Ахмет Яссауидің кесенелерін де кездеседі екен.

Қазақ хандығының іргесінің қалануымен тұспа-тұс келетін кесене бәріміз ойлағандай ханды жерлеу үшін салынбаған. Кейбір зерттеушілердің сөзінше, ол жаңа хандықтың символы ретінде тұрғызылуы мүмкін. Сондай-ақ, осы кесененің астында ұлы адамдар жерленген үлкен әрі, көне қорым болған дейді. Ол шамамен VIII-IX ғасырларда пайда болған. Ол тұста Батыс Түрік қағанатының дәурені жүріп тұрған. Бұл кесене сол адамдардың жерленген тұсы жойылып кетпес үшйн, бір белгі ретінде салынған екен, кейінірек кесене ішіне қазақ хандарының бірі Ақназар хан жерленген делінеді.

Алаша хан туралы халық арасында аңыздардың түр-түрі кездеседі. Соның бірі мынандай:

«Ертеректе Тұран атты патшаның баласы алапес болып дүниеге келіпті. Патша баласының ала болып туылғанына намысы келіп, адам аяғы баспайтын, көзі түспейтін, алыс жақа апарғызып тастайды. Бірақ, әкесінің келген хандық қан баланы билеуші етіп шығарады. Ол өзі өскен жердегі тұрғындарды басқара бастайды. Ал халық оған алапестігінен Алаша хан деген атау тағады».

Зерттеушілердің пікірлері сан-сақа жүгіретіні анық. Тағы бір ғалым оны Батыс Түрік қағанатының көсемі ретінде көреді. Ол әлгіндегі кесене астындағы қорымда жатқан ең маңызды тұлға болуы мүмкін дейді. Алаша ханның нақты сол кесенеде жерленгені туралы ақпарат болмаса да, жергілікті халық хан мүрдесі сонда жатыр деп есептейді.

Алаша хан туралы тағы бір қызықты аңыз бар. «Ерте заманда Сарыарқа өлкесінде Алаша атты хан ғұмыр кешіпті. Оның Жошы атты жалғыз ұлы мен Домбауыл деген батыры болған екен. Хан ордасы сонау Ұлытаудың оңтүстік-шығысына қарай ағатын Кеңгір өзенінің жағасында тігіліпті. Сол ордасы тұрған жер қазіргі кезге дейін «Қанды арал», яғни хан отырған арал деп аталып келеді. Күндердің бір күні Жошы қасына нөкерлерін ертіп, аң алауға шығады. Бұл жолы аң емес, құлан қуып, көңіл көтергісі келеді. Бір топ құландарды көре, Жошы тұлпарымен нөкерлерін артқа тастап, арттарынан қуып жетіпті. Қарусыз жүрген Жошыны құландардың тентек айғырлары ортаға алып, тістелеп, таптап өлтірген екен. Кей аңызда Жошы жүйіткіген құландарды садақтың отымен қырып бастағанда, арасында қасқырдан да қаймықпайтын «Ақсақ құлан» атымен танымал бір айғыры жалт бұрылып, Жошыны атынан тістеп құлатқан екен. Содан Жошы тұлпарынан оңбай түсіп, мойыны үзіліп жан тәсілім етіпті дейді. Әйтеуір, осы аңшылықта хан баласы қапияда қазаға ұшырайды. Кейбір адамдар, құландар Жошыны жеп, тек шынтағын қалдырған екен десе, біреулер шынтағын ғана шайнап тастапты дейді. Әрине, бұл әңгіменің қаншалықты шындыққа жанасатынын дөп басып айту қиын, десек те құлан жыртқыш жануарлардың қатарында емес екенін жақсы білеміз.

Мерт болған Жошыны көрген нөкерлер, оның өлімі туралы ханға бірден барып айтуға шыдамай, халыққа айтып кеңеседі. Халық не де болса, бұл азалы хабарды ханға айтпауға шешім шығарады. Қаншама күн өтес де, ұлының оралмағанынан сезіктенген хан «Менің ұлым бір пәлеге ұшырады, сендер соны менен жасырып отсыңдар, сұрағанда айтпаған өздеріңнен көріңдер, енді кімде-кім Жошының жаман хабарын айтып келсе, аузына қайнатып қорғасын құйдырам» деп ашуға мінеді. Халықта ес қалмайды. Әлгі Жошының қасында болған нөкерлері қорыққаннан елін тастап қашады. Ал қара халық қайтсін? Содан бір күні ел арасында бір кісі, атақты домбырашыны алдырып, домбыра арқылы қаралы хабарды жеткізейік деген ұсыныс айтады. Халық, домбырашыға барып, жалынып, ақыры оны көндіріп, хан алдына әкеледі. Қайғы жұтіп, көңілі күп болған хан домбырашыны ортаға шығарып, оған бірнеше зарлы күйлер орындатып, шерін тарқатып отырады. Отырыс қызған тұста домбырашы Жошы ханның өліміне себепкер құлан екенін айтып,  домбыраны сөйлеттіріп жібереді. Сонда хан болса, абдырап қалып, «мынау домбыра Жошымды құланның мерт қылғанын жеткізіп тұр ма?» – деп ашуға булығып, домбыраның ортасын тестіріп, оған қорғасын құйдырған екен.  Бойын ашу мен ыза кернеген хан ұзақ-ұзақ ойлана келе, сол маңдағы барлық құланды қуып жіберуге тапсырма береді. Бұл кезде батыр Домбауыл да хан тапсырмасын орындамаққа Жошының екі тұлпары Қабанқұлақ пен Еңкейдің бірін мініп, бірін ертіп құлан қууаттын көпке қосылады. Олар қуып жеткендерін қырып, қалғандарын үркітіп оңтүстік бағытқа қарай жылжи береді. Домбауыл бөлек кеткен құланның тобын қырып, қалғандарын қуып, Ұлытаудан тым жырақ жатқан Шу өзеніне жетіп қалған екен. Сол тұста бір тұлпары әбден шаршаған болса керек, қимылдамай тұрып қалады, оны тастаған Домбауыл басқа сәйгүлігімен ары қарай шаба жөнеледі. Бірақ, ол да өзен аңғарына таяған тұста тұрып, ары қарай жүрмей қояды. Ал халық болса, сол Жошының екі тұлпары тұрып қалған жерді, тұлпарлардың аттарымен атап кетеді. Домбауыл батыр қуып шыққан бір топ құланның ішінде тек бесеуі ғана қалған екен. Олар Шу өзенінен ары өтіп кетеді. Сол тұсты халық бүгінге дейін «Бес құланның өткелі» деп атайды. Құландарды бітірген Алаша ханның жаны жай тауып, ұлына арнап үлкен там тұрғызады. Домбауылдың да басына жеке там салдырады. Олар Кеңгір өзенінің бойында тұр.

Алаша хан кей деректерде тіптен басқаша көрсетіледі. Ол генеологиялық миф бойынша алты Алаштың ортақ ата-тегі ретінде айтылады. Ол халық аузында көшпелі түріктердің басын біріктірген алғаш Алаш, яғни қазақ мемлекетінің негізін қалаған тұлғалардың бірі болуы мүмкін. Бұл хан нақты қай кезеңде ғұмыр кешкені туралы тарихи нақты дерек болмаса да, оны қазақ хандығы құрылып жақан XIV-XV ғасырда өмір сүруі мүмкін дейді зерттеушілер. Алаша хан кесенесіндегі моланы 1998 жылы антрополог ғалым О.Смағұлов арнайы зерттеу жүргізу үшін қазған болатын. Одан алынған адамның бас сүйегін Мәскеу қаласындағы Герасимовпен аталатын пластикалық антрополгия зерттеханасына жөнелтіп, ондағы ғалымдар толық зерттеу жүргізе келе, жерленген адамның бет-әлпетін қалпына келтірген еді. Кей ғалымдар сол жасалған бет-әлпетке байланысты Қазақ хандығының негізін қалаған Керей болуы ықтимал десе, келесілері оны тарихи тұлға Шыңғыс ханға ұқсайтынын айтады.

Алаша хан кесенесі – сәулетті , тарихи маңызды ескерткіштердің бірі болып есептеледі. Бұл орын республикалық маңызы бар мәдени нысандардың санатында. Бүгінде Қазақстанның киелі 100 нысандарының қатарынан табылып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға