Жаңалықтар

Үкаша атадан ниетіңізге қарай су ішесіз

Мұхаммед пайғамбардың замандасы
Үкаша атадан ниетіңізге қарай су ішесіз
16.05.2017 16:01 17331

Үкаша ата мазары – қарт Қаратаудың күнгей жағында, Түркістан қаласынан 40-50 шақырым қашықтықта орналасқан. Үкаша ата шамамен VI-VII ғасырда өмір сүрген, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбармен қатар ғұмыр кешкен ислам дінінің өкілі. Бұл мазардан 500-1000 метр қашықтықта Үкаша атаның құдығы бар.

Жергілікті халық «Үкаша сахаба пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен соң, денесіне оқ өтпес, қылыш кеспес тұлға болған» деген әңгімені жиі айтады.

Жалпы, Үкаша ата туралы осы сынды аңыздар ел аузында жүргенімен, нақты тарихшының қолымен жазылған ақпарат жоқтың қасы. Әлгінде айтқанымыздай, бұл кісінің осал тұсын табу дұшпандары үшін бас ауыртар мәселе болған сыңайлы. Олар бірде әйелін алдап түсіріп, Үкаша ата хақында азды-көпті дерек жинап алады. Ол кісі тек таң намазы кезінде қорғансыз күйде қалады екен, осы сәтті ту сыртынан бақылап тұрған хас жаулары тұтқиылдан кеп басын шауып тастапты. Жансыз басты періштелер домалатып әкеп, бір құдыққа түсіріп жібереді. Ол бас жер асты сулары арқылы Мұхаммед пайғамбарға жеткен екен. Бұл – Үкаша атаның «Алла, менің басым пайғамбарымның аяғында жатса екен!» деген дұғасының қабыл болғандығы-ау шамасы. Бабаның қаны тамған жерге 21 метрлік белгі орнатылған.

Бір жылдары құдықтан су шықпай қалыпты. Бұл жайында қасиетті орынның шырақшысы Бейсен ақсақал былай әңгімелеп берген екен. «Бір уақыттар Үкаша атаның басы түскен құдықтан аяқ асты мүлде су шықпай, құдыққа салынған 70-80 шелек үзіліп-үзіліп ішіне түсіп кете берді. Бұл жайт тегін болмады ғой деп, құдыққа түскен едік. Құдық біз ойлағандай тік емес, спираль секілді екен. Одан ары күйіз үйге ұқсас үңгір бар. Оның диаметрі шамамен 15 метрдей. Үңгірдің тек бір шетінде ғана бұлақ ағып жатыр. Ол расында құбылаға қарай ағады екен. Шелектеріміз соның бетінде тізулі. Ал оның бір жақ қабырғасында ақ гүлдер өсіп тұр. Сондай-ақ, бұл жерде бір емес, үш үңгір бар. Олардың екеуінің арғы беті таспен жабық».

Бұл құдықтан әркім өзіне бұйырған суды қанағат тұтуға мәжбүр. Себебі, кей жандарға тіпті шелек бос қайтады екен. Мұның сырын былай түсіндіріп те жатады: төбеден түскен шелек құдықтың бұрама жерінен өткенде шыркөбелек айналып барып, жердегі көк тасқа соғылады. Тас пен бұлақтың орта тұсында тереңдігі шамамен алпыс метрдей қазандық бар. Кейбіреулердің тастаған шелегі сол жерге тап болып, бос қайтады екен. Ал «ниеті түзу, адал» адамдардың шелегі құдықтың екі жағындағы жырамен жылжып, бұлақты жаңылыспай табады екен.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға