Қандастар Ассамблея

Үндістан астанасында Абайға бюст қойылды

02.06.2022 242
Фото: СІМ

Үндістанның Нью-Дели қаласында Сан Мартин Парк скверінде қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың бюсті салтанатты түрде таныстырылды, деп хабарлайды El.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара ҚР Премьер – Министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың, Үндістанның Сыртқы істер және мәдениет мемлекеттік министрі Минакши Лекхидің, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен өтті.

«Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық», - деді Б. Сұлтанов.

Ол Махатма Гандидің туған жеріне қазақ ағартушысының бюстін орнату терең символдық мәнге ие екенін атап өтті. Абай мен Ганди идеялары бір-бірімен тығыз байланысты.

Мәселен Абай: «тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді Махатма Ганди де бағалаған. Ол «сіздің сеніміңіз сіздің ойыңызға айналады, ойыңыз сөзіңізге айналады, сөзіңіз әрекіңізге, ал әрекетіңіз әдетке, әдет сіздің құндылығыңызға, құндылықтарыңыз сіздің тағдырыңызға айналады», - деген.

Бақыт Сұлтанов Абай бюстінің орнатылуы екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті. Сондай-ақ тараптар білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады.

Нью-Дели қаласында Абай бюстінің ашылуына арналған салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 14-отырысына қатысу үшін Қазақстан Республикасы делегациясының Үндістанға сапары шеңберінде өтті.



Ұқсас материалдар