Түрген шатқалы несімен сұлу?

Тау бөктерінің шыңынан төгілген сарқырама

Түрген шатқалында жеті сарқырама бар деседі. Олардың бәрін көрмесек те, жол түсіп, таудан құлай ағып жатқан «Аюлы» сарқырамасының сұлулығына тамсанудың бақыты бұйырды.      

«Аюлы» сарқырамасы жерден 30 метр биіктікте орналасқанымен ерекшеленіп тұр. Тау бөктерінің сонау шыңынан төгіліп жатқан мөп-мөлдір таза су  шыршалар мен тастарды бойлай ылдилайды.

Кейбір деректерде шатқалдағы шыңдар жерсілкінісі кезінде бөлініп, мұзды кезеңге дейін іздерді сақталған делінген. «Аюлы» сарқырамасына баратын көпірден жоғары 300 метрде «сұлулық көз» мұзды бұлағы орналасқан.

Мұздай суы биіктен ентелей аққан сарқыраманың сұлулығы сонадайдан көз тартады. Суының тұнықтығы сонша, түбіне дейін көрінеді.

«Аюлы» сарқырамасын көру үшін көлбей жоғары жетелеген соқпақ жолмен  40 минуттай жаяу көтерілдік. Жолай әсем табиғат пен өсімдіктерін әлемін тамашалай межелі орынға жетіп қалғанымызды да аңғармай қалдық. Сарқыраманың қасына жақындағанда мұздай тамшылары денемізді сумен бүркіп, әп-сәтте сергітіп жіберді. Жартас арасынан төмен қарай құйылып жатқан сарқыраманың гүрілдеген дауысы да құлаққа жағымды.