Қандастар Ассамблея

Жолбаpыс аpалы, Шөлтөбе мекенжұpты, Шаш ана бейiті...

Отыpаp aлқaбындaғы қасиетті оpындаp

Қазақ елінің ортағасырлық кезеңіндегі мәдениетіне, шаруалышылығына, рухани өміріне байланысты ежелгі қалалардың орнындағы қазба жұмыстары халқымыздың өткенін танып-білуге көп пайдасын тигізіп келеді. Бүгінгі мақаламызда тарих беттерінде қалған көне ескерткіштер, бейіттер мен қала орындары туралы баяндаймыз. Еpaлы Шоқай мен Cәбит Пәpменқұлдің бірлесе жарыққа шығарған жинағы «Отыpаp алқабындағы қасиетті орындарға» сүйене отырып, көпке белгісіз Ибраһим шейх әл-Қауғани кесенесі, Шаншар (Төрткүл) қалажұрты, Байылдыр мекенжұрты секілді орындардың сырын ашамыз.


Найман әулие (Наурызбай) кесенесі

Ақтөбе ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 12 км қашықтықта (Қарақоңыр ауылдық округі) орналасқан. 2002 жылы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі (М.Б.Қожа) зерттеген. Кесене жоспарда төртбұрышты, 4,6х4, 5х4, 7х4, 5м. Төбесі күмбезделіп жабылған, жалпы биіктігі 6 м. Қабырғаларының қалыңдығы 60 см. Кесене қаңқасы қам кесектен қаланған, сырты күйдірілген кірпішпен қапталған. Сыртқы қабырғалары кірпіштерді өрнекті етіп қалау тәсілі негізінде белдеулермен әшекейленген. Оңтүстік-батыс қабырғада биіктігі 1 м, ені 60 см есік жасалған. Кесененің бұрыштарында және қабырғаның үстіңгі жағында күйдірілген кірпіштен жасалған қаптау мүжіліп қүлаған.

Ибраһим шейх әл-Қауғани кесенесі

Ибраһим шейх әл-Қауғани кесенесі, Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылының оңтүстік-батысынан 1,2 км жерде, Қауған қалажұртының солтүстік шетінде, рабад бөлігінде орналасқан. Ақ қыштан қаланған кесенені 1996 жылы Ибраһим шейхтың ұрпақтары салған. Ибраһим шейхтің нақты қашан туылғаны, қашан қайтыс болғаны туралы дерек жоқ. Бізге жеткен дерек бойынша Ибраһим шейх өз заманында батыр, сері болған кісі екен. Ол ислам дінін таратумен қатар, астрономия ғылымымен айналысқан екен.

Бестораңғыл

Ел ішінде Қарақоңыр ауылының солтүстік-шығысынан 17 км жерде орналасқан Бестораңғыл әулиелі жері туралы көптеген аңыз нүсқалары сақталған. Оның ішінде бірқатар аңыздар нақты емес, көбісінің бас-аяғы жоқ, не болмаса шындыққа сәйкес келмейді. Бүлардың қатарында тек екі аңыз туралы жазуға болады. Оның біріншісі осы маңға келіп, сұхбат құрған бес әулие (Дулығалы ата, Жылаған ата, Қоңыр ата, Ұзын ата және Әулие ата) есімімен байланыстырылып шығарылған аңыз. Бес әулие келіп, елдің игі жақсыларына батасын беріп, даналық сөздерін айтып кеткен тұс кейіннен тораңғы тоғайға айналып, күндер өте сол тоғайдың жұрнағы болып бес тораңғыл қалған болса керек. Екінші аңыз Шәуілдір, яғни, Шәміл-Дүрмен байланыстырады. Бұл аңызда тораңғы ағашының бұл маңға келуін судан тарыққан елге Арыс өзенінен арық қазған Шамілге қатысты айтылады. Алып денелі Шәміл тораңғы ағашының кетпенінен сап жасап алып, өзеннен арық қазып осы жерге келгенде кетпенінің сабы сынып, сабын сол жерге қадап кеткен екен. Арыс өзенінен қазылған арықтан нәр алған ағаш сабағынан бес түп тораңғы өсіп шыққан екен..). Бестораңғыл әулие маңында ескі қорым орналасқан. Өткен ғасырдың 1960-65 жылдары осы арада қыстау болған екен. Ел ағаларының айтуынша, анда-санда бейіттерден ақ түсті жарық көрініп тұрыпты.


Жолбарыс аралы

Бір замандарда Қазақстанның оңтүстігін сүтқоректі жануарлармен қатар жыртқыш аңдар да мекен еткен екен. Қазіргі таңда толығымен жоғалып кеткен жыртқыштар қатарында жолбарыс та аталады. Сырдың орта ағысында жолбарыстың болғанын қазіргі Балтакөл ауылының шығысынан 4 км жерде орналасқан Жолбарыс аралы деп аталатын шағын арал нақтылай түседі. Бір деректерде бүл аралды Көтенарал деп атайды. Орта жүзден шыққан Құрбан атаның ұрпақтары саналатын Көтен (шын аты Кенжетай) атауымен байланыстырып қойылған екен. Балтакөл ауылының тұрғыны, Ы.Алтынсарин орта мектебінің мұражай жетекшісі, тарихшы, өлкетанушы Батихан Адасханұлы Алтаевтың айтуынша, бүл өңірден жолбарысты соңғы рет көрген кісі шамамен XVIII ғасырда өмір сүрген Сауранбай (шын аты Архабай) екен. Батихан кісінің айтуынша Сауранбай деген кісі аңшы әрі батыр болыпты. Осы Сауранбай бір күні Сырдария өзенін жағалап балық аулап жүргенде Көтен аралында қызықты жайтқа тап болады. Анығын айтқанда, жағаға шығып қалған үлкен жайын мен бел омыртқасы үзілген үлкен жолбарысты назары шалады. Жайын бұл төңіректе өмір сүрген шолаққүйрықты жайын екен де, жолбарыс Сырдың ортасында орналасқан аралды паналап калған жалғыз жолбарыс болса керек. Күндердің күнінде әбден қартайған ұрғашы жолбарыстың күшiгі өзеннен су ішуге келгенде суатка жиналған ірі қара малды құйрығымен кағып суға түсіріп жеуді әдетке айналдырған жайын жеп кеткенге ұқсайды. Бұған ашынған жолбарыс күнде осы жерді аңдып жайынның су бетіне шығуын күтеді. Күндердің күнінде суаттан су ішіп жаткан жолбарысты құйрығымен кағып түсірмекші болған жайынды аңдып тұрған жолбарыс жайынның құйрығынан тістеп жағалаута шірене лақтырған. Сол жерде жолбарыстың да, жайынның да бел омыртқасы үзіліп, жолбарыс көп ұзамай мерт болган. Ал жайын Сауранбай келгенде әлі тірі, бірақ орнынан қозғала алмайды. Қазіргі таңда сосы жолбарыс өлген арал бір деректе жолбарыс аралы аталса, бір деректерде Көтенaрaл деп беріледі.

Шөлтөбе мекенжұрты (VII-VIII ғғ.)

Шәуілдір ауылының солтүстік шетінде орналасқан. 1969-70 жылдары Отырар археологиялық экспедициясы тауып, зерттеген (К.А.Ақышев). «Алаңқайлы төбе» түріне жататын қала орны. Сопақша келген төбе оңтүстік-батыстан, солтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр. Етегінен есептегендегі көлемі 170х100 м, төбесіндегі алаң көлемі 50х30 м, биіктігі 10 м. Шөлтөбе керамикасының ішінде тікбұрышты, ойықтары бар ернеулі хумдар, екі тұтқалы кезелер, тұтқасында науа тәрізді сызығы бар құмыралар кездеседі. Барлық керамика түрлері Қостөбе (оңтүстік) керамикасы мен бірдей.

Шаншар (Төрткүл) қалажұрты

Шаншар қалажұрты б.д. 1 мыңжылдығының бірінші жартысы Көксарай ауылының оңтүстік-батысында, 16 км жерде, Табақбұлақ автожолының оң жағында орналасқан. 1993 жылы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі (М.Қожа) зерттеген. Ескерткіш ортақ үймек-дуалмен қоршалған екі төрткүл-төбеден түрады. Дуалдың ұзындығы 5 шақырымдай. Жосыны шаршы тәрізді бірінші төрткүл ортада орналасқан. Бұрыштары дүниенің төрт тарапына караған. Солтүстік-шығыс жаны 80 м, солтүстік-батысы – 85 м, оңтүстік-шығысы – 82 м, оңтүстік-батысы — 95 м. Қабырғаларының биіктігі 5 метрдей. Екі мұнаралы қақпасы оңтүстік-батыс қабырғада. Мұнаралар орны бұрыштарында және оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс қабырғаларда да байқалады. Төрткүлді оңтүстік-батыстан және солтүстік-шығыстан үрме қүмдар басқан. Сонымен қатар, қаланы айналдыра тағы бір қатар қабырғамен қоршаған. Онда 23 мұнара болған қақпасы солтүстік-шығысында орналасқан. Қабырға ұзындығы 1 км, биіктігі 1,5 - 2 м. Бұл қала орнынан шығысқа қарай 310 метр жерде екінші төрткүл тұр. Оның көлемі 50x50 м, биіктігі 3 метрге дейін, бұрыштары дүниенің төрт тарапына қараған. Оңтүстік-батыс қабырғадағы қақпасы мүнарамен бекітілген. Төрткүлдің солтүстік-шығысы мен солтүстік-батысында сай бар. Оңтүстік-батыс пен оңтүстік-шығысынан оған 11 мұнаралы қабырғамен қоршалған алаң жапсарласады. Қала жұртының территориясында құмдардың ернеуінен тұратын керамика сынықтарының бірнеше үлгілері табылды. Табылған заттар Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде сақтаулы тұр.


Байылдыр мекенжұрты (XIV-XVI ғғ.)

Отырар төбенің оңтүстік-шығысында 4 км жерде орналасқан. Ескі түрақтың орнында тұрған Байылдыр ауылының атымен аталады. 1972 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының палеоэтнографиялық отряды (С. Ж.Жолдасбаев) зерттеген. Шашыраңқы жатқан, биіктігі 0,2 - 0,8 м болатын, 20-дан астам шағын төбеден тұрады. Төбелер бір-бірінен 20-60 м қашықтықта шашырай орналасқан. Мекенжұрттың оңтүстік жағынан 1930 жылдары қазылған канал өтеді. Қазба барысында Байылдыр мекенжұрты екі құрылыс деңгейінен түратыны анықталған. Жоғарғы құрылыс қабаты XIV-XVI ғасырларға тән болса, төменгі құрылыс қабаты ХІІ ғасырға жатқызылған. Қазба барысында бұл жерді XIV ғасырда мешіт медресе ретінде пайдаланғаны белгілі болды. Бұнда 1-2 дәрісхана, зияратшыларды қабылдайтын жеке бөлмелер мен шәкірттер тұратын шағын құжыралар болған.

Қостөбе (Оңтүстік) мекенжұрты (I-VIII ғғ.)

Қостөбе (оңтүстік) мекенжұрты Көкмардан ауылының оңтүстік-батысынан 2,8 км жерде, Арыстың қүрғап қалған тармағының сол жағалауында орналасқан. Алғаш рет 1969-1970 жылдары Отырар археологиялық экспедициясы, кейіннен 1970, 1982 жылдары аралығында Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.А. Ақышев) зерттеген. «Алаңқайлы төбе» түріндегі, екі қатпарлы төбе. Дөңгеленген жоғарғы жағының диаметрі 70 м, биіктігі 5 м. Оған бірнеше жерінде

құрылыс іздері байқалатын алаң жапсарласады. Алаңның ортасында төбе бар. Оның ең үлкен көлемі 50х80 м, биіктігі 1,5-2 м. Орталық төбенің бір бөлігі қазылып, зерттелген. Табылған керамика үгінділерінде Ташкент Оазисінің археологиялық материалдарымен, Жетіасардың керамикалық материалдарымен ұқсастық бар және бүйірлерінде аша таңбасы салынған ыдыстар кездеседі. Керамиканы Отырар Қаратау мәдениетінің 1-ші және 2-ші кезеңдеріне жатқызуға болады.


Өліктөбе мекенжұрты (IV-V ғғ.)

Көкмардан ауылының оңтүстік-батысында 12,5 км, Сырдария өзенінің оң жағалауынан 3 км жерде орналасқан. 1969 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (К.А.Ақышев) зерттеген. Өліктөбе Көкмардан ауылы округіне қарасты Сарыкөл балық шаруашылығы территориясында, балық өсіретін қауыздардың қиылысқан тұсында қалып отыр. Жалпы төбенің диаметрі 96 м. Солтүстік-шығысынан шамамен диаметрі 100 м алаң жапсарласады.

Шытты қалажұрты (IV-VI ғғ.)

Шытты қалажұрты Көкмардан ауылының оңтүстік-батысында, 9 км жерде, Ақсу өзенінің жағалауында орналасқан. 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының барлау отряды (Е.И.Агеева), 1969–70 жылдары Отырар археологиялық экспедициясы (К.А. Ақышев) зерттеген, Қала жұрты үш бөліктен: цитадель, шахристан және рабадтан тұрады. Цитаделі шаршы тәрізді, биіктігі 10 м төбе болып қалған. Етегінің көлемі 20х30 м, жоғарғы жағында диаметрі 15 м алаң бар. Цитаделдің оңтүстік-батыс жағында көлемі 50х60 м келетін шахристан орналасқан. Оны айналдыра рабад коршап тұр. Рабадтың көлемі 90x180 м, биіктігі 1-2 м жайдақ алаң түрінде сақталған. Кіретін жері оңтүстік-батсы жағында. Қазіргі кезде ескерткіш аумағында мұсылман мазараты қойылған.

Әулие Құмшық ата жерасты мешіті (XI-XII ғғ.)

Әулие Құмшық ата жерасты мешіті Ясы қаласының рабадында, Қожа Ахмет Яссауидің кесенесінен оңтүстік-шығысқа қарай 1 шақырым жерде салынған. Биіктігі 3,4 метр, ұзындығы 15,7 метр, күмбезді бөлмесінің ені 3,5 метр. Күйген қыштан қаланған сәулеттік құрылыс Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймақтарына тән. 1972–73 жылдары ҚазКСР тарих, археология, және этнография иниституты және ҚазКСР мәдениет министрлігімен бірлескен археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізген. Сопылардың ғұрыптық орындауға арналып соғылған құрылыс толықтай жерастында тұр. Ол дәлізден және екі бөлмеден тұрады.

Жүсіп ата кесенесі (XII-XIY ғғ.)

Түркістан қаласынан 30 шақырым жерде Иқан ауылында, Алматы - Самара трассасы бойында орналасқан. Ескерткіш айналасында әр кезеңде қойылған бейіттер орналасқан. Ол жерге ең соңғы рет 2000 жылдай бұрын адам жерленген. Қам кесектен салынған құрылыстың солтүстік жағы бүлінген. Ескерткішке жақын маңда трансформатор, ұңғыма орналасқан. Ұңғымадан құбыр арқылы су жіберілген. Кесене тікбұрышты 2-камералы құрылыс. Гурхананың сақталған бөлігі бірқабатты күмбезбен жабылған. Портал солтүстіктен 40 градус еңкейіп Қожа Ахмет Яссауиге бағытталған. 500 жылдан бері тұрган кесененің қазіргі порталы мен зияратханасының қабырғалары мүжіліп, бүлінген. Ғимарат едені мүлде сақталмаған, оның орнына шөп өсіп кеткен, қабірханаға кіреберіс екі шетінде кейіннен жерленген қабірлер бар. Қабірхана кіреберісі өзінің алғашқы қалпын жоғалтпаған. Есік жақтаулары мен темір торлар кейіннен қойылған. Қазіргі уақытта қабірханада 8 қабір тұр.


Сәдуақас ата мазары (XII ғ.)

Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 44 шақырым жерде, Жібек жолы ауылдық округі аумағында, көне Қаратөбе археологиялық ескерткішінің оңтүстік-шығыс бетінде 300 метр жерде орналасқан. Заманында қандай болғаны белгісіз, ал қазір күйдірілген қыштан қаланған бейіті ғана сақталған. Айналасы темір шарбақпен қоршалған, құдығы бар. Бейітінің жалпы ұзындығы 10,2 метр, ені — 1,6 метр, биіктігі – 1,5 метр. Маңында қам кесектен қаланған қабырға қалдықтары сақталған. Сәдуакас ата жайлы деректер өте аз, дегенмен Әмір Темірдің қолхатында «Хазрати Сағди Уаққас» деген атпен кездеседі. Сәдуақас ата жайында екі түрлі аңыз бар. Бірінде ол Мұхаммед (с. с.) пайғамбардың сахабасы, яғни көзін көрген әскербасы делінсе, екіншісінде Әзірет Сұлтанның ұрпағы деп көрсетілген. Бұрын басында кесене де, мешіт те болған сияқты, қазіргі таңда бұл құрылыстан мазараттың оңтүстік қабырға қалдығы ғана сақталған.

Меңдуана ата мазары (ХІХ ғ.)

Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 8 шақырым жерде көне қорымда орналасқан. Мазар шикі кірпіштен дың түрінде салынғандықтан түпнұсқа күйінде сақталмаган. Алғашқы салынғаннан бері жоғарғы бөлігі құлап, жергілікті халықтың күшімен қайта тұрғызылған. Бір бөлмелі, қабірдің ұзындығы 2,8 метр, үстіне жартылай цилиндр пішіндегі үй кесектен қаланып, үсті әк қосылған ерітінді лаймен сыланған. Кейіннен құйылған іргетасының биіктігі 3,5 метр. Мазардың жалпы ұзындығы 5 м, биіктігі 3,2 метр. Бұл кісінің Меңдуана аталуын ешкім анық білмейді. Дегенмен, оның есімімен байланысты көптеген аңыз әңгімелер бар. Сол аңыздардың бірінде Созақ өңірінде өмір сүріп, ғұмырының соңында «Әзірет Сұлтан бабамның кесенесін көріп жатамын» деп осы жерге жерленгендігі айтылады.

Үйрек ата мазары (ІХ-Х ғғ.)

Үйрек ата мазараты Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 41 шақырым жерде, Атабай ауылына қарасты Өгіз тауы жотасында орналасқан. Мола үсті таспен бекітіліп, жоғарғы жағына арқардың мүйізі қойылған. 2010 жылы көне мазараттың үстінен көлемі 5,5х8,4м келетін, қабірхана мен зиярат жасайтын екі бөлмеден тұратын баспана салынған. Үйрек ата туралы деректер ғылыми әдебиеттерде кездеспейді, яғни арнайы зерттелмеген. Тек О.Дастановтың «Әулиелер туралы шындық» атты еңбегіндегі аңыз-әпсана арқылы білеміз. Ілгеріректе Қарнақ медресесінде жүрген шәкірттердің отыны таусылғанда, Үйрек ата әулиенің басындағы қураған ағаш бұталарын шауып, түйеге артып, шөккен түйені түрғызайын десе арқандары өзінен өзі қиылып кетеді. Қайтадан тиейді, отынды байлаған арқан тағы қиылады. Не керек, арқан қиыла берген соң бәрі Үйрек атаның әруағына құран бағыштап оқиды, Осы әрекетті күтіп тұрғандай қабірден «Менің ағашыма қиянат жасамаңыздар» деген үн естіледі. Бұл тосын шыққан үннен бойларын үрей билеген шәкірттер шапқан отындарын сол күйі тастап, елге қарай тұра жөнеледі. Екінші бір аңызда бір кісі колхоздың жылқысын айдап келе жатып Үйрек атаның басына тоқтайды. Ағашын жағып, шай қайнатып ішеді де көзі ілініп кеткенде, бір қара кісі Үйрек атаның қабірінен шығып оған тас лақтырады. Қатты қорқып бұғып қалған әлгі кісінің үстінен ұшқан тас алпыс жеті құлынның ішіндегі асыл тұқымдағы ерекше құлынға тиіп, ұшып түседі. Шошып оянса жылқылары ұзап кетіпті. Бір ғажабы түсінде көрген жаңағы құлын үйірден қалып қойыпты. Сүмірейіп қалған құлынға жылқышы анау - мынау ем-дом жасаймын дегенше өліп кетіпті. Үйрек әулие кейбір көңілі таза адамдарга түкті денелі кісі болып көрінгенін айғақтайтын әңгімелер арасында өте көп.

Шаш ана бейіті (I-V ғғ.)

Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 53 км жерде, Сауран ауыл округы аумағында, Қаражон ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 4,5-5 шақырым жерде көне қорымда орналасқан. Көнекөз қариялардан жеткен әңгімеге қарағанда Шаш ананың бейіті үстінде кішігірім күмбезді мазарат болған екен. Кейіннен мазараты құлап, жермен-жексен болған. Қазіргі кезде Illaш ана қабірінің үстіне жергілікті түрғындардың қолдауымен 8,8х4,8м күмбезімен қоса алғанда жалпы биіктігі 5 м болатын кесене салынған. Төбесі шифермен жабылып, ортасына жылтыр қаңылтырдан күмбез орнатылған. Кесененің алдыңғы жағында үздіксіз ағып жатқан табиғи бүлақ әсерінен шағын көлшік пайда болған. Шаш ана туралы айтылатын аңыздың желісі Жылаған ата хикаясымен тығыз байланысты болып келеді. Хикаяда Шаш ана Жылаған атаның анасы болғандығы айтылады. Шаш ананың өмір сүрген уақыты және ол кісінің мазары туралы халық аузында әртүрлі пікір бар. Бірі ислам діні келгенге дейінгі IV-V ғғ. десе, бірі XVIII ғасырда үлкен дінбасы болган кісінің әйелі деген жорамал айтады.

Тағайын ата мазары (XI-XII ғғ.)

Түркістан қаласынан шығысқа қарай 23 шақырым жерде, Illaғa ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10-12 шақырым жерде орналасқан. Бейіт айналасында көне қорым бар. Аңыз-әпсаналарда бұл кісі Қожа Ахмет Яссауидің нағашысы деп айтылады. Тағайын атаға салынған бастапқы мазараты сақталмаған. Кейіннен 1938-40 жылдары аралығында жергілікті тұрғындар тарапынан қам кесектен мазарат тұрғызылған. Кейінгі уакытта жауын-шашын әсерінен мазарат бүлініп, жермен-жексен болыпты. Қазіргі таңда Тағайын ата бейітінің үстінен үш бөлмеден тұратын кесене салынған, Кесененің жалпы көлемі 6,2х1 5,5 м. Кесене қабiрханадан, зиярат жасайтын және ауызғы бөлмеден тұрады. Тағайын ата жерленген қорым көне Шаға-Шағылжын қаласы тұргындарының зираты болған деген болжамдар айтылады.

Сарай ата мазары (XVII-XVIII ғғ.)

Түркістан қаласының солтүстік-батысынан 47 шақырым жерде, Жібек жолы ауылдық округінде, Сауран қаласының күншығыс жағында орналасқан. Қабір үсті кесенесі құлап үйіндіге айналған, бейіттің астында жер асты сағанасы болғандығы айтылады. Аңыздарда Сарай ата дін өкілі болғандығы, ерекше дарынды, ақындықты меңгерген, уағыздарына көпті ұйыта білетін кісі болғандығы айтылады. Қожа Ахмет Яссауидің ілімін жалғастырушы сопылық жолды ұстанған Алланы зікір еткен, тақуа болған кісі екен.

Құрышхан ата мазары (V-VIII ғғ.)

Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 37 шақырым жерде Абай ауылының орталығындағы көне зиратта орналасқан. Мұнда жергілікті халық арасында ертеректе күмбезді кесене болғандығы айтылады. Қазіргі төртқұлақты мазаратының іргетасына бетон құйылып, қам кесектен қаланған. Сырты сылақпен сыланып, әктелген. Ұзындығы 10,7 метр, ені 5,1 метр, биіктігі 2 метр. Жергілікті тұрғындар тарапынан зират ауласының ішіне Құрышхан ата мазарының жанына мешіт, зияратхана және төбесі жабылған бастырма тұрғызған. Халық арасында Құрышхан ата «Гүрісхан ата», «Уғызхан ата» деп те аталады. Қүрышхан атаның өмір сүрген уақытына катысты екі түрлі болжам бар. Бірінде Исламға дейінгі кезеңде өмір сүрген делінсе, екінші тұжырымда XVIII ғасырда өмір сүрген, дін басы болғандығы айтылады.

Жалаулы ата мазары (XI-XII ғғ.)

Түркістан қаласынан солтүстік-батыста 45 шақырым жерде, Жібек жолы ауылдық округы аумағында, 30 разъезден батысқа қарай 4-4,5 шақырым жерде, көне археологиялық Қаратөбе қаласының етегінде көне қорымда орналасқан. Бұл орында осы аумақтағы байырғы қала халықтарының моласы болған. Мазардың ені 9,2 м, ұзындығы 8,1 м. Мазардың іргесі 25х25х5 см келетін күйдірілген қышпен қаланып, жоғарғы бөлігі қам кесекпен өрілген. Бір бөлмеден тұратын мазаратта бір кездері қам кесектен қаланған күмбезі болған. Көне көз қариялардан бүгінге жеткен аңыз сарыны Жалаулы ата Ислам дінін тарату жолында ержүрек батырлығымен даңқы шыққан қолбасшы болғанын баяндайды. XIX ғасырдың аяғына таман салынған кесенені кімдер тұрғызғаны туралы ешқандай дерек жоқ. Мифтік бейнеге айналған Жалаулы ата XI-XII ғасыр аралығында өмір сүрген тарихи тұлға. Бұл – Ислам өркениетінің Қазақстан аумағында қалыптасу кезеңі. Осы пікірді Е.Смағұловтың жетекшілігімен 2008-2010 жж аралығында жүргізілген археологиялық зерттеулер дәлелдейді. «Әзірет Сұлтан» қорық- мұражайының құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған. Жалпы жер көлемі 3,0 га.

Әздер әулие мазары (XVIII - XIX ғғ.)

Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа карай 46 шақырым жерде, ортағасырлық Мір кәрізінің жоғарғы жағымен Ынталы ауылына баратын автокөлік жолының сол жағында орналасқан. Мазар жергілікті халықтың ескі зиратында орналасқан. Қабір үстіне түрғызылған дуалдары мүжіліп құлаған. Әздер әулие туралы мәліметтер жазба деректерде кездеспейді, ғылыми тұрғыда зерттелмеген. Қай ғасыр шамасына жататындығы нақты емес, жергілікті халықтың мәліметі бойынша Әздер әулие ХVІІІ — XIX ғасырларға жататын діни тұлға. Елді аузына қаратқан уағызшы болған, ұстаздық етіп шәкірт тәрбиелеген.

Жұма мешіті (XIX ғ.)

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 120-125 метр жерде, «Қылует» мешітімен қатар орналасқан. Ол бір бөлмелі, солтүстік және солтүстік шығыс жақ қасбеттерімен іргелес жатқан бастырмасы бар құрылыс. Аңыз бойынша мұнда Қожа Ахмет Яссауи бабамыз жанұясымен бірге тұрған. Жалпы, Түркістан қаласында XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында 60-қа жуық мешіттер болды. Жұма мешіт 2000 жылы қайтадан өңделді, қазіргі уақытта мешіт экспозициясында мұражай қорында сақталып келген мешіттің заттары және т. б. жәдігерлер бар.

Шілдехана (XII - XIV ғғ.)

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің солтүстік батыс беткейінен 22 метр қашықтықта орналасқан. Кезiнде толығымен бұзылған діни - сәулеттік құрылыс 1980 жылдары қайта қалпына келтірілген. Құрылыс тік төрт бұрышты болып жартылай жер астына XII— XIV ғасырларда діни әдет-ғұрыптарын орындау үшін арнайы салынған.


Қарахан ата мазараты (XIV-XVIII ғғ.)

Түркістан қаласынан солтүстік-батысынан 47 км жерде, Жібек жолы ауылдық округі аумағында, Сауран қалажұртынан шығысқа қарай 200-300 метр жерде орналасқан. Бұл жер бір кездері Сауран қалажұртының мазары болғанға ұқсайды. Қарахан ата мазараты маңында қойылған қазіргі кезде жайылып, тегістеліп кеткен көптеген бейіттер орналасқан. Қарахан ата мазараты қойылған қорым айналдырыла пахсамен қоршалған. Қазіргі таңда пахсадан қаланған зираттың қорғандарынан тек айнала қоршалған үйінділері ғана сақталып отыр. Жергілікті халық осы зираттың ең үлкенінде Қарахан ата жерленгендігін айтады. Ол туралы аңыз-әпсаналардың бірінде көне замандарда Сауран халқының малы қарақан ауруына шалдығады. Кеселден бақташылардың бірі малдарын Қарахан ата мазарының маңына түнетіп, аурудан аман алып қалады. Кейіннен бұл орын қасиетті саналып, зиярат орнына айналды. Жергілікті халық арасында бұл қорым «Қарахан ата», «Қарахан әулие» деп аталады.

Сауран қалажұрты (XIII-XIV-XVIII ғғ.)

Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Кейінгі ортағасырлық Сауран көне Қаратөбе-Сауран қаласының өмірін жалғастырған қала. Сауран туралы алғашқы жазба деректер Х ғасырда Әл-Истахридің, одан кейін 976 жылы жазылған араб географы ибн Хауқалдың шығармаларында кездеседі. ХІІ ғ. ортасында Гетум патшаның бағыттауыш сызбасында да аталынған. Бірақ, бұл мәліметтің барлығы Сауран қалашығынан оңтүстік-шығысқа қарай 3,5 км жерде орналасқан Қаратөбе- Сауран қаласына қатысты, сол V - V ғғ. мен ХІҮ ғ. басында өмір сүрген ертеортағасырлық Сауран қаласы болған. Дәл осы тұста қала жаңа қонысқа көше бастайды. Жаңа қала солтүстіктен оңтүстікке қарай 850 м, шығыстан батысқа қарай 660 м созылып жатқан қорған қамалмен қоршалған. Оған солтүстік және шығыс беттегі екі қақпа арқылы енуге болады. Бұл Сауран қаласы көршілес орналасқан орта ғасырлық Қаратөбе - Cayран қаласының өмірін әрі қарай жалғастырушы мекен болып табылады. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қорған қамалының ұзындығы 2360м. Биіктігі 3-6 м қамал кесектен және пахсадан тұрғызылған. Ең биік мұнарасы солтүстік бұрышында, оның биіктігі – 6 м. Керамикасы ұқсастық жағынан Түркістан, Отырар керамикаларымен сәйкес келеді. Сауран қаласын 1867 жылы И.Лерх, 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам) зерттеген. 1967 жылы (К.А.Ақышев), 1986 жылы Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми-зерттеу институты зерттеген. 1999-2011 жылдары аралығында ТАЭ (Е.Ә.Смағұлов, М.Қ.Тұяқбаев) кезең - кезеңмен зерттеу жүргізді, 2005-2009 жылдар аралығында ХҚТУ (М.Елеуов), археология институты (К.М.Байпақов) ОМАҚМ (Н.Алдабергенов) мамандары да қатар зерттеу жүргізді.

Қаратөбе (Сауран ) қаласы (IV-V-XIV ғғ.)

Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым, ортағасырлық Сауран қаласының оңтүстік батысына қарай 3 км, № 30 теміржол разъезінің батыс жағында 4 шақырым жерде орналасқан. Қаратөбе (Сауран) қалажұрты ортағасырлық өзге қалалар тәрізді үш бөліктен, яғни, цитадел, шахристан және рабадтан тұрады. Қала шахристанының солтүстік, солтүстік-батыс, оңтүстік-батыс жане шығыс бұрыштары мұнаралармен бекітілген. Қаланың рабады шахристанды қоршап жатыр. Қаланың рабaдымен қоса есептегенде көлемі 30 га. Оның ішінде рабады 18,2 гa, шахристаны 11,2 га, цитаделі 3,5 га. Алғашқы зерттеуді 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) жүргізді. Ескерткіштің нақты сызба жоспары түсіріліп және жинақталған материалдарға қарап YI — XIII ғасырда өмір сүрген деген мерзім берілді. 1986 жылы Сауран мен Қаратөбе қалажұртына Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты (К. М. Байпақов) зерттеу жүргізді. 2003 жылы Түркістан археологиялық экспедициясы (М.Қ. Тұяқбаев) отряды зерттеу жүргізді. Зерттеу жұмыстары 2005-2008 жылары аралығында жалғасын тапты.

Міртөбе қоныстары (XV-XVIII ғғ.)

Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа 47 шақырым, Саураннан солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде, биік жалдың үстінде орналасқан. Жалдың өзі оңтүстіктен солтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан тік төртбұрышты елестетеді. Оның оңтүстік бұрышында көрінісі квадратқа жақын биіктігі 5,5 метрлік қорған - қамал орналасқан. Қорған-қамалды 1867 жылы П.И.Лерх, 1951 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық Экспедициясы (А.Н. Бернштам), 1970 жылы Отырар Археологиялық Экспедициясы (К.Ақышев) зерттеген. 1999 жылы ТАЭ-нің отряды (М.Тұяқбаев) стратиграфиялық қазбалар түсіріп нақты жасын анықтайды. Камал қорғанның негізгі қақпасы оңтүстік бетінде сақталған, екінші бір қақпасы батыс бетінде, бұл шамасы кішірек есік түрінде болған сияқты, батысқа қарай қорғаннан 20 метр беттегі сай түбінде, қорғаныс мұнарасы - дожнон ізі байқалады, ол диаметрі 10 м, ал биіктігі 4 м төбе бейнесінде сақталған. Қорған ішінде диаметрі 4 м құдық ізі бар, бұл құдық кәріз арқылы батыс беттегі терең сай- су қоймасымен байланысады. Қорғанның солтүстік-шығыс бұрышынан шыққан биік жал кіші шарбақпен жалғасқан, соған қарағанда қорған ішіндегі құдық суын шығырмен көтеріп жер асты құбырлары арқылы үлкен және кішілі бау-бақша суарылған сияқты. Қалай болғанда да, Miртөбеден солтүстік- шығысқа қарай 11 км жерде орналасқан Майдантал ауылынан басталатын кәріз құдықтары мұнда соқпайды, ал басқа бір кәріз шығыс жағынан 260- 280 метр жерден Сауранға қарай өтіп кетеді. Үлкен «чарбагтан» 30-50 метр жерден жанамалай әр 10 метр сайын қазылған 43 құдық ізі көрініп жатыр, жалпы саны 50-ге жуық бұл кәріз құдықтары әлі де зерттеуді қажет етеді. Бұл деректер Міртөбе қорған - қамалының Зайн-ад-дин Васифин жазғандай, жергілікті ірі дін өкілі Мір-Арабтың қаржысына Сауранды сумен, көкөніспен жабдықтау үшін салынғандығын тағы да дәлелдейді.

Ғартөбе (Қарнақ) қаласы (VII-VIII-XIV ғғ.)

Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 25 шақырым, Қарнақ ауылының батыс шетінде орналасқан. Қарнақ туралы мәлімет Махмуд Қашғаридың еңбегінде, оғыздардың қаласы ретінде келтірілген.«Қарнақ» атауы әлі күнге дейін анықталмаған, Дегенмен Түркістан оазисінде «Нақ» деген тіркеспен аяқталатын 5 ескерткіш бар. Бұлар Шорнақ, Иугнақ, Шобанақ, Ташнақ жане Жоғарғы Танақ. Төбе биіктігі 12 м, көлемі 105х80 м. Шахаристанның биіктігі 34 метр шамасында. Ескерткішті алғаш 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (K.Ақышев), екінші рет 1999 жылы Түркістан археологиялык экспедициясының отряды (М Тұяқбаев) зерттеді. Сызба жоспары түсіріліп, керамикалык материал жинақталып, батыс бұрышындаңы цитаделге 4x1x1,5 барлау қазбасы түсірілген.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Ұқсас материалдар