Қандастар Ассамблея

Әли Бектаев: «Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз»

Еліміздің аграрлық секторы бүгінде 5000-нан астам адам еңбек ететін 38 ғылыми, ғылыми-өндірістік, сервистік және білім беру ұйымдарын құрайды. Бұл туралы «Референдум – ауқымды реформалардың бастауы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында айтылды. Шараны «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы өткізгенін айта кеткеніміз жөн.


Әли Әбдікәрімұлы өз сөзінде ауыл шаруашылығы бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне жауап беретін экономиканың өмірлік маңызды салаларының бірі болып табылатынын атап өтті.

– Еліміздің аграрлық секторы бүгінде 5000-нан астам адам еңбек ететін 38 ғылыми, ғылыми-өндірістік, сервистік және білім беру ұйымдарын құрайды. Бұл – ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен тығыз байланыста жұмыс жасайтын адамдардың үлкен кластері. Ғылыми интеллигенция әрқашан инновациялық идеялардың қозғаушы күші болып келеді. Ғалымдардың елде болып жатқан оқиғаларға ерекше призма арқылы қарайтыны құпия емес. Сондықтан ел үшін осындай елеулі оқиғаны өткізуде жетекші ғалым-аграршылардың қолдауы аса маңызды. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың мемлекеттің негізгі заңына түзетулер енгізу туралы шешімінің дер кезінде қолға алынғанын және өзектілігін атап өткіміз келеді,- деді Әли Бектаев.


Сондай-ақ, Әли Бектаев қатысушыларға елдің Негізгі Заңына енгізілетін түзетулер мен толықтыруларды егжей-тегжейлі түсіндіріп, фермерлер үшін референдумға да, мемлекет өміріне де белсенді қатысудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Өз кезегінде, ғылыми зиялы қауым өкілдері референдум өткізуді, сондай-ақ ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу қажеттігін бірауыздан қолдады.

Осы отырыста аграрлық ғылымның қазіргі кездегі қиыншылықтары айтылды. Ғылымды дамытуға бөлінетін қаражаттың жетіспейтіні сөз болды.

 

– Құрылған сәтінен бастап «Ауыл» партиясын әр азамат үшін күн сайынғы және өзекті мәселе: тұрақты табыс, сапалы медициналық қызмет көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету, құқықтар мен бостандықтарды қорғау және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету жәйі үнемі алаңдатады, – деді өз сөзінде Ұлттық академияның академигі, профессор, «Ауыл» партиясының мүшесі Сейтқазы Кешуов. – Сондықтан, өз қатарына ел болашағы үшін шынайы қуана білетін адамдарды біріктірген, Қазақстан Республикасы азаматтарының алдындағы жауапкершілікті жан-дүниесімен сезіне отырып, Мемлекет басшысының саяси бағыты мен референдум өткізу бастамасын толық қолдайтын партия болып саналамыз.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ҚР Конституциясына енгізу жоспарланған барлық толықтырулар мен түзетулерді оң қабылдады. Әли Бектаев кездесу жұмысын: «Егер референдумда дауыс берушілер осы өзгерістерді қолдаса, онда біз Президент айтқан жаңа, әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз. Бұл ел дамуы үшін маңызды қадам», – деп түйіндеді.