Жаңалықтар

Жүктілікті жоспарлау: Ұрпақ саулығы құрсақтан басталады

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №2 емханасының Акушерлік және гинекология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Айнұр Байзақовамен сұқбат
Жүктілікті жоспарлау: Ұрпақ саулығы құрсақтан басталады
Фото: автордікі 18.09.2022 19:51 4605

Дені сау әйел ғана өмірге он екі мүшесі сау ұрпақ әкеледі. Ал болашақ сәбидің денсаулығы ана құрсағына сәби біткен мезгілден бастап қалыптасады. Сондықтан жүк­тілікті жоспарлау, сол кезеңде әйел ағзасын­да болатын өзгерістер мен асқынулар, жиі кез­десетін аурулардың алдын алу мәселесі­не бей-жай қарауға болмайды. Осы тақырыптың төңірегінде ақпарат алу үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №2 емханасының Акушерлік және гинекология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Айнұр Байзақовамен сұқбаттасқан болатынбыз.

– Айнұр Әбдісақыпқызы, әр сәбиді өмірге аман-есен әкелу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол үшін жүктілік жоспарланған болуы керек. Жүктілікті жоспарлау дегеніміз не?

– Әрбір отбасында нәрестенің дауысын есту шаттыққа бөлейтін сезім. Сондықтан болашақ ата-ана жүктілікке тыңғылықты қарағаны дұрыс. Жүктілік өз еркімен және жоспарланған болуы керек. Ол ана мен баланың денсаулығына төнетін қауіп-қатердің алдын алады.

Жүктілікті жоспарлау дегеніміз – денсаулық жағдайын бағдарлау және ерлі- зайыптылардың дені сау баланы дүниеге әкелуіне жағдай жасау. Ол үшін профилактикалық, емдік және диагностикалық шаралардың жиынтығы жүргізіледі. Жүктілікке дайындық жұмысы екі немесе үш ай бұрын басталуы керек. Егер әйелдің денсаулығында қосымша ауытқулар болса, ертерек қаралғаны дұрыс. Қандай да бір ауруларын анықтап, емдеп, ремиссияға кіріп, толық тексеруден өтуі керек. Денсаулығында ауытқу болмаса, бірінші жүктілігін гинеколог дәрігерлер жоспарлауды жүргізеді.

Әрбір емханада отбасын жоспарлау кабинеттері бар. Онда жүктілікті жоспарлауды терапевт дәрігерлермен бірге жүргіземіз. Ата-ана баланың уақытына жетіп, аман-есен босануы үшін жауапты. Сондықтан екеуі бірге тексерілгені дұрыс.

– Жүктілікті жоспарлау кезінде ерлі-зайыптылар қандай талдаулардан өтуі тиіс?

– Бірінші анамнезін толық білгеннен кейін ерлі-зайыптыларға белгілі тағайындаулар ұсынамыз. Зертханалық тексерулер өткіземіз, қан тобын анықтау керек. Себебі жүктілерде резус конфликт деген жағдай бар. Сол жағдай орын алмас үшін қан тобы анықталады. Гепатит, ВИЧ және тағы да басқа жыныстық қатынастар арқылы жұғатын ауруларды анықтаймыз. Сонымен қатар ультра дыбыстық тексерістер болуы мүмкін. Ол кіші жамбастың ағзаларының толық жағдайын анықтау үшін керек. Жатыр баланы көтеруге әрі қарай жүкітілікті жүргізуге дайын екендігін қараймыз. Әйел адамдарда әсіресе сүт бездерінің ауруларын анықтауымыз керек. Сонымен қатар жатыр обырының алдын-алу үшін жатыр мойыннан цитологиялық анализдер тапсыру өте міндетті. Қан, гемоглобин мөлшерін тексеріп, теміржетіспеушлігін ерте анықтау маңызды. Сонымен қатар бүйрек, қалқанша безін ультрадыбыстық зерттеулер жүргізіледі. Қалқанша безінің гормондарын, ферритин және дәруменді  анықтау міндетті түрде қажет. Оның ішінде фолий қышқылы әйел үшін өте маңызды. Жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялық ауруларды анықтау керек. Ер адамдар уролог арқылы тексеру жүргізеді. Жүктілікті жоспарлау барысында әйел адамға ертерек фолий қышқылын тағайындау маңызды. Ол тұқымқуалаушылық ауруларында нерв түтікшесінің дұрыс бітуін қадағалайды.

Әсіресе жасы 37-ден жастан  асқан әйел адамдарға  жолдасымен бірге генетикке баруды ұсынамыз. Бұл жаста тұқым қуалау ауруларының қауіп қатері бар. Сондықтан да міндетті түрде ол кеңесті алу керек. Тексерулер барысында ауытқулар болса, қажетті мамандарға жібереміз. Ағзаға баланың өсіп-дамуына қажетті дәрумендерді кем дегенде үш ай мерзімде алу керек. Өйткені әйел жүкті екенін білген кезде нерв түтікшесінің бітпеуі мүмкін. Фолий қышқылы сол түтікшенің дұрыс бітіп, ауытқу болмауға өте көп ықпал етеді. Міндетті түрде 400 мг фолий қышқылын ұсынамыз. Бала көтеру үшін әйел салмағын азайту керек. Қан қысымын үнемі өлшеп, қант дәрежесін қадағалап отырамыз. Барлық мамандардың әсіресе стоматолог  дәрігеріне қаралуы маңызды. Себебі ауыз қуысының ішіндегі инфекциялар да баланың дамуына өте көп әсер етеді. Құлақ, мұрын және ауыз дәрігеріне де міндетті түрде қаралғаны дұрыс. Жүктілікке дейін организмдегі бүкіл өзгерістердің барлығын анықтау керек. Себебі жүктілік болғанда ол аурулардың барлығы екі есе қозады. Сондықтан ертерек тексеріс жүргізуге кеңес береміз.

– Жүктілік кезінде ұл немесе қызға  жоспарлауға бола ма?

– Менің ойымша дүниеге келетін сәби ұл немесе қыз болсын ол сіздің балаңыз. Негізі ұл болу немесе қыз болатынығына ешкім кепілдік бере алмайды. Себебі баланың жынысы көбінесе ер адамға байланысты. Ең бастысы дүниеге келген сәбидің дені сау, аяқ-қолы бүтін болып өмірге келгені маңызды деп ойлаймын.

Жүктілікті жоспарлау: Ұрпақ саулығы құрсақтан басталады

– Жүктіліктің кезеңдерінің ерекшеліктері қандай?

– Біз жүктілік кезеңі үш триместрін санаймыз. Бірінші  триместрі он екі аптаға дейін яғни бірінші үш ай болып саналады. Ол үш ай ең қауіпті айлардың бірі. Ол уақытқа дейін баланың бүкіл ағзасының өсіп дамуы жүреді. Сегіз аптаға дейін біз ұрық деп санаймыз. Әрі қарай баланың өсуі дамиды. Тоғыз аптада баланың нерв түтігі аяқталып, құйрығы жабылып, бас сүйегі дами бастайды. Оныншы аптада баланың сүйектері қалыптасады. Он екі  немесе он бір аптада баланың бүкіл ағзалары қалыптасып, тіпті көзінің түсіне дейін аяқ-қол сүйектері дамып, қалған мүшелері жетіледі. Соған байланысты отбасында бірінші триместр кезінде, әйелдің көңіл-күйі өзгеріп, сезімтал  болады. Ағзасында да әр түрлі ерекшеліктер болады. Оның барлығына отбасы психоэмоционалды түрде қолдау көрсетуі керек. Жүкті әйел ұйықтай береді. Шаршағыш болуы мүмкін. Ол ағзада болып жатқан өзгерістерге байланысты. Екінші триместр 13-14 аптадан басталып, 24-25 аптаға дейін жалғасады. Ол кезде әйелде іші шығып, жүкті екені біліне бастайды. Баланың өсуі тез дамиды. Аяқ қолдары іріленіп, бұлшық еттері жиналады. Диафрагмасы көтеріліп, әр түрлі жағдайлар болады. Сонымен қатар қанның айналу көлемі 30-40% көбейетіндіктен әйелде ентігу болуы мүмкін. Бірақ оның барлығы компенсаторлы организмнің өзі реттеп отырады. Егер әйелде ешқандай экстрагениталды ауру болмай физиологиялық ауру болса, ағза барлығын өзі жеңіп, жүктілік ары қарай дамиды. Ауытқулар болған жағдайда, медициналық бұйрық бойынша жүктілікті үзіп немесе жалғастыруы туралы комиссия  құрып сөйлесеміз. Әрбір қабылдауға әйелдің әсіресе 2-3 триместрде уақытылы келіп отыруын қадағалап отыру керек. Өйткені әр кезеңде  тапсыратын  зертханалық анализдері мен ультрадыбыстық зерттеулерден өтуі керек. 27-28 аптасынан бастап әйелдің ағзасына күш түсе бастайды. Қан қысымы көтерілуі мүмкін. Бүйрек жағынан да жатыры өскендіктен қысым болып, бүйрегінде ауытқулар болуы мүмкін. Солардың барлығын ерте дамыған ісіктердің алдын алу үшін ол әйелдің  қан қысымының көтеріліп кетпей, ерте босанып қоймай, аман-есен уақытына жету үшін  әйелдерді үшінші  кезеңінде жиі шақырамыз. Физиологиялық жүктілік бойынша шақыру негізі  7 рет болуы керек. Бірақ қандай да бір өзгеріс болып жатса, ол әйелді уақытынан бұрын шақырып, қадағалаймыз. Көп өзгерістер үшінші триместрде болады. 38-39 аптаға дейін кейде  40-41 аптаға дейін жалғасады. Ал босанбаған жағдайда, ертерек босану үшін перзентханаға жатқызамыз.

– Жүктілік бойынша қалай және қашан есепке тұру қажет?

– Әйел бала көтергенін білгеннен кейін міндетті түрде дәрігерге қаралуға келу керек деп ойлаймын. Өйткені жүктілік уақытын санап, анамнезін білуіміз керек. Ол әйелде қауіп-қатер белгілері қандай, қалай босанады, ерте босанып қалу қаупі бар-жоғын есептейміз.  Тіркеуге келетін күн тоғыз апта. Денсаулық кодексі бойынша негізі 12 апта деп жазылған. Бірақ біз 8-9 аптада шақырамыз. Ертерек келгені дұрыс. Себебі толық анамнезін сұрап, жүктілікке дайын болған-болмағандығын анықтаймыз.

– Болашақ ананың жүктілік кезіндегі тамақтануы туралы айта кетсеңіз. 

– Әйел тамақтану арқылы баланың дұрыс өсуіне өте көп ықпал етеді. Кейбір дәрумендердің жетіспеуінің әсерінен, әйелдің көп шаршауының салдарынан балада ауытқу, аз тамақтанғандықтан басқа да экстагениталды аурулар дамуы мүмкін. Жүкті әйел дұрыс тамақтануы үшін арнайы тамақтану пирамидасын ұсынамыз.  Негізінде ұннан жасалынған тағамдар, дәнді-дақылдардан жасалған тағамдар болуы керек. Одан кейін пирамида бойынша екінші сатыда жеміс-жидектерді көп ұсынылады. Ет-сүт, балық, тауық өнімдері өте пайдалы. Майлы және тәтті тағамдарды мейлінше аз қолданғаны дұрыс.Тамақтанудың рационы жүктіліктің кезеңіне байланысты жасалады. Тағамның килокалориясы да өзгеріп отырады. Тамақтану негізі  күніне үш рет болса, диетологтар тамақтануды жиі  күніне 4-5  ретке дейін тамақтануын ұсынады. Тамақтың құрамында барлығы болуы керек. Тамақтанумен қатар әйелге су мөлшерін дұрыс қабылдауы өте маңызды. Салмағына байланысты 300 мл  әр килограмм салмағына қосамыз. Сондықтан сегіз шыныдан кем емес суды қабылдауы тиіс. Тағы да бір айтатын жағдай, аскөк көк шөптерді көп қолдануы керек. Өйткені құрамында  фолий қышқылы көбірек болады. Тамақтану жүкті әйелге негізгі маңызды мәселе болып саналады. Жүкті әйелдерді жүргізу бөлмесінде (жүкті әйелдер мектебі бөлмесінде)  бірінші дәріс тамақтанудан басталады.

Жүктілікті жоспарлау: Ұрпақ саулығы құрсақтан басталады

– Жүктілік кезінде ең көп кездесеін экстрагенитальды аурулар. Олардың алдын алу жолдары.

– Жүкті кезде ең көп кездесетін темір жетіспеушілікті анемия. Әйел жүктілікке дейін темір жетіспеушілігі болса, жүкті кезде бала өскен сайын темір мөлшері одан сайын түсіп кетеді. Сондықтан жүктілікке дейін міндетті түрде темір және темірдің қоры бар-жоғын ферритинді анықтау керек. Ол қан кетуге, баланың гипоксиямен туылуына, уақытынан бұрын босануына, одан кейін жатырдың жиырылмауына  әсерін тигізеді. Сондықтан анемияның әр түрінен ісіктер дамуы мүмкін. Ондай жағдайда міндетті түрде гематолог дәрігерімен гемоглобинін қарап, қадағалап отырамыз. Одан кейінгі экстагениталды ауру көп кездесетін бүйрек аурулары соның ішінде созылмалы пиелонефрит, гидронефроз, гломерулонефрит болып табылады.

Баладан генетикалық ауытқулар кездесуі де мүмкін. Жұлында ісіктердің болуы сияқты оның бәрі фолий қышқылының жетіспеушілігінен, нерв түтігінің дұрыс бітпеуінен болады. Фолий қышқылын  қазіргі кезде зерттеуде жүкті әйелдерден міндетті түрде анықтаймыз. Экстрагениталды аурулардың алдын алу үшін әйелдер жүктілікке дайындалуы қажет. Сол себептен де  жүктілікті жоспарлау қажет. Тек өзі ғана емес жолдасын да тексерістен өткізуі керек. Кейбір әйелдерге екінші сәбиін босануға дайындалғанда фолий қышқылын екі есе мерзімін ұзартып береміз. Жүктілікке дайындалмағандықтан, экология бар, тамақтану мәселесі ауытқуларға алып келуі мүмкін. Сонымен қатар қан  тобы басқа да тұқымқуалаушылық аурулары бар. Мысалға  тромбофилия, коагулопатия гематолог дәрігермен бірлесе отырып тексереміз. Тағы да жиі кездесетін эктрагениталды ауру  қан қысымының көтерілуі. Ең қауіпті асқынуы преэклампсия. Бұрын гестоз деп аталатын. Яғни қан қысымы жоғары көтеріліп кеткеннен кейін баланың жолдасы жылжып, әйелдер баласын жоғалтып алуы да мүмкін. Сондықтан перинаталдық өлімнің алдын алу үшін  жүкті әйел үйде қан қысымын өлшеп отыруы қажет. Қан қысымы жоғарылауы байқалған жүкті әйелге қан қысымын бақылайтын құрал кигізіп, дәрілерін беріп отырса жүктілік міндетті түрде жақсы өтеді. Одан кейін қант диабеті бүкіл әлемді мазалап отырған  үлкен проблема болып табылады. Бізде әйелдерде артық салмақ өте көп кездеседі. Әсіресе дене салмақ индексі  30–дан асса  семіздік диагнозын қоямыз. Семіздік бар әйелдерді, бұрын тіркеуде тұрған әйелдерде, бірінші  және екінші жүктілігінде қант деңгейі көтеріліп жүктілік кезінде қант диабеті диагнозы қойылса, 24 аптадан  бастап глюкозаға толерантты тест жасаймыз. Глюкоза мөлшерін ашқарынға, тамақ ішкеннен кейін екі рет тапсырады. Сол кезде қант деңгейі 10 ммоль мөлшерінен жоғары болса, гестациялық қант диабеті диагнозын дер кезінде қоюымыз керек.Тез арада инсулин терапиясын бастап, емдәмге отырғызып, ертерек босануға жатқызуымыз керек. №188 медициналық қаулы  бойынша қауіп-қатері жоғары әйелдерді бақылауды жоғары талап ететін деңгейге ауыстырамыз. Семіздікпен қатар салмағы өте аз әйелдер де болады. Оларды да біз бақылауға аламыз. Өйткені баланың өсуі баяулауы мүмкін. № 92 медициналық қаулыда қауіп факторы айтылған. Әйелдер жүктілік жоспарлаған кезде интергенетикалық қашықтықты сақтауы керек. Мүмкіндігінше жүктілікті ңарасы 24 ай болуы керек. Әйел көтеріп қоймас үшін сақтану жолдарын айтуымыз керек. Әсіресе кесір тілігімен босанған әйелдермен көп жұмыс жүргізіледі. Біз босанғаннан кейін қырық күннен кейін контрацепция жайлы әр босанған әйелді шақырып, қандай әдіс, қалай жоспарлауды түсіндіреміз. Жалпы дені сау бала дүниеге келуі үшін ананың дені сау, психологиялық жағдайы тұрақты болуы керек. Оның барлығы балаға беріледі. Сіздің көңіл-күйіңіз, тамақтануыңыз барлығы әсер ететінігін ұмытпаңыз.

 Мен жетекшілік ететін бөлімде бір айда шамамен 15-20 әйел босанады. 12 жылда мыңдаған сәбидің дүниеге келуіне көмектестім. Бұл  мен үшін ана ретінде, дәрігер ретінде ерекше сезім.  Сондықтан әрбір адам өз ісін жақсы көруі керек деп есептеймін.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға