Шарын шатқалы бұрын шайтандар қаласы деп аталған

20.10.2020 3401

Қазақстанның көрікті жерлері 

Еліміздің табиғи көрікті жерлері талайдың таңдайын қақтырады. Қазақ жері бұл шексіз жазық дала ғана емес, мұнда Табиғат ананың қолынан шыққан керемет туындылар жетерлік.

Басына бұлт қонған мұнаралы асқар таулары, қолдан қашап жасағандай мінсіз сұлу шатқалдары мен жартастары, көк аспанмен астасқан көкпеңбек өзен сулары, табанына тасы батпайтын сусылдаған жұмсақ құмдары – мұның барлығы біздің кең байтақ еліміздің Тәңірі берген сыйы.

Бұл табиғи байлықтарды көрерге көз керек, Қазақстанның туризм саласын дамытуға басым бағыт беруі де сондықтан. Біз оқырман назарына Қазақстанның ең қызықты табиғи ескерткіштерін ұсынамыз. Сонымен...

Алматы қаласынан небары 200 шақырым қашықтықта орналасқан. Шарынды Американың аты әйгілі Гранд шатқалының кішірейтілген көшірмесі деп те атайды. Шарынның бұл аумақта пайда болғанына 12 млн жылдан астам уақыт болған. Тау биіктігі 300 метрге дейін жетеді. Ал шатқалдың ұзындығы үш километрге дейін созлып жатыр. Тау жартастары көз тартатын қызғыш түсті болып келеді. Шатқалға жай көлік міне алмайды, сондықтан оны аралаймын деген адам өзінің екі аяғына ғана сенеді.


Шатқалды бойлай Шарын өзені ағып жатыр. Жалпы Шарын шатқалы өзен бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 шақырымға дейін созылып жатыр.

Шарын шатқалдары құпиясын ішіне бүгіп жатқандай болып көрінеді. Өткен ғасырларда адамдар шатқалдың расында құпиялы жер екендігіне сенген.

Шарын шатқалы Шарын мемлекеттік ұлттық саябағының меншігіне тиесілі. Мұндай шешім 2004 жылы қабылданған болатын. Сол уақыттан бастап ол республикалық маңызы бар табиғи қорғаудағы және ғылыми мекеме болып табылады.

Бұл таңғажайып жер Алматыдан 200 шақырым қашықтықта, Қытаймен шекараға жақын маңайда орналасқан. Шарынға өз жеке көлігіңмен де, қоғамдық көлікпен де жетуге болады. Ал демалыс күндері Шарын шатқалдарына арнайы турлар ұйымдастырылады. Шатқалға жету аса оңай еме, 3-3,5 сағат уақыт кетеді. Бүгінде Шарын жыл бойы әлемнің әр түкпірінен туристердің ағылып келіп жататын орынға айналды.

Дүниезжүзі бойынша ерте геология дәуіріне жататын ерен ағашы тоғайы тек екі жерде ғана сақталған. Ерен ағашының осы уақытқа дейін Солтүстік Американың Невада штатында орналасқан Гранд шатқалында өсетіндігі белгілі болатын, ал ерен ағашы тамыр жіберген екінші аймақ Қазақстанның Шарын шатқалы.

Көпшілік оқырман дүинежүзінде жоқ бұл ерен ағашының ерекшелігі неде екенін білмеуі де мүмкін. Ал оның басты ерекшелігі – ағаштың діңінің темір секілді қаттылығы мен беріктігінде. Ертеде адамдар оны үй құрылысына, көпір салуға пайдаланған. Шарын шатқалындағы ерен тоғайының алқабы бес мыңға жуық гектарды алып жатыр. Ол Шарын өзенінің аңғарында өседі. Ереннің өзенді бойлай өсуіне оның ылғалсүйгіштігі себеп. Жалпы мамандар ерен ағашын зәйтүндер тұқымдастығына жатқызады. Ағаштың биіктігі 20-25 метрге дейін жетеді екен. Шарын шатқалындағы ерен ағашы топтанып өскен алқапты «Сарытоғай» деп атайды.

Ерен ағашының тағы бір өзгешелігі оның өте баяу өсетіндігінде. Тұқым шашу арқылы көбейетін ерен ағашының ұзындығы екі метрге дейін жетіп алғаннан кейін, өсуі жеделдей түседі, сөйтіп, 30 жылда бес метрге, жетпіс жылда он сегіз метрге, ал енді үш жүз жылда жиырма-жиырма бес метрге дейін жетеді. Оның діңгегінің үлкендігі соншалық, ең үлкені қатар тұрған жеті адамның құқшағына әрең сыйады. Алайда, табиғат қорғаушылары бүгінде Шарын шатқалында ерен ағашы тоғайының қатары сиреп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Айтпақшы, Шарынның аумағында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде геологиялық дәуірде өмір сүрген пілдердің, мүйізтұмсықтардың, стенон жылқысының және кейібір жоғалып кеткен өсімдіктердің қалдықтары табылған.
Мұндағы Шарын өзені Іле өзенінің ең ірі тармағы саналады. Ал оның негізгі қайнар көзі Шалкөдесу Кетпен жотасынан басталады. Ол орта ағысына дейін Кеген болып аталады да, ал Жалаңаш алқабынан кейін Шарын деп аталады.


Шарын бұл шөккен тау жыныстары, мұндағы кейбір жекелеген жартастардың биіктігі 300 метрге дейін жетеді. Ежелгі уақыттарда бұл шатқалдар аумағын өзен суы басып жатқан деген дерек бар. Уақыт өте келе ол тартылып, орнында осы таңғажайып керемет қана қалды.

Осы жерде қызыл-қара түсті жартастар арасын жарып, 400 километрге созылған Шарын өзені ағып жатыр. Ол өзінің бастауын Кетмен жотасынан алады, ары қарай Іленің төменгі ағысына барып қосылады.

Шарынның ағысы адамды ағызып әкететіндей алапат арынды. Сондықтан мұнда суға түсуге тыйым салынған.

Шатқалдар аумағында «Қамалдар алқабы», «Айдаһар шатқалы», «Бақсылар шатқалы» деп аталатын орындар бар. Туристерің ең бір сүйікті жеріне айналған орын, бұл – Қамалдар алқабы. Шынында, мұндағы ежелгі қонысты еске түсіретін таңғажайып тас жыныстарының тұтас тізбегі және тау жыныстары құлыптарға ұқсайды. Алқаптың ұзындығы екі шақырымды құрайды. Бұл Шарын өзенімен жалғасатын ең әдемі және түрлі-түсті жол.

Шатқалдар кешені өзіндік бояуы басым ерекше нысан. Ол Қазақстанның өзге табиғи ескерткіштерінен бояуының қанықтығымен, жартастарының құпиялылығымен ерекшеленеді. Туған жердің табиғатының барлық бояуын көру үшін, міндетті түрде Шарын шатқалдарында болу керек.

Айтпақшы, осы Қамалдар алқабында батып бара жатқан күн шапағынан алқызыл түске боялатын жартастарды тамашалауға болатын алаңқайлар бар. Бүгінде бұл жерлерді жастар бейнетүсірілім жасайтын орындардың біріне айналдырған.

Шарында жазда ауа температурасы күндіз 35 градусқа дейін жетеді, ал қыста -6-ға дейін төмендейді.


Шарынның флорасы мен фаунасы алуан түрлі: шатқал фаунасында сүтқоректілердің 62 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 25 түрі және ұя салатын құстардың 103 түрі бар деп есептеледі. Тау шатқалдарында өсетін өсімдіктердің 1500 түрі белгілі, оның ішінде 17 өсімдік сирек кездесетіндігіне байланысты Қызыл кітапқа енгізілген. Сондай-ақ, Шарынға барар жолда Қазақстанның Қызыл кітабына енген дала бүркіттерінің түр-түрін, қарақұйрықтарды кездестіруге болады.

Шарын туралы аңыз әңгімелерді айтпай кетуге де болмас. Адамдарды қолдан қалағандай қаз-қатар және биік жартастар мен құздардан тұратын табиғи ескерткіштің жер бетінде қандай жағдайда қалай пайда болғаны қызықтырады. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар Шарынды бақсылар рухы қорғайды дегенге сенеді.

Мұндай аңыз әңгімелердің бірінде Перілер шатқалы – перілердің жолаушыларды адастырып алып келіп, шатқалдың шетінен лақтырып жіберетін орны екендігі айтылады. Айпақшы, бұл жерде тұрып шын мәнінде перінің сақылдап күлгеніне ұқсас желдің уілін естуге болады. Ал егер аңыз емес, шынайы өмірге оралар болсақ, бұл шатқалды үнемі тұман басып тұратындықтан, аяқ астындағы жолын көрмей, жар басынан құлап кеткендер аз болмаған. Жергілікті тұрғындар шатқал асып, жоғалып кеткен туристердің бастан кешіргендерін де аңыз қылып айтады. Ертеде Шарын шатқалы шайтан қала деп те аталған.

Шарын шатқалдарына көктем айларында барған жақсы. Сәуір айынан бастап маусым айының басына дейін немесе тіпті тамыз-қыркүйек күз айларында Шарын табиғаты тіпті тілмен жеткізу мүмкін емес сұлулыққа енеді.

Ал жаз айларында Шарын шатқалдарында аптап ыстық күшіне енеді. Жалпы ауаның орташа температурасы бұл уақытта 36-38 градусқа дейін көтеріледі екен. Шөптер де күнге тез қурап, сарғайып жатады, ал кейбір өзендердің аңғарлары тайызданып, енді біреулері кеуіп кетеді.

Қысы керісінше өте суық болып келеді. Қыста шатқалды айналып қатты боран соғып, орташа температура 6-дан төмен болады.

Шарынға келгенде фотоаппаратынды сайлап келу керек. Себебі, мұндағы табиғат пейзажын нағыз экзотикалық көрініс деп айтуға болады.

Айпақшы, оқырманға қызықты болар тағы бір дерек, ерен ағашы динозаврлар кезеңінің жәдігері ретінде де бегілі. Ол мұз дәуірінде де міз бақпай, «тірі» қалған. 1964 жылдан бастап ерен тоғайы табиғат ескерткіші деп жарияланған.