Жаңалықтар

Сайрауық барқан құмы неге ән айтады?

Қазақстанның киелі жерлері 
Сайрауық барқан құмы неге ән айтады?
27.10.2020 17:26 11044

Эрик Понсел айтқандай, «Аңыз – тарихтың өгей қызы». 

Сайрауық барқан құмы неге ән айтады?

Ерте-ерте-ертеде деп басталатын бір аңыздарда, Жоңғар Алатау тауларын бір Рухтың кезіп жүргені айтылады. Әлгі рух өте көңілді екен, кейде тіпті қалжыңдап та қояын көрінеді. (Рухтың қалжыңдағанын көріп пе едіңіз?!) Алайда, көзге көрінбейтін, дауысы естілмейтін Рух шіркіннің қалжыңын кім естіп, түсіне қойсын? Содан әлгі Рух өзіне дене іздейді, егер денеге енсем, дауысым да пайда болады, мені өзгелер де естіп, көре алатын болады деп ойлайды. «Міне, сол уақытта шынымен көңіл көтеремін» деп ойлайды Рух. Солай дейді де, жан-жағына алақтап қарап, өзі сөйлей алатын денені қайдан тапсам екен деп «бас  қатырады». Сол жағына қараса, мелшиген тау, оң жағында да солай, ал олардың арасында тағы да мылқау дала. Тау ортасындағы алқапта жалғыз-жарым теректер мен әр жерден тамыр тартқан шөптер арасында сары құм барқан да үнсіз жатыр. «Өзге барқандар барқан құм секілді шөл далада жатыр. Ал мына барқан біртүрлі қызық екен, далалықта еш қозғалмастан жатыр» деп ойлайды Рух.  

Ал көкті шарлаған бүркіт болса, жер үстіндегі жыбырлаған жәндіктерге аңшылық қылуда. «Жоқ, мен ағаш та, бүркіт те, бүркіттің жемтігі де болғым келмейді» деп шешкен Рухтың көңіл-күйі түсіп кетеді.

Кенет батыс беттен соққан жел барқан құмдарын көтеріп, шыр үйіріп, қарсы беттегі тауға соғылады да, қайта орнына әкеліп тастайды. «Еее, барқанның бір орнында тұруының себебі осында екен ғой» деген Рух қуанып кетеді. Осылайша, ол жедел шешім қабылдап, құм ішіне сіңіп кетеді. Құм іші жып-жылы, жанға жайлы көрінеді. Кенет жел де саябыр тапты. Түн ішінде тау іші салқын болады, ал жұлдыздар болса күндегіден де ерекше жарқырай түскендей, барлығы да рухтың өз орнын тапқанын мақұлдағандай, жымың-жымың етеді. Күндізгі ыстықтан үйлеріне тығылған ауыл тұрғындары да кешкілік есік алдына текемет-киіздерін төсеп, ас-ауқаттарын алдарына алыпты.   

Інінен атып шыққан тышқанның барқан үстіне секіріп мінгені сол еді, құм арасына жасырынған Рух «Әй» деп айқайлап жіберді. Аяқ астынан шыққан дауыстан есі шығып қорыққан тышқан зыта жөнелді. Мұны көрген Рухтың керісінше, көңілі көтеріліп, тышқанды олай-бұлай барқан үстінен айқайлап қуалай бастады. Бір мезетте барқан құмына жемтік іздеген түлкінің табаны тигені сол еді, «Тя» деп айқайлады. Сақ түлкі екінші қадам жасағанда «У» дейді. Түлкі де алды артына қарамай жүгіре жөнелді, ал Рух болса, ол басқан сайын, «Тя-У, Тя-У, түнгі халық абайлаңдар, түлкі жемтік іздеуге шықты» деп әуендете жөнеледі. Таңертең барқан үстінен сыбдырын білдірмей өтпекші болған жыланды да шошытады. Алайда, бұл көп жасаған жылан болатын, ол Рухтың бұл әрекетін сынға алып, «Сенің енді дауысың бар ғой. Сен құм ішінде өмір сүретін болсаң, өзгені де қуантып, өзің де қуанудың жолын ізде» дейді.

Осыдан бастап Рух құм астында жатып әдемі әуезді ән салуды үйренеді. Осылайша ол барқан құмдарына табаны тиген жаратылыс иелеріне жайлылық сыйлап келеді-мыс.

Сайрауық барқан құмы неге ән айтады?

Жетісудің құпиясы мен қасиеті таңқалдырарлық киелі жерлерінің бірі – сайрауық барқан. Оның ұзындығы 3 шақырымға созылып жатыр, ал биіктігі 120-150 метрге дейін жетеді. Оның және бір әсемдігі жартылай ай секілді пошымында. Барқан Жоңғар Алатауының жоталарының арасындағы дәлізде, Үлкен және Кіші Қалқандар арасында, Алтын Емел ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Ол орналасу аумағы бойынша Алматы облысының аумағына тиесілі.   

Барқанның басты ерекшелігі – оның сайрауық құмдарында.  Құмның ән айтқанын бұрын-соңды естіп пе едіңіз?!  Батыстан ескен желдің әсерімен ұйытқып көтерілген топырақтың суылы құдды далалықта қандай да бір музыкалық аспап ойнап тұрғандай әсер қалдырады.

Ғалымдардың көпшілігі табиғаттың бұл ерекшелігі мен музыкалық «қабілетін» түрлі себептермен түсіндіруге тырысқанымен, әлі де болса, бір ортақ тұжырымға келе қоймағанға ұқсайды. Кейбір зерттеушілердің пайымдауынша, ауа райының құрғақтығы мен ыстықтығынан бір-біріне жел әсерінен үйкелген құмдар өзара электрленіп, қандай да бір вибрациялық дыбыс шығарады. Алайда, зерттеулер нәтижесі кез-келген құмның мұндай жағдайда да «ән айта» алмайтынын дәлелдеді. Тек кварцтық немесе ұсақ құмдар ғана дыбыс шығара алады. Және олардың дыбыс шығару қабілеті көлеміне ғана емес, электр өткізу мүмкіндігіне де байланысты.

Сайрауық барқан құмы неге ән айтады?

Әсіресе, қуаңшылық кездерде желдің әсерімен баяу күйде төмен қарай сырғи бастайды. Сырғу кезінде құм түйіршіктері бір-біріне үйкеліп, музыкалық дыбыс шығарады. Ресейлік физиктің жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде жоғарыдан төмен қарай құм көшкіні неғұрлым көбірек болса, соғұрлым түрлі әуезді дыбыстардың шығатынын дәлелдеді. Дыбыс жәй ғана сыбдырмен басталып, құлақ тұндырар қатты гүрсілге дейін жетуі мүмкін.

Мәселе құм түйірлері түрінде болады екен. «Ән салатын» дөңдердегі құм түйіршіктерінің диаметрі 0,1-0,5 мм болатын дөңгелек және құрамында кремний бар. Сонымен қатар, ылғалдылық маңызды - тек құрғақ құмды масса ғана «ән айтады». Құм төбесі Іле өзенінен желдің құмды үрлеуі арқылы пайда болды. Іле өзенінің аңғарында қатты жел соғып, өзен табанынан құмды шаңдар бұлтын көтереді. Қалқан тауы маңындағы кедергіге кезіккенде жел әлсірейді де, ол құм төбешік орналасқан жерге шөгеді. Осылайша, мыңжылдықтар ішінде бұл орасан зор тау болып өсе берді.

Тіпті барқан құмдарының бұл жерде қай уақытта және қалай пайда болғандығы туралы да дәйекті дерек жоқ. Болжамдардың бірінде кварц құмын мұнда желдің әкелуі мүмкін екені ғана айтылады.

Ал шын мәнінде сайрауық барқанға байланысты ел ішінде түрлі аңыздар тараған. Көнекөз, құймақұлақ ақсақалдар Алланың адамдарға көп зиян келтіргені үшін зұлым рухты осы жерде жазалағанын айтады. Ол өз жазасына қарсылық ретінде ашу-ызадан әлі күнге дейін ыңыранып жатыр. Ал тағы бір аңыздарда сайрауық барқан бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың мұңды әнін сарнап жатыр делінеді. Және бір аңыз деректерінде құм астында Шыңғысхан мен оның қаруластары жерленген, ал барқан ханның рухының ұрпақтарына деген аманатын жеткізгенде ғана «сайрайды» делінеді.

Жергілікті халық барқан құмдарына қарап, ауа-райын болжауды үйреніпті. Егер барқанның жоғарғы жағы уілдей бастаса, демек желдің бағыты өзгереді. Ал дауысы үздік-создық шықса, жаңбыр жауады.

Ән салатын құмның музыкалық мүмкіндіктерін толық сезіну үшін, жоғары көтеріліп, оның жотасынан төмен секіріп, содан кейін баураймен етекке дейін түсу керек. Мұны топпен жасаған жақсы, сонда, барқанның «әні» құлақ тұсынан анық естіліп, өзінің әуездігімен таңқалдыра түседі.

Барқанның ұшар басына жете алмаған адамның күнәсі көп, ал жеткен адамның армандары орындалады деген наным-сенім де бар.

Сайрауық барқан құмы неге ән айтады?

Бұл мекен қазақстандық демалушылар мен сырттан келуші туристер үшін ғажайып демалыс орны болып саналады.

Сайрауық барқанның тас-таудың ортасында қалыптасуының өзі қызық. Іле өзенінің түбінен қатты жел әсерінен ғасырлар бойы көтеріліп келген топырақ тозаңы Үлкен және Кіші Қалқан арасында «қонақтап», топырақ қабаттарын түзеді. Тау арасындағы дәлізде табан астынан құмды таудың пайда болуы да осыдан.  Бір қызығы мыңжылдықтардан бері келе жатқан құм тауы қанша қатты дауыл соқса да, ешқашан орнынан жылжыған емес.  

Сайрауық барқанның «әні» ғана емес, оның орналасуы да көрген адамды тәнті ететіндей сиқырға ие. Оңтүстік жағынан күлгін түсті тау мен Іле өзенін тамашалауға болады, ал батыс жағынан келіп қарасаң, Үлкен Қалқанның жоталарын көресің, шығысында Кіші Қалқан менмұндалайды. Сондай-ақ, барқан үстіне мініп, аумағы 500 мың гектар жерді алып жатқан «Алтын-Емел» қорығына еркін көз тастауға болады.

Сайрауық барқан құмы неге ән айтады?

Бұл жердің табиғаты жеті ноталы дыбысты ғана шығармай, құлақ естімеген түрлі әуезге бөлейді. Сайрауық барқан әлемнің жеті жаңа ғажаптарының тізіміне енгізілген. Барқан құрғақ ауа‑райы кезінде ғана дыбыс шығарады.

Әлемде 10-ға жуық "ән салатын" бархан бар, олардың бірі Қазақстан шөлінде орналасқан. Бұл барқанның ерекшелігі оның "ән салуында" ғана емес, сонымен қатар оның тас таулар аймағында пайда болуында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға