Қандастар Ассамблея

Тарихы мәңгілік Тараз қаласы

Ежелгі қала атауы қалай қайта оралды?

Бүгін біз қойнауын ақтаратын Тараз қаласы өзінің екі мың жылдық тарихында өркендеу мен құлдырау кезеңін, жойқын соғыстар мен қайта өрлеу кезеңін бастан өткеріп, талай атауға да ие болды. Көне мен жаңаны байланыстыра білген ежелгі қала рухани орталыққа айналып отыр.

Тараз.jpg

Грек тарихшыларының дереккөзінде қала туралы алғашқы жазбалар біздің заманымыздың 568 жылынан басталады. Онда Талас өзенінің аңғарындағы Ұлы Жібек жолының бір қаласы ретінде Толоса, яғни Талас деп жазылса, X-XIII ғасырлардағы өркендеу дәуірінде Тараздың қазіргі атауы «таразы», «сауда қаласы» мағынасында пайда болған. 751 жылы қала маңындағы Талас өзенінің бойында дәуірлік шайқас болып, онда Аббасид халифатының атты әскерлері Таң Қытай мен Қарлұқ жалдамалы әскерлерін толығымен жеңіп, Қытайдың батысқа қарай кеңею жолын жауып тастады.

XIII ғасырда Тараз қаласы моңғол әскерлеріне жойқын қарсылық көрсетуінің нәтижесінде өртеніп, талқандалған. Мұны ежелгі қонысты қазу кезінде табылған өрт іздері айғақтайды. Осыдан кейін қала Йангы-Тараз, кейіннен Наманғанкөше болып өзгерді.

XIX ғасырдың басында қала қалдықтары, бекініс және оның айналасындағы территориялар қазақтарды езген Қоқан хандығының билігінде болды. ХІХ ғасырдың отызыншы жылдары адамдар қала аумағында, осы жердегі Қарахан әулетінен шыққан, Әулиеата деп аты аңызға айналған Қарахан ханы қабірінің қасында қоныстана бастады. Бұл жерге қоныстанудың себебі, Тараздың гүлденген дәуірі ХІІ ғасырдағы Қарахандар билігі кезінде орын алған. Сөйтіп 165 жыл бұрын, 1856 жылы қала ресми түрде Әулиеата болып өзгертіліп, ежелгі Қарахан кесенесі тұрған жерде жаңасы бой көтерді.

unnamed (1).jpg

1864 жылы Қоқан хандығы бекінісіндегі Әулиеата қаласын Ресей патшалық үкіметінің әскерлері бекіністі шабуылдау кезінде жаулап алды. 1867 жылы қала Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысы құрамына еніп, көп ұзамай аттас уездің орталығына айналды.

Сол заманда қала негізінен бекіністен, базардан және айналасында азиялық қалаларға тән радиалды-сақиналы жүйемен салынған шағын елдімекендерден тұрды. Қазіргі Таразда сол кездегі төрт көшенің бірі – Наманған аты әлі күнге дейін сақталған. 1897 жылғы халық санағының мұрағаттық деректері бойынша қала тұрғындарының саны қазақ, орыс, украин, беларус, өзбек, тәжік, татар сияқты көптеген ұлт өкілінен құралған 11722 адамға жеткен. Сондай-ақ қалада шойын құю, темір ұстаханалары, былғары және сабын өндірісі, монша, сегіз мешіт және үш керуен-сарай жұмыс істеді.

XIX ғасырдың екінші жартысында Әулиеата уезінің Ресей құрамына енуі қаланың дамуына ықпал етті. Пайда болған теміржол мен пошта-телеграф байланысы қаланы Орталық Ресей және Орта Азиямен байланыстырды. Орыстар үшін де, жергілікті ұлт балалары үшін де мектептер мен училищелер, мұсылман балалар мектебі ашылды. Алғашқы көпшілік кітапхана 1889 жылдан өз жұмысын бастады. Ал 1898 жылы қалалық саябақ пайда болды: революциядан кейінгі жылдары «Бостандық бағы» аталған орын, бүгінде Тұрар Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағы. 1904 жылы алғашқы Әулиеата ауруханасы мен дәріхана, 1915 жылы кинотеатр ашылды. Дәл осы Әулиеата кезеңінде қала жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолы салынды.

XX ғасырдың басына қарай қала шекараcы тоғыз мың гектарға дейін кеңейіп, тұрғындар саны екі есеге, яғни жиырма төрт мың адамға дейін көбейді. Он жеті зауыт пен фабрика, екі базар, жүн жуу, былғары өндіру және қорғасын балқыту орындары, жылқы фермасы және көлік кеңселері қала экономикасын дамытты. Сонымен қатар бұл уақытта Әулиеатада үш монша, екі зират, сегіз мешіт және екі шіркеу болған.

1936 жылы қала кейіннен қуғын-сүргінге ұшырап, атылған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоянның атымен Мирзоян болып өзгертілді.

Ал 1938 жылы қала халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімін алды. Мұнда бұрын-соңды болып көрмеген жыр алыбы бұл жаңалықты екіұшты қабылдағаны белгілі. Бұл айтулы сәт туралы ел аузында таралған әңгіме де бар. Қалаға аты берілгеннен кейін ақынды шақырып, зор қошеметпен күтіп алады. Пойыздан түсе салған Жамбыл Жабаев жерге тізерлеп отырып: «Атыңнан айналайын, Әулиета, атыңды тартып алсам болма қапа!» деп бетін сипап, содан кейін ғана халыққа мойын бұрған екен.

unnamed.jpg

Қала тарихы дамудың жаңа кезеңінде тағы да қайталанды. 1997 жылы қаңтар айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жамбыл облысының орталығында болып, қаланың «Тараз» тарихи атауы оралғанын жариялады.

Taraz-1-768x477.jpg

Бүгінде жарты миллионға жуық халқы бар Тараз қаласы Жамбыл облысының орталығы, сондай-ақ оңтүстік өңірдің ірі өндірістік және мәдени орталығы. Қаланың үлкен туристік әлеуеті де бар. 2011 жылы басталған ежелгі қоныстың археологиялық қазбалары аймақтың екі мың жылдық тарихының бірегей жәдігерлерін тапты. Осылайша күннен күнге жанданып, аңыздармен көмкерілген ежелгі қала өз тарихының жаңа кезеңіне қадам басуда.


Ұқсас материалдар