Жаңалықтар

Ғасырлар кеңістігіндегі көне сарындар

Қазақ халқының ескі наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптары
Ғасырлар кеңістігіндегі көне сарындар

Көне сарындар бағзы заманда пайда болып, ұлттық мәдениетіміздің рухани құндылығына айналып, ғасырлар кеңістігінде ұзақ тарихи кезеңдерден өтіп, атадан балаға, ауыздан ауызға жетіп, ұлттық рухтың мәйегі ретіндегі музыкалық-көркемдік бояуын сап алтындай сақтап келеді. Елімізде жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да басты мұраты – жас ұрпақ жүрегіне осы дала сарындарын дарыта отырып, әлемдік өркениетке өз ұлттық өрнегімізбен үн қосу. El.kz порталы Айнұр Қазтуғанованың «Ұлы даланың көне сарындары» атты еңбегіңе сүйене отырып, көне наным-сенім, үйлену және азалау ғұрпының сарындары, балалар фольклоры туралы кеңірек баяндағымыз келеді.

КӨНЕ НАНЫМ-СЕНІМ САРЫНДАРЫ

Қазақ халқының музыкалық фольклорында бақсы сарындары ерекше орын алады. Көне наным-сенімдер ғұрпының бұл түрі ежелгі дәуірлерден бастау алып, орта ғасырларда, исламға дейін және онан кейінгі кезеңдерде де жалғасып, Қазақстан аймағында кең таралған.

Терминологиялық сөздікте «Бақсы» сөзнің этимологиясын көне түркі тіліндегі «Бақ», яғни «Көру», «Қарау» сөзінен шыққан деп түсіндіреді. «Бақ» – ежелгі түркі сөзі, қазақ тілінде «Бақылау», «Кесел бағу» (емдеу) т.б. сөздерінде сақталған. Бұл сөз «Ауруды емдеу» ұғымына жақын келеді. «Бақсы» атауының түп-төркіні санскриттегі «Бхик-шу» – мұғалім, білікті сөзіне барып тіреледі деген пікір де (Е.Тұрсынов) көңіл аударарлық.

Бақсылық көптеген өнердің белгілерін қамтиды: бір актердің театры (моноспектакль), іспеттес, би, музыка, поэзия, проза және орындаушылық (ойындық, бейнелеушілік, вокалдық түрлері). Осылайша, бақсы ойындарында ғұрып пен сөз, музыка мен би тұтасып синкреттік құрылым түзеді. Бұл – көне фольклорлық мәдениетке тән қасиет.

Оның киім үлгісі де оғаш болып келеді – қамшысы үкі қауырсындарымен әшекейленген, бас киімінің түрі өзгеше, сырт киімдері үй жануарлары мен жабайы аңдардың терілерінен тігіледі және тағы басқа қазақ бақсысының атрибуттары асатаяқ, шылдырлауық, қоңырау, тұмар, қамшы және даңғыралардан тұрады. Ол қобыз немесе домбыра аспаптарында ойнап, бақсылық ойындарында жынын шақыратын» өзіндік сарындар орындаған. Бақсылық жайында Шоқан Уәлиханов еңбегінде алғаш ғылыми пікір тұжырымдалған. Адамзат санасының балаң шағын сипаттайтын көне наным-сенімдер ғұрпының ең ертедегі үлгілері болғандықтан, антология бақсы сарындарымен басталды.

Ғасырлар кеңістігіндегі көне сарындар

Бақсы сарыны

Асылхан Наурызханұлының әкесі Сейфілдің тұсында Нұржан деген бақсы болған. Ол бақсылық сарын айтып, бақсылық ойын көрсеткенде, киіз үйдің уығы арқылы «Бүркіт жыным келді» деп шаңыраққа шығып кетіп, одан топ етіп, жерге түсіп, атқа қайтып қарғып, мініп, түрлі әрекеттер жасайды екен. Соңында «Уһ» деп демін алып, «Сенде мынадай күнә бар», «Бір ақымақтық істеп жүрсің», «Алдыңда мынадай жақсылық бар», я болмаса, «Мына ауруың мынадай» – деп айтады екен.

Бақсы сарыны тамағынан қырнап шығып, көмеймен айту дәстүріне жақын. Әуенінде кең және «Олқы» секірмелер, сондай-ақ ырғақ екпінінің әркелкілігі, яғни әрбір тактінің соңында берілуі, көне дәуірде шамандар пайдаланған ұрмалы аспаптың соққысын еске салады.

Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың пікірінше, «Бақсы сарыны – тыңдаушысын үрейлендіріп, өзіне табындыру үшін айтылатын арнайы мәтіні бар әуен. Ол негізінен, қобыз сүйемелдеуімен айтылады. Бақсы сарынының нұсқаларын көбінесе, бақсылардың өздері шығарған. Олар халық поэзиясын, ән-күйін кеңінен пайдаланған. Бақсы сарынының сөздері екпінді және әсерлі болып келеді. Себебі, бақсылар «Жындарын» шақырғанда, өте ұтымды, батырлық жырларға тән әсірелеу, теңеулерді қолданып, түйдектете, екпіндете айтады. Бақсы сарындарының сөздері сегіз буынды жыр үлгісіне келеді. Бақсылар өз «Ойынының» әсерін арттыру үшін сарынға көптеген мифтік бейнелер енгізіп, «Жындардың» күресін суреттегенде, адамның есінде қаларлықтай образдар жасайды. Қазіргі кезде бақсы сарыны да өмірден өшкен әдет-ғұрыптардың бірі».

Айдаһар жыландардың арбауы

«Айдаһар жыландардың арбауы» 1970 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында өмір сүрген Әубәкіров Бекберген (1897-1973) бақсының орындауынан жазылып алынған. Он тоғыз жасында бақсылық сынағынан өтіп, емдеу, болжау, болашақты көру, ойды оқу қасиеттерімен халыққа кең танылған. Бекберген бақсылықты әкесі Әубәкірден үйренген. Ол, бақсылық ойында қылқобыз аспабының сүйемелімен сарындар айтып, жындарын шақырған. Ұсынылып отырған «Айдаһар жыландардың арбауы» сарыны лексикалық буындардан басталып, көмеймен айту тәсілі арқылы орындалады. Бұл үлгі ладтық тұрғыдан құбылмалы иірімдер, «Ре» мен «Ля» дыбыстары арасындағы ауытқулардың негізінде жасалған.

Дүрсілдеген шұбар ат

Күрделі интонациялық-ырғақтық форма құрайтын материал ретінде ғалым-фольклортанушы Болат Қарақұлов түсірген «Дүрсілдеген шұбар ат» музыкалық композициясы қызығушылық туғызады. Бұл сарын – арғы тегі бақсы болған, әрі өз әкесі Әубәкірден (1906 жылы қайтыс болған) шамандық дәстүрді мирас еткен кәсіби шебер Бақберген Әубәкіровтың (1897-1973) орындауында үнтаспаға жазылған.

Қылқобыздағы кварталық бурдон фонындағы әуен төмен регистрде, негізінен кварта интервалының аумағында айналып, толқынды қозғалыспен кіші октаваның ля тірек дыбысына оралып отырады. Арасында қобыз жоғарғы дауыста қосарлана қайталанады. Өлшем-ырғақтық тынысы икемді әрі әртүрлі триольдармен қозғалыс синкопаға ауысып отырады. Көңілсіз орындалатын әуеннің соңына қарай, күтпеген жерден жадыраңқы реңкке ауысады.

Тұрсынтай бақсының сарыны

Тұрсынтай бақсы сарынының мазмұнында қасиетті әулиелердің атын атап, сыйыну, жын иесімен сөйлесу сынды мәтіндер кездеседі. Мәтіндік сарындарда көп кездесетін ұқсастықтар: сарын «Ал ло...й» деп басталып, «Ал...лой, Ал... лай..., Ал... лау...» деп аяқталады. Осы сөздер «Алла» деген сөздің мәнін береді.

Бақсы рулық жағынан өз ата тегінен тараған батыр, ақын, ұлы тұлғалардың атын атап, аруағын шақырып, сарынға қосып айтады. Беріліп отырған сарында жын, аруақ, пір, құдай, Алла тағы басқа түрлі танымдық ұғымдар қатар аталады.

Музыкалық сарында негізінде пентатоникалық лад құрылып, негізгі сарын қайталану және өзгертіп даму әдісімен жасалған. Сарын домбырамен сүйемелденген. Олардың үйлесуі әуенмен сабақтастықта жүреді.

ҮЙЛЕНУ ҒҰРПЫ САРЫНДАРЫ

Қазақ халқының үйлену ғұрпы бірнеше кезеңнен тұрады. Онда құдалық рәсімдері мен күйеу жігіттің қалыңдығына ұрын баруымен байланысты аралық кезеңдер, қыз ұзату, келін түсіру сияқты әр түрлі ғұрыптық рәсімдердегі іс-қимылдармен оларды сүйемелдейтін музыкалық-поэтикалық үлгілер өзара қыбысып жатады. Яғни, ежелгі замандағы өткізілетін той-жоралғылары тойға дейінгі және той үсті мен тойдан кейінгі өткізілетін ырым-салттар мен рәсімдер жүйесін құрайды.

Отбасылық ғұрыптардың барлық әдет-ғұрыптары киелі мағынаға ие және көшпенді дала мәдениетінің заңдылықтарына бағындырылған, қазақ халқының ежелгі өмірлік ұстанымдары мен кісілік-этикалық мұраттарын, философиялық көзқарастарын танытады. Үйлену ғұрпы – ұрпақ жалғастығымен байланысты ерекше оқиға ретінде жалпы халықтық мәнге ие болып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Таптық қоғамға дейінгі бұл ғұрыптық рәсімдер жүйесі әртүрлі әлеуметтік топтардың арасына жік қоймайтын ортақ қуаныш ретінде өткізілген. Үйлену тойының барлық рәсімдері әртүрлі әндердің әуенімен сүйемелденетін синкреттілік сипатқа ие. Олардың бастапқыда наным-сенімдік, кейіннен көркемдік-эстетикалық сипаты басым болып «Рәсімге қатысушылардың» талап-тілегін, арман-аңсарын танытатын ғұрыптың ажырамас бөлігі болып табылады. Демек, үйлену ғұрпының әрбір рәсімін өткізуге қатысты бүгінгі күнге жеткен жанрлардың музыкалық-поэтикалық сипаты күрделі. Олардың арасында жар-жар, сыңсу және беташар сияқты той жанрлары ерекше маңызға ие.

Ғасырлар кеңістігіндегі көне сарындар

Сыңсулар

Қалыңдықтың сыңсуы – ұзату тойы кезінде қалыңдықтың үй-ішімен, ел-жұртымен, қоштасу рәсімдерін сүйемелдейтін сыңсыма (қоштасу) әндері. Өз руынан қыз алуға тиым салатын ежелгі экзогамиялық салттар қазақтардағы жеті ата толғанға дейін некеге отырмайтын салтпен қабысып, жігітке алыстан, өзге рудан қалыңдық таңдауды міндеттеген. Қыздың алыс ауылдарға тұрмысқа шығуы да осы жағдайға байланысты болған. Ал ұзатылатын қыздың өз жұртына келуіне жыл толмай рұқсат етпейтін салттың төркіні көне замандардағы өлім туралы түсініктермен байланысты. Сыңсу әндері қоштасу кезіндегі қалыңдықтың ішкі дүниесін ғана емес, белгілі бір символдық рәсім мағынасын да иемденеді. Ұзатылатын қыздың туған өлкесімен, туыстарымен, туып-өскен үйімен қоштасу рәсімдері мен оған қатысты әндер орындалатын уақыты мен орнына қарай – бірнеше кезеңнен тұрады. Олардың өзіне тән атаулары мен сипаты бар: сыңсу, көрісу, қоштасу, танысу, қыз ұзату.

Қыздың кетердегі көрісуі

Ақпарат берушінің айтуынша, бұл салт Қазақстанға қарағанда, Шыңжаң қазақтарының арасында кейінгі уақытқа дейін кездескен. Мысалы, қалыңдықтың қоштасу әндері жөнінде Мағрипа Ақасқызы былай дейді: «Бұрын қыздар тұрмысқа өз қалауларымен сүйіп бармайды. Әке-шешесі сырттан ұнатып, «Мындай бір қыз бар екен, соны алсақ» дейді. Сол бойынша келіп, сол қыздың ата-анасына сөйлеседі. Қыз да «Бармаймын» демейді. Әкесінің айтқаны бойынша кетеді. Содан оған тойын жасап, киіндіріп, жасауын береді. Бай ел болса, ат мінігізіп, шапан жауып, алдына мал салып, ұзатады. Той жасалып, әуелі бірінші рет басына салы (шәлі) жабады. Сөйтіп, қыз үйінен шығарда жылап туысқандарымен қоштасады. Арнайы рәсімдер атқарылады. Мысалы, үй төріндегі жүгі бұзылып, сырттағы ел оны шығарып әкетіп жатады. Ол кезде қыз әлі үйде қалады. Ол қайын жұрттан келген киімді киеді. Өзінікін сандыққа салып береді. Сөйтіп, қалыңдық киімін киіндіріп болған соң, туған жұртымен көрісіп қоштасады. Алдымен барып, анасымен көрісіп жылайды».

Жар-жар

Жар-жар – қалыңдықты шығарып салу кезінде орындалатын ғұрыптық ән. Қазақтарда қызды ұзату рәсімдерінің орта кезеңінде айтылады. Жар-жар – күйеу баланы қолдаушы жігіттер тобы мен қалыңдықтың атынан қыз тағдырын әнге қосатын қыздар тобы арасындағы айтыс түрінде орындалады. Осылайша, жар-жар екі нұсқада болады: әйел табиғатымен байланысты лирикалық, қоштасу, сондай-ақ ерлерді бейнелейтін жарқын, мерекелік, салтанатты жар-жар. Мұндағы диалог қарама-қайшы мазмұнға құрылады. Ол жайдары және мұңды көңіл-күйдің алма-кезек ауысып тұруы. Ерлердің жар-жары қалжың аралас көңілде айтылады. Оның негізгі функциясы – тағдырдың жазуымен өзінің туған үйінен кетіп бара жатқан қызға жұбаныш айту және жаңа ортада оның әкесі мен анасының орнына қайын енесі мен қайын атасы, ағалары мен апа-сіңлілерінің орнына қайындары мен қайын сіңлілері болатынын айтады. Бұған жауап ретінде орындалатын қыздар тобының жар-жарында қалыңдықтың үйі мен жақындарына деген қимастық сезімі беріледі.

Музыкалық тұрғыдан да ерлер мен әйелдердің жар-жар нұсқалары бір-бірінен ерекшеленеді. Дегенмен, бір жанрға жататын болғандықтан, оларға ортақ сипаттар да кездеседі. Олар, ең алдымен, 11-буынды өлең жолдарынан тұрады. Екі нұсқада да негізгі ой композицияның екінші жартысында, яғни шумақтың екінші жартысында айтылады. Жігіттер айтатын жар-жар музыкалық жағынан көлемді болып келеді. Өлеңі 4 жолды шумақтан тұрады, ал қыздар жар-жары 2 жолды өлең шумағынан құрылған. Қыздар жар-жарының диапазоны да кішігірім, әдетте тетрахорд немесе тіпті трихорд шегінде. Ерлер әуенінің құрылысы неғұрлым кеңейтілген. Қыздар әндерінде өлшем ауыспалы болып, түрлі ырғақтық комбинациялар кездессе, жігіттердің нұсқасында тұрақты өлшем және біркелкі ырғақтық сурет тән. Және де жігіттер жар-жарының әуені қатты өзгермейді.

Аужар

Аужар әнін үйлену тойының қатысушылары жар-жар айтқаннан кейін орындайды. Ол сондай-ақ қалыңдық пен күйеу жігіт немесе кез келген жігіт пен ауылдың қызы арасындағы айтыс түрінде орындалады. Аужар мазмұны жас жұбайларға бақыт, қуаныш, өзара түсіністік, отбасылық өмірде игіліктер тілеуі мен әзіл-қалжың, ойын-сауыққа құрылған. Аужар жалпы құрылысы, орындау үлгісі, сондай-ақ музыкалық-поэтикалық құрылымы жағынан жар-жарға өте жақын. Алайда, жар-жар әзіл-қалжың сипатындағы қалыңдықты жұбату болса, аужар үгіттік міндет иеленеді, қыз ұзату тойының атмосферасына сәйкес мұңды боп келеді. Енді бір айырмашылығы, аужарда сұрақ-жауап түрде диалогтық орындалу жоқ, онда алдымен бір жақ өз ойын жеткізіп болған соң барып, екінші жақ баяндайды. Бірақ жалпы алғанда, аужардың да әрбір жолы жар-жар қайырмасымен аяқталуы мүмкін.

Ақпарат беруші Мағрипа Ақасқызы XX ғасырдың бірінші жартысында Шыңжаң қазақтарының арасында айтылған аужар жөнінде былай дейді: «Қыз ауылында қызды киіндіріп болған соң, жеңгелері салыны (шәліні) басқа керіп тұрады. Қыз жылап тұрады, жеңгелері екі жақтан аужар айтады. Киіз үйдің жабығын ашып қояды. Сырттан атпен шауып келіп, асықты жілікті қамшысына байлап аужар айтысатын жігіт келеді.

Сарын

Сарын – Шығыс Қазақстан аймағында кең тараған жар-жардың бір түрі. Бұл жанрлардың бір-біріне ұқсастығына қарамастан, кейбір айырмашылықтарды да байқауға болады. Олар, ең алдымен, интонациялық құрылымы мен өлең құрылысына қатысты. Сарында ерлердің жар-жарына тән көсілмелі интонациялар жоқ, кейде кварталық секіруден басталатын үлгілер кездескенімен, бірақ оларда көп жағдайда қалыпты қадамдар басым болады. Егер жар-жар, әдетте, 11-буынды өлең жолына құрылса, сарын – 7-8-буынды өлең жолдарымен баяндалады. Ал қыздар сарынына келетін болсақ, оның барлық сипаттамалары шығыс қазақстандық нұсқасымен сәйкес келеді. Әдетте, сарынның үйлену салты жанрларындағы әрбір өлең жолы «Бике-ау» немесе «Бикем», «Үкі-ай», «Үкі-ау» сөздерімен аяқталады.

Төмендегі үлгіні берген Беделбек Әбілмәжінұлы оны анасынан үйреніп, Қытайдан көшіп келген қазақ малшыларынан да естігенін айтады. Ғұрыптың этнографиялық ерекшеліктерін атай отырып, ақпарат беруші мынадай мәліметтер айтады: «Қыз ұзатыларда киіз үйдің ішінде отырады. Үй сыртынан келіп, қыз-жігіттер сарын айтады. Ертесіне аттанатын түнде айтады. Күндіз айтпайды. Менің кітабымда сарынның 20-30-дай шумағы бар. Оларды: шешемнен, әкемнен, құдамнан, тағы бір қойшылардан теріп жазып алдым. Сарынның бәрі бір әуенмен айтылады, бірақ сөзі әртүрлі. «Ертең ұзатылып кетесің, бізді ұмытып кетпе», «Жарың өз теңің емес, малға сатылып барасың, бірақ қазақтың салты солай, амал жоқ», – деп айтатын сөздер болады. Қыз ішкі зар-мұңын білдіреді. Сарынның ерекшелігі: «Қамалым, үкі-ай, қамалым, үкі-ай», дейтін соңғы сөзі сарын сияқты қайталана береді».

Беташар

Беташар – речитативті-декламациялық мәнерде айтылатын қазақтың үйлену той жанры. Беташар – жігіттің ауылы мен қонақтарға, отбасының жаңа мүшесі болған жаңа түскен келінді таныстыру рәсімі. Сондай-ақ қалыңдық күйеуінің туыстарымен және сол ауылда қалыптасқан өзіндік жүріс-тұрыс, тәлім ережелерінен хабардар етеді. Академик Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің сөзімен айтқанда: «Бұл өзіндік нұсқаулар кодексі ауыл үлкендерінің алдында отбасының жаңа мүшесін қалыптасқан ақылақ пен күнделікті тұрмыстағы әдетке үйретеді».

Қыз ұзатылғаннан кейін өзін шығарып салушы жақындарымен бірге күйеуінің ауылына келеді. Күйеу жігіт жағы ән мен әзіл айтып, әйелдер тобы құдаларды қарсы алады, содан кейін жаңа келіннің бетін бүркеп, өзгелерден жүзін жасырып, бөлек үйге апарады. Жаңа түскен келінді ошаққа тарту немесе отпен тазарту рәсімдері өткізіледі, содан кейін оның бетін ашуға байланысты салттық іс-әрекеттер жасалады. Әдетте, келіннің бетін атақты ақындар, сөз шеберлері, кәсіби музыканттар музыкалық-поэтикалық қойылымдарымен сүйемелдеп айтып ашады. Сейіт Асқарұлы Қасқабасов беташардың 2 бөлімнен тұратынын атап өтеді. Олардың біріншісінде, жас келіннің сұлулығы, нәзіктігі, қарапайымдылығы жырланып, оның жаңа үйдегі міндеттері айтылатындығын, ал екіншісінде – келін жаңа туыстарымен таныстырылып, әрбір жаңа туысының аты-жөні аталған сайын, оған иіліп сәлем беруі тиіс. Ал оның сәлемін алған адам қалыңдыққа сыйлықтар береді.

Музыкалық тұрғыдан беташар речитативті терме стилінде, тар диапазонда, әр буын әр музыкалық дыбысқа сәйкес келетін және тирадты формада орындалады. Бұл әндердің поэзиясында тотемистік көзқарасқа негізделген метафорлар, параллелизмдер қолданылады, адам ақаулары айыпталады, биік адамгершілік сезімі мен моральдық мүлтіксіздік мадақталады. Бұл – речитативті-декламациялық үлгідегі тек жеке орындалатын туынды. Үлгілердің әуені қарапайым, ал өлең жолдары 7-8 буыннан тұрады, оларда акцент мәтіннің мағынасына жинақталған.

АЗАЛАУ САРЫНДАРЫ

Азалау ғұрпы – адамның дүниеден өтуіне қатысты салт-дәстүрлердің кешенді жүйесі. Исламға дейінгі таным-түсініктерден тамыр алатын азалау рәсімдерінің негізгі мақсаты – дүниеден өткен адамға құрмет көрсету. Қайтыс болған адамның тек жақсылығын айтудың мәні көне замандардағы «О дүниелік өмір» жайлы түсініктен туындап, кейін адами ортақ құндылықтарға ауысқан. Дінмұхамед Ізтілеудің қазақтардың жерлеу салт-дәстүрінің табиғатына қатысты айтқан пікірі осы салттың мәнін жан-жақты ашып көрсетеді. Оның айтуынша, «О дүниеге шығарып салу» кезінде қазақтарға тән туыстық сезім, қайырымдылық сияқты қасиеттер ерекше айқын көрінеді.

Қазаны соңғы сапарға абыроймен шығарып салу – марқұмның бүкіл руы мен жақындарына артылған қоғамдық маңызы бар міндет. Оның отбасы үшін бұл тек қайғы-қасірет қана емес, сонымен қатар ұйымшылдық, ауызбіршілік, берекесін бағалайтын сынақ іспеттес. Жерлеу шығындарына ортақтасу, қонақтарды абыроймен күту, бүкіл тегімен қайғыру – жоғары парасаттылықтың белгісі».

Ғасырлар кеңістігіндегі көне сарындар

Жоқтау

Жоқтау – азалау, жерлеу салтындағы міндетті ән жанры. Ғұрыптық фольклордың азалау әндерінің сарындары көне архаикалық сипатымен ерекшеленеді. Қазақтар – түркі халықтарының арасындағы жақын адамының өліміне байланысты қайғысын арнайы мұңды сарындарға салып, бүгінге дейін айтып келе жатқан аздаған халықтардың бірі. Бұл салтта көне замандағы тәңіршілдік түсініктер мен исламдық көзқарастар қатар көрініс тапқан. Жоқтауды әйелдер өздері шығарып айтатын болған. Елдің тұлғалы азаматтары өмірден өткенде ақын, әншілер марқұмға арнап көркемдік деңгейі биік жоқтаулар шығарған.

Башпайды жоқтау

Қазақтардың өміріне мұсылман дінінің енуіне байланысты ежелгі дәстүрлерге де ислам қағидаттарының әсері сезіле бастады. Бұл көне жоралғылардың даму үрдісіне де зор ықпалын тигізді. Мысалы, қарастырылып отырған үлгінің поэтикалық мәтінінде «Әғузу биллә, бісміллә» сынды Құран сөздері пайдаланылады. Ақпарат берушінің айтуынша, оның өзінің әкесі мен ағасы жоқтаушы болған екен. Орындап берген адам «Башпайды жоқтау» жөнінде мынадай ақпарат айтады: «Бұл жоқтауды айтқанда, арасында Құран сүрелері оқылып отырады. Қаптап келген қалың ел оған тоқтау айтады.

Өзімнің әкем де, Тоқтаған деген ағам да, жоқтаушы болатын. Маған жоқтаудың сөзін солар үйреткен».

Көңіл айтып көрісу

Азалау рәсімінің міндетті жанрларының тағы бірі – көрісу. Дауыс пен жоқтау сияқты оның әрқилы жағдайларға байланысты айтылатын бірнеше түрі болады. Олардың бірі – қаза болған отбасының туғандарына көңіл айту кезіндегі жылап көрісу. Салт бойынша, қазада сол үйге туыс болып келетін әйелдер жеке отырады. Оларға көңіл айтып келген адамдар жақындап келіп, құшақтап, көрісу айтады. Ұсынылып отырған әннің мәтінінде ислам шариғаттары өлеңмен өрілген. Онда Мұхаммед пайғамбардың өмірі туралы хадистерден алынған өлең жолдары кездеседі.

Бүркеуін алған әйелдің көрісуі

Көрісудің тағы бір түрі қазаның жылдығын беру кезінде орындалады. Ақпарат беруші Мағрипа Ақасқызы осы салттың этнографиялық сипаттамасын бере отырып, мынадай мәліметтер келтіреді: «Күйеуі өлген әйел бір жыл бойында атқарылатын кәделер тұсында (жерлеу, жетісі, қырқы, жылы) басына ақ жаулық жамылып, белгілі орында отырады. Азалы әйелдің белгісі ретіндегі екі ақ жаулықты, алмастырып байлайды. Марқұмның асына сойылатын аттың жал-құйрығын күзеп, жылына дейін бос жіберіп, семіртеді. Оны «Тұлданған ат» дейді. Бұл атқа тіпті ұрылардың өзі тиіспейтін болған. Көші-қон кезінде осы «Тұлданған» атқа марқұмның киімін, қару-жарағын, т.б. артып, оны көш алдында жетектеп жүреді. Қаралы әйелдер тобы көш алдында жүріп, зарлы дауыспен жоқтау айтады. Салт бойынша, жолдағы ел-жұрт азалы көштің алдынан ас-су алып шығып, көңіл айтып, жұбатады. Көздеген қонысқа қонған соң марқұмның жылдық кәдесі атқарылып, «Тұлданған атпен» қоштасу, жесірдің басынан қаралығын шешу, т.б. рәсімдері өткеріледі. Ақпарат берушінің мәліметінше, Қытай қазақтарында жесірдің басына азалы күндері ақ бүркеу салынып, ал жыл толған соң көк жаулық салынады. Төмендегі көрісу үлгісі азалы әйелдің басынан осы ақ бүркеуін шешкен кезінде шығарылған.

Дауыс мақамы

Азалау, жерлеу рәсімінің тағы бір жанры – дауыс. Мағрипа Ақасқызының айтуынша, дауыстың да түрлері болады. Олардың бірі көшкен кезде айтылады. Мысалы, Башпай қайтыс болғанда, табыттың алдында төрт адам жүріп, арнаулы мақаммен дауыс салған. Қарастырылып отырған дауыс музыкалық жағынан, ерте замандағы осы жанр сарындарына жақын келеді. Мәтінде Құран сөздері, сүрелер мен хадистердің элементтері кездеседі. Бұл – барша мұсылманның жерлеу рәсіміндегі ажырамас бөлігі.

Александр Викторович Затаевич дауыс жанрын: «Бұл сарынды жесір қалған әйелдер күніне үш рет дауыстап айтып отырады», – деп сипаттаған.

БАЛАЛАР ФОЛЬКЛОРЫНЫҢ САРЫНДАРЫ

Балалар фольклоры – халық шығармашылығындағы маңызды салалардың біріне жатады. Ол мазмұны терең көне музыкалық сарындармен астасып жатқан, бала тәрбиесіндегі рухани өзек болып табылады. Ізгілікке баулитын балалар фольклорының мазмұны – өнегелі, тілі – көркем, жеңіл жатталады. Ерте заманнан бері бабаларымыздың тәжірибесінде жинақталған даналықпен өрілген фольклор – балалардың мінез-құлқын, дүниетанымын, көркемдік талғамын қалыптастыруда ерекше міндет атқаратын ұлттық тәрбие құралы.

Ғасырлар кеңістігіндегі көне сарындар

Шілдехана

Жаңа туған нәрестенің өмірге келуі – әрбір отбасындағы аса маңызды оқиға. Әлемнің басқа да халықтары секілді қазақ отбасы да шаңыраққа жас нәрестенің (әсіресе ұл баланың) дүниеге келуін ерекше жағдайда атап өтеді. Ондай іс-шаралар бірнеше түрлі болып келеді. Сәби дүниеге келген күні «Шілдехана тойы» жасалады. Оған жеке бір үй дайындалып, елдің үлкені мен кішісі жиналады. Сол үйдің белдеуіне туырлықты шыр айналдыра түріп, оның сыртына да, ішіне де сырмақ төсеп тастайды. Сырмаққа ерлер сыртында, әйелдер ішінде айнала отырып, айтысады. Айтысқа түскен екі адам, керегенің көгінен қол алысып, «Бісмілләдан» бастап, «Амандасумен» жалғастырады.

Арасында шай құйылады. Сол кезде: «Шайдың сұрауы бар ма?» деген сауал қойылады. Сөз қағысу барысында ақын қайдан келгендігін айтып, жөнін баяндайды. Тізіліп отырғандардың әрқайсысы атын атап, өзін-өзі таныстырып шығады. Әр жақтан келген ақындар туған өлкесінде кең тараған сарынға салып, айтысады.

Әлди-әлди

Бесік жырында әр ата-ана өзінің арман-тілегін, баласының болашағын қалай елестететіндігін әнмен өрнектеп, баланың құлағына құяды. «Тәрбие – тал бесіктен» деген ұстанымды қатаң қадағалайтын халқымыз осындай нәзік дүниелерді бала тәрбиесіне сыналап кіргізуді шебер меңгерген. Әрі, мұны қарапайым әуенге құрылған жыр мәтіні арқылы әнмен әлдилеп отырып, сәбидің санасына сіңіруге тырысқан. Әр кезеңдегі бесік жыры мәтіндерінің мазмұнынан заман келбетін көруге болады. Балаға деген мейірім мен ізгі тілектерге толы бесік жырларының қатарына «Әлди, бөпем», «Әлди-әлди» әлпештеу өлеңдері жатады. «Әлди-әлдидің» әуені бірнеше рет қайталанатын сарынға негізделген. Оның әуені еркелету, аялау, тыныштандыру интонациясына құрылып, бесік тербелісіне үйлесетін жағымды үнмен әндетіледі.

Бесік жыры

Бесік жыры – балалар фольклорының негізін құрайтын жырлардың бірі болып табылады. Бесік жырының мазмұнында халықтың түпкі тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі дүниетанымы көрініс береді. Бесік жырының негізгі қызметі – бірқалыпты сөзді әдемі әуенмен бесік тербелісіне ыңғайлай әндетіп, сәбиді тыныштандыру, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру.

Қазақ бесік жырының үлгілерін алғаш рет 1905 жылы Ә.Диваев жариялады. Әдебиетші-ғалымдар М.Әуезов, С.Қасқабасов, Б.Уахатов, К.Матыжанов анықтама берген болса, музыкатануда В.М.Беляев, В.Виноградов, Б.Ерзакович әуендік жағын қарастырды.

«Бесік жырының» музыкалық ерекшеліктерінде біркелкі ырғақтың қарапайымдылығы (ырғақтың күрделі түрлері сирек жағдайда кездеседі), әуендік желісіндегі тұрақты дыбысқа тәуелділігі, алғашқы мелотармақтың субквартадан немесе тұрақты дыбыстан басталуы, мажорлық ладта жазылуының көптеп кездесуі (бірен саран үлгі минорлық бағытта да бар), бесік тербелісіне орай, өлшемнің тұрақтылығы аңғарылады. Әннің мазмұнынан ана мейірімі, сәбиінің болашағына артылған зор үміті көрініс тапқан.

Тұсау кесу жыры

Халқымыз өсіп келе жатқан сәбидің әрбір өмір кезеңдеріне жауапкершілікпен қараған. Оның ең алғашқы өзіндік қадамы да отбасында үлкен мереке ретінде аталып, осы күні арнайы рәсім өткізіліп, бұл мереке құрметіне әндер шырқалған. Баланың алғашқы қадам басуына қатысты туған өлеңдердің бірі – «Тұсау кесу жырының» түп-төркіні көне замандардан бастау алады. Баланың алғашқы тәй-тәй басқан үйінде туыстар мен достары жиналады. Қонақтардың ішіндегі ең жасы үлкені, әдетте әжелер немесе анасының өзі баланың аяғына ала жіпті байлайды да баланы ортаға тұрғызып, жіпті қайшымен немесе пышақпен кеседі. Сосын баланы қолынан жетектеп, үй ішінде жүргізіп, «Тұсау кесу жырын» айтады. Өлеңнің мазмұнынан байқалатындай, балаға арналған өлең ғибраттық тағлымдық сипат иеленеді. Әннің әуені қарапайым, синкопа ырғағы басынан аяғына дейін сақталған.

Асау мәстек

Атқа отыру шеберлігін меңгеруге дайындық балалар ойыны «Асау мәстек» талаптарында көрініс тапқан. Бұл – спорттық сипатқа ие ойын, балалардың арық, көтерем мәстек атты бас білдіруінен басталады. Оны бір-бірінен бір жарым-екі метр қашықтықтағы жерге нық қағылған екі қазық арқылы бейнелейді. Олардың арасына жерден 50-70 см биіктікте ширатылған қыл арқан тартылады. Тартылған арқанның ортасына ескі көрпе, киіз я болмаса тон тасталады. Ойын жүргізуші «Көтерем мәстекке» мінгісі келетіндерді шақырады. Жүргізушінің шақыруынан кейін ортаға өзінің ептілігін сынағысы келген бала шығады. Ол: «Егер бұл басбілмеген асау болса, нағыз шабандозға кезікпей жүр екен. Бер маған таяныш етер таяқты» – дейді. Жүргізуші оған таяқты беріп тұрып, «Атты бас білдіргенде, таяқты үш рет қана пайдалануға рұқсат беремін» – дейді.

Ойыншылар таяққа сүйеніп, малдас құрып, керіліп тұрған арқанда отырып, жерден тақияны алуы керек. Егер ол бұл шартты орындай алса, ұтады да жүргізуші жазаға тартылады. Ал, ойыншы арқаннан ауып түссе, өзі жазаға ұшырайды. Барлық жағдайдағы «Жазалаудың» мәнісі: жеңілген адамның ән айтуы, тақпақ оқуы, немесе әтеш болып шақыруы, ешкі боп бақыруы, түйе боп боздауы керек. Мұның барлығы балалардың өздерін еркін, ортадағы ерекше қызығушылығын арттырып, көңілін көтере түседі.

«Асау мәстек» ойыны мына салттан шығуы мүмкін. «Асау мәстек», - яғни «Мәстек» деп, тек шаруашылықтың қара жұмысы үшін ғана пайдаланатын, тұрқы аласа аттарды атаған. Ойынның мәнісі мынада: егер ойыншы бала осы мәстекті игере алмаса, оның өз құрдастарының арасындағы ептілік беделі төмендейтін болады. Сондықтан да «Асау мәстек» ойынына балалар алдын ала дайындалып, орнықсыз арқан үстінде тепе-теңдік сақтауға жаттығады.

Аңдардың айтысы

Балалар ойынында әрбір қатысушы аң-құстың дауысын салып, өзінің қабілеті мен шеберлігін танытып, бейнелеген хайуанаттарының сыртқы түрі мен ерекше қылығын көрсетуге тиіс болған.

Көңілді ән айтылатын ойын «Аңдардың айтысы», – деп аталады. Ойын басталар алдында аюды бейнелейтін бала, қойдың терісін басына жамылып, денесінің жоғарғы жағын терімен орап, ширатылған түбіт орамалды байлап, құйрыққа ұқсатып жапсырған; қасқырды сомдағанда – тақияны ширатып құлақ істеп, таққан; түйе болатын ойыншы бүгілген шынтағын таяққа сүйеп, тымақ немесе тақия киген; қоянды екі ақ орамалды бұтаққа байлап, құлақ жасап бейнелеген және т.б.

Жүргізуші балаларды алаңқайға, я болмаса ағаштың қасына жинап, кіріспе сөзімен ойынды бастайды.

Ойын соңында жүргізуші: «Міне, енді қыс келді, қар жауды. Қанеки, өзімізге азық табуға аттанайық» – деп, ән шырқайды. Барлық жиналған «Аңдар» келіседі де жан-жаққа тарайды. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға