Жаңалықтар

Есен Елеукен: Қазіргі жастардың білімді болуға мүмкіндігі зор

Есен Елеукен жастар, жайдарман және рухани жаңғыру туралы
Есен Елеукен: Қазіргі жастардың білімді болуға мүмкіндігі зор
22.08.2017 10:34 8378

Жастар еркелеп Есаға атап кеткен «Жайдарман» ойындарының ұйымдастырушысы, «Қазақстан КВН Одағының» президенті Есен Елеукен мырзаны Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған арнайы жобадан соң әңгімеге тарттым. Әр ойынның алдында алаңдап жүретін Есаға иығынан жүк түскендей болып отыр екен. Басында «Жайдарманнан» басталған сұхбаттың соңында қазіргі қоғам мен жастар ішіндегі мәселелерді шолып өткен едік, ықшамдап берейін.

- Есен мырза, жастармен жұмыс істейтін болған соң Сізді де Халықаралық жастар күнімен құттықтап қояйын.  Ойын қалай өтті?

- Рақмет!  «Жастар фестивалі» деген атында тұрғандай  жылда бір жас командаларға кішкене мүмкіндік береміз. Мысалы, телевизиялық лигалар бар, жоғарғы лига, премьер лига деген сияқты. Бірақ, аймақтарда, ең болмаса, 2-3 қызықты дүниесін көрсетіп қалатын топтар бар. Соларға үлкен сахнаны сезінуге мүмкіндік және осы жазғы фестивальде аудандық, ауылдық командаларға басымдық береміз, олар да эфир көру керек, осындай мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Әрине, бәрі бірдей емес, арасында оны дұрыс пайдалана алмай қалғандар да болды.

- Жалпы Жайдарман деген өзі бір ағза сияқты ғой, үнемі жасарып тұрады. Біреулер кетеді, біреулер келеді. 2000 жылғы  Жайдарманның басталған кезімен қазіргі кездің айырмашылығы бар ма?

- Айырмашылық жер мен көктей. Бірінші кезде қызығушылық, жан-тәнімен ойнау, айлап дайындалатын топтар, әрбір нәрсеге қуанатын жастар көп еді. Себебі бұл таңсық болды ғой. Қазіргі жастар бөлек. Қазіргі ақпарат алу да бөлек, қазіргі мүмкіншілік 2000 жылдардың басына қарағанда  қайда жоғары.

- Қазіргі жастар білімдірек, иә?

- Білімдірек  емес, оларда білімді болуға мүмкіндік көбірек. Ең бастысы, ниеті болса... 2000 жылдары музыкасын жазудың өзіне  екі-үш күн кететін еді, қазір ұялы телефонмен музыканы сол сәтте тауып, сол сәтте дайындайды. Және де қазір жастардың көбісі прагматик, өзіне не керек соны қалайтын жастар көбірек болып кеткен секілді.

- Ол дұрыс шығар?

- Ол дұрыс. Олардың бәрі бірдей азаннан кешке шейін Жайдарман ойнап отырғаны емес, ертерек қамданып, ертерек өздерін ойлап жүрген жастардың көбейгені бізге де жақсы ғой.

- Сол арқылы біз қазір кеңестік романтикадан нарықтық прагматикаға келдік. Жастар заманға ілесе алып жатыр. Ол да бір заманға қарай сананың өзгергенінің белгісі шығар.

- Иә, біз баяғы ауылдың тәрбиесі  деген тұстарды кейбір балалардан көре алмай жүрміз, әсіресе, қаланың балаларынан. Сол кезде бір қарның ашып қалғандай болады да, ал қалғанын, өз күнін өзі көріп жүрген балаларды көріп кәдімгідей қуанып қаласың.

- Енді, жаңағы, келеді, кетеді деп жатырмыз, түлеп ұшқандармен байланыс бар шығар?

- Түлеп ұшқандармен байланыс бар, әйтеуір,  көрген кезде мәре-сәре болып қаламыз. Әсіресе, мына аймақтық ойындарда кездесіп қалғанда. Ойындарға келеді, ойыннан кейін бір шай-пай ішеміз. Сол шақтарды көбісі сағынышпен еске алады. Сол кезде түсінбеген дүниесін уақыт өте түсінеді. Мен әр уақытта балаларға  жастық шақты барынша есте қалатындай етіп, сондай жақсы күндердің көп болуын тілеймін.  Жалпы жастардың ортасы дұрыс болуды қалаймыз ғой.  Жайдарман өз алдына бір дұрыс орта.

- Мен де алыстан шыққан жоқпын ғой, Жайдарманнан шықтым.  Көріп отырамыз ғой суреттен, бір қаладан бір қалаға бір-бірінің тойына барады, қызығына барады.

- Қызығы, әр толқынның өз ерекшеліктері болады. Мысал үшін бір-бірімен үш маусым қатарынан ойнаған, бір-бірімен көп қарсылас болған балалардың арасынан кәдімгідей жақындықты байқайсын, әрқайсысы әртүрлі салаға кетсе де бір-бірін іздеп тұрады. Небір қиыншылық болса да көмектесіп тұрады. Сосын, бұрынғыдай аймақ-аймаққа бөліну жоқ. Жайдарманның интеграцияның үздік моделі деп айтар едім. Оңтүстіктің баласы шығысқа барса қарсы алатын адам бар. Шығыстың баласы батысқа, солтүстіктің баласы оңтүстікке барса да оны күтіп алатын адам бар. Яғни Жайдарман мәдени байланыстың да үлгісі. Жайдарманда жүрген бала қай жерде қандай диалект екенін автоматты түрде біледі, қай жердің қандай менталитеті бар екенін де біледі. Баяғыда оқып жүрген кезімде Шығыс, Солтүстік Қазақстан туралы мәлімет мен үшін жоқ еді. Қазіргі таңда балалар үшін  мүмкіншілік көп. Сосын әртүрлі қала аралап, әртүрлі көрерменнің алдында өнер көрсеткеннен кейін адам ысыла бастайды, тәжірибе жинақтайды, өзіне  керектісін алады. Енді барлығы бірдей әртіс болып кетпейді. Көбісі, арман болып бір-екі жыл жүруі мүмкін, бірақ әрі қарай өз жұмысымен кетеді. Кеткен кезде сол жұмысында ол кәдімгідей бір ортаның танымалы, гүлі болып жүреді. Себебі ол адаммен араласуы, жұмысты қалай ұйымдастыруы сияқты көп дүниені Жайдарманнан алып қалған. Сосын біз, әсіресе аймақтық жұмыс жүргізген кезде тек қана ойын редактурамен шектеліп қана қоймаймыз, әртүрлі бағыттағы әңгімелер болады, әртүрлі іс-шаралар болады...

- Тренинг-семинарлар сияқты ғой?

- Иә, семинарлар өтеді, бірақ біз оны тренинг, семинар деп арнайы дабырлатпаймыз. Ол кездесу сияқты форматта өтеді. Бір қызық айтайын, өткенде Шымкенттің қасындағы Машатта (демалыс орны – ред) жазғы лагерь болды. Сонда TEDx  форматында бұрынғы ойнап кеткен балалар қалай бастады, қандай кемшіліктер болды, кім қандай жетістікке жетті, сол туралы айтып берді. Басында бәрі бұған үрке қарап, бұл қалай болады екен деп еді, алғашқы екі бала сөйлеп болғаннан кейін бір сағатқа жсопарлаған нәрсеміз төрт сағат болып кетті. Жалпы байқайсың ғой, бәрі бірдей ашылып кетіп, бәрі бірдей жақсы болып кетеді деп айта алмаймын, есеппен жүретін балалар да бар. Олар өзіне нақты не керек екенін біледі, «Жайдарманнан» өзіме осыны, осыны аламын деп жоспармен келеді. Біз де аз уақыттың ішінде ізденген жастарға барынша сұранысын қанағаттандырып, қанаттандырып жібергіміз келеді.

- Әркім әртүрлі мақсатпен келеді және іздегенін табады дейсіз ғой?

- Әрине, барлығын бірдей аяқтандырып жібереміз деп айта  алмаймын, ол мүмкін де емес. Бірақ, әйтеуір, кейінгі өмірлік тәжірибесіне керек болса деген үмітпен қызмет етуге тырысамыз.

- Енді түбі бір Алтай түркілерінен шықтық деп жатамыз. Сіздерде де түркі тілдес халықтар арасында «Жайдарман» фестивалін өткізу жоспары бар деп естідік?

- Бұл енді бір ұзаққа созылған жоба. Оншақты жыл бұрын осы идея пайда болды. Сосын халықаралық КВН іс-шараларына барғанда ұсыныстар айтып көріп едік ешқайсы аса қатты мойын бұра қойған жоқ. Содан әрі ойланып, бері ойланып шақырғанша сол елдің тілінде ойнап көрейік деп шешім қабылдадық. Бірінші тәжірибе Қырғызстаннан басталды, жақсы қабылдады. Одан кейін Башқұрстанға бардық, онда да үш жылдай әрі сөйлесіп, бері сөйлесіп, аяғында басшылары емес сол жақтағы лиганың бір редактор қызының әлеуметтік желідегі парақшасын тауып алып байланысқа шығып едік, келіңдер деді.  Басшысының айтқанын тыңдамай жетіп бардық.  Олар да көздері алақ-жұлақ түсінбей қалды.  Башқұртша өнер көрсеттік. Кейін оны көріп, татарлар  шақырды. Артынан Кавказға барып ноғай, қарашай, балқарша ойнадық. Осылайша кішігірім процесс басталды. Содан биылғы жылы бір кісілердің қолдауымен өтеді деп едік, өкінішке қарай тоқталып қалды. Енді қазір «Тіл орталығының» қолдауымен сырттан 4 команда шақырып өткізейік деп жатырмыз. Бұл тәжірибе есебінде болмақ. Болашақта іргесі кеңи түседі деп сенемін.

- Бұл рухы бір түркі ұрпақтарының  ата қоныста бас қосуы біздің мемлекеттер, ұлттар мен ұлыстар арасындағы мәдени-рухани қарым-қатынасқа жаңа леп алып келеді ғой?

- Негізі рухани жаңғыруды талдап, қолдап, түсіндіріп небір іс-шаралар өтіп жатады.  Бір-екеуіне бардым да. Көп жақсы әңгіме айтылады, концерт көресің, бірақ соның барлығы белгілі бір жоғары топтардың арасында ғана қалып, бұқараға жетпей қалатын сияқты көрінеді.  Сондықтан біздің жоспарымыз бойынша балалар нақты араласады, мәдениеті мен тіліндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарын араласу нәтижесінде екшеп, шынымен түбі бір екенін түйсіну арқылы жастар санасына рухани азық бергіміз келеді. Мысалы бізде бір талап болды, барған әр елімізде сол ұлттың тілінде өнер көрсету. Толық сол тілде болмаса да 50/50 қағидасын ұстандық. Негізі тілдер ұқсас, еш қиындық жоқ. Бұл жастарға өте үлкен әсер етті, ойыннан соң мүлдем өзгерді. Бұл тек қонақ болып барған біздің тарапымыздан емес, қонақ қылып күтен башқұр, ноғай сияқты бауырлардан байқалды. 

Ұйымдастыру жұмыстары жаңа қалыпқа түсті, тіл тазалығы, дәстүр жаңғырту  сияқты ұлттық құндылықтарды осы жастар ойыны арқылы дәріптеу жолға қойыла бастады.  Біз де үлгі болуға тырыстық, себебі барлық түркі тілдес халықтар  Қазақстанды ата жұрт деп таниды.  Сондықтан  қазір байланыс орнатқан елдерде лигалар, филиалдар ашуға тікелей өзім атсалысып отырмын.  Оларға біздің тәжірибеміз қызық, ақыл-кеңес сұрап тұрады. Ал көмектесу біздің негізгі міндеттеріміздің бірі деп санаймын. Бұл тек қана «Жайдарманға» байланысты емес, ұлттық идеяны, мәдениет пен тарихты насихаттаудағы, ғаламторды пайдалану, блог жүргізу, әлеуметтік желілерді пайдалану бойынша да тәжірибемізбен бөлісіп отырамыз. Соның арқасында қазір Татарстан мен Башқұртстан жастарымен бір тұрақты байланыс пайда болды. Заманауи коммуникацияны рухани байланыс құралы ретінде пайдалану да біз үшін маңызды екенін түсіндіруге тырысудамыз.

- Алда өтетін ойын туралы толығырақ айтып берсеңіз?

- Бұл енді Халықаралық тілдер күніне арналған фестиваль, 25 тамыз күні өтеді. Жоғарыда айтылған 4 елден, сосын өзімізден түрлі ұлт өкілдерінен құралған, басқа да ерекшеліктері бар командалар қатысады. Мысалы Алтайдың бір тобы, Торғайдан бір топ деген сияқты тарихи аймақтардың құрамаларын жинап жатырмыз.   Содан соң алдағы қазан айында түркі тілдес елдердің астанасы саналатын Түркістан қаласында үлкен фестиваль өткізу жоспарда бар.  Осы ойындарды өткізіп алған соң қортындылап ойланатын боламыз, бұл керек жоба ма, керек емес жоба ма, соған байланысты керек деп тапсақ жыл сайын түркі тілдес бауырларды, тым болмаса, жылына бір рет ата қонысқа жинап тұру ойда бар.

- Сұхбатымызды қортындылайық. Сізді үлкен сахнадан көреміз, бірақ Есағаның ішінде көппен бөлісе бермейтін өз арманы бар шығар?

- Соңғы кезде ауыл жаққа, жылқыға деген аңсарым ауып, ойым кетіп жүр. Ойға алған жұмыстар реттелген соң осындай бір іс бастасам ба деген арманым бар. Қанша дегенмен қан тартады екен.  Ауылдас Аян деген інішектің әні бар: «Ауылдан адам кеткенмен, Адамнан ауыл кетпейді» дейді, қандай тамаша сөз иә?!  Ауыл жаққа барып, сол жақтың әңгімесін естігенде мүлдем басқа сезімде ораласың...

- ... мүмкін қартайғанның белгісі болар?

- Жоқ, қартайғанның белгісі емес... Әй, бірақ сендерге көбірек байқалады ғой! Жалпы жылқы өсіруді қолға алып, жаңа бағытқа шығарғым келеді. Қарасаң өзі рухани жаңғыру деген ескіні қайта шығару емес, мұраны жаңа заманға сай қылып қабылдау деп түсінемін. Өткенде Қатонқарағайға барғанда ондағы табиғатты, тарихты көргенде мүлдем басқа сезімде қайттым. Жалпы Қатонқарағай  ғана емес қазақтың әрбір өңірінде, әрбір ауылында өзінің тарихы бар, соны жаңғырту керек. Біз шетелге қарап «Ойбай осылардікі дұрыс екен» деген ойдан арылып, өзіміздегі бар дүниені бағалап, оны қайтадан өңдеп, жаңа форматта жас ұрпаққа ұсына білсек, міне нағыз рухани жаңғыру осы болмақ.  Мысалы «Қазақтың жаңа 100 есімі» өте керемет жоба бар, ал онда ұсынылғандар ордені көп, атағы керемет деген адамдардан тұрады. Ал біз керісінше сол тізімге жастарға үлгі болатындай ісі бар қарапайым ғана еңбек адамдарын ұсына білсек, еңбек пен ерлікті үлгі қыла алсақ сана өзгеріп, нағыз рухани жаңғыру сонда орын алатын еді.  Ондай адамдар біздің арамызда баршылық. Мысалы мен туып өскен ауданда өмір бойы қазақ тілінен берген мұғалім бар, оның шәкірттерінің 50-60 пайызы аса танымал болмаса да кез-келген сәтте төрт жол өлең шығаратын ақындық қасиетке ие. Бұл ұстаздың жұмысына деген махаббатын, балаға деген мейірімін білдірсе керек. Бұл деген керемет қой! Міне, осындай қарапайым адамдарды мақтан тұтайық, сонда біз де қарыштап дамитын боламыз!

- Сұхбатыңызға рахмет! Жастарға көрсетер жолыңыз ашық болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға