Жаңалықтар

Ұстаз: Зағип болса да домбыраны шебер орындайтын шәкірттерім бар

Ұстаз Бағира Ахметовамен сұхбат.
Ұстаз: Зағип болса да домбыраны шебер орындайтын шәкірттерім бар
Фото: Ажар Лаубаева 26.09.2022 10:03 3271

Домбыра аспабының қазақ халқы үшін орны ерекше. Бүгінде қазақтың қара домбырасын дарынды өнерпаздарымыз әлемдік сахнаға шығарып жүр. Әлем халқы да тамсанып тыңдайды. Сол домбыраның баланың қолына жастайынан ұстатып, әр пернесін дұрыс басуды үйретіп жүрген білкті ұстаздар болады. Сондай ұстаздардың бірі – Бағира Ахметова. Ол жастайынан ән айтып, түрлі аспапта ойнауды үйренген маман. Өнерлі ұстаздан домбыра тарту өнері жайлы сұхбаттасқан едік.

Бағира ханым, домбыра тарту өнеріне алғаш қай кезден бастап қызыға бастадыңыз?

– Мен Қарағанды облысындағы Мыржық ауылының тумасымын. Арғы ата-бабаларым әнші, күйші болған. Бала кезімнен күйді сүйіп тыңдап өстім. Домбыраны өте қатты жақсы көргеннен мамандығым ретінде өнер саласын таңдадым. Бірінші мамандығым – мұғалім, екіншісі – эстрадалық дирижер.

Бір күйді үйренуге қанша уақыт кетеді?

– Ол адамның қарым-қабілетіне, ынтасына байланысты. Әдетте маған домбыра тартуды үйренуге келген балалар бірнәрсе көрсетсең, бірден қағып алады. Бастапқыда келгеннен бастап 1 ай ішінде күйді үйренеді. Бастысы домбыраны шынайы жақсы көріп, үйренгісі келетін балалар, ересектер, мүмкіндігі шектеулі жандар болсын, ешқайсысын бөліп-жармай барынша үйретуге тырысамын.

Яғни, зағип жандарға да домбыра үйретесіз бе?

– Иә.

Осы туралы толығырақ айтып беріңізші.

– Алғаш мәдениет департаментінде жұмыс істеп жүрген кезде құлағы естімейтін, көзі көрмейтін жандардың концертте өнер көрсетуіне атсалысып жүрдім. Яғни фонограмма жазып, көйлектерін тіктіртетінмін. Кейіннен олардың ішінде ән айтып, күй тартқысы келетіндерін жинап өз әдісіммен сабақ жүргізе бастадым. Оқу барасында пернелерді атап, уақытты санап отырып шертуді үйреттім.

Қиындықтар болған шығар.

– Әрине, олармен бірге жұмыс істеп бастағалы бері психологиям өзгерді. Тіпті сабақ беруге қиын болды десем де болады. Басында мені «Зағип жандармен қалай жұмыс істесем екен? Қалай үйретсем болады?» деген ой мазалады. Кейіннен Алла Тағалам маған өнер берді ғой, қайткен күнде де домбыра тартуды үйретіп, олармен тіл табысып кетуім керек деген шешімге келдім. Себебі олар маған үлкен сенім артып келіп отырғандықтан мен де көңілдерін қалдырмай, бар ынтаммен үйретуге тырыстым. Осылайша бірге жақсы жұмыс істеп кеттік. Қазір мен оларды өзімнің жақынымдай көремін.

Зағип жандар домбыра тартқанда қандай әсерде болады?

– Олар менің сабаққа келгенімді бірден сезіп қояды. «Бағира, келдің бе? Біз сені күтіп отыр едік» дейді. Күй тартқан кезде сондай керемет әсер алып, балаша қатты қуанады. Олардың бұл қуанышына ештеңе де жетпейді. «Бағира, саған көп рахмет!» деп маған шынайы лебіздерін білдергенде мен де бір марқайып қаламын. Сабақ аяқталған соң барлығымыз керемет әсер алып шығамыз. Олардың екі көздері көрмегенмен көкірек көздері көреді. Мына дүниені қабылдауы ерекше болады. Тіпті кейде осындай көзі көрмеген адамдар қарапайым нәрселерге қуанып, бақытты болып жүргенде біз неге қуана алмаймызз, шынайы эмоциямызды неге көрсете алмаймыз, өмірге деген құштарлығымыз бен көзқарасымыз неліктен басқаша деген ой келеді.

Себебі, олар ерекше жандар ғой.

– Дұрыс айтасыз. Зағип жандардың көзі көрмегенімен есте сақтау және есту қабілеттері өте жақсы дамыған. Сондықтан да менің айтақанымды бірден түсініп, лезде қағып алатындары көп. Өткенде сабақта не өткенін сұрасаң, толығымен айтып бере алады. Есту қабілеті де жақсы дамыған соң домбыраны қалай тартып отырғанын жақсы естейді және айтқан кемшіліктерін бірден түзетеді. Зағип болса да домбыраны шебер орындайтын шәкірттерім бар.

Ұстаз: Зағип болса да домбыраны шебер орындайтын шәкірттерім бар

Домбырадан басқа қандай аспаптарда ойнай аласыз?

– Жас кезімде маған әжем баян алып берген еді. Сол кезде мен қатты қуанып, бірден үйренуге кірістім. Кейіннен мектепте де тартып өнер көрсетіп жүрдім. Мен баян тартсам, басқалары вальс билейтін. Қазір фортепианода да ойнай аламын. Дәстүрлі ән айтып, басқаларға да әннен сабақ беремін.

Домбыра үйрету барысында қандай қиындықтар кездеседі?

– Қазір кәсіби деңгейде домбыра тартуды үйренуге арналған кітаптар аз. Күйді нотамен ойнаудың өзі оңай емес. Сондықтан мен қазақтың халық әндерін нотаға түсіріп, содан кейін барып домбыра тартқызамын. Үйренуге келген оқушыларыма сабақ басталмас бұрын 5-10 минуттай теория дәрісін оқимын.

Ұстаз: Зағип болса да домбыраны шебер орындайтын шәкірттерім бар

Ұстаз: Зағип болса да домбыраны шебер орындайтын шәкірттерім бар

Ал балаларға домбыра тартуды қалай үйретесіз?

– Маған балалар домбыра тартуды үйренуге 6 жастан бастап келеді. Олардың арасында орыстілді бүлдіршендерім де бар. Ата-аналары маған орысша сөйлейтін балаларын алып келгенде «Балаңызды неге домбыра аспабын үйрену сабағына беремін деп шештіңіз?» деп сұраймын. Сол кезде ата-аналар «Үйде барлығымыз орыс тілінде сөйлескенімізбен, баламыздың домбыраға деген қызығушылығы зор. Мүмкін кезінде ата-бабасы домбырашы болған болар» деген сияқты жауаптар береді. Мен балаға сабақ жүргізбес бұрын ата-анасынан не үшін әкелгенін сұраймын. Егер де баланың жеке қызығушылығы болмай, әке-шешесі оның домбыра тартуды үйренгенін қалап әкелген болса, онда мен оларға сабақ жүргізбеймін. Себебі мен үшін ең бастысы оқушымның сабаққа деген ынтасының болуы өте маңызды рөл атқарады.

Әр бала өзінше бір бөлек тұлға. Оларға тек бір әдіспен ғана сабақ жүргізе беруге болмайды. Себебі олардың психологиясы да, әлемге деген көзқарасы, қабылдау деңгейі де әртүрлі. Сол үшін әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, олардың қызығушылықтарын анықтап, сабақты қызықты өткізуге болады. Түсінбей қалған жері болса, қайта-қайта айтып, ұғындырып, көрсетіп, айтып жіберу керек. Өйткені бір нәрсені ұқпай қалатын болса, әрі қарай жұмыс істеу қиын болады.

Сұхбатыңызға рахмет!


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға